Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың
IX Республикалық конкурсын өткізудің қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Қасиетті ұлы дала үнінен қуат алып, әсем әндерімен тыңдарман жұртына шуақ берген ұлы әнші Ә.Қашаубаевтың шығармашылығы ұлттық музыка өнеріндегі қайталанбас дара құбылыс. Осы киелі мұраны кеңінен, тереңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі орындаушылардың IX конкурсын (әрі қарай - конкурс) өткізеді.
2. Конкурс 2013 жылдың 2-5 мамыры аралығында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында өткізіледі. Конкурсқа Қазақстан Республикасында және алыс-жақын шет елдерде тұратын 18 мен 40 жас аралығындағы халық және қазіргі заманғы композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын кәсіби өнерпаздар қатыса алады. Осының алдындағы өткен конкурстардың жүлделі орындарына ие болған жеңімпаздар аталмыш конкурсқа қатыса алмайды.
2. Конкурстың мақсаттары мен міндеттері
3. Конкурстың мақсаттары мен міндеттері:
1) ұлы әнші Ә.Қашаубаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу;
2) дарынды өнерпаздарының кәсіби шеберлігін жетілдіру;
3) ұлттық ән өнерінің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту, дамыту және насихаттау;
4) халықтың мәдени демалысы мен эстетикалық тәрбиесін, рухани және мәдени құндылықтармен алмасуды ұйымдастыру;
5) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
6) өнердің шығармашылық жетістіктерін анықтау және талантты, өзіндік ерекшелігі бар орындаушыларды қолдау;
6) мәдени мұраны насихаттау және олардың дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз ету;
7) жастардың эстетикалық және ұлтжандылық тұрғыда тәрбиеленуіне, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тартылуына ықпал ету.
3. Конкурсты өткізудің тәртібі және шарттары
4. Үш кезеңнен тұратын конкурс көрермен алдында өтеді. Конкурсқа қатысушылар әр кезеңде үш шығарманы жатқа орындайды және алдын-ала көрсеткен шығармаларының тізімін өзгерте алмайды.
5. Конкурс лауреаттары қорытынды Гала-концертте ақысыз өнер көрсетеді.
6. Конкурс жеңімпаздарына төмендегідей жүлделер тағайындалады:
1) Әміре Қашаубаев атындағы бас жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық);
2) бірінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық);
3) екінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық);
4) үшінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық).
(Ұйымдастыру комитеті басқа да қосымша ынталандыру жүлделерін анықтауға құқылы).
7) Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өтініш береді. Өтінішке төмендегі құжаттар қоса ұсынылады:
1) тууы туралы немесе жеке куәлік көшірмесі;
2) өмірбаяны, ұстазының аты-жөні; музыкалық білімі туралы құжаттың көшірмесі;
3) оқитын (оқушылар мен студенттер үшін), жұмыс істейтін жерінен анықтама;
4) 13х18 көлемдегі түрлі-түсті екі фотосурет (электронды нұсқасын қоса берген жөн);
5) әр кезеңде орындалатын шығармалар тізімі;
6) мекеменің ұсынысы.
8. Тапсырылған құжаттар қайтарылуға жатпайды.
9. Конкурсқа қатысушылардың өтініштері конкурстың басталуына 15 күн қалғанға дейін қабылданады. Анықтамаларды мына телефон нөмірі арқылы білуге болады: 8(7172) 740519, 8 (7172) 740340; e-mail: r.onaeva@mki.gov.kz; n.akhmetzhanov@mki.gov.kz.
10. Ұйымдастыру комитеті тарапынан қатысушыларға конкурсқа 10 күн қалғанға дейінгі мерзімде тиісті хабар беріледі. Бұл қатысушының қатысушылар тізіміне кіргені туралы ресми растау болып табылады.
11. Конкурсқа қатысушының барып-қайту жол шығындарын жолдама берген, ал олардың жатын орны мен тамақтануын конкурсты өткізетін жақ көтереді.
12. Конкурсқа қатысушыға қоса ере келген адамдардың барлық шығындары өз тараптарынан өтеледі.
13. Келесі кезеңге өтпеген конкурсқа қатысушылар немесе конкурсқа қатысудан бас тартқандар конкурстың аяғына дейін көрермен ретінде қалуға ниет білдірген жағдайда өз қаражаты есебінен күнелтеді.
14. Конкурстың қатысушыларына мынадай шарттар қойылады:
І кезең:
1) Ә.Қашаубаевтың орындауындағы ән (сайыскердің таңдауы бойынша
15-тармақта көрсетілген тізімдегі бір ән);
2) Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
3) Ел аузында сирек, айтылмай жүрген 1ән (дәстүрлі формада).
ІІ кезең:
1) Ә.Қашаубаевтың репертуарынан міндетті түрдегі ән: «Топайкөк»- жігіттерге, «Сырғақты»- қыздарға
2) Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
3) Қазақстан композиторларының әні.
ІІІ кезең:
1) Ә.Қашаубаевтың репертуарынан міндетті түрдегі ән ( сайыскердің
таңдауы бойынша 15-тармақта көрсетілген тізімдегі бір ән);
2) Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
3) Сайыскер өз таңдауы бойынша бір ән.
15. Әміре Қашаубаевтың орындауындағы әндердің тізімі:
«Қос балапан», «Топайкөк», «Баянауыл», «Шіркін-ай», «Сырғақты», «Көкаршын», «Қызыл бидай», «Екі жирен», «Қорлан», «Ақ сиса», «Сарымойын», «Қарғам-ау», «Хаулау», «Үш дос», «Балқадиша», «Гауһар қыз», «Дудар-ай», «Келіншек», «Ақ қайың», «Бес қарагер», «Смет», «Қанапия».
Достарыңызбен бөлісу: |