Дүниежізілік ЭКСПО көрмесінің даму тарихы
Бірнеше ғасырлық тарихы бар бұл көрме оған мүше елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсету үшін, сонымен қатар техникалық және технологиялық жетістіктерді халыққа таныстыру үшін ұйымдастырылады.Бүкіләлемдік көрмелер өткізу әсемдігі мен мерекелігімен, ұйымдастырушылар және қатысушылардың құрған кешендер мен павильондардың өзгешелігімен, экспонаттардың және идеялардың бірегейлігімен ерекшеленіп отырады.
Сондықтан да болар ЭКСПО көрмелері жалпы саяси және экономикалық мәнділігі, ауқымы бойынша теңдесі жоқ оқиға деп те айтуға болады. Бүкіләлемдік көрмелер көбіне халықаралық экономикалық және ғылыми байланыстардың алға жылжып, кеңеюіне ықпалдасады. Көрмелер түрлі мемлекетте өмір сүретін, алайда бір құндылыққа, мүдде мен мақсатқа біріккен адамдардың араласып, бас қосуының мүмкіндігін туғызады. Қазірдің өзінде 63 көрме өткізілді. Ел ішінде ХКБ-нің өзіне тән мұрасы бар: Лондондағы Хрусталь сарайы; Париждегі Эйфель мұнарасы; Париждегі Александр III көпірі; Венадағы Ротонда – дүниежүзіндегі ең үлкен күмбез астындағы павильон; Мельбурндегі патшалық көрме павильоны[1].
Негізі, ЭКСПО сөзі «экспонат» деген сөзден шыққан. Оны қазақшаға аударатын болсақ, «жәдігер» деген мағына білдіреді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, дүние жүзіндегі барлық халықтың әр түрлі саладағы жеткен жетістіктері мен жәдігерлерін ұсынатын алаң. Аталмыш алаңда ЭКСПО-ның таңдалып отырған тақырыбына қарай адамзаттың қол жеткізген жетістіктері баршаның назарына ұсынылады. Келген адамдар көрмеге тек білім алып, ғылыми сабақ алу үшін емес, жаңа ғажайып заттарды көруге және көңіл көтеруге үлкен ықыласпен келеді. Осылайша XIX ғасырдың соңғы үшінші бөлігінде бүгінгі күнгі аттрациондардың алғашқы нұсқасы пайда бола бастады. ЭКСПО көрмелерінің пайда болып, дамуы қарқынды ғылыми-техникалық прогресс кезеңімен қатар келді. Нәтижесінде әртүрлі жаңа механизмдер,қазіргі адамға қарапайым лайықтандырылған жабдықтар,яғни лифтер, транспортерлер, тігін машинкалары, сондай-ақ телеграф, электр жарығы, тоңазытқыш қондырғылар, роботтар әр көрме болған сайын халыққа ұсынылып отырды. Сонымен қатар, ЭКСПО көрмелері әлемдік деңгейдегі проблемаларға көңіл аударатын жұмыс және пікірталас алаңы болып келеді. Көрмелерде технологиялық прогресстің өмірмен және тұрақты дамумен бірігуге деген талпынысы екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта байқала бастады.
Әр мемлекеттерден суретшілер, дарынды ақындар мен мүсіншілер ЭКСПО көрмелеріне қатысуға шақырылды, мысалы Вагнер, Штраус, Верди көрмелерге арнайы музыкалық шығармалар жазды. Мане 1867ж Париждағы көрменің суреттерін салды, ал Дали 1939ж Нью-Йоркте сюрреализм павильонын рәсімдеді, Пикассо 1937ж Париждегі Бүкіләлемдік көрмеде XX ғасырдың сиволына айналған «Герниканы» ұсынды. Көрме тек академиялық мәнердегі суретшілер қатысатын қана емес, өз еңбектерін көрсететін батыл авангардистердің галереясына айналды.
ЭКСПО көрмесі – индустриализация , техникалық және технологиялық жетістіктерінің символына айналды. Сондықтан да болар, қабылдаушы қалалар үшін Бүкіләлемдік көрмелер – болашаққа қадам жасаудың тамаша мүмкіндігі. Көрмелер қалалардың өздері және аймақ үшін алып экономикалық әлеует болатын: жаңа технологиялар, құрал-жабдықтар, көлікпен тасымалдау жүйелері және қызмет көрсету,қалақұрылысы және сәулет салаларындағы алдыңғы қатарлы өнертабыстар. Бұлардың барлығы қала тарихында осында өткен Бүкіләлемдік көрме туралы өшпес із қалдырады.
Бүкіләлемдік көрмелер – белгілі бір деңгейде ұлттық формалардағы шоғырланған түрде бейнеленген адамзат дамуының тарихи ретроспективасы деп пайымдауға болады. 1928ж Париж қаласында көрме қызметін реттеу үшін Халықаралық көрме Бюросы (ХКБ) құрылды. Бүгінгі күні ол ең ежелгі және өкілдік халықаралық құрылым (оның құрамында 168 мемлекет бар). Халықаралық көрме Бюросы Әлемдік көрмелердің принциптері мен міндеттерін қадағалайды. Халықаралық серіктестік шеңберінде білім беру саласында, жаңартпа саласында, пікір алмасуға арналған кездесулер мен жалпы адамзаттық мәселелер жөніндегі диалогтың дамуы үшін іс-шаралар өткізіледі. Оның мүшесі болып мүше-мемлекеттердің Үкіметтері болып табылады. ХКБ штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Бюроның құрамына Бас Ассамблея, Президент, Атқарушы комитет, Мамандандырылған комитеттер кіреді (Халықаралық көрмелерге қатысты Конвенцияның 25 бабы) [2]. Аталмыш Конвенция,1928 жылдың 22 қарашасы, Париж қаласында қабылданды. ХКБ-ның көрмені өткізу жөніндегі өтінімді қарау мерзімдері мен рәсімдері туралы ережелері мен ХКБ ұйымына қатысушы елдерінің тізімі жөніндегі негізгі құжат болып табылады [3]. Қазақстан ХКБ ұйымы қатарына 1997 жылы қабылданды [4]. EXPO көрмелері (экспозициялары ) екі түрде өткізіледі: Бүкіләлемдік әмбебап көрмелері (International Registered Exhibition) жарты жылға созылады және әр бес жыл сайын өтеді, мұнда олардың ауданы мен тақырыбы шектелмейді. Халықаралық мамандырылған көрмелер (International Recognised Exhibition) екі Бүкіләлемдік әмбебап көрме арасында өтеді және үш айға созылады. Мұнда көрме ауданы 25 гектардан аспауы тиіс және тақырыбы міндетті түрде ұйымдастырушылармен белгіленіп алады. Әдетте, тақырыптары нақты саладағы, гуманитарық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерді қоса, ғылыми, технологиялық және экономикалық жетістіктердің көрінісі болады. Мұнда көрме тақырыбы міндетті түрде тек Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) ғана емес, басқа да бүкіләлемдік ұйымдармен, соның ішінде БҰҰ-мен келісілуі тиіс [5]. Дүниежүзілік көрменің өту аймағы мен оның тақырыбы саяси, экономикалық, географиялық және мәдени мән-мәтінің ескере отырып, анықталады.
Әзірше Бүкіләлемдік көрмелерде көрсетілген ең танымал деген 10 жаңалықты есімізге түсірейік:
Телефон аппараты. Тұңғыш телефон аппараты 1876 жылы Филадельфиядағы Бүкіләлемдік көрмені таңқалдырған дүниеге айналды. Өнертапқыш Александр Белл «сөйлейтін телеграф» қалай жұмыс жасайтынын көрсетті. Өнертапқыштың басқа бөлмеде тұрып Дат ханзадасының «Болу, я болмау» деген монологын оқығанын телефон тұтқасынан естіген кезде, көрме қазылар алқасының таңданысында шек болмады. Жүз жылдан астам уақыт ішінде, әрине, телефонның сыртқы түрі қатты өзгеріске ұшырады, алайда оның қызмет ету қағидасы бәз-баяғынша қалды;
Фонограф. 1878 жылы Париждегі Бүкіләлемдік көрме кезінде фонографты (дыбысты жазуға және жаңғыртуға арналған құрылғы) таныстырғаннан кейін, оны ойлап тапқан Томас Эдисон үлкен танымалдыққа ие болды. Көптеген көрерменге фонографтың адам дауысын қайталауы таңғажайып сиқырдай көрінді, сөйтіп Эдисонға «Менло Парктың сиқыршысы» (Нью-Джерсидегі зертханасы солай аталатын) деген ат тағылды. Кейінірек фонограф идеясы граммофон, патефон және тіпті магнитофонда қолданыс тапты;
Айналаны шолу дөңгелегі.Тұңғыш айналаны шолу дөңгелегі 1893 жылы Чикагода өткен Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Атағы жер жарған аттракционды Кіші Джордж Вашингтон Гейл Феррис жобалап шыққан. Дөңгелектің биіктігі 80 метрден асатын, ал оның салмағы 2 мың тоннаға дейін жететін. Американдықтар оны осының алдында Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеге орай салынған Эйфель мұнарасына жауап ретінде ойлап тапты. Ағылшын тілінде айналаны шолу дөңгелегі осы күнге шейін ferris wheel, яғни «Феррис дөңгелегі» деген атпен аталып келеді;
Сыдырма ілгек. Алғашқы сыдырма ілгек аяқ киімге арналған болатын. Оны 1893 жылы Чикагодағы Бүкіләлемдік көрмеде Уитком Лео Джадсон көрсетті. Ілгектің түрі қазіргі нұсқасына қарағанда өзгеше болатын: оның бір қапталында ілгек, екінші жағында «кілт-тілшік» көмегімен ілінетін ілмек қатары болатын. Джадсонның өнертабысы аяқ киімді түймелеуді айтарлықтай тездететін, сондықтан ол осындай атауға ие болды. Алғашқыда жаңа өнертабыс бірден көпшіліктің көңілінен шыға қойған жоқ, өйткені оны пайдалану үшін екі бетті алатын нұсқаулықты оқу керек болатын. Тек 20 жылдан кейін ғана сыдырма ілгек үлкен танымалдыққа ие болды;
Рентген аппараты. Жұртшылыққа рентген сәулелерінің қасиеттері 1901 жылы Буффалодағы Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Бұл өнертабыс АҚШ президенті Уильям Мак-Кинлидің өмірін сақтап қалар ма еді. Көрме кезінде ол ауыр жарақат алды, себебі президентке оқ атылды. Дәрігерлер оның денесінен оқты табу үшін рентгенді пайдалануына болар еді, алайда олар бұдан бас тартты. 8 күннен кейін Мак-Кинли көз жұмды. Бірақ кейінірек рентген аппараты медицинада кең қолданысқа ие болды;
Балмұздаққа арналған вафлядан жасалған стақан. Балмұздаққа арналған жеуге болатын стақан 1904 жылы Сент-Луистегі Бүкіләлемдік көрме кезінде таныстырылды. Бұған дейін балмұздақты тек қағаздан жасалған стақанда сататын. Вафлядан жасалған қауыз бен балмұздақты бірге үйлестіру көрмеге келушілердің көңілінен шыққаны соншалықты,балмұздақтар дереу сатылып кетті. Алғашқыда вафлялық стақандар қолдан жасалынатын, тек 1921 жылы ғана балмұздақ қауызын жасауға арналған машина пайда болды;
Нейлон.Кез келген матаны берік әрі созылғыш ететін жаңа синтетикалық материал – нейлонның таныстырылымы 1939 жылы Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрмеде өтті. Жаңалықты "Дюпон" химиялық компаниясы таныстырды. Көрмеде өте күшті жарнама өткізілді: нейлоннан жасалынған шұлықтар төңкеріс жасаған киім ретінде танылды. Бұл өнертабыс әйелдер жағынан тез өз бағасын тапты – нейлоннан жасалған бұйымдардың сатылымы күннен күнге дейін артты. Қазіргі күні нейлон киім өндірісінде ғана емес, сонымен бірге, төлке, пленка және жұқа жабындарды дайындауда қолданылады;
Телехабар тарату. 1939 жылы Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік көрменің көрермендерін тікелей эфирде телехабар тарату қатты таңдандырды – ол кездің өзінде телевизор әлі таңсық дүние болатын. Көрме өтіп жатқан уақытта АҚШ президенті Франклин Рузвельттің ЭКСПО-ны ашып жатқанын тікелей эфирде көрсетті. Көрмеге келушілерді теледидардың техникалық ерекшеліктері айрықша әсерде қалдырды. Тіпті көбісі трансляцияны иллюзионистің фокусы деп те ойлады. Ал бүгінгі күні тікелей эфирде хабар тарату үйреншікті іске айналған;
Ұялы телефон.Тұңғыш ұялы телефонның алғашқы нұсқасы және ұялы байланыс технологиясы 1970 жылы Жапонияның Осака қаласындағы Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Бұл нағыз төңкеріс болатын: бұған дейін қолданыста болған телефондардың барлығы розетка қосылмаса жұмыс жасамайтын. Алғашқы ұялы телефондар Осакадағы таныстырылымнан кейін бірнеше жылда кейін-ақ қолданыста пайда болды. Қазіргі ұялы телефондармен салыстырғанда олардың пішіні үлкен және ыңғайсыз болатын, оларды қалтаға салып жүру мүмкін емес-тін;
Сенсорлық экран. Саусақтың басқанын сезетін экран алғашқы рет жұртшылыққа 1982 жылы Ноксвилдегі Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Көрмеге келген әрбір адам сенсорлық экранды жеке өзі пайдаланып,б айқап көре алды. 30 жылдан кейін бұл өнертабыс өте танымал бола бастады. Бүгінгі күні сенсорлық экрандар төлем терминалдары, ақпараттық дүңгіршектерде, қалта компьютерлерінде және ұялы телефондарда қолданылады.
ЭКСПО-да тұңғыш рет таныстырылған ең танымал деген өнертабыстардың тарихы туралы айтылды, бірақ көрмеде осындай мыңдаған өнертабыстар таныстырылған болатын. Әртүрлі Бүкіләлемдік көрмелерде жұртшылыққа жоғарыда аталғандарға қоса, Singer тігін машинасы, дизель моторы, электр розеткасы, Попов радиосы, Люмьер ағайындыларының киноқондырғысы, Ладыгиннің қыздыру шамы, алғашқы сериялық телевизор, IMAX жүйесі және тіпті IBM компьютерлері таныстырылған. Өзімізге үйреншікті болып кеткен осы заттардың барлығы әлемнің мойындауына жетіп, Бүкіләлемдік көрмедегі көрсетілімінен кейін коммерциялық қолданысқа түсті[6].
ХІХ ғасырда, өнеркәсіптік төңкеріс кезінде, романтизм мен позитивизм қозғалысытары көрме шараларының дамуына қолайлы жағдай қалыптастырды. XIX ғасырдағы ауылшаруашылығын индустриаландыру дәуіріне дейінгі әлемдегі карнавалдар, жәрмеңкелер мен базарлар бірігіп, бірте-бірте жаңа нысандарға ие болып, өндірістік көрмелерге айналды. Көрмелердің пайда болғанынан бастап ұлттар арасындағы ынтымақтастыққа талпыну негізгі бағыты болып келеді. Сол себептен олар «жаймасөрелік» бола отыра, адамзаттың дамуымен байланысты сұрақтарды талқылау форумына айналды. Кейде Дүниежүзілік көрмемен бірге салтанатты күндер атап өтіледі. Көрмелер, өз тарапынан, өткен уақыттың, қазіргі уақыт пен болашақты байланыстырушы бөлік ретінде болады. Мысалы, Француз революциясының бір ғасырлығы Парижде 1889жылы , Филадельфияда 1876жылы АҚШ тәуелсіздігінің жүз жылдығы атап өтілді.
Дүниежүзілік көрме тарихы 1851 жылы Лондонда болған «барлық ұлттың әлемдік өнеркәсіптік жұмыс көрмесінен» басталып, қазіргі күнге дейін өтіп келеді. 1851 жылы БІР ҒИМАРАТТА бар эскпонатар кіретін Лондонның орталығында алғашқы рет откізілген болатын. Арнайы Хрусталь сарайы салынып, сол уақытта жаңалық ретінде көрініс тапты. Әрине оны ерекшеліндірген «Виктория Регия» алып кувшикасындағы бейнелеулерді, тіреу құралдарының оранжереясы өзіндік ерекше инженерлік құрылымын атап айтпау мүмкін емес. Бұнда, қатысушы елдер қонақтарға өз өндірушілерінің шеберлігін сонымен қатар, әр елде бір заттардың сапасын салыстырып, бағалауға мүмкіншілікті ұсына келе, ұлттық өндірістің тауарларын бірдей жер мен уақытта халық назарына ұсынуға келіскен. Сол уақыттан бастап көрмедегі тұрғылар тәжірибеде қолданды, кейіннен аталмыш тұрғылар халықаралық нормативтік актілермен беітіліп, міндетті құрылғылара айнала бастады. Өткен 160 жыл өндірушілер мен олардың тауарлары жалпы халықаралық қараудың маңыздылығы мен мақсатқа лайықтылығын растады, бұған көптеген елдерде жыл сайын өткізілетін көптеген көрмелер және жәрмеңкелермен қатар, анағұрлым жарқын, әрі беделді бүкіләлемдік көрмелер қала беретіндігі куә. Әрине, осындай үлкен мерзім ішіндегі мұндай көрмелердің мазмұны мен сипаты едәуір өзгерген болар, бірақ оларға деген ерекше ілтипат пен абырой сол күйінде қала берді. Бүкіләлемдік көрмелерде ұсынылған экспонаттарды талдау, сол экспонаттардың басым жақтары және құндылықтарын, сонымен қатар олардың басқа мемлекеттердегі басымдылықтары жөнінде ой түюге ықпал етеді. Уақыт өте келе бүкіләлемдік көрмені бір ғимаратта өткізу концепциясы ескіріп, көрме алаңдары, яғни көрменің алаңын құрудың жаңа нысаны 1855 жылы басталды. Нәтижесінде халықаралық көрменің қалашықтары пайда бола бастады. Ең алғашқы аталмыш қалашық 1893 жылғы Чикагодағы “Ақ қала” болып табылады. Көрмені осылай ұйымдастыру көрме кезінде салынған павильондарды алдағы уақытта да қолдануға мүмкіншілік берді, экспозициялар көлдің жағасындағы салалар мен арналарда салынды. Көрмелердегі ұсынылған өнер ішінде ерекше орынға сәулет өнеріне берілді. Соған байланысты көрме өткізетін елдер заманауи техникалық процесстерге негізделіп, дүниежүзіне танымал бола алатын нысандар салуға тырысып бақты, мысалы Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич Ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы.
Қазіргі таңда ЭКСПО көрмелері әлемдік дегейдегі театр сахнасы іспетті түрлі тарихи, мәдени оқиғалар орын алатын бір спектакль ретінде десек болады. Келген көрермендерге Бүкіәлемдік көрмелердің мұралары мен тарихы көрсетіледі. Көрермендер жаңаша көңіл көтеру объектлерінің шығуына байланысты мерекелік ерекшеліктерге бай ауа шарын, дирижабльмен саяхат және кинематографиядағы жаңа қадамдарға куә бола алады. Бүкіләлемдік көрмелер – өзінің масштабы, заманауилығы мен көрермендер ағымына байланысты да ерекшеленеді. Қазіргі таңда ХКБ – ға 168 мемлекет мүше , әр қайсысы ЭКСПО-ны қабылдап, отанында өткізуге атсалысады. Алдағы уақыттағы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығына ие болған мемлекеттерге тоқталсақ, Бүкіләлемдік әмбебап көрме 2015 жыл Милан – «Планетаны тамақтандыру, өмірге арналған энергия»; Халықаралық мамандандырылған көрме 2017 жыл Астана – «Болашақ энергиясы». Бүкіләлемдік көрмелер XIX ғасырда экономика мен сауда-саттықтың бұрын-соңды болмаған өсуінің толқынында пайда болды. Ол уақытта өндірістік революция кезеңіндегі империалистік әлем билеуші Европа болатын [18].Колониалдық империялар мен әсіресе ұлтшылдық дәріптейтін елдер арасындағы бақталастық салдарынан 1914 жылы әлемдік деңгейдегі алғашқы әскери қақтығыстар басталды. Керемет дәуірдің рухы, бейбітшілік пен татулыққа ұмтылыс бірінші әлемдік соғыс траншеяларының құрбанына айналды. Бүкіләлемдік көрмелер қауіп пен үрейден жасырынатын орынға айналды. Көрмелер колониалдық жүйенің қаруына айналды. 1937 жылғы Париж көрмесі, замануи өнердің салтанатына айналды: Рауль Дюфи «Электр Феясы» панносын ұсынып, Роббер Делоне авиация павильонын рәсімдеді. 1904 жылы Сан-Луисте келушілер алғаш рет мұз салынған шәйдің, ыстық бұршақтың, орама балмұздақтың дәмін татып, жаңа туған сәбилерге арналған инкубаторларды тамашалауға мүмкіндік алды. 1939 жылы Нью-Йоркте бірінші рет телевидение бағытында RCA жетістіктері мен тұңғыш су турбинасы ұсынылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс адам баласын біраз тоздыртты, сондықтан әлемге жаңартылу мүдделігі қажет болды. Прогресс пен бейбіт кезеңге өту БҰҰ құру мен Бүкіләлемдік көрмелерден өз жолын тапты. Алайда мамыржай үміт пен ізгі ниет қайталана күнделікті өмірдің күйзелісіне айналды: қырғиқабақ соғыс, екі полярлы әлем, ядролық дәуір…Бүкіләлемдік көрмелер, жаңаша әмбебап мәселелерді тұтас қамтитын сипатқа түсті. Көрмелер көңіл көтеру мен демалыстың амағына кенелді, мысалы Монреальдағы «Ла Ронд» паркі, Осакадағы «EXPOland».
1962 жылы Сиэтлдегі Бүкіләлемдік көрме тақырыбы – «Ғарыш дәуіріндегі адам» болды. 1967 жылғы АҚШ-тың Монреаль қаласындағы нысанға келген адамдарға ғарыш кемелері ұсынылды. Басқа тәртіп бекітіліп, 1970 жылғы Осакадағы EXPO көрмесінде Жапония өзін жаңаша әлемдік держава ретінде жариялады. Оқиғаның негізгі тақырыбы, көрменің символы – Күн мұнарасы орнатылған Фестивальдер алаңы болды. АҚШ нысанында көрермендер алдына «Аполлон-12» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген ай тасы ұсынылды.
Кейіннен әлемдік мұнай дағдарысы 70жж қоршаған орта мен энергоресурс сұрақтарын қарастыруға арналған кезең іспеттей болды. Ол кезеңде әлем биполярлы болмады, кейіннен келе 90жж үміт пен оптимизм сезінген уақыт келді. Негізгі орталықтар мен шалғай арасындағы жаңа қарым-қатынастың нысаны келді, солтүстік пен оңтүстік ортасындағы кеңістік жақындасты, БҰҰ халықтар форум болып, халықаралық қатынастар көптараптық сипатқа ие болды. Осымен бір мезетте жаңа технологиялар екпінді дами түсті: микропроцессорлар, компьютерлер, ғаламтор байланысы, көлік және адам баласының күнделікті өмірі толық өзгеріп сала берді. Жаһандану процесі барша халықты, яғни «Жер көлеміндегі ауылды» қамти бастады. Ал көрмелер болса жаңаша тенденцияларды назарға ұсынды. Энергетикалық дағдарыс пен экологиялық мәселелер іспетті әлем кеңістігіндегі маңызды міселелер бүкіләлемдік көрме барысында қарастырылды.
Қырғи-қабақ соғысы біткеннен соң алғашқы көрме 1992 жылы Севильяда болды. Ол жерде біріккен Германия өзінің бірыңғай нысанын ұсынып, Балтық жағалауы мемлекеттері жеке нысандарын құрды. Сол кездегі өзекті мәселерді талдауға талпыныс айқын көрініп тұрды, оларға тұрақты даму, экологиялық проблемалар, табиғи ресурстарды тұтыну мәселелері кірді. Осы көрме кезінде ерекше қызығушылық қоршаған орта мәселесіне ауысты, көрме болған қалаға келген көрермендер ыстықты жеңіл қабылдауы мақсатында арнайы микроклимат орнатылды. Жаңа жерлерді ашуды мерекелеу Бүкіләлемдік көрмелер әр уақытта өткенді еске алудың және одан болашаққа пайдалы заттарды алудың таптырмас мүмкіндігі болатын. 1986 жылы Ванкувердің жүз жылдығы мерекеленді, ал екі жылдан кейін Брисбенде Австралияның екі жүзжылдығы атап өтілді; Колумб туған Севилья мен Генуяда Американың ашылуының бес жүз ғасырлық мерейтойы тойланды, 1993 жылы Тэджонде Кореяның бүкіләлемдік көрмеге алғаш рет қатысуына жүз жыл толғаны мерекеленді ( Чикаго 1893 жыл), ал 1998 жылы Лиссабонда Васко да Гамоның Үндістанға жетуінің бес жүз жылдығы атап өтілді. Севильяда алғаш рет көрмені орналастыруға тарихи ескерткіш пайдаланылды, осы кезде көрме аяқталған соң, оның алаңын пайдалану тәжірибесі жинақтала бастады: XV ғасырда салынған Санта-Мария-де-лас-Куэвас шіркеуі, Баркет және Аламильо көпірлерімен қатар көрменің символына айналды, ал Картуха аралында бүгін ойын-сауық Картуха-93 паркі орналасқан. Севильядағы көрмеде бүкіл әлемнен әкелінген көрнекті экспонаттар ұсынылды: көлемі 60 тонна болатын үлкен айсберг, колумбиялық кезеңге дейін алтын заттардың ең үздік экспозициясы “Америка алтыны”. Сондай-ақ көрмеде Американың ашылуына арналған тақырыптық павильондар ашылды.
2001жылдағы 11 қыркүйек болашақ жарқын болады деген сенімге күдік тудырғандай болды. Адамдар өздерінің қауіпсіздігіне сенімсіздікпен қарап, лаңкестіктен, жаппай қырып-жою қаруының таралуынан, климаттың өзгеруінен қауіптене бастады. Халықаралық күн тәртібіне жаңа мақсаттар шығарылды. Оларды орындауға ортақ көзқарас және ортақ қимыл қажет болды. Бүкіләлемдік көрмелер бұрынғыдай әлем халықтары кездесетін және өзара байланыстың және қызметтерді бөлудің тиімді жолдарын іздейтін орын болды. Жаңа мыңжылдықтың Бүкіләлемдік көрмелері заманауи қоғамның талаптарына жауап береді: онда дизайн ерекшеліктері, технологиялық жетістіктер, ойын-сауық салалары, сәулет павильондары көрсетіледі. Сондай-ақ, бүкіләлемдік көрмелер жаңадан пайда болған жаңалық пен түсініктердің экология, пацифизм, шыдамдылық, өзара сыйластық және мәдениеттер мен халықтар арасындағы диалог алаңы болды. Көрмелер жаңа құндылықтардың дәнекер көзі болды. Жаңа технологиялар мен тұрақты даму арасындағы үйлесімдікке ұмтылыс пайда болды. Соңғы он жылдағы көрмелердің негізгі тақырыбы тұрақты даму, қалыпты өсім, экологиялық пролблемалар болып барады. Ал басым бағыт болып ынтымақтастық пен білім беру анықталды.
Бүкіләлемдік көрмелер – бұрынғыдай өз еліңді жақсы жағынан көрсетудің таптырмас жолына да айналды: 2000 жылы біріккен Германия Ганновердегі көрмеге қатысты. Айчидегі көрме Жапониядағы біразға созылған дағдарысты ұмытуға мүмкіншілік тудырды. Ал Сарагосадағы көрме – орташа көлемдегі қалалардың халықаралық масштабтағы шараларды ұйымдастыруға талпынысының көрінісі болды. 2010 жылы болған Шанхайдағы Бүкіләлемдік көрме мен 2008 жылы өткен Пекиндегі Олимпиада ойындары Қытайдың қуатын растады. Соңғы жалдардағы көрмелерге тоқталатын болсақ....
Айчидегі Бүкіләлемдік Көрме 2005
2005 жылдың 25 наурызынан 25 қыркүйекке дейін «Табиғат даналығы» тақырыбында кезекті бүкіләлемдік көрме Жапонияда өткен болатын. Дүниежүзіндегі халықтардың даналығы мен күшіне негізделе, нағыз үйлесімділік болатын болашаққа деген қадам - осы көрменің тақырыбы болды. Көрме Нагакута, Тойота және Сето қалаларында Нагоя қаласының шығысындағы төбелерде өтіп, 170 га құрады. Аталмыш көрменің ерекшелігі – бұл XXI ғасырдың алғашқы көрмесі. Ол екі аймақтан құралды, екеуінің арасындағы қатынас арқан жолмен жүзеге асырылды: Нагакута, аумағы 157 га – негізгі шараларды өткізу орны, және Сето – 15 га алқапты алған табиғат патшалығы, көрменің рухани орталығы, келушіге жанды табиғатпен тікелей араласуға мүмкіндік беретін жер. Көрме тақырыбына сәйкес қабылдаушы ел – Жапонияның павильоны себет іспетті күйде бамбукпен қапталған болатын. Павильон түрлі экспериментальды технологияларды пайдалана отырып жабдықтандырылған болатын. Онда энергиямен қамтамасыз етудің инновациялық жүйесі орнатылды, ол кондиционерлердің үнемді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді, шатыр фотокаталитикалық элементтерден тұрды. Павильон концепциясы үш маңызды принципке негізделген: утилизация, шығынды үнемдеу және қайта өңдеу. Павильон конструкциясы табиғаттың жапондықтар өміріндегі орнын, олардың табиғат, білім және технологияларды біріктіріп, қарым-қатынасты жолға қоюын, бұрынғыдай адам мен табиғат арасындағы тұрақты қатынасты орнатуды көрсетуі тиіс болды. Экспонаттар арасында - «Жерді көру» - 360° сфералық экрандағы жер шарының моделі болды.
Мәдениетер арасындағы ұлы симфония 125 елдің және халықаралық ұйымдардың экспозициялары 6 «жалпы аймақта» орналасқан. Жапонияның көптеген жеке павильондарында келушілер ең озық технологиялармен танысты. Осы павильондардың кейбіреулері көрменің бетке ұстар экспонаттарына айналды. Мәселен, роботтар спектаклін қойған «Тойота» компаниясының павильонын ерекше атауға болады. Көрме 185 күнге созылды. Осы уақыт ішінде спектакльдер бір сәтке тоқтамады. «Ванаку аралының қазынасы» павильонында көрмеге келушілерге түрлі ойын-сауық ұсынылады. Қазір соңғы жылдардағы көрмелерге тоқталатын болсақ...
Сарагосадағы Бүкіләлемдік Көрме 2008
2008 жылдың 14 маусынан 14 қыркүйекке дейін Испанияның маңызды қалаларының бірі Сарагоса кезекті бүкіләлемдік көрмені қабылдады, оның тақырыбы «Су және тұрақты даму» болып таңдалған еді. Үш ай бойы барлық назар су тақырыбына аударылды. Көлемі 25 га гектар көрме павильонын көрнекті сәулетші-авангардистер дайындады. Мұнда түрлі сиқырлықтар мен тосын сыйлар болып, цунамиді шақыратын имитаторлар және Европадағы ең үлкен аквариум орнатылды. Келушілер ұлттық асхана тағамдарынан дәм татуға, барлық әлем халықтарының мерекесіне қатысуға мүмкіндік алды.
Сарагосадағы 2008 жылғы EXPO-да, 104 қатысушы елдер арасында Қазақтанның «С» санатындағы павильоны қола марапатты иемденді, ол рәсімдеудің ішкі және сыртқы критерийлеріне сәйкес бағаланды. Дәл осы Сарогосадағы көрмеге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, ЭКСПО көрмесін елордамызда өткізу жөнінде айты.
Шанхайдағы Бүкіләлемдік Көрме 2010
2010 жылы 11 мамырдан 31 қарашаға дейін, яғни 184 күн бойы Қытай Халық Республикасында Бүкіләлемдік көрме өткен болатын. «Жақсы қала – жақсы өмір» атты тақырыбында өткізілді. Көрменің жұмысына 198 ел мен 27 халықаралық ұйымдар қатысқан болатын, ал көрмені тамашалауға 70 млн. жуық адам келген. Көрме Хуанпу өзенінің қос жағалауында Нанпу және Лупу көпірлерінің арасында 5,28 шаршы метрге созылған аймақта орналасты. Кіру билеті 3,28 шаршы метр көрме аумағын тамашалауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, келушілерге арналған көрме қалашығындағы «EXPO парк» жасыл алқабы көрерменге кез-келген уақытта қол жетімді болды. «Қала құрылысының үздік тәжірибесі» аймағы тұғыш рет Шанхай көрмесінде ашылған болатын. Мұнда қаланың өмірінің сапасын көтеруге байланысты жобалар алға тартылды. Бұл аймақ қала тұрғындарының сол қаланы салу мен дамытудағы өз тәжірибелерімен алмасуға арналған.
Қазақстана павильоны «Азия» аймағында Жапония мен Оңтүстік Кореямен көршілес болған. Ондағы Қазақстан павильонының негізгі көздегені – Астананы әлемдегі ең жас сонымен қатар жақсы дамып келе жатқан елорда ретінде халықаралық деңгейде таныстыру. 1 млн.жуық адам келген павильон салынды, «Астана – Еуразия жүрегі» - Қазақстан ұлттық экспозициясының тақырыбы болды.
Ёсудегі Бүкіләлемдік Көрме 2012
2012 жылғы 12 мамырдан 12 тамызға дейінгі кезеңде кезекті халықарарлық мамандардырылған көрме «Жанды мұхит және жағалау» тақырыбында Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласы өтті. Ал EXPO қалашығы, көлік қоятын орын, саябақтар, жасыл желектермейрамханалар, мұражайлар және дәмхана EXPO көрмесінен басқа аумағы 250,000 шаршы метр болатын көрме аймағында орын тепті. Бұл таңдалған жер кездейсоқтық емес. Ол таңдалған тақырыбына сәйкесінше мұхиттың көрікті жағалауында, яғни Халюсидо Ұлттық Паркі мен Одонг аралымен шектесіп орналасқан және EXPO тақырыбын жандандыра түсетін 317 шағын аралдармен қоршалған. Аталмыш көрме халықаралық назарды әлем мұхиты мен жағалаудың қызметі мен құндылықтары жайында ойды өрістетіп, теңіз саласында қызметтесуді қажетті бағытқа бұру мүдделігін айқындады.
Қазақстан төрт рет ЭКСПО Бүкіләлемдік әмбебап көрмесінде өз павильонын орнатты. Оны мәдениет пен ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі ұстаным мен инновацияларға бейімдеп құрған еді. Қазақстанның павльоны алты аймақтан құралды, онда көрермендер интерактивті шоу-бағдарламалады тамашалап, өздері де қатысты. Мемлекетіміз сол уақытта «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша ЭКСПО-2017 қабылдауға үміткер болғандықтан, елордамызға ерекше көңіл бөлді [7].
Әдебиеттер:
1. Нұрлыбек Д. ЕХРО дүниежүзілік көрмесі: тарихы және символдары (ІІ бөлім) // http://bnews.kz/kk/news/post/110122/
2. EXPO 2017 ресми парақшасы //Халықаралық Көрме Бюросы // https://expo2017astana.com/kz/history-expo/mezhdunarodnoe-byuro-vyistavok
3. Protocol to amend the convention signed at Paris on the 22nd of November 1928 relating to international Exhibition//http://www.bie-paris.org/site/images/stories/files/BIE_Convention_eng.pdf
4. ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің ресми сайты // Халықаралық Көрмелер Бюросы // http://www.mfa.kz/index.php/kz/aza-stanny-syrt-y-sayasaty/syrt-y-ekonomikaly-sayasat/astana-expo-2017/khaly-araly-k-rmeler-byurosy
5. ҚР Ұлттық Экономика Министрлігінің Ресми Интернет-ресурсы // EXPO көрмелерінің түрлері қандай? // http://www.economy.gov.kz/kz/economy/9077/45477/
6. EXPO 2017 ресми парақшасы // ЭКСПО бұл өнертабыстар алаңы // https://expo2017astana.com/kz/history-expo/istoriya-izobretenij-ekspo
7. ЕХРО көмесінің ресми парақшасы // World's Fair Timeline // http://www.expomuseum.com/1851-1883/
Достарыңызбен бөлісу: |