ӘОЖ 811.512.122 - 3:82.091 Қолжазба құқығында
ТАПАНОВА СӘУЛЕ ЕСЕМБЕКҚЫЗЫ
Қазақ романдарындағы ғашықтық сарын
10.01.02 – қазақ әдебиеті
Филология ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Астана, 2007
Жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ
әдебиеті кафедрасында орындалды
Ғылыми кеңесші: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор
Нұрғали Р.
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Сыдықов Т.
филология ғылымдарының докторы,
профессор Бисенғали З.
филология ғылымдарының докторы,
профессор Ергөбек Қ.
Жетекші ұйым: ҚР Білім және ғылым министрлігі
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Диссертация 2007 жылдың «29» қарашада сағат 14.00-де Л. Н. Гумилев
атындағы Еуразия ұлттық университетінің 10.01.02 - қазақ әдебиеті және 10.01.07 – салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.14.31.03 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 010008, Астана қаласы, Мұңайтпасов көшесі, 5 үй.
Диссертациямен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2007 жылдың «___» қазанда таратылды
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Қ. Алпысбаев
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Тақырыптық сарынның өзі - әдебиеттану термині бойынша мотив деп аталатыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде бірнеше жазушының шығармасында, әр түрлі әдеби нұсқада, әр дәуірдің әдебиетінде белгілі бір сарын қайталанып келеді. Әдеби термин ретінде 20-жылдардан бері А.Веселовский [1,80-б.], В.Я.Проп [2,230-б.] еңбектерінде зерттеле бастады. Бұл зерттеушілер әр халық әдебиетінде бұрыннан келе жатқан, бір әдебиеттен екінші әдебиетке, дәуірден дәуірге көшіп жүрген сюжеттік сарындар бар деп қарайды. Алайда ұқсас сюжеттік сарындарды өз дәуірінен, нақтылы шығармалардағы көркемдік шешімнен, ұлттық әдеби процестен бөліп алып, жеке қарастыру ұтымды бола бермейді. Ұқсас сарындар көп жағдайда өмірдің өзінен туады, оларды халықтардың өмір-тұрмысындағы ұқсас жағдайлардың әдебиеттегі көрінісі деуге лайық. Кейде олар сараланып, іріктеліп, қалыптасқан дәстүрлі сарындар болады. Немесе, шығарманың құрамындағы бір айшық, жеке бөлігі сияқты болып келеді. Мәселен, ауыз әдебиетіндегі сиқырлы айна, ақылына көркі сай жаннан асқан сұлу қыз, абжыланның ханшаны ұрлап әкетуі т.с.с. Кейбір жанрда тұрақты сарындар, мотивтер ұшырасады. Мысалы, эпопея мен авантюрлік романдардағы саяхатқа шығу, кеменің күйреуі, өліктің тірілуі және т.б. Мұндай сарындар кейде жеке дара ашылып, бертін келе автордың өзіндік суреткерлік шеберлігімен, дүниетанымымен, көркемдік шығарма құрылымымен ұштастырылып қарала бастады. Кейде мотив пен тақырып ұғымын бір деп қарайды. Мотивке сұлулық, ізгілік, ар, қорқыныш, махаббат, өлім секілді мәңгі тақырыптарды жатқызады. Поэзиядағы мотивтің мән-жайы әлі зерттей түсуді қажет етеді. Оқиғалы, драмалық туындыларда қайталанып келетін сюжетті мотивтер кездеседі. Олар әр жазушының шығармасында әрқалай қайталанады. Көптеген әдеби мотивтер мифологиямен бірге адамзат мәдениетінің рухани қазынасына келіп қосылады.
Қазіргі әдебиеттануда қалыптасқан мотив түрлері: фольклорлық, лирикалық, қайталама, тарихи-салыстырмалы болып жіктеліп жүр.
Зерттеудің өзектілігі. Көркемөнер, нақтылай алғанда, әдебиет халықтың сана-сезімін, көркемдік ойлау қабілетін дамытатын рухани дүние бола отырып, адамзат өркениетімен, адам тағдырымен байланысты сан-салалы мәселелерден құрылады. Солардың бір арнасы – екі адамның арасындағы ғашықтық сезім. Әр тағдыр иесінің көзімен көріп, көңілімен түйсінетін бұл қасиетті ұғым адам баласымен бірге жасап келеді. Адам ата мен Хауа анадан бастап бірде қуантып, бірде жылатып келе жатқан махаббат құдіреті терең. Батыс философиясы тарихында Эмпедокл өзінің космологиялық ілімінде махаббат бүкіл әлемді ұйымдастырып тұрған басты күш деп білді. Ертедегі грек, Рим қолжазбаларында махаббат құдайлар кейпінде көрсетіліп, дүниенің кілті солардың қолында делініп, құдайдың өзі махаббат мәнінде ұғынылған. Платон махаббатты алғаш рет сезімдік және рухани деп екіге жіктеп, сезімдік махаббат - сұлулықты сырттай ғана қызықтайтын төменгі форма, ал рухани махаббат адамның белсенді танымдық қызметінің қайнар бұлағы дейді. Бұл екеуінің арасындағы тығыз байланысты, сезімдік махаббаттың рухани махаббатқа ауысуын философ махаббаттың кемелденуі деп қараған [3,164-165- бб.]. Осыған сүйене отырып, Фома Аквинский «Нағыз махаббат – құдайды сүю» деген [4,140-б.]. Махаббатты адам бойындағы құмарлық сезімдердің ең күштісі деп бағалаған француздың ұлы ойшылы Вольтердің тұжырымын Бальзак та мойындаған. Ол сүйіспеншілік мәселесіндегі шешуші рөлді жүрекке береді. Ал, шығыс жұлдыздары Хафиз бен Сағди шынайы махаббаттың ешқашан ізсіз кетпейтінін, адам ғұмырында бұл сезімнің бірге жасайтынын айтқан. Орта ғасырларда махаббат ұғымы көркем туындылардың ғана нышаны емес, дүниетаным, дін, философия, эстетика салаларының бастау алатын бұлағы болып саналады. Ортағасырлық мұсылман және христиан теологиясында, діни әдебиетте, сондай-ақ шығыс поэзиясында да басты тақырып махаббат болды. Көптеген онтологиялық, аксиологиялық, гносеологиялық мәселелердің шешуін табар түйіні осы махаббат категориясы еді. Қазақтың ғашықтық жырлары, лиро-эпикалақ дастандары ғасырлар бойы халықтың інжу-маржандары санатында сақталып, бағаланып келеді. Түп тамыры шығыстан тартылған Ләйлі-Мәжнүн, Жүсіп-Зылиқа сияқты қиссалармен бірге, қазақ топырағында туған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» тәрізді жырлар халық жадында берік орнықты. Халық аңыздарының үлгісінде жазылған С.Мұқановтың «Сұлушаш», И.Байзақовтың «Құралай сұлу», «Ақбөпе» поэмаларындағы басты сюжеттік арна ғашықтық сезімнен бастау алады. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде әдебиетте бой көрсеткен қазақ прозалық шығармаларындағы басты тақырып сүйіспеншілік, махаббат сезіміне, осы жолдағы күрес-әрекеттерге арналғаны белгілі. Бұл тақырып одан кейінде түрлі жанрдағы шығармаларда көтеріліп, осы кезге дейін жырланып келеді.
Қазіргі әдебиеттануда адам құндылығы, оның өзін қоршаған ортамен күрделі қарым-қатынасқа түсуіндегі болмысы, ішкі жан дүниесіндегі өзгерістер, әлеуметтік, психологиялық, лирикалық, драмалық ықпалдастықта кешенді көрініс тауып жатқаны белгілі. Ал, бұл тақырыптың ежелден әдеби мұраларда жырланып, дәріптеліп, күні бүгінге дейін кең тынысты романдарда суреттеліп келгені осы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты – махаббат сарынының қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі жолын, әдебиет дамуындағы жаңаша көрінісін ғылыми пайымдау. Негізгі мақсатты орындау үшін диссертациялық жұмыста мынадай басты міндеттерді шешу алға қойылды:
-
ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ғашықтық сарынның басты белгілерін, ұқсастық-ерекшеліктерін айқындау;
-
халық әндеріндегі, елге танымал өнерпаздардың туындыларындағы ғашықтық сарынды, оның эстетикалық қуатын саралау;
-
жазба әдебиеттің қалыптасу кезеңіндегі шығармаларда көрініс берген махаббат сарынының берілу жолдарын, амал-тәсілдерін ашу;
-
қазақ әдебиетіндегі сал-серілер ғұмырына арналған көркем шығармалардағы ғашықтық сарынның суреттелуін, оның өнер тұлғаларының өмір белестерін айқындаудағы деректілік сипатын айқындау;
-
тарихи романдардағы оқиға желісіне арқау болған махаббат сарынының көркемдік жүйеге, кейіпкерлердің суреттелуіне тигізген ықпалын саралау;
-
әлеуметтік-психологиялық романдардағы кейіпкер болмысын, мінез-сипатын ашудағы сүйіспеншілік сарынның әсерін дәйектеу.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. Қазақ романдары туралы Ғ.Мүсірепов, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Р.Бердібай, Б.Шалабаев, В.Лизунова, Т.Нұртазин, Ә.Нарымбетов, Ғ.Тоғжанов, М.Базарбаев, А.Нұрқатов, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, З.Кедрина, Н.Ғабдуллин, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, М.Атымов, Қ.Жармағанбетов, С.Сейітов, М.Хасенов, З.Серікқалиұлы, Т.Сыдықов, Қ.Ергөбек, З.Бисенғали, Б.Әбдіғазиұлы, С.Мақпырұлы, Б.Майтанов, Ж.Дәдебаев, Қ.Алпысбаев, Т.Рақымжанов, М.Хамзин, Т.Жұртбай, Р.Тұрысбек т.б. зерттеуші-ғалымдардың еңбегінде әр қырынан қарастырылды.
Зерттеу нысаны. Диссертацияда оқиға желісінде ғашықтық сарын кең суреттелген көркем туындылар қарастырылды. Бұл орайда, халықтық жырлардан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Күлше қыз бен Назымбек», «Есім сері Зылиха», шығыстық сюжетке құрылған «Жүсіп-Зылиха», «Сейфүлмәлік-Бәдіғұлжамал», «Бозжігіт», «Хұсрау уа Шырын» дастандары, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Ботагөз», «Адасқандар», «Балуан Шолақ», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», З.Шашкиннің «Тоқаш Бокин», «Доктор Дарханов», С.Жүнісовтің «Ақан сері», С.Шаймерденовтың «Инеш», І.Есенберлиннің «Ғашықтар», «Махаббат мейрамы», «Алтын құс», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Ө.Қанахиннің «Құдірет», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Р.Тоқтаровтың «Бақыт», «Тұлпардың сыны», Б.Нұржекеевтің «Күтумен кешкен ғұмыр», Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Ә.Таразидің «Бұлтқа салған ұясын», Р.Сейсембаевтың «Шайтанның тағы», Ш.Құмарованың «Әйел бақыты», «Сезім патшалығы» т.б. қаламгерлердің шығармалары арқау болды.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмысқа нысан болған мәселенің шешімін іздеуде қазақ әдебиеттануының жетекші өкілдерінің, зерттеуші ғалымдардың еңбектері назарға алынды. Атап айтқанда, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, М.Ғабдуллин, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, Н.Ғабдуллин, З.Қабдолов, М.Базарбаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, С.Қирабаев, Р.Нұрғали, Ә.Нарымбетов, Қ.Алпысбаев, М.Хамзин, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Т.Сыдықов, Қ.Ергөбек, З.Бисенғали, Т.Рахымжанов т.б. зерттеушілердің еңбектеріне сүйендік. Сондай-ақ, шетел ғалымдары мен әдебиеттанушыларының, атап айтқанда, Г.Л.Абрамович, Л.И.Тимофеевич, Л.Я.Гинзбург, А.А.Потебня, Г.Н.Поспелов, Н.А.Гуляев, М.М.Бахтин, И.В.Силантьев т.б. еңбектеріндегі теориялық-әдіснамалық тұжырымдар негізге алынды.
Зерттеу әдісі. Диссертацияны жазу барысында дәстүрлі ғылыми сипаттама, тарихи-салыстырмалы, кешенді талдау, жүйелеу, жинақтау әдістері тиісінше пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста қазақ әдебиетіндегі роман жанрына арқау болған ғашықтық сарын монографиялық деңгейде алғаш рет арнайы зерттелді. Замана шындығын, өздерін толғандырған кезеңді мәселелерді ән-жырларына өзек еткен ақындар шығармашылығында үзбей көрініс берген махаббат тақырыбының дәстүрлі сипатта жырланып, қазақтың жыр-дастандары мен қара өлеңдеріндегі жалғастықты көрсеткен эстетикалық туындылар екендігі зерделенді. Сал-серілердің өлең-жырмен қабат өрілген өмірлерінде шынайы сезім мен терең сүйіспеншіліктің алатын орны, мән-маңызы айқындалып, дәуір сипатымен үйлестіре талданды. Алғашқы қазақ романдарындағы сүйіспеншілік мәселесі тек қоғамдық-әлеуметтік бейнелеу тұрғысында ғана емес, адамдардың ежелден аңсаған азаттық, тәуелсіздік ұғымдарымен, моральдық-этикалық, құқықтық қағидаларымен іргелес алынып, оларға тиісті баға берілді. Ел тарихының кезеңді тұстары суреттелген тарихи романдардағы ұлттық дербестік, ұлттық психология, салт-дәстүр мен ғұрыптың шығарма кейіпкерлері арасында орнаған сүйіспеншілік, ғашықтық әрекеттермен жалғастықта талданып, қаламгерлердің шығармашылық ерекшеліктері тұрғысында қарастырылды. Сондай-ақ, қазақ романдарының бірқатары алғаш рет әлеуметтік-психологиялық туындылар ретінде аталып, ондағы жастар арасындағы сүйіспеншілік, мораль мәселесі қоғам, орта ахуалымен байланыстырыла талданып, ғылыми ізденістер жүргізілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Бұл зерттеу жұмысының нәтижелерін жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуде, қазақ прозасына, жекелеген қаламгерлер шығармашылығына арналған арнайы курстар мен семинарлар жүргізуде кеңінен пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
-
ғашықтық сарын – ертедегі әдеби мұралардан бастап, қазіргі кезеңдегі туындыларға дейін тұрақты жырланып келе жатқан тақырып;
-
ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлар мен ғашықтық дастандар – сүйіспеншілік сарынын жырлаудағы алғашқы бастаулар;
-
ақын-өнерпаздардың, сал-серілердің ән-жырлары – махаббат тақырыбын жырлаудағы ұлттық үлгілер;
-
қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдар - қоғамдық-әлеуметтік жағдай аясында адам бостандығын, жастар арасындағы сүйіспеншілік мәселесін алдыңғы кезекке шығарған туындылар;
-
қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар - халық аңсаған ұлт тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің мұрат-мақсатын сүйіспеншілік, махаббат мәселесімен өзектестірген шығармалар;
-
әлеуметтік-психологиялық сипаттағы көркем шығармалар - дәуір мен адам, қоғам мен жастар арасындағы сан қырлы қатынастарды көрсету үстінде, адамгершілік, сыйластық пен махаббат секілді ұғымдарды кешенді түрде арқау еткен туындылар.
Жұмыстың жариялануы мен сарапталуы. Ғылыми зерттеу жұмысына өзек болған мәселелер бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық тағлымы» атты Халықаралық ғылыми конференцияда (2002 ж., 24 қазан), Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Ө.Байқоңыров оқулары» атты екінші (2002 ж. 15 қазан), үшінші (2004 ж. 20 қазан), төртінші (2006 ж. 25 қазан) Халықаралық ғылыми конференцияда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Шоқан оқулары» атты Халықаралық ғылыми конференцияда, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-інде өткен «Қазіргі заманғы түркология: теориясы, практикасы және алдағы міндеттері» атты екінші Халықаралық түркология конгресінде (2006 ж. ) тақырыптық баяндамалар жасалды.
Ғылыми жұмыстың негізгі қорытындылары республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда, жоғары оқу орындарының хабаршыларында жарияланды. Диссертация мазмұнын баяндайтын зерттеу кітаптары жарық көрді. Жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі мен маңызы, мақсаты мен міндеттері, зерттелу деңгейі, зерттеу нысаны, теориялық-әдіснамалық негіздері, зерттеу әдісі, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар айқындалды.
Жұмыстың бірінші бөлімі «Ғашықтық жыр-дастандар – қазақ романының бастау-арналары» деп аталады.
Қазақ әдебиеті тарихындағы көркем туындылардың қай-қайсысы да өзінің түп төркіні – халық ауыз әдебиетінен нәр алып дәстүрлік жалғастық табады. Бүгінгі таңдағы әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған іргелі туындылары бар қазақ әдебиетіндегі алуан тақырыптар, сан түрлі сарындар, өлмес идеялар, өміршең мұраттардың бәрі де о баста ауыз әдебиетінде, оның ішінде поэзия саласында көрініс тапқан. Бұл орайда біз нысана етіп отырған махаббат тақырыбы да алғаш осы халық ауыз әдебиетінде, яғни, халықтық ән-өлеңдерде, эпостық жырларда көрінген. Мәселен, көнеден жеткен авторы белгісіз мына шумақтар соның бір дәлеліндей:
Көрдім де бір сұлуды болдым ғашық,
Алашқа білдірмедім аузымды ашып.
Жарасқан бал, шекерге күміс қасық,
Жүреміз сүйтіп қашан араласып [5,188-б.].
Фольклорлық үгілердің қашаннан-ақ эстетикалық сипаты мол болған, онда әсемдіктен, ойдан жырақ, сұлулықтан тыс дүние жоқ. Бұлар халықтық ой-сананың туындысы ретінде үнемі эстетикалық оймен терең астасып жатады. Фольклор туындыларында көркемдік сын мен эстетикалық таным егіз ұғым ретінде әуел бастан әсемдікті жырлау талабымен ұштасып отырады. Өмірдегі құбылыстар: ел қорғаған батыр, бас бостандығы үшін күрескен ұл мен қыз, ақылгөй қарт әсемдік заңдарына сәйкес жырланады.
Сұлулық, әсемдік, әдемілік символы болған әйелдер туралы сөз қозғасақ, әрбір ұлттың әдемілікті сезінуі мен әсемдікті қабылдауында өзіндік ерекшелік болатынын естен шығаруға болмайды. Мәселен, қазақ ауыз әдебиетінде, поэтикалық шығармаларда әйел сұлулығын, кескін-келбетін, мінез-құлық, іс-әрекетін суреттейтін туындылар аз емес. Бұл тұрғыда қазақ батырлар жырының да, лиро-эпостық жырлардың да, ертегілердің де орны ерекше.
Қай халықтың болса да фольклоры өзіндік, даралық ерекшелікке сай қалыптасқан.
Жалпы қазақ эпосы, оның өзі батырлар жыры, лиро-эпос болып екі салаға бөлінсе, қазақ лиро-эпостары негізінен үш түрге жіктелген:
-
Халықтың төл туындылары – ел арасына кең тараған, баспа бетін көрген дастандар. Олар: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан»;
-
Халық арасына ауызша тараған нұсқалар: «Күлше қыз», «Құл мен қыз», «Мақпал қыз», «Есім - Зылиха»;
-
Шығыс әдебиетінен алынған қиссалар. Олар: «Мұңлық - Зарлық», «Сейфілмәлік», «Бозжігіт», «Таһир - Зухра», «Жүсіп - Зылиха», «Шәкір-Шәкірат» т.б. Лиро-эпостар халық дастандарына, жұртшылық сүйіп оқитын шығармаларға айналған [6,449-б]. Әйел тағдырын арқау еткен бұл жырларды қазақ зерттеушілері әр қилы атап келеді. Бірде жанрына қарай «лиро-эпос» десе, бірде мазмұнына сай «тұрмыс-салт жырлары» деп атаған. Дұрысында бірін лирика сарынына құрылған лиро-эпостық жырлар, екіншісін ұсақ салт өлеңдері деп білу ләзім. Бұл жырлардың қай-қайсысында да ғашықтық сарын, махаббат тақырыбы шырқау биікке көтеріле, дамытыла жеткізіліп, тыңдаушысын барынша баурап алған.
Эпостық жырлардың ең көне үлгілерінің бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры. Оның сюжеті біздің заманымыздан үш-төрт ғасыр бұрын шығып, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Алатауда қоныстанған тайпалар ортасында кең тараған.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры басталғаннан-ақ оның басты тақырыбы сұлулық пен әсемдік екендігін бірден-ақ байқауға болады. Нәзік әуен сазындай жайдары, ашық, әсем әнмен басталатын жыр қалың тоғай ішінде адасып елеңдеп жүрген маралды әдемі сезімге әсер ету мақсатымен суреттейді. Марал мен Баян арасында үлкен жақындық бар. Бірі – табиғаттың еркесі, аң сұлуы болса, екіншісі – ел еркесі, адамзаттың сұлуы. Жырдағы осы ғайыптан келген табиғаттың ерке сұлу маралы кіршіксіз, таза махаббаттың символындай жарқ етіп көрінеді. Табиғаттың өзі елжіреп, сұлулық нұрын төгіп тұрғандай сезіледі. Жыр әсемдікті тап басып, тілсіз табиғат пен адам өмірін қатар алып, сұлулықтың құпия әсем сырына бой ұрады.
Қазақтың лиро-эпос жырларына көш басшы болған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан кейінгі тілі көркем, көлемді сюжетті жыры – «Қыз Жібек» жыры ел арасына ауызша да, жазбаша да кең тараған жыр. «Қыз Жібек» жырының нұсқалары көп емес және олардың бір-бірінен айырмашылығы да аз. Басында оның оқиғасы Төлеген–Жібек махаббатымен ғана шектеліп, трагедиямен біткен сияқты. Әрі қарай айтушы ортамен жанжалдасқан Жібектің трагедиясын жеңілдету үшін жырға әмеңгерлік идеясын қосып, оның шешуін жай прозаға айналдырады. Сол идея бойынша Жібек бұдан былайғы жерде Төлеген жоқтауын Жағалбайлы еліне арналған өзінің жесірлік мүддесімен байланыстырады. Әмеңгерлік салты бойынша Төлеген өлген соң Жібек Сансызбайға қосылады.
«Батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтың жөні бір басқа» дейтін Төлеген Базарбайдың еркінен тыс сүйіспеншілік іздейді. Жібекке ғашық болады. Жібек сияқты сұлуға ғашық тек Төлеген ғана емес. Сол елдің атқа мінер азаматтарының біразының қолы жетпей жүрген аруды, сырттан келген Төлегенге жетектетіп жібермейтіні белгілі. Төлеген елдегі көп ғашықтардың бірі – Бекежанның қолынан қаза табады.
Төлеген басындағы биік арманды көрсету үшін оның махаббатын әсірелеу мақсатында айтушы «қыз таңдау» оқиғасын қосады. Жырда Жібек – көп сұлудың бірі ғана емес, атадан көргені, анадан білгені бар туысы, бақ-дәулеті ауқымды атаның қызы. Ол заманда жақсы әйел, ибалы қызға қойылатын негізгі шарт – оның сұлулығы, ақылы, әлеуметтік жағдайы болған. Ал Жібек бойынан осының барлығын кездестіруге болады. Ертеде қыз таңдаған байлар: «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген.
Жырда ескі мен жаңаның тартысы бар десек, сол жаңалықтың үлгісін, жастардың еркіндік идеясын Жібек пен Төлегеннің махаббаты тұсынан іздейміз.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ елінің әлеуметтік-қоғамдық тіршілігін, тұрмыс-салтын қамтитын, халық арасына кең тараған, оқиғасы реалистік өмірден алынған қазақтың лиро-эпостық жырларының бірі – «Айман-Шолпан» жыры. Жыр Маманның екі қызын әуелі сұлулық, бақыт, салтанат құшағында көрсетеді де, кейін екеуін тұтқынға түсіріп, теңсіздікке ұшыратады. Бұл шендестіру Маман мен Көтібардың бақ салтанатын мақтай келіп, олардың өте ұсақ, халықтың мінезге жат адамдар екенін, феодалдық зорлық бар жерде қазақ қызының бағы жанбайтындығын көрсетеді. Жырдағы Шолпан мен Арыстанның махаббаты екі елді бітістіруге себеп болады. Ал, жырдағы Айман - өте ақылды, парасатты қыз. Айманның махаббаты романтикалық-трагедиялық сарында емес, прозалық-реалистік арнада баяндалған. Өз басының мүддесіне келгенде, ол – бас бостандығын іздеген, үлкен махаббат иесі болған образ.
Жоғарыда аталған қазақтың ғашықтық жырларынан басқа ХІХ ғасырда туып, сюжеттік негізіне әлеумет теңсіздігін, феодалдық қоғам қайшылығын арқау еткен «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Күлше қыз-Назымбек», «Есім сері-Зылиха» жырларының да көркемдік-тарихи мәні ерекше. Мұндай жырлардың кеңес дәуірінде де туғанын ескерсек («Құралай сұлу», «Сұлушаш»), олардың реализмі алғашқы лиро-эпостық жыр үлгілерінен өмірге тереңдеу қабысып жататынын көреміз [7,237-б.].
Бұл жырларда айтылатын Мақпалдың сүйгені - Әбен, Айымның ғашығы – Талайлы, Зылиханың жары – Есім бұқара халық ортасынан шыққан кедей-жалшылар. Қолдары қысқа кедей жігіттерінің өздерінің сүйген қыздарына қосыла алмай, ру қоғамының ескі салтынан соққы жейді.
ҮІІ-ХІІ ғасырларда ең жоғары өркендеу дәрежесіне жетіп, дүниежүзілік тарихи маңызға ие болған біртұтас араб-мұсылман мәдениетінің ықпалына басқа елдер сияқты қазақ сахарасы да ілікті. Араб-мұсылман мәдениетінің өзі көптеген әлемдік мәдени мұралардың көркем де озық үлгілерін өз бойына сіңіру арқылы биікке көтеріліп, өзіндік өрнек қалыптастырған болатын. «Шығыс мұралары қазақ даласына әр түрлі жолмен келіп жетті. Біріншіден, олар халықтардың күнделікті қарым-қатынастары арқылы ауызша түрде жетті. Екіншіден, бұлар қолжазба күйінде таралады. Бірақ шығыс сюжеттері қазақ халық ауыз әдебиеті шығармашылығы арнасында жырланады. Сондықтан қазақ эпикалық дәстүрі бұған өз әсерін тигізбей қойған жоқ» [8,8-б.].
Шығыс халықтары әдебиеттерінің өзара байланысы және бір-біріне жасаған игі әсері түрліше деңгейде болды. Солардың бірі – көркем шығармалардың адамгершілік мазмұн-мағынасын, оқиға желісін, өрнек тәсілдерін түсіне, өрбіте қабылдау болып табылады. Соның айқын дәлелі ретінде Рудаки, Фирдоуси, Низами, Физули, Науаи, Саади, Хафиз, Жәми шығармаларын қазақ ақындары өзінше дамыта жырлап, тыңнан толғап, «нәзира» дәстүрімен, халық арасына таратқан нұсқаларын айтуымыз керек. Абай шығыстық желіге «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» дастандарын жазса, Ш.Жәңгіров «Ескендір Зұлқарнайды», Т.Ізтілеуов «Рүстем-Дастанды» жырлады. Бүгінде араб, парсы, үнді аңыз-ертегілерінен келген «Мың бір түн», «Тотынаме», «Жүсіп-Зылиха», «Сейфүлмәлік», «Мұңлық-Зарлық», «Бозжігіт», «Шәкір-Шәкірат» т.б. сияқты ғашықтық дастандар қазақ топырағында қайта түлеп, жаңарып, бай фольклорлық мұраларымыздың қатарын толықтырды.
Батыстың «Ромео мен Джульеттасы», шығыстың «Ләйлі-Мәжнүнімен» үндесіп жатқан, махаббат мұңын шертетін «Таһир-Зуһра» дастанының сюжеті араб, үнді елдерінде бұрыннан бар екені белгілі. Бұл жырда да осыған дейінгі айтылған дастандар сияқты бірін-бірі шын сүйген екі ғашықтың бақытына жетуіне кері кеткен әдет-ғұрып пен күштілер билеген кезеңнің кедергісінен құрбан болған жастардың өмірі суреттеледі. Екі жастың қайғылы махаббаты арқау болған бұл дастанда өмірдегі ең аяулы нәрсе – жан сұлулығы, достыққа, ғашықтыққа берік болу, арманына жету үшін қара күш иелерімен, қиындықпен күресе білу, көңілі сүйгенін кіршіксіз сақтай білу керектігі жырланады.
Шығыс тақырыбына жазылған қазақ дастандары - ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан аса құнды мұралар. Махаббат пен ерлік қоса өрілген осы аталған ғашықтық дастандар тақырыптық, идеялық жағынан болсын, оқиғаны суреттеуі, көркемдік ерекшеліктері жөнінен болсын қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларымен орайласып, үйлесіп жатады.
Ғашықтық дастандар мен лиро-эпостарда өмірдегі ең аяулы нәрсе – жан сұлулығы, достыққа, ғашықтыққа берік болу, арманына жету үшін қиындықпен күресе білу.
ХІІІ-ХІҮ ғасыр әдебиетінде ғашықтық желісін негізгі мәселе етіп алған қисса-дастандар да туа бастайды. Көпке белгілі Низамидің «Хұсрау уа Шырын» дастанын Оянушылық дәстүрімен халық тілінде түрікше сөйлеткен ақын Құтб (1341-42). Құтб дастанының бұрыннан мәлім құрылысы мен сюжетін толық сақтай отырып, өз оқырманының түсінігіне лайық жазған [9,37- б.].
Ұлтымыздың өркендеу тарихында, мәдени және әдеби өмірімізде ХІХ ғасырдың орны бөлек. Қазақ мәдениетінің жарық жұлдыздары Шоқан, Ыбырай, Абай шығармалары қазақ ғылымына, мәдениеті мен әдебиетіне жаңа арна әкеліп қана қойған жоқ, осы тұста жарқырап көрінді. Қазақ әдебиетінде сүйіспеншілік, ғашықтық мәселесіне тұңғыш рет арнайы тоқталған Абай болатын. Ауызбен айтуға ұят саналып, әркімнің өз жүрегінде тұншықтырылып келген сүйіспеншілік жеңіл-желпі емес, қайта, адамгершілік асыл қасиеттердің қатарынан орын алатын, мораль нормаларының мықты бір өлшемі екенін танытқан Абаймен бірге әдебиетке махаббат лирикасы келгендігі анық.
Ұлтымыздың әдеби-мәдени өміріне айрықша із қалдырған, жастайынан өнер қуған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, сайын даланы ән мен жырға толтырған, ай маңдайлы, ақ дидарлы сұлу қыздарды жүрек құштарымен, іңкәр көңілімен, шалқар сезіммен толқыта суреттеген, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған ақын, сал-серілердің ролі айрықша болғаны мәлім. Өздерін толғандырған жайларды өлең өрнектерімен бейнелеген сал-серілер шығармаларының бір қыры – махаббат мәселесі.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қазақтың ұлттық оянушылығының бір көрінісі ретінде ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы назира дәстүрі қайтадан жаңғыра дами бастайды. Назиралық әдеби тәсіл мен машықтық негізінен қисса-дастандарда жалғасын тапты.
Халық арасына кең тараған хиссалардың қатарында «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Сейфілмәлік», «Орақ-Күлше», «Таһир-Зухра», «Назым», «Бозжігіт» т.б. бар еді. Әр түрлі тақырыпқа (дін, ғашықтық, әділдік т.б.) арналған бұл хиссалардың негізінде адамдықты, адамды сүюді армандаған халық қиялының көріністері жатты. Олардың кейбіреулері бірнеше рет басылды да.
«Айқап» журналының, «Қазақ» газетінің беттерінде шығыс әдебиеттерінен аудармалар жасады. Олардың ішінен «Рүстем-Зораб» (Фирдоусидің «Шахнамесінен» М.Сералин аударған), «Мың бір түн» ертегісінен үзінділер аударылды.
ХІХ ғасырдағы 70-жылдардан бастап орыс әдебиетімен байланыс өріс алды. Бұл игі дәстүрдің негізін салған – Ыбырай, Абай және Шәкәрім. Абай Пушкин мен Лермонтовты, ал Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский», «Боран» сияқты прозалық шығармаларын өлеңмен аударып, орыстың классикалық әдебиетін қазақ оқушысының өнер үйренер, адамгершілік тағлым алар дүниесіне айналдырды.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Шәңгерей ақын поэзияға өзгеше леп, лебіз әкелді. Ақынның «Жігіттің болса алған жақсы жары», «Жылдарда жыл болады бағзы-бағзы», «Қатшекейге», «Ғылым», «Эдисон», «Қияға мен бір қыран көз жіберген» т.б. өлеңдерінде заманның ғылым-білімге ұмтылу талабына алыстан үн қоса отырып, ақын сұлулықты, мөлдір махаббатты, табиғаттың әсем көркін жырға қосты.
ХХ ғасырдың басында шынайы көркем үлгідегі, мазмұндық және идеялық астары терең поэмалар көбейді. Бұл кезеңде С.Торайғыровтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Сералиннің т.б. ақындардың түрлі сипаттағы поэмалары жазылды. Ал осынау реалистік поэма жасау дәстүрінің түп тамыры Абай шығармашылығынан бастау алғаны мәлім. Абай қазақтың ұлттық әдебиетінде бұрыннан бар дастаншылдық, хиссашылдық дәстүрді өңдеп, жаңғыртып, оған жаңа дәуірдің ыңғайына туралап, туған жұртына қайта ұсынды. Романтикалық поэмалардың табиғатына реалистік қасиет дарыта жырлады. Сөйтіп, соны сипаттағы қазақ поэмасының негізін қалады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ романшылары үшін аса таныс тақырып – ауыл өмірі, ел тынысы болатын. Сондықтан да М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, С.Көбеев, С.Торайғыров, Т.Жомартбаев т.б. жазушылар өздеріне етене жақын ортаның әдет-салт ғұрпын, ұлттық психологиясын шығармаларына арқау етті.
Қазақ романдарында жеке адамдар, қаһармандар тағдырын олардың өзара араласуларын қоғамдық мәнi күштi оқиғалармен байланыстыра баяндайтын, суреттейтiн салт-дәстүр қалыптасты. Бұл жөнiнен қазақ романдары орыс әдебиетiнде қалыптасқан iлгершiл, өскелең өнеге iзге түскенi байқалады. Қазақ прозасының дамуына ықпал еткен бірнеше факторларды айта келіп, ғалым З. Бисенғали: «Қазақ прозасының жаңа арнаға шығуына үлкен әсер еткен маңызды факторлардың бірі – көрші елдер әдебиетінің ықпалы. Осылардың ішінде әсіресе орыс әдебиетінің ықпалы ерекше. Классикалық орыс әдебиеті туындыларымен танысу, оларды аудару арқылы қазақ жазушы, журналистері әдебиет, шығарма негізіндегі көркемдік пен тереңдікті аңғарды, шеберліктерін ұштады, үйренді»- дейді [10, 133-б.].
Дәуір басындағы жанрлық, көркемдік ізденістердің нәтижесінде туған, осыған дейін қалыптасқан үлгіні өзгерткен шығармалардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының «Әділ-Мария» романы болды.
Бұл тұрғыда Шәкәрім шығармашылығын докторлық диссертация деңгейде алғаш зерттеуші Б.Әбдіғазиұлының: «Шәкәрімнің прозасы ешкімге ұқсамайтын айрықша қасиетке бай болды. Мәселен, тұңғыш қазақ романының авторы М.Дулатов әлеуметтік прозаның бастауында тұрса, ойшыл Шәкәрімнің прозалық шығармаларында философиялық-психологиялық сипат басым жатты» [11,144-б.] деген пікіріне қосылмауға лаж жоқ. Ақиқат құбылыстарды философиялық тұрғыдан бағалауға ұмтылу және оны жеріне жеткізе талдап көрсету Ш.Құдайбердиев прозасының стиліне тән сипат.
Дәстүр мәселесі – кең ұғым. Әр халықтың әдебиеті мен өнерінде әр дәуірде сандаған дәстүрлер пайда болып, оның озығы бертінге дейін жетіп отырған. Фольклордың әсер етуі күні бүгінге дейін созылып келе жатқан құбылыс. Ол өзінің идеялық-эстетикалық мәнін жоғалтпай, қаламгерлердің шығармашылығына бай рухани қазына болды. Қазақ фольклорын зерттеуші Н.Смирнованың байқауынша: «эпостың тақырыбы мен сюжетінің өзі қазақ кеңес әдебиетіне қажет болып шықты» [12,427-б.]. Одан әрі зерттеуші лиро-эпикалық, реалистік поэманың қалыптасуына ең алдымен эпостың әлеуметтік-тұрмыстық сипаты, халық өмірін шындық тұрғыда бейнелеуі әсер етті деген ой айтады. Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасып, дамуына үлес қосып, ұлттық әдебиеттің барлық саласында толассыз еңбек еткен қаламгерлердің бірі С.Мұқанов болды. Оның бірқатар шығармалары («Жетім қыз», «Сұлушаш», «Жұпархан») ел аузындағы аңыз-әңгіме желісіне құрылған. С.Мұқановтың лиро-эпостық жанрдағы көлемді де көркем шығармасы – «Сұлушаш» ертедегі аңызға негізделіп жазылған. Бұл жөнінде автордың өзі былай дейді: «Біздің ауылда Бәжінің Қазыбегі деген бар. Сол бәріміз Қабанбайдың Қабдолынан ертегі, аңыз-әңгіме тыңдаушы едік. «Сұлушашты» бізге сол айтты. Мен маңғаз Алтайды құлдың баласы, кісі есігінде михнат көрген батырақ еттім. Құлдың баласына ғашық Сұлушаш сүйіктісімен бірге елге сыймай, тағы тауға паналаған болып шықты. Қайсар, Ермектерді жанымнан қостым да, сюжет құрадым» [13,138-б.]. Қаламгердің халық аңыздарына құлағының түрік жүретінін мына пікірден тағы да байқауымызға болады: «Торғай өңірінде болғанда, «Сарыторғай» совхозындағы Жәуке мешітінің қасындағы «Қыз тамы» дейтін мазарды көрдік. Сонда: «Дәу де болса, бұл өзім жырлаған Сұлушаштың мазары болса керек. Олай дейтінім – ел аузындағы «Сұлушаш» дастанында «Саласында Сарыторғайды мекен еткен» деген сөздер бар»,-дейді [14,103-б.].
«Сұлушаш» сюжетінің көркемдігі туралы М.Әуезов та мынадай пікір айтқан: «Сұлушаш» халық аңызы мен жырының желісінен туған. Бірақ ақын сол әңгіменің өрісін нығайтып, қоғамдық маңызы зор драмаға айналдырып жыр етеді. Мұнда барлық тартыстың қоғамдық, таптық тамырларын аша отырып, кейіпкерлерінің таптық мінез-бітімін айқындай суреттеу арқылы, халық аузындағы әңгімеге сыр-сымбат, жаңа сана-сапа бітіреді» [15,59-б.].
Поэма сюжеттік желісі жағынан лиро-эпостық дастандарға етене жақын. Поэтикалық шеберлігі жағынан да өзіне тән ерекшеліктері мол туынды. Мұнда Алтай бейнесі толық ашылған. Ақылы келбетіне сай, мақсаты биік Алтай өз замандастарынан көш жоғары. Есіктегі құл мен күң Шұнақ пен Тезектен туған Алтай Сұлушашқа жасқанбай-ақ, сүйіспеншілігін білдіреді. Ол жеке басының бостандығы мен сүйіспеншілігі үшін күрес үстінде әлеуметтік қиянаттың таяғын талай жейді. «Басқаны Сұлушаштың сүйері жоқ, Алтайдан басқа көңіл иері жоқ» қыз бейнесін беруде автор қыздың сезім мен махаббатқа тұрақтылығын терең жырлайды.
Ақын екі тап өкілі жастарының туу, өсу жағдайын реалистік түрде сипаттаса, ал олардың сүйіспеншілігіне келгенде, көркем түрде, романтикаға бөлей жырлайды. Мұнда махаббат – басты мәселе. Екі жастың бір-біріне деген аса ынтықтығы талай қиын іс-әрекеттер жасауға, кедергілерді жеңуге итермелейді. Олардың арманына жетпеген трагедиясының себебі - әлеуметтік жағдай. Тап тартысы асқынған дәуірдің әділетсіздігін, оған қарсы тұрар күштің туып келе жатқанын шығарма болмысы арқылы білдіреді. Алтай мен Сұлушаш секілді жастардың арманды тілегінің аяқталмай, мақсат-ойларының орындалмай қалған себептері өмірдің терең қатпарларына шөккен еді. Сондықтан аңызға құрылып, көптеген фольклорлық элементтерді бойында сақтағанымен, бұл шындық болмысты шынайы суреттеген туынды.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетіндегі махаббат сарыны алғаш рет ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тапты. Сан ғасырлар бойы ауыздан ауызға көшіп, халық көңілінің сүзгісінен өтіп өңделген, жаңарған аңыздар бүгінмен сабақтас. Аңыз-жырлардағы өмір үшін, махаббат үшін күрес, жақсылыққа ұмтылу, түрлі әрекеттер арқылы сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, сол жолдағы қаһармандардың ерлігі – халықтың өмірге құштарлығын, арман-мұраттарының биіктігін танытады. Халықтық мұралардан арна тапқан ғашықтық сарын, өршіл де асқақ арман-аңсарлар одан әрі роман жанрында өрбіп, жалғастық тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |