Әл Фараби: тәрбиелеу халықтар бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту


Исламның кемеңгер ойшылдары: логика және таным теориясы



бет6/10
Дата13.06.2022
өлшемі468.45 Kb.
#459202
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Әл Фараби

2.2Исламның кемеңгер ойшылдары: логика және таным теориясы




Әл-Фараби логика, саясат және метафизика сияқты ғылым салаларымен айналысып, тарихта бірінші болып осы үш бағытты терең зерттеді. Барлығымызға белгілі екінші Аристотель деген атаққа ие болған ойшыл грек ғалымының салған сара жолын жалғастыра отырып, ғылым саласында, әсіресе логикалық таным таразысын талқылау бағытында жаңа дерек көздерін тапты. «Фарабидің анықтауы бойынша логика – ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау әрекетін тәрбиелей алады, өзінің ойын анық та айқын, жүйелі түрге келтіреді; ойлау, ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады» [30. 57]. Ойшыл логиканы сегіз тармаққа бөледі:1/ қарапайым терминдерді пайдалану мен ұғымды басқаратын тәртіптермен байланыстағы категориялар; 2/ екі немесе одан да көп терминдерден құралған қарапайым пікірлер мен пайымдаулар; 3/ бес түрлі аргументке –диалектикаға, софистикаға, риторика мен поэтикаға қолданылатын силлогизм заңдылығы; 4/ ғылыми білімді дәлелдеу тәртібі; 5/ диалектикалық сұрақтар мен жауаптар; 6/ софистикалық мысалдарды оқу; 7/ риторика және оның тыңдаушыға әсері; 8/ әртүрлі поэтикалық пайымдар мен ұйқас тәртібімен байланыстағы поэтика.
Үнемі айтып жүргеніміздей грек логикасы ІХ ғасырдан бастап мұсылман эпистемологиясының негізі болды. Ол «сол кездерден бастап өзінің интеллектуальды ішкі сезімінің сырт көрінісі үшін мұсылман ғалымдарына тиімді жалғыз ғана мүмкін ғылыми көмкеруді» қамтамасыз етті. Логика – нәтижесі «нақтылы білім» /әл-илм әл-иакин/ болып табылатын ғылым /илм/, алайда сонымен бірге логика «ғылыми тәртіп үшін жіктеу жүйесі мен негізді қамтамасыз етті» [38]. Осының барлығы әл-Фараби және оның философиясының ізбасарларына тән нәрсе. Ол логиканы терең құрметтеді. Әл-Фарабидің логикаға деген құрмет көрсетуі оның метафизикасы мен философиясының маңызды мазмұнына әсер етіп қана қоймай, білім мәнінің теоретикалық классификациясына да ықпалды болды. Ар-Рабенің айтуынша, әл-Фараби Ғылымдар классификациясында  логиканы бірінші кезекке шығарып, бұл ғылымды грамматиктердің орынсыз мінеуінен қорғау үшін екінші тарауды осы тақырыпқа арнаған [39. 10]. Әсіресе оның логика мен грамматиканың ортақ сәттері мен айырмашылықтары жөніндегі пікірлері аса құнды. Ойшыл логиканы ойлаудың грамматикасы ретінде қарастыра келіп, логика ұғымдары мен категориялары бүкіл адам баласына ортақ екендігін айтып, тілдің ұлттық сипатта болатынын ескертеді. Отырарлық ойшылдың логикалық зерттеулері бірінші рет 1950 жылы жарық көріп, өзінің лайықты бағасын алған болатын. Бұл тұрғыда айтарымыз Екінші Ұстаз логикалық терминдерге назар аударарлық, қолайлы, әбден мұқият тұрғыда түсіндірме жасап, өзінен кейінгі ғаламшар фәлсафашыларының зердесін кеңейтіп, болашақтың талғамына сай жаңа бір ғылыми ашылымның іргетасын қалады. Бұған Әбу Насрдың Логиканың көне терминдері /әл-Әлфаз әл-мустамала фи-л-Мантиқ/, Логикада қолданылатын терминдер /Китаб әл-Тавтиа/, Кіріспе /Исагога/, Категориялар /әл-Мақула/ т.б.  еңбектері дәлел. Бұған қоса Аударма /Китаб әл-Ибара/, Кезекті Аналитика /Китаб әл-Қиас/, Приор Аналитикасы /Китаб әт-Тахлил/, Постериор Аналитикасы /Китаб әл-Бурбан/ еңбектері тағы бар [15. 52-53]. Бұл очерктер өзінің жалғасын поэзиядан табады. Әбу Наср тіл білімі мен оның тарауларын ғылыми бірнеше тарауларға бөліп мазмұндаған. Бұлар 1/ дербес және қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы ғылым; 2/ мәнерлеп оқу ережелері жайлы ғылым; 3/ емле ережелері, дұрыс оқу ережелері; 4/ өлең жазу, ақындық туралы ғылым немесе поэтика. Кейінгісінің өзі – ырғақ, ұйқас және поэзия болып үшке жіктелген [40. 66]. Ойшыл қаламынан туындаған очерктердің бәрі ежелгі ғылым - логиканың дерек көзі, десек те белгілі себептерге байланысты құнды туындылардың көпшілігі жоғалып кетіп отыр.
Әбу Наср әл-Фараби сияқты Ибн Сина да «Бірінші ұстаздың» логикалық шығармаларын жан-жақты оқыған. Бұл тұжырым Аверроэс және аверроизм кітабының авторы француз философы Эрнест Ренарды Ибн Сина философияда өз бағыты болмай, біреудің идеяларына құр бекер еліктеуші, оны қара дүрсін қайталаушы, ғылыми тілмен айтқанда эпигон баламасына ие тұлға деген үстірт ойға жетеледі. Ағылшын философы Бертран Рассел де дәл осындай пікірді ұстанады. Ренан мен Расселдің бұл ұйғарымдары еуропоцентристік көзқарастан туындаған ғылыми тұрғыда мәнсіз тұжырым. Дегенмен француз схоласты Роджэр Бэкон (1214-1294) Ибн Синаны «философия патшасы және жол бастаушысы» дей отырып, мұсылман философтарына өте көп сілтеме жасаған. Бұған қоса әл-Фараби мен Ибн Сина есімі Матвей Аквасарт (1235-1302) туындыларында да жиі кездеседі. Қосып айтарымыз Орталық Азия, Иран, Индия және басқа да шығыс елдерінің ғылыми ықпалы болмағанда Еуропалық қайта өрлеу дәуіріндегі философияның халі өте-мөте мүшкіл болар еді. Ибн Сина Аристотель ілімімен таныс болды, бірақ өзінің дербес ойын алдыға тартады, онымен келіспейтін жерлерін ашық баяндайды. Шығыс философиясы еңбегінің кіріспе бөлімінде: «Біз бұл кітапты жаза отырып, грек ілімдерінің өзара алауыздығына ерекше мән бердік» дейді [41. 205]. Бұл кітабында ойшыл ежелгі грек логикасын зердесінен өткізе отырып, үлкен сынға алады. Ежелгі грек және шығыс философиясына салыстырма жүргізеді. Өзінің бір оқушысына жолдаған хатында ол былай деп жазады: «Мен кітабымды Инсоф /Әділеттілік/ деп атадым. Бұл кітапта ғалымдарды екі топқа бөлдім: шығыстық және батыстық. Бұл ғалымдардың екі тобы бір-бірімен пікір-таласқа түседі. Әр пікір-талас қарама-қайшылықтарға толы, соңында мен дұрыс жолды көрсетемін. Бұл кітапта 2800 проблема қаралады» [41. 209]. Ибн Сина да және оның алдында әл-Фараби де логика пәні екінші тәртіптегі категория болып табылады, өйткені ол қасиеттер туралы мәлімет береді деген пікірді ұстанады. Фарабидің ойынша логика пәні екінші тәртіптегі категория, өйткені оған сөйлеу мен сөз жатқызылады деген. Мұны мысал арқылы түсіндіріп көрейік. Жаңадан туылған нәресте алдымен анасын, әкесін, әпкелерін, ағаларын көреді, ал көршілері мен басқа да адамдарды кейін тани бастайды. Әрқайсысы туралы санасында бейне қалыптастырады. Бірақ нәресте олардың арасындағы ортақтықты абстракциялайды, яғни олардың сөйлей алатын тірі жан екенін сезеді, санасында «адам» бейнесі туралы ұғым ұялатады. Бұл бірінші тәртіптегі категория. Ал екінші категорияға ақиқат шындықтан алынған айқын деректер мен пікірлер арасындағы ортақ нәрсенің барлығы жатады. Жаңашыл логика терминологиясы бойынша айтсақ, екінші категория дегеніміз – жалпылық пен өмір сүрудің кванторы, мәнділік пен мәнсіздік белгілерін тұрақтандырушы. Ибн Сина пайымында логика дегеніміз белгілі ұғымдар мен пікірлер, ол бұрыннан бар. Адамдар логикалық білім мен зерде арқылы осылардың негізінде жаңасын өмірге әкеледі. Логикалық пайым қателіктен сақтайды. Басқа ұғымдар мен түсініктер қателіктен сақтайтынына уәде бере алмайды. Сондықтан да адамдар арсында көптеген қарама-қайшылықтар мен әртүрлі көзқарастар бар. Ибн Сина былай дейді: «Адам ақыл-ойы көп жағдайларда жақсы мен жаманды, дұрыс пікір мен қате болжамдарды айыра алмайды. Ғалымдардың арасындағы дау-дамай да осыған байланысты» [41. 215]. Кез-келген логикалық білім екі формадан тұрады: ұғым және пікір. Бұл білім түрлері екі тәсілмен жүзеге асады: пайым арқылы тану және ақыл-ойдың тікелей қабылдау жолын тану арқылы. Сонымен бірге біз сезім арқылы да тани аламыз. Ақыр соңында айтатынымыз біріншісі ақыл-ой күшіне, екіншісі сезім қасиетіне кіріптар. Біз білімді кемеңгер ғалымдардан қабылдаймыз. Ал оған қоса әділеттілігіне кәміл сенетін шүбәсіз мақұлданған жалпы ережелер де бар. Мұндай қатып қалған заңдылықтар өтірікті жойып, күмәнді құлдыратады. Осылайша ұғым мен пікір дами береді. Ибн Сина логиканы ғылым немесе өнер деп отырады. «Логика дегеніміз белгілі нәрсенің көмегімен белгісізді тану, ақиқатқа жақындау, өтірікті әшкерелеу» [41. 219]. «Логиканың пайымдағы рөлі грамматиканың сөйлеудегі, поэтика теориясының поэзиядағы рөлі сияқты маңызды. Алайда табиғи қасиеті мен талғамы жоғары адам грамматика мен поэтика теориясын қажет етпейді, ал күнделікті алдыға жылжу мақсатында ойлау, пайым, зерде логиканы оқуды қажет етеді... Логиканың мақсаты адамды қателік пен адасудан сақтайтын ережелерге жүгіндіру, сол жолдағы заңды құралға айналу... Логика - ғылым» [41. 219-220]. Сонымен Ибн Синаға жүгінетін болсақ логика дегеніміз таным туралы ғылым. Бірақ бұл таным теориясы емес, өйткені үйлесімді, қолайлы жағдайды логиканың көмегімен емес, сезімдік таным арқылы қабылдаймыз. Егер ұғымдар мен пікірлерді қалыптастырған негізгі алғы шарттылықтар болған жағдайда соңғысының көмегімен жаңаны, белгісізді танимыз. Біз дарытқан алғы шарттылықтар – бұл нәтиженің себепкері, ал белгісіз нәрсе туралы ілім – бұл алғы шарттылықтан алынған салдар, нәтиже. Бұл мағынасында логика – таным туралы ілім. Логика ғылымы дегеніміз ақиқатты дәлелдеу. Алайда таным теориясы мен логика бір нәрсе емес. Тек белгілі бір көрсетілген мағынасында ғана логиканы таным туралы ғылым деп айтуға болады. Ибн Сина теоретикалық жағынан ғана емес, тәжірибелік тұрғыда да ғылым ретіндегі логика пәнін таным теориясынан алшақтатуға тырысады. Көптеген шығармаларында ол алдымен таным теориясы сұрақтарына әсіресе шынайы танымдағы ақыл ой мен сезім мүшелерінің рөліне, ақиқатқа жетудегі ерекшеліктеріне тоқталып, одан кейін ғана логикаға ауысады. Шипа кітабы мен Білім кітабының физика және метафизика тарауларында ойшыл ұғым мен пікір алғы шарттылықтарына қандай жолмен жетуге болатындығына тоқталыпты. Кітаптарының бірінші бөлімінде логика пәніне сипаттама бере отырып, оның сұрақтарына жауап іздеген. Профессор А.М.Богоутдиновтың былай дейді: «Абу Али Ибн Сина таным теориясын физика тарауына енгізген. Біздің ойымызша бұл кездейсоқтық емес» [41. 221]. Білім көзі туралы сұрақтарға, сезім мен зерде байланысына логика жауап бермейді. Олар таным теориясына қатысты. Логика ғылымы қалыптасқан тұжырымдар арқылы жаңасын ойлап табумен айналысады. Логика – ақиқатты тану құралы. Ақиқат ой - бұл білім, логика ережелері мен заңдылықтарына жауап береді. Ғалымдар арсында Ибн Сина логика мен таным теориясын теңдестіріп, екі ұғымды бірдейлендіреді деген пікір бар. В.И.Черкасовты тыңдасақ: «Ибн Синаның логикасы ақиқат туралы ілім; ол таным теориясымен бірдей» дейді. Алайда бұл негізсіз тұжырым, себебі Ибн Синаның өзі бұл ғылымдардың айырмашылығын қайта-қайта айтып отырады. Тек ойшыл «таным теориясы» деген терминді «таным», «бейнелеу теориясы», «түсіну», «таным сұрақтары» деген терминдермен алмастырып пайдаланады. Танымдық сауалдарды логика ілімімен араластырмайды. Ибн Сина таным теориясын философиялық шығармаларының метафизика немесе физика тарауларында қарастырады. Ал логиканы ойшыл жеке дара ғылым ретінде зерттеп, арнайы тарау арнайды. Логика – анықтамалар, нәтижелер, дәлелдеулер туралы ғылым. Ибн Сина мен әл-Фараби арасында логика пәні туралы қарама-қайшы пікірлер бар. Фарабидің ойынша логиканың көмегі арқылы заттар туралы ұғым мен пікір қалыптастырамыз. Заттарды тану тікелей сезім мен ақыл-ойдың дәнекерлігі арқылы жүзеге асады. Логика заттарды тануға иек артады. Басқаша айтқанда, логика заттар туралы қалыптасқан ұғым мен пікірді пайдаланады. Сондықтан да логика ғылым емес, ол ойлау өнері. Алайда Ибн Сина әл-Фарабидің бұл пікіріне қарсы, оның ойынша логика – ғылым, өйткені ақиқатты өтіріктен ажырата білу үшін зерттеуші ғалымға логика ғылымы өте-мөте қажет. Оған қоса қабылданған білімнің көмегі арқылы жаңа ұғым қалыптастырамыз, жаңадан нәтиже шығарамыз. Ибн Синаның ойынша логика – ережелердің, заңдардың және ойлау түрлерінің жиынтығы; логика – ережелер, заңдар және ойлау түрлері туралы ғылым. Ақыл-ойы тұнық адам логикалық пайымға қабілетті. Ойшылдың логикаға қатысты ойларын дін басылары да қолдап отырады. Өйткені Құдайдың елшілері пайғамбарлар арнайы әр ғылымды жеке-жеке оқымаса да барлық ғылымдардан хабардар, логиканың артықшылығы осында дейді ойшыл. Бұдан шығатын қорытынды дін өкілдері де логикаға немқұрайлы қарамаған, олар да бұл ғылымның жетілуіне үлес қосқан. Десек те әл-Фарабиден бастап, басқа да ойшылдар Ибн Сина, Носир Хисроу, Омар Хайям, Насираддин Туси исламның мүмкіншіліктеріне күмән келтіре отырып, олардың пікірлеріне зейін қоймаған. Олардың ойынша метафизика, теология және де басқа да діни ілімдер логикадан кейінгі орында, адам ақыл-ойы – құдайшыл ақыл-ойдан жоғары. Олар адам ақыл-ойының қуаты мен егемендігін жариялайды.
Француз ғалымы Л.Массинион Ибн Синаның Шығыс логикасына жазған кіріспесін оқи отырып, ол Раймонд Луллияға дейін-ақ математика принциптері негізіндегі логика формализациясын жасауға әрекет жасаған дейді. Әріптік белгілерді /символика/ пайдалану тарихын зерттей отырып, Л.Массиньон былай деп жазады – Ибн Синаға дейін 90 жыл бұрын исламдағы философиялық және діни ұғымдарды белгілеу мақсатында бұл әріптік белгілерді шииттік ағым өкілдері кеңінен пайдаланған. Бұл белгілерді әл-Кинди мен исмаилиттер де пайдасына жаратқан. Ең соңында ХІІ ғасырда математизацияға ынтығушылық 920 жылы Фульбер қаласында негізі қаланған Шартр мектебінің схолостарынан көрінеді. Логика мен математиканың байланысын математикалық логика немесе логистиканың негізін қалаушы Лейбницқа дейін де басқа ғалымдар қараған. Бұл байланыс белгілерді, геометриялық сызықтарды, шеңберлерді, арифметикалық кестелерді қолдану арқылы жүзеге асқан. Ал Орталық Азия мен Иран ойшылдарының ішінде логиканы математикамен байланыстыру тағы да Ибн Сина туыныдыларынан айқын байқалады. Аристотель бастаған тұжырымды Ибн Сина ойша пайымдау терминдерін білдіру үшін әріптерді пайдаланған. Латын әріптерін араб әріптерімен алмастырады. Ой тұжырымы терминдерін ойшыл математикалық терминдер хадди акбар-ұлы шекара, хадди астар-кіші шекара, хадди аусат-орта шекара  арқылы білдіреді, ал пайым түрлері мен олардың өзара қатынасын әртүрлі арифметикалық таблицалармен көрсеткен. Осындай біраз таблицаларды ол Шипа кітабында келтіреді. Логика белгілі бір нәрсенің көмегімен белгісізді танудағы маңызды құрал, яғни бұл сала заңдар мен пайым ережелерін оқытады. Алайда дұрыс нәтижеге алып келетін заңдар мен пайым ережелері барлық кезде сақталып отырмайды. Сондықтан да қате пайымнан туындаған қате көзқарастардан сақтау логиканың негізі тапсырмасы. Кез келген нәтиже форма мен материядан тұрады. Сондықтан кез келген нәтиженің қателігі не формаға, не материяға байланысты болады. Фомаға байланысты қателік нәтиже ережелерін сақтамаудан туындайды. Ал материяға байланысты қателік – бір нәрсенің мағынасын дұрыс түсінбеуден немесе хабардың ауызша дұрыс жеткізілмеуінен туындайды. Мүмкін болатын логикалық қателіктердің барлығын білудің өзі белгісізді зерделеудегі жеңісті танымыңыздың алғы шарттылығы болып табылады. Осы саланы қарастыра отырып мұсылман ойшылдарының индукция туралы ілімі, жалпақ тілмен айтқанда жалқы жеке жағдайлардан жалпы қорытындылар шығаратын ойлау тәсілі туралы ілім өте маңызды орынға ие болады. Олардың Аристотельден ерекшелігі индукция мен аналогияны /заттардың, құбылыстардың, ұғымдардың өзара ұқсатығы/ ойша пайымдау түрлері ретінде жеке-жеке қарастыруында. Мысалы Ибн Синаның ойынша индукция дегеніміз нәтиже алудың формасы және жалпы білім қабылдау әдісі. Нәтиже алудың формасы түріндегі индукция екіге бөлінеде, біріншісі – құбылыс түрлері, жекелеген көптеген жағдайлардың негізіндегі жасалған жалпы қажетті ақиқат нәтиже. Оны ойшыл ұғымымен көрсететін болсақ төмендегі формулаға сәйкес келеді:
Индукциядан басқа Ибн Сина түйіннің басқа формасы аналогияға да тоқталған. Бірақ аналогия индукцияға қарағанда әлсіздеу. Өйткені аналогия ақиқат түйіннің қажетті білімін бере алмайды. Аналогия бойынша пайым шындығы туралы сұрақ ежелден бері келе жатыр, талас тудырған. Антикалық дәуірде бұл пайымның ақиқаттығын эпикурлықтар қоштаса, ал стоиктер оларға қарсы болған. Аналогия туралы қорытындыға қарсы Ибн Сина күшті дәлел ұсынады. Аналогия дегеніміз - бірдей белгілеріне байланысты екі заттың ұқсастығынан шығатын пайым арқылы сол заттың басқа ұқсастықтары туралы түйін шығару. Оның айтуынша аналогия арқасында алынған пайым барлық кезде ақиқат бола бермейді және «қажеттілік емес, өйткені айтылған ұқсастықтар туралы пікір басқа ұқсастықтар туралы пікірге қарама-қайшы келуі мүмкін және де айтарымыз көптеген заттар бір мағынасында ұқсас, ал мыңдаған басқа мағынасында қарама-қайшы. Бір мағынасындағы пікірлер дұрыс, ал басқа мағынасында қате болуы мүмкін» [41. 238]. Бірақ ойшыл аналогияны мүлдем жоққа шығарудан аулақ, тек одан алынған түйіннің үнемі ақиқат болатындығына күмән келтіреді. Жалпы аналогия туралы пікір қалыптастыру сол кезеңдегі білім деңгейіне де байланысты болды. Қазіргі заманғы ғылым мен техникадағы аналогияны пайдалану қажеттілік, бірақ ол ұқсастық теориясы деп басқаша аталады. Біз ұғымдар мен категориялар туралы ілімге де тоқталуымыз керек. Ибн Сина ұғымды екі түрге бөледі: жеке және жалпы. Жеке ұғым дегеніміз бірақ затқа қатысты, мысалы «Сократ», «Каспий теңізі», «бұл ағаш», «бұл үй» т.б. Барлық атаулар бір нәрсеге ғана қатысты, бірақ ұғымды білдіріп тұр. Ал жалпы ұғым керісінше сыртқы әлемдегі көпшілік заттар, мысалы «үй», «өзен», «философ», «ағаш» т.б Бұл сөздің әрқайсысы көптеген жекелеген заттарды біріктіріп тұр. Логиканың зерттеу пәні жеке емес жалпы ұғым. Ұғыммен түсіндірілетін заттар Ибн Синаның ойынша үш категорияға бөлінеді: бір заттың өмір сүруі қажеттілік және шарасыздық күйде, ал оның болмауы мүмкін емес, сондықтан ол қажетті-мәнділік болып табылады, «бұл қасиетті ұғым құдай»; бір заттың өмір сүруі мүмкін емес және оның болмауы қажеттілік және амалсыз солай болу керек, сөйтіп біз мұны мүмкін емес мәнділік дей отырып, мысал ретінде «құдайдың жолдастарын, таныстарын» айтуға болады; үшінші категорияға келсек, бір заттың өмір сүруі мен болымсыздығы қажеттілік емес, яғни болмысы мүмкін және болмауы да мүмкін, оны біз мүмкін боларлық мәнділік деп атаймыз мысалы «шынайы өмірде кездесетін заттар». Мүмкін болмыстың мәнділігін Ибн Сина келесі он категорияда білдіреді: субстанция, сан, сапа, қарым-қатынас, орын, уақыт, жағдай, қожалық ету, іс-әрекет, азап шегу. Субстанция дегеніміз ол өзгермелі жағдайлар мен қасиеттерге қарама-қайшылық болып табылатын өзгеріске ұшырамайтын тұтастық. Ол өзінің арқасында өмір сүреді, ешкімге тәуелді емес. Субстанция үшін болмыс пен болымсыздық қатынасы бірдей, айырмашылығы жоқ. Субстанцияны бес категорияға бөлеміз: тән немесе праматерия, материя, көлем, жан, ақыл-ой. Жан мен ақыл-ой – рухани субстанция, ал тән, материя және көлем – материалды субстанция. Ал сан дегеніміз - өздігінен теңдік пен теңсіздік күйінде болатын акциденция. Басқаша айтқанда сан - бөлінуге қабілетті акциденция. Ибн Сина өзінің алдындағы түр мен түс категориялары туралы логиктердің айтқандарына үзілді-кесілді қарсы. Себебі түр мен түс – көлемі жағынан ұғымдар арасындағы қарым-қатынасты білдіретін логикалық категория. Ұғымның негізгі логикалық қызметі логикалық байланыстың мүшесі ретінде пайым мен пікірдің құрамдас бөлігіне айналу. Логика логикалық байланыстың мүшесі болып табылатын ұғымды дайын, қалыптасқан күйінде оның қызметін зерттей отырып қарастырады. Ұғым ақиқатты тұрақтандыруды қажет етпейтін тұнық, айқын және анықталған күйде ғана болады. Тұнық ұғым дегеніміз – суық-жылы, қара-ақ, қараңғы- жарық, қуаныш- қайғы т.б. жағдайларды білу туралы ілім. Айқын ұғым – ол мысалы ағаш, дөңгелек, үшбұрыш, жан т.б. туралы білім. Бұл ұғым түрлері бірінші түрден алынады. Келесі анықталған ұғым, ол – мысалы «Адам сөйлей алатын тірі жан» деген мысалмен түсіндіріледі. Бұл жерде біз адамның сөйлей алатынын анықтап тұрмыз. Әр зат түрліше анықталады. Оның шекарасы жоқ. Логикалық анықтау дефиниция /түсіндіру, байымдау/ немесе бейнелеп түсіндіру түрінде болады. Олар толық және толымсыз болып бөлінеді. Анықтау күрделі, ерекше және нақтылы болады. Осылайша анықтау келесі түрлерге бөлінеді: толық дефиниция; толық емес дефиниция; күрделі ерекше анықталған, нақты анықталған. Толық дефиниция – белгілі бір заттардың маңызды белгілерін ашу дәнекерлігі арқылы анықтау дегенді білдіреді. Ол нағыз толық жән нағыз кемел анықтаудың түрі. «Ең қиын анықтау дегеніміз,- дейді Ибн Сина өзінің Рисала әл-хукук /Анықтау туралы трактат/ трактатында,- белгілердің шекараларын тұрақтандыру» [41. 249]. Дефиниция кезінде адамдар көптеген қателіктер жібереді. Кейде дефиниция қажет болмаса да белгілі бір затты қайталайды. Дұрыс анықтауды ойшыл былай түсіндірген екен: -анықтаушы анықталатыннан ерекше болмауы керек; - анықтаушы анықталатынға көбірек үйлесімді болмау керек. Анықтаушы мен анықталатын зат тең дәрежеде болғаны дұрыс.
Әл-Фараби сияқты Ибн Сина да теоретикалық және практикалық логиканың айырмашылығын білген. Теоретикалық логика дегеніміз оның ойынша өзінің қажетті бастамасына негізделген қажетті нәтиже туралы ғылым, арабша айтсақ муқаддима уаджиб әл-қабул. Қажетті нәтижелердің мәні туралы Ибн Сина былай дейді: «Дәлелді нәтижелер қажетті алғы шарттылықтардан тұрады. Егер алғы шарттылықтар қажеттілік болса, одан шығатын нәтиже де қажеттілік. Олар мүмкін болған жағдайда түйін де мүмкін болады» [41. 281]. Теоретикалық логиканың қарастыратын пәні – қажетті нәтижеге қол жеткізу. Ал практикалық логика теоретикалық логиканың қорытындысын қарастырады, қажет болса тереңірек түсіндіреді. Теоретикалық логиканың барлық нәтижесін түсіндіре беру мүмкін емес. Кейбіреулерін практикалық логика түсіндіре алмауы да мүмкін. Мысалы риторикалық нәтиже /хетаби / болжамдар мен дәлелдерден тұрады. Олардың бәрі белгілі емес. Поэтикалық нәтиже елестетуден пайда болған алғы шарттылықтардан тұрады. Бұл алғы шарттылықтардың барлығы жанмен қабылданып, өзінің тәртібімен пайдаланылады. Алайда, дейді Ибн Сина, дәлелденген нәтиже қажеттілік, риторикалық нәтиже мүмкін, поэтикалық нәтиже қате мүмкін емес деп айтуға болмайды. Кез келген нәтиженің ақиқаттылығы мен қателігі ақырында өз шешімін табады, тек уақыт өлшемі мен тәжірибе керек. Сондықтан да дәлелді нәтижелер уақыт өткен сайын мәнін жойып, өтірікке айналуы мүмкін, ал диалектиалық пайым қажеттілік болмаса шынайы болуы мүмкін.
Логикалық терминдерді талдау ойшылдың Логикадағы бесінші сектор жазбаларында талқыланады, бүгінгі күні қолданыста жүрген техникалық терминдерге сипаттама жасалады. Логикадағы көнерген терминдер шығармасында көптеген қолданыста жоқ терминдерді атап көрсетіп, ғылыми сананы жаңғырту үшін халықпен қарым-қатынаста бола отырып, әсіресе грек тілдес халық ауыз-екі тілінен көп нәрсені үйренгеніміз жөн деген пікір ұсынады. Бұл тұста ойшылдың айтайын дегені есімдік пен артикль /зат есімнің алдында тұрып, оған род категориясын, белгілікті немесе белгісіздікті білдіретін қосымша – А.Қ./, демеулік шылау сияқты ұғымдар. Отырарлық жерлесіміздің айтуынша логиканы зерттеушілердің мақсаты – тап қазіргі мәнділіктің саны мен сапасын, уақыты мен деңгейін анықтау, осы орайда бұл ағым өкілдері грамматиканы жетік білетіндермен одақтас болып, кейбір терминдер туралы мәліметті солардан алғаны дұрыс [42. 53]. Себебі олар белгілі бір нысанды анықтау мақсатында «не» терминін, ал заттың түрінің модальдық /сөздің шындыққа қатынасын көрсететін грамматикалық категория өзгеріс, мыс., рай – А.Қ./ ерекшелігін айқындауда «қалай», «неге» терминдерін пайдаланады [42. 54]. Қосып айтарымыз бұл терминдер логика мен грамматикаға ортақ. Осы тұста әл-Фараби грамматика мен логика бір-бірімен тығыз байланыстағы ғылым деген пікірталасты құптай отырып, грамматиктердің мақсаты – шығарма ережесіне сай терминдердің өзара байланысын нықтау /әл-фаз/ /менің ойымша сөйлемді әдемі, мағыналы құрастыру – А.Қ./ болса, логиктердің мақсаты – мақұлданған қағидаларға сай мәліметтер /маани/ легіндегі байланысты анықтау, оны дәлдікпен ой-қорыту арқылы ойлау кеңістігін кеңейту /орысша айтқанда – логическое мышление- А.Қ./.
Логика ілімін әл-Фараби өнер ретінде мойындай отырып, басқа ғылымдардан жоғары қояды. Логика «хабарлы сөйлемдерді, білмегенімізді білерлік, өтіріктен шындықты айырарлық қорытындылар шығару үшін жүйелі етіп құру жолдарын үйретеді» [30. 47]. Заңдар мен пайым ережелерін оқитын теоретикалық пәндер қатарына жатқызады, логиканың барлық тараулары мен бөлімдерін сипаттай отырып, Аристотельдің Органонына тыңғылықты мінездеме береді. «Сонымен бірге Аристотельдің Категориялар, Герменевтика, Бірінші аналитика, Екінші аналитика, Топика, Софистика деп аталатын логикалық шығармаларының мәні мен маңызына тоқталады. Ол Бірінші ұстаздың Риторика мен Поэтикасын да осы топқа жатқызып, оларды логикалық ойдың тілдік өрнегі тұрғысынан қарастырады. Фараби Аристотельдің бұл шығармаларының бәріне арнайы түсініктемелер жазумен қатар өз бетімен де көптеген логикалық шығармалар жазған» [30. 57] /жоғарыда көрсетілген – А.Қ./.
Тарихи деректерге назар аударатын болсақ, 932 жылы Бағдад қаласындағы араб-мұсылман қоғамында Абу Хайан ат-Таухидидің айтуынша хакім даналар Абу Бишр Матта мен грамматик, саясаткер Абу Саид әл-Сираның арасында грамматика мен логика арасындағы байланыс тұрғысында үлкен талас болған. Алайда біз бұл таластың немен аяқталғанын білмейміз, өз басым қайткен күнде де фәлсафашы ретінде Абу Бишр Матта ұстанған пайымды қолдар едім, өйткені бұл тұлға әл-Фарабидің ұстазы емес пе? Ол рас. Шынтуайтына келгенде Әбу Насрдың кез келген тілдегі логика лингвистиканың жетелеуімен санамызға келіп қонады деген тұжырымдамасына сүйене отырып, өз кезегінде сөзсіз құптаймыз, ал ойшыл қаншалықты жаңа ашылымдарға жол салғанымен оның сана саңылағына алғаш білім нәрін құйған Абу Бишр Матта емес пе?
Белгілі ғалым В.С.Горский айтқандай терминдерді түсіну, оған сипаттама жасау өте қажет, өйткені мәтінді түсіну барысында сіз оның авторымен сұхбаттық қарым-қатынасқа түсесіз. Мәтін бұл жерде таным көзі болып табылады. Сондықтан оның түп нұсқаға барабар оқылуы мен аудармасы білімнің екі түріне байланысты, ол - тіл білімі мен ғылыми немесе философиялық теория /доктрина/ білімі. Оған қоса негізгі рөлді контекстологиялық жүйе иемденетін философиялық мәтінді зерттеу методологиясын игеру қажет. Мысалы арабша хаққ – ақиқат сөзінің мағынасын әртүрлі түсінуге болады. Философиялық термин ретінде ақиқат сопыларда шартты белгілер жүйесінің өзгерісіне бейім, бұл дегеніңіз құдай мәнінің ақиқаттығы түрінде қызмет атқарады. Ал дін өкілдері бұл сөзді Аллах ұғымының эпитеті деп қарастырады. Осылайша кете берсек бұл терминнің мағына жағынан тиянақты бөлігін оқу мазмұны шексіз [42. 63]. Сондықтан философиялық терминологияны зерттеу, әсіресе әл-Фараби философиялық терминологиясына үңілу өте маңызды және болашақ ғалымдар үшін өзекті тақырып. Антикалық авторлардың шығармаларына аударма мен түсіндірме жасай отырып, жерлесіміз логиканы қорытып, өзінің бірегей жеке теорияларын өңдеді. Олай дейтініміз аудармашылық қызметтің өзі ғылыми ойдың шарықтауына септігін тигізеді. Бұл іспен айналысқан ғалымдар тілге қоғамдық қатынастардың, ғылым мен техниканың, мәдениеттің өсіп дамуына байланысты енген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін, фразеологиялық оралымдарды /неологизм – А.Қ./ өмірге әкеле бастады. «Кез келген автор аудармашылардың көмегімен өмірге келген шексіз ғылыми терминологияны өзінің талғамымен, өзінің танымымен еркін пайдалана беретін болған». Ошерович Б.Я. [43. 603-620] еңбектеріне жүгінетін болсақ, араб тілдес философтар ғылыми терминологияны жетілдіру мен байыту жолында келесі ережелерге жүгініпті:
1/ Сөздердің семантикалық өзгеріске ұшырауы. Бұл турасында Б.Я.Ошерович муқаддама сөзін мысалға келтіреді. Бұл сөз алғашқы мағынасында «бір нәрсенің алдыңғы бөлігі», әскери сөздікте «авангард», математикада – «теорема», экономикада – преамбула», филологияда – «кіріспе, алғы сөз», философия ғылымында – силлогизмнің «алғы шарттылықтары» деп аударылыпты;
2/ Арабтық түбірден сөз құрастыру жолымен неологизмдерді жасау. Мысалы – аууал– бірінші, аууалиат – аксиомалар.
3/ Шет тілдерден алынған кірме сөздер. Мысалы: хикма – фәлсафа – философия.
4/ Араб тіліндегі сөз құрастыру ережелеріне бағынбайтын күрделі сөз құрастыру. Мысалы вуджуд – болмыс, лә вуджуд – болмыстың жоқтығы, нихайа – соңы, лә нихайа – шексіздік.
Әл-Фарабидің философиялық терминологиясы, ондағы сөздердің мағынасы өте терең, жан-жақты. Біз осы ғылыми еңбегімізде соның барлығын қамти алмаймыз, тек керегін, ең маңыздысын айтпақшымыз. Мысалы джаухар – субстанция, араб тіліндегі алғашқы мағынасы – інжу маржан Философиялық мағынасы – субстанция (Ішкі бірлігі жағынан қаралатын объективті шындық; қозғалыс формалары біртұтас үздіксіз дамып отыратын материя), мән, маңыз. Бұл жерде аталмыш термин негізгі мазмұны қабыршақтың ішкі бөлігі болып табылатын інжу маржанның қабыршағын көрнекі түрде айтып отыр, яғни оның көлемі мен формасын емес, мәнін түсіну керек, қабыршақтың ішіне үңілуіміз абзал. Субстанция - ойшыл философиялық жүйесіндегі ең іргелі категория. Кейбір терминдер мысалы «қайда», «қашан», «қалай» және «неше» белгілі категорияларға, яғни уақыт, орын, сан мен сапаға тиесілі. Автор бұл терминдердің логикалық, ғылыми, диалектикалық, риторикалық қолданыстарына әртүрлі мінездеме береді [44. 357]. Ал Әріптер кітабында ойшыл философия мен логикаға ортақ сұраулы терминдерге сипаттама берген. Бұл мынадай терминдер «кім», «не», «неге», «қашан», «қайда», «қалай», «қанша», «қандай» т.б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет