Егемен Қазақстан, 20 ақпан, 2010 жыл
КОЛУМБИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ДӘРІС
Оны ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов өткізді
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Жақында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы осынау атақты көнекөз оқу ордасында өткен дәріс тақырыбы Қазақстанның жетекші ұлттық университетінің тәжірибесі негізінде білім сапасының жаһандық орталығын құруға арналды. ҚазҰУ басшысы Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласының реформалық кезеңдеріне тоқталып, Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі негізінде отандық білім беру саласында туындайтын мәселелерді шешу орайындағы ойларын бөлісті. Бір сәт көпшілік назарын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына аударды.
Талғампаз тыңдармандар қатарында АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілдері, Нью-Йорк мэриясының қызметкерлері, Колумбия университетінің басшылары мен оқытушы-профессорлары болды. Аталмыш шараның өтетіндігі жайлы бүкіламерикандық академиялық желі арқылы бір ай бұрын Пенсильвания, Бостон, Нью-Джерси университеттерінің профессорлары құлақтандырылған еді. Олар қазақстандық әріптестердің пікірлерін қолдап, қызығушылық білдірді. Бір сағатқа созылған пікірталаста Қазақстанның білім және ғылым саласы, қоғамдық-саяси ахуалы, сыртқы саясаты мен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, т.б. өзекті мәселелер сөз етілді. ҚазҰУ ректоры жиналған қауымнан әлемге әйгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің Нью-Йоркте көші-қон мәселесіне арналған дүниежүзілік ғылыми форум өткізу жөніндегі ұсынысын қолдауды өтінді. Осыдан төрт ай бұрын О.Сүлейменов Колумбия университетінде әлем халықтарының көші-қон тарихына арналған дәріс оқыған болатын.
Бақытжан Жұмағұлов Нью-Йоркте білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандық студенттермен жүздесті. Шет елдегі жас отандастарымыз өркендеп өскен Қазақ елінің соңғы жетістік-жаңалықтарын естіп төбелері көкке жете мерейленді. Жиынға қатысқан Колумбия университеті профессорларының бірі – атақты ғалым, Кеңес Одағы кезінде АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Джек Мэтлок қазақстандық әріптестермен шүйіркелесе әңгімелесті. ҚазҰУ басшылығы биылғы жылдың мамырында халықаралық қатынастардың теориясы мен практикасын жете меңгерген профессор Д.Мэтлокты тәжірибе алмасу мақсатында Қазақтың жетекші университетіне қонақтап қайтуға шақырды.
Колумбия университетінде өткен кездесу барысында екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында жүргізілген келіссөздер негізінде арнайы құжаттамаға қол қойылмақшы.
Достарыңызбен бөлісу: |