«Егемен Қазақстанның» тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор алғашқы саны жарық көрген "Ұшқын" газетінен басталады. Одан кейін газеттің аты бірнеше рет өзгерді. Басылым 1920 жылы "Еңбек туы", 1921 жылы "Еңбекші қазақ", келесі жылы "Еңбекшіл қазақ", 1932 жылы "Социалды Қазақстан" деген атпен шықты. Ал 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" болып өзгерілді де, осы атпен ол 54 жыл бойы жарық көріп тұрды.
1991 жылдың маусымында республика тәуелсіздік алуға санаулы айлар қалғанда басылымның аты "Егеменді Қазақстан" болып өзгертілді. Бұл кезде оның бас редакторы белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза еді. "Егеменді" – жаңа дәуірмен бірге қолданысқа жаңа ене бастаған сөз болатын. 1993 жылдың 1 қаңтарынан лингвистердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауындағы "-ді" жұрнағы алынып, "Егемен Қазақстан" болып өзгерді. Осы атпен газет 23 жылдан бері шығып келеді.
Алғаш жарыққа шыққан кезден бастап Қазақстанның астаналары ауысуымен бірге басылымның редакциясы да бірнеше рет қоныс аударып, әр кезеңде Қызылордада, Алматыда орналасты. 1999 жылы редакция Қазақстанның жаңа елордасы Астанаға қоныс аударды. Астанада «Егемен Қазақстан» атты көше бар. Газеттің бас ғимараты Астана қаласында, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі, 5/13-үй мекенжайында орналасқан.
Алғашқы тарихынан бастап басылымда қазақ ұлтының ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етті, газетке басшылық етті, өздерінің шығармаларын жариялады. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты тұлғаларды атауға болады. Жаңа дәуірде "Егемен Қазақстанды" Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басқарды.
«Егемен Қазақстан» құрылымдық жағынан материалдар тақырыбы мен атқарылатын жұмыс саласына байланысты Саясат және құқық, Экономика, Әлеумет және білім, Мәдениет және руханият, Спорт, Интернет-редакция сияқты бөлімдерге бөлінген. Газеттің барлық облыста меншікті тілшілері, Алматы қаласында және Шымкентте тілшілер қосыны бар.
2016 жылдың қыркүйегінен басылым жаңа дизаин, жаңа форматта және барлық беттері түрлі-түсті болып шыға бастады.
«Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
«Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамында 100-ден аса адам жұмыс істейді. «Егемен Қазақстанның» бірнеше қосымшасы бар. Қосымшалар жеке сайт ретінде де жарық көреді. «Етжеңді» қосымшасы (etjendi.egemen.kzМұрағатталған 4 қаңтардың 2019 жылы.) айына бір рет қағаз версияда шығады. Ол мәдени, тарихи және танымдық тақырыптағы мақалаларға арналған.
Бұдан басқа онлайн-версиядағы «Фотоархив» (photo.egemen.kzМұрағатталған 4 қаңтардың 2019 жылы.) қосымшасында газеттің аса бай фотомұрағаты сақталған.
Egemen.kz сайты[өңдеу | қайнарын өңдеу]
«Егемен Қазақстан» газетінің сайты www.egemen.kz 2005 жылы іске қосылған. Сайтта бүгінгі күні газеттің 2005 жылғы қазан айынан бергі материалдардың мұрағаты бар. Басылымның интернет-версиясын Қытай, Ресей, Түркия, Иран сияқты елдерден оқырмандар қарайды. Қазіргі уақытта egemen.kz сайты оқырмандарының саны көбейіп келе жатқаны байқалады. Мобильдік нұсқасы және қосымшалары бар.
Газеттің төте жазу әліпбиіндегі және қарпіндегі онлайн-нұсқасы (egemen.kz/toteМұрағатталған 29 қаңтардың 2017 жылы.) жұмыс істейді. Сайттың орыс және ағылшын тіліндегі нұсқасы бар (ru.egemen.kz),(en.egemen.kz)
Жетістіктері[өңдеу | қайнарын өңдеу]
«Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы көптеген беделді мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Басылымда Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ҚР Президенті сыйлығының, 7 - БАҚ саласындағы ҚР Президенті грантының, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, «Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Қазақстан Журналистер Одағы» сыйлығының, «Нұр Отан» партиясының журналистика саласындағы сыйлығының иегерлері, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің, С.Бердіқұлов атындағы спорт журналистері атындағы сыйлығының лауреаттары жұмыс істейді. Сондай-ақ, бірқатар журналистер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» Құрмет белгісімен,«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мемлекеттік медалімен, «ҚР Президентінің «Астана» медалімен, «Қазақстан Халықтарының ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен, басқа да медальдармен және алғысхаттармен марапатталған.
Бас редакторлар[өңдеу | қайнарын өңдеу]