Әож 811. 512. 122′373. 1 Қолжазба құқығында мақҰлбек азамат болатбекұлы қазақ топонимдерінің фоносемантикалық сипаты


Жер бедері (орографиялық) апеллятивтердің фоносемантикалық сипаты



бет2/4
Дата20.06.2016
өлшемі274 Kb.
#148728
түріДиссертация
1   2   3   4

1.3 Жер бедері (орографиялық) апеллятивтердің фоносемантикалық сипаты. Географиялық аппелятивтер қоры кез келген тілдің негізгі (базистік) қоры түріне жатады, яғни түп - төркіні диахроникалық тұрғыдан қарағанда ең төменгі қабаттарда, тіпті “алғашқы” ілкі сөздер санатында екенін болжауымызға болады. Ал, Г.Е. Корниловтың “имитатив теориясы” бойынша тілдердің ең алғашқы пайда болған кезеңі “идеофондар” және “имитативтер” дәуірі болған десек, әрине, географиялық аппелятивтердің ең ежелгісі, көнесі - имитативтік, идеофондық негізінде жасалынған сөздер, тілдік қабаттар.

Дыбыстық символикаға ие орографиялық аппелятивтердің құрамындағы дыбыстардың, дыбыс тіркестерінің, яғни идеофон, имитативтердің аталған нысандармен сәйкестігі дыбыстардың фонологиялық, артикуляциялық сипаттарының сәйкестіктеріне негізделген. Фоносемантика саласында зерттеулер жүргізген ғалымдар осындай сәйкестіктерді анықтаған. Мәселен: шар тәрізді, томпақ, шығыңқы заттардың атауларындағы түбірлерде бір немесе бірнеше лабиалды дыбыстар бар екені жөнінде А.М. Газов – Гинзберг, В.Г. Лобин, С.В. Воронин, А. Йоханенссон сынды ғалымдар жазды. Ғалымдардың пікірінше, осы сәйкестік еріндік символизмге негізделген: “ауыз (ерін) қимылы томпақ (шар тәрізді) заттар формасын бейнелейді”. Бұл аталған қимыл лабиальды (еріндік) дауыстыларды (о, ө, ұ, у, ү) дыбыстағанда жасалады.

Еріндік дауыстылардың символизіміне негізделген фоносемантикалық орографиялық аппелятивтерге төбе, шоқы, қуыс т.б. аппелятивтерін жатқызуға болады. Жер бетінен биікте жатқан табиғи нысандардың (төбе, дөң, шоқы, төмпешік т.б.) басым көпшілігінің құрамында еріндік дауыстылардың ұшырасуы кездейсоқ емес. Дыбыс бейнелеуіштік сөздердің тілдік тұлғасында міндетті түрде фонемотип (С.В. Ворониннің термині) бар. Фонемотипте аталған заттың кем дегенде бір сипатына қатысты фонема болуы тиіс фонемотиптер акустикалық, дыбысқа еліктеуіш сөздерде кездеседі. Мысалы, “томпақ”, “домалақ”, “үрлеген” заттардың сипатына сәйкес келетін дәл сондай сипаттар еріндік (лабиалды немесе лабиальданған) дауысты, дауыссыздарда бар. Сол себепті осы аталған артикуляциялық фонемотип “томпақ”, “домалақ”, “үрленген” заттарды атайтын сөздерде қолданылады.

Зерттеу нысаны болып отырған фоносемантикалық сипаты бар деп есептелетін географиялық аппелятивтерді және географиялық жалқы есімдерді (топонимдерді) біз “дыбыс бейнелеуіш сөздер” (звукоизобразительные слова) қатарына жатқызамыз. Дыбыс бейнелеуіш сөздер фоносемантика теориясы бойынша екі түрге бөлінеді: дыбысқа еліктеуіш сөздер (звукоподрожательные слова), екінші түрі – дыбыстық символикалық сөздер (звукосимволические слова). Біз талдап отырған географиялық аппелятивтердің, терминдердің құрамында, негізінде, дыбыстық символикалық сөздер жиі ұшырасады. Себебі дыбыстық символикалық сөздер, әдетте, ең көне “алғашқы” сөздер қатарына жатады. Соған қарағанда, географиялық аппелятивтердің белгілі бір бөлігі өте ерте дәуірлерде, тіпті тілдердің алғаш пайда болған дәуірінде қалыптасқан, “өмір сүрген” болуы мүмкін. Ал енді, дыбысқа еліктеуіш сөздер сипатындағы географиялық топонимдер қазақ топонимиясында бар және осы аталған топтағы фоносемантикалық сөздер жұмыстың зерттеу нысаны болып табылады.

Зерттеудің теориялық - әдістанымдық негізі ретінде имитатив теориясын (Г.Е. Корнилов) және де фоносемантика (С.В. Воронин) теориясын қатар пайдаланғандықтан, қазақ тіліндегі географиялық аппелятивтер мен топонимдерді талдаған кезде, “имитатив”, “идеофон”, “фонемотип”, “фоносемантикалық сөз” т.б. терминдерді аралас қолдандық. Түптеп келгенде “имитатив теориясы” мен “фоносемантика теориясы” бір - бірінен онша алшақ емес, көп жағдайда бір-бірін растап, толықтыра түседі.

Зерттеу барысы аталған теориялық ұстанымдарға сүйене келе, қазақ тіліндегі орографиялық аппелятивтерге фоносемантикалық талдау жасауға болатынын көрсетті. Соның нәтижесінде байқалатын жайт: қазақ орографиялық сөздік қорындағы фоносемантикалық атаулардың түп – төркіні сонау “имитативтік” дәуірде жатқандықтан, бастапқы фонемотиптер қазақ тілінен басқа (түркі, үндіеуропа, семит т.б.) тілдерде кездесетін орографиялық аппелятивтер құрамында ұшырасады. Сол себепті зерттеу нысаны етіп алған фоносемантикалық қазақ аппелятивтерін басқа тілдердегі фоносемантикалық географиялық (орографиялық) аппелятивтер қатарында, солардың кең ауқымында қарастырдық. Осылай қарастырғанда ғана талдауға түскен аппелятивтердің фоносемантикалық табиғаты ашыла түседі және де сол атаулардың өте көнелігі дәйектеледі.

Қазақ оронимдері мен топонимдерінде жиі кездесетін басқа да түркі тілдерінде кең тараған орографиялық аппелятивтердің бірі - төбе. Қазақ тілінде төбе, топырақ, құм немесе тастан үйіліп қалған биік дөң, шоқы. Төбе - бастың ең үстіңгі бөлігі, бір заттың ұшар басы, ең жоғарғы жағы. Көне түркі тілінде töpü – “темя”, “макушка”, “голова”, “вершина” екені көрсетілген.

Топонимист ғалым Э.М. Мурзаевтың сөздігінде: Teпe – вершина, бугор, сопка, холм (тюрк). Др. – тюрк. töpü – темя; “макушка”; “голова”; “вершина”. Варианты: дене, добо, топпа, тепа, тобе, тюбэ, тäпä. В рус. геогр. литературе часто принята форма тепе. В Западной Сибири – тубя. Тепелик – “мелкосочник”, “холмогорье” (азерб). В тадж. яз. заимствовано в форме теппа, в перс. – тебе, тубе, тепа. В болг. диал. тепе – “холм”, “бугор”, “вершина”, “пик” из турецк. яз. Ясные параллели: бур. добо – “холм ”, халха – монг. добо – “небольшая горка”, “холм”, “курган”, “насыпь”, добек – “вершина горы”, “пик”; эвенк. Дуеэ – “конец какого – то предмета”; “вершина”, “исток реки”; орочское дувэ, дуэ – “конец”, “острие”, “мыс”; маньчж. дубэ “конец”; “вершина горы, дерева”, “устье реки”, “край”, “предел”, Ср. Хинди тибба, тибби, типа – “холм”; “горка”, “невысокая и небольшая возвышенность” [6,549] деп берілген.

Э.М. Мурзаев келтірген мәліметтерге қарасақ, аталған түбір түркі тілдерінде ғана емес, сонымен қоса палеоазиат, тұңғыс – маньчжур, иран, хинди тілдерінде кездеседі. Осы орографиялық терминнің аса кең аймақта және туыстығы жоқ көптеген тілде таралуы кездейсоқ нәрсе емес. Егер кейбір тілдер арасында (мысалы, түркі мен моңғол, түркі мен тұңғыс- маньчжур) ауыс – түйіс, тілдік тоғысулар (контакттар) орын алса, соның нәтижесінде кірме сөздер (төбе сөзіне, мысалы, қатысты) болуы мүмкін болса, тегі мен орналасуы өте алыстағы тілдер арасындағы ортақ сөздердің төркіні – имитативтік (фоносемантикалық) табиғатында екенін мойындауымыз керек.

Төбе” мәнді орографиялық аппелятивтердің негізі болған имитатив формасын туб / тоб / төб / доб / теп / деп санауымызға болатын сияқты. С.В. Воронин көрсеткендей: “домалақ” шар тәрізді үрілген томпақ заттың маңызды белгісінің бірі; еріндік дауысты, дауыссыздар белгілерінің бірі де осы; бұдан домалақ нәрсені білдіретін дыбыс бейнелеуіш сөз түбірінде еріндіктердің артикуляторлық фонемотипіне тиісті, ең болмағанда бір фонеманың болу қажеттігі келіп шығады: салыстырыңыз: түр tepalak, tembalak “домалақ шар тәрізді”, rob “домалақ ыдыс” [8, 67-68]. Жоғарыда көрсеткен “төбе” мәнді дыбыс бейнелеуіш сөздердің имитативтік түбірінде бір емес, кем дегенде екі еріндік дауыс: / о / у / ө дауысты фонемотиптері және б / п дауыссыз фонемотиптер бар. Ал енді у / о / ө фонемотиптері “томпақ”, “домалақ”, “шар тәрізді” денотаттарды дыбыстық түрде белгілейді десек, денотаттардың осы аталған сипаттары “шығыңқы”, “көтеріңкі”, яғни “биікте”, “бас жағында”, “басында”, “төбесінде” деген ұғым түсініктермен, сипаттармен ыңғайлас, сыңарлас жақын болып келеді. Демек, аталған фонемотиптер – дауыстылары немесе дауыссыздары болсын “көтеріңкі”, “үстіңгі”, “басындағы”, “бас”, “төбе”, “биік” деген мағыналарды бедеріне қатысты бере алады.

Осы фонемотиптер тек қана жер бедеріне қатысты нысандарды (денотаттарды) олардың аталған сипаттарына сәйкес дыбыстық (символикалық) деңгейде суреттемейді, басқа да нысандарды (заттарды) имитативтік тұрғыдан белгілеуге атсалысады. Қазақ тілінің материалдарын қарасақ: доп, топ, дөң, дөңгелек, дүмпи, томпаю, тобыр, доңғал, доболдай т.б. сөздерде лабиальді (еріндік) фонемотиптер аталған сипаттарды көрсетіп тұр. Жоғарыда келтірілген сөздер тізімінде ң дауыссызы еріндік болғанымен, м сияқты мұрын жолды болып келеді және үнді немесе сонар дауыссыздар қатарына жатады, яғни артикуляциясы өте жақын.

Қазақ тіл білімінде фоносемантика теориясының негізін қалыптастырған профессор К.Ш. Хұсайынның мәлімдеуінше, қазақ тілінде лабиальді немесе лабиальданған дауысты, дауыссыз дыбыстардың негізінде “томпақ”, “шығыңқы”, “домалақ”, “шар тәрізді” заттарға, сол заттарға қатысы бар қимылдарға байланысты өзі жинақтаған жүзге жуық (әрине, олардың саны одан көп) сөздер бар [9, 153-154].

Ғалымдар келтірген осындай мол тілдік (фоносемантикалық) деректер негізінде лабиальді (лабиальданған), еріндік дауысты және дауыссыз дыбыстардың (фонемалар) өз кезінде фонемотип (идеофон) қызметін атқарғандығының дәлелі мен дәйегі бола алатындығын аңғардық. Ал осы аталған фонемотиптердің мағыналық сипатына тоқталсақ, “томпақ”, “домалақ”, “шар тәрізді”, “шығыққы”, “көтеріңкі”, “үстіңгі” т.б. солардан туындаған немесе өте жақын, сыңарлас мағыналарды осы фонемотиптер (идеофондар) дыбыстық символика түрінде бейнелейді.

Біздің қарастырып отырған орографиялық аппелятивтерде бір буынды (дауыссыз + дауысты + дауыссыз) ілкі түбір – имитативтердің ортасында фонемотип о / у / ө / ю болып келеді де, анлауттағы дауыссыз фонемотип (идеофонема, идеофон) д / т болып келеді, ал анлауттағы (соңғы позициядағы) идеофон – фонемотип, әдетте, б / п дауыссыз еріндік фонема. Жоғарыда келтірілген мысалдардан көріп отырғанымыздай, о / у / о / ю фонемотиптердің және соңғы позициядағы (анлауттағы) б / п еріндік дауыссыз фонемотиптің (идеофонның) мағыналық сипаты айқын.

Екінші тарау “Қазақ топонимдерінің этимологиялық фоносемантикасы ” деп аталады. Тақырып үш тараушада сараланады.

2.1 Қазақ тіліндегі дыбыс еліктеуіш топонимдердің фоносемантикалық сипаты. Кез келген тілдің дыбыс бейнелеуіш лексикасын екі түрге бөліп қарастыруға болады: дыбыстық еліктеуіш, дыбыстық символика. Бұл тараушада қазақ тіліндегі топонимиялық лексиканы (топонимдерді) осы аталған екі түрге бөліп қарастырамыз.

Дыбыс бейнелеуіш сөздердің фоносемантикалық сипаты, әсіресе, дыбыс еліктеуіш сөздерде айқын көрінеді. Дыбыс символикалы сөздердің имитативтік табиғатын анықтаудың өз қиыншылықтары бар, себебі аталған сөздердегі дыбыстар табиғи нысандардың дыбыстарына емес, дыбыстан бөтен түрлі сипаттарға еліктеуден пайда болған. Біз қазақ тіліндегі гидрографиялық, орографиялық апеллятивтер мен топонимдік атаулардағы “үндемейтін”, “тіс жармайтын” “сенсорлық”, “тактилдік”, “түстік” (визуальдік) т.б. сипаттардың дыбыс символикалық сөздер құрамындағы дыбыстарға айналуын анықтауды мақсат еттік.

Осы тұрғыдан келгенде дыбыс еліктеуіш сөздер өзара екі түрге бөлінуі мүмкін: 1. Жанды нысандар шығаратын дыбыстарға еліктейтін сөздер. 2. Жансыз табиғи нысандар дыбыстарына еліктейтін сөздер.

Мәселен, Даңғырлақ топонимінің фоносемантикалық тұлғасын біз дыбыс еліктеуіш сөздердің екінші түріне жатқызамыз. Академик Ә. Қайдардың сөздігінде даң бір буынды түбір – негіздің мағынасы былай берілген: “подр. шуму, голосу, звону жестяных предметов, больших колоколов, ударных инструментов; даңғыр < дағ + ғыр громыхание (металического предмета)” [2, 200].

Осы келтіріліп отырған фоносемантикалық сипаты бар сөздерге ортақ түбірді біз фонемотип немесе имитатив ретінде қарастырдық. Сонда ол түбір, фонемотип (имитатив) үш идеофонды даң(нг) – (д + а + нг) формасында өзінің дыбыс еліктеуіш қызметін атқарған. Дыбыс еліктеуіш түбір – имитатив болғандықтан, “бұл фонемотип қандай дыбысқа (немесе табиғи дыбыстар кешеніне) еліктейді?” деген сауал туындайды. Ол дыбыстардың (шудың) сипаты (жоғарыдан қараңыз) мынадай болып келеді: “ішкі қуыс заттың басқа нәрсеге соғылуынан шығатын қаңғыр – күңгір дыбыс”, “күмбірлеген, саңғырлаған дыбыс”; “даң – дүң” еткен “қаңғыр - күңгір” еткен дыбыс; “даңғыр - дүңгір” еткен, “салдыр – гүлдір” еткен; “даңғырлап қатты дауыс еткен” дыбыс; айғай – ұйғаға, у-шуға ұқсайтын дыбыс. Академик Ә. Қайдардың көрсетуінде бір буынды даң түбірі темір, жез бұйымдар, заттар шығаратын (ұрғанда) дыбысқа, шуға еліктеуден туындаған.

Даң формасындағы әр фонема – идеофон (идеофонема) белгілі бір еліктеуіш мағынаға ие. Еліктеудің негізі сипатын, болмысын осы фоносемантикалық модельде дауыссыз д және ң дыбыстар (идеофондар) көрсетеді. Ал фоносемантикалық сөз ортасындағы дауысты дыбыс (идеофонема) еліктеуіш түбір суреттейтін дыбыстың күштілігін, әлсіздігін және тонын сипаттайды. Сөз етіліп отырған даң фонемотипінің (имиативінің) анлаутындағы д өзінің артикуляциялық сипатына, ерекшеліктеріне қарай t(т) – ға өте жақын, тек д ұяң “жұмсақ” болса, т қатаң (шулы) дауыссыз – ал басқа артикуляциялық ерекшеліктері (альвеоляр, таңдай алды, тіс, жабысыңқы, шұғыл) бірдей.

Т / д дүрсілдейтін, дүңкілдейтін, тарс – тұрс ететін, тарсылдайтын, тақылдайтын, соғу, қағу әрекеттерінен туындайтын кешенді табиғи дыбыстар шығаратын нысандарды (денотаттарды) символдайтын сөздердің анлаутында кездеседі. Осы позициядағы бұл дауыссыз дыбыс (идеофонема) көптеген біртектес немесе біртектес емес тілдердегі аталған дыбыстарға еліктейтін сөздерде кездеседі. Бұл құбылысты фоносемантикалық заңдылықтар немесе фоносемантикалық универсалия қатарына жатқызуымызға болады.

Қазақ топонимиясында дыбыс еліктеуіш тағы бір гидронимиялық термин және гидроним бар. Ол сарқырау “судың биіктен төмен қарай күшті сарынмен құлай ағуы, сарылдау” деген мағынасы бар етістіктен жасалған сарқырама гидрографиялық (гидронимиялық) термині және Сарқырама гидронимі. Осы атаудың дыбыс еліктеуіш түбірі сар болатын болса, түбірлес сөздердің де мағыналары жақын немесе бірдей болуы тиіс. Осындай сөздер қазақ тілінде бар: “сарқ – сұрқ” сұйық заттың қатты қайнауы, бұрқ етуі; “сар - сар” сарқырап шыққан дыбыс; сарыл “сар – сар еткен дыбыс, сырыл”; сарылда “сар - сар еткен дыбыс, дыбыс шығару, сарқырау”; сарыл “сарылдап, күрілдеп дыбыс шығарған ағын” [10, 556-558]. Келесі сөздің ұмыт болған түпкі мағынасы, фоносемантикалық этимоны сар – түбіріндегі мағыналарымен байланасы бар деп есептейміз. Салыстырыңыз: сарын көне. 1. Ән жанрының бір қалыпты дауыспен, ырғақты айтылатын түрі. 2. Әуен, саз, ырғақ [10, 558].



Сар / шар түбірі “сарылдап ағу ”, “сарқырау” (суға, ағынға, сарқырамаға, водопад) мағыналарында тек қана қазақ тілінде ғана емес, басқа түркі, түркі емес тілдерде де кездеседі. А.М. Малолетконың мәлімдеуінше: «Қырғыз тілінде шарқыратма, қарақалпақта сарқырама етістіктен жасалған зат есім болып келеді, ол «гүрілдеу», «күркіреу» мағынасында, яғни «су» номенклатуралық формантысыз келеді. Вахан тілінде шор-ас сөзбе-сөз «күркіреуді» білдіреді, мұның өзі көрсетілген қырғыз және қарақалпақ терминдеріне жуықтайды. Куркуре (Алтайдағы өзен атауы), күрлек (Томск ауданы және Мрассу шүйесіндегі бұлақ) өзендерінің атауы құрылымы мен семантикасы бойынша жақын келеді. Көксу өзенінің (Алтай) алтайлық куркулек атауына ие екі ағысы бүгінгі күнде калька тәсілінде келген орысша Громатуха (Төменгі және Жоғарғы) атауына ие. Пушту тілінде шаршара сөзбе-сөз сусылдау, судырлау (дыбыс еліктеуіш) дегенді білдіреді». [7, 72].

Келтірген үзіндіден көріп отырғанымыздай, түркі емес тілдерде, атап айтсақ, вахан тілінде шор, пушту тілінде шар судың сарқырап шыққан дыбысына еліктейді. Күр (кур) судың дыбысталуының тағы бір түрін көрсетеді және кур түбірі дыбыс еліктеуіш гидронимдерінде кездеседі (А.М. Малолетконың мәліметтеріне қараңыз).

Қазақ топонимиясында да осы күр түбірлі дыбыс еліктеуіш гидронимдерде кездеседі. Т. Жанұзақтың “Алматы облысы бойынша Қазақстан географиялық атаулары” атты сөздігінде Күркілдек гидронимі жөнінде былай делінген: “Күркілдек – Талдықорған аймағындағы өзендердің бірі. Өзеннің күрілдеп, сарылдап ағуымен байланысты қойылған атау”. Күр атты дыбыс еліктеуіш түбірден жасалынған қазақ тілінде бірнеше сөз бар.

Күр - дегі әр дыбыстың (идеофонның, идеофонеманың) өз фоносеманти-калық (имитативтік) сипаты бар. Анлауттағы дауыссыз к еліктенген дыбыстың (шудың) түрінен (типінен) хабардар етеді, дифференциялайды (салыстырыңыз барқ – қарқ; күрк – шүрк; құрқ – күрк т.б.). Инлауттағы дауысты дыбыс (идеофонема) ү; мысалы, а - ға қарағанда еліктеуге түскен дыбыстың басқа тонын және (салыстырмалы түрде) әлсіздеу екенін көрсетеді, салыстырыңыз: тарқылдау – тырқылдау (күлу) [бұл жерде ы - мен ү – бір тектес, яғни жіңішке дыбыс ретінде сәйкестендіріледі]; қарқылдап күлу - күркілдеп күлу т.б. Ауслауттағы р вибранты, әдетте, дыбыс бейнелеуіш сөздерде діріл, тербелген (вибрацияға түскен) дыбыстарға еліктейді. “Күр” деген дыбыс еліктеуіш түбірге түрлі модификатор қосу арқылы еліктенген дыбыстың (шудың) бірнеше түрін немесе типін көрсетуге болады. Осы заңдылықты қазақ тілі материалдарынан, мысалдарынан да байқауымызға болады.

Мәселен, күр фоносемантикалық түбірге қосылған п, с, т модификатор-лары бар сөздердің дыбыс еліктеуіш сипаты түрліше болады, әрқайсысының өзіндік дыбыс еліктеуіш айырма белгілері бар. Салыстырыңыз: күрп – күрп, сүт сауғанда, сүтті піскенде шығатын үн; күрпіл күрп - күрп еткен үн, дыбыс; күрпілде, мал сауғанда сүттің ыдысқа күрп – күрп етіп құйылуы; күрпілдек, күрп - күрп ете беретін (қар) – бұл қатардағы дыбыс бейнелеуіш сөздерде түбірге жалғанған п модификаторы; күрс, салмақты нәрсе құлағанда шығатын дыбыс; күрс күрс, бірінен соң бірі құлағанда, қатты жөтелгенде шығатын дыбыс; күрсіл, қатты шығатын дыбыс, гүрсіл, тарсыл; күрсілде 1. күрс - күрс ету, тарсылдау, 2. тұмау тигенде қатты жөтелу; - бұл қатардағы дыбыс бейнелеуіш сөздерде түбірге жалғанған с модификаторы; күрт – күрт, қатты нәрсені шайнағанда, не бір зат сынғанда шығатын дауыс; күртілде, күрт - күрт еткен дыбыс шығу; қытырлау – бұл қатардағы бейнелеуіш сөздерде түбірге жалғанған т модификаторы.

Қазақ жер - су атауларының құрамында судың (ағынның) үні мен дыбысына еліктеудің негізінде қалыптасқан, пайда болған гидронимдер кездеседі. Сондай гидронимдер қатарына Шар, Шарбұлақ, Шарын (Чарын), Сарпылдақ, Сорсу, Сорбұлақ, Шарлама т.б. гидронимиялық атауларды жатқызамыз.

Сар / шар / сор / шор имитативтері өзен, бұлақ атауларында судың сарылдап, шарылдап, сорылдап, шорылдап, яғни қатты екпінмен немесе “шорылдаған” кезде баяу тар жермен ағуының дыбыстық сипатын көрсетеді. Сонымен қатар осы фоносемантикалық модельдің дыбыс символикалық қызметі бар: анлауттағы с / ш судың (немесе кез келген сұйықтың) шумен жылжуын, ағуын, ағудың түрлерін көрсетсе, инлауттағы ашық а ағынның көлемін, кең жайылғанын (үлкендігін) білдіреді, ал ауслауттағы р - вибрант ретінде аққан судың (сұйықтың) діріл, шу, үн сипаттарын символдайды. К.Ш. Хұсайын сор, шор – дың дыбыс бейнелеуіш (дыбыс еліктеуіш) мәндерін былай көрсеткен: Сор, шор подр. звукам, звукам струящейся воды (белгілеген біз – М.А.), сосания, швырканья, сор – ‘сосать, всасывать, высасывать поглощать’, сорап! обращение к верблюду с тем, чтобы он пил воду, сорапта – ‘пить воду (о верблюде)’, түйеше сорапта – ‘пить воду подобно верблюду (с шумом, большими глотками)’; сорпа ‘бульон’, сорпылда - ‘шумно сосать, издавать швыркающие звуки’, сорғала – ‘струиться, течь тонкой струей’, шорылда ‘течь с шумом, журчать, литься или течь с булькающим звуком’ [9, 111-112].

Ср / шр консонанттық тұлғасы (қаңқасы) бар сөздер. Г.Е. Корниловтың мәлімдеуінше, судың, сұйықтықтың ағу түрлерін көрсетеді: “группа согласных ср / шр – символизирует и просто различные виды течения воды, жидкости...” [1, 141].

Сонымен, шар / сар / сор / шор түбірі бір гидрографиялық нысандардың дұрыс этимологиясын табу үшін этимологиялық ізденістермен қатар, аталған нысандарды өз көзімен көріп сараптама жасалуы тиіс. Егер нысанның түсі сары (сарғылт) немесе дәмі тұзды, соры бар жердегі нысан болса - “сары”, “тұзды” мәнді этимологиясы дұрыс болғаны. Ал егерде нысандардың аталған сипаттары болмаған кезде, судың ағуына байланысты дыбыстық т.б. сипаттарын айқындауымыз қажет. Таулы - қырлы жермен сарылдап, шарылдап, сорғалап немесе шорылдап ағатын ағыны қатты су нысандарының жоғарыда көрсетілгендей фоносемантикалық этимоны бар деген сөз.



2.2 Қазақ тіліндегі дыбыс символикалы гидронимдердің фоносеманти-калық этимологиясы.

Балқаш этимологиясы жайында С.П.Толстов, С.Е.Малов, И.В.Сергеев, Е.Қойшыбаев, А.Т.Қайдар, Т.Жанұзақ, К.Ш.Хұсайын т.б. жазды. Осы гидронимнің шығу төркіні, мағынасы жайында ізденістер жүргізген жоғарыда аталған ғалымдардың пікірлерін Т.Жанұзақ өз мақаласында былай етіп келтіреді: «Тарихи-лингвистикалық зерттеулерде Балқаш өзенінің этимологиясы туралы бірқатар пікірлер келтіріледі. Орта ғасырларда бұл өзенді осы жердің байырғы тұрғындары Көкшетеңіз және Атракөл деп атаған. Танымал тарихшы-шығыстанушы С.П.Толстов бұл жөнінде былай деп жазды: bal/bar ортақ негізіне ие Балқаш атауы б.д.д. ІІІ-ІІ ғ.ғ. орал-алтай семьясындағы қандай да бір ежелгі тілден шығып тарайды, оның өзі «су» ұғымымен байланысты болып келеді. Белгілі түркітанушы С.Е.Маловтың пікірінше, «жалпылама таралған Балқаш этимологиясы – батпақтағы төмпешік, томар; былқылдақ жер, балшық» түрінде келеді» [11, 297-298].

Көріп отырғанымыздай, балқаш сөзінің этимологиясын ғалымдар «батпақ, балшық, былқылдақ, лай, сазды» ұғымдарымен байланыстырған. Қарастырылған этимологиялық топшылауларда осы сөздің (түбірдің) дыбыс бейнелеуіш қасиеті, сипаты сөз етілмеген.

Қазақ тілінің сөздіктерінде берілген балқаш сөзінің мағыналары, біздің пікірімізше, семантикалық дериваттар. Балқаш сөзіндегі бал түбірінің негізгі (бастапқы) мағынасы «су, ылғал» ұғымдарымен байланысты болған көрінеді. Осы синкретикалық түбір семит-хамит, үндіеуропа және алтай тілдерінде кездеседі. Ол жөнінде Т.Жанұзақ былай дейді: «bal//bul синкретипті түбірін семит-хамит, үндіеуропа және алтай тілдерінен табамыз. Мұны В.М.Иллич-Свитыч өз жұмысында едәуір сенімді түрде көрсете білді. Ғалымның деректері бойынша, семит. Bi, ар. bji – сулау, араластыру; сир. bji – араластыру, ылғалдау; көне египет. bеj (<bеj) – ылғалдану. Көне ағылшын тілінде Blantan, көне неміс. Blantan – араластыру, былғау; алтай тілдерінде: моңғол bul – лас, эвенк. bula - – батпақ, қорыс. bulra – араластыру, былғау. Көрініп тұрғандай, барлық жоғарыда келтірілген этимологияларда синкреттік түбір bal/bul/be/bll ылғал, су мағынасына ие» [11, 298].

Фоносемантика немесе имитатив теориясы тұрғысынан қарағанда бал/бул түбірін семит-хамит, үндіеуропа және алтай тілдерінде бірдей немесе жақын мағыналарындағы сөздерінде кездесуі аталған түбірдің имитативтік дәуірді меңзейтін дыбыс бейнелеуіш (дыбыс символиканы) табиғатының, сипатының тілдік (ареалдық) белгісі, дерегі болып табылады. Фоносемантикалық сөздердің аталмыш белгісін бал/бел/балт(д) түбірі бар гидрографиялық терминдердің көптеген тілдерде таралуы негізінде де көрсетіп, деректеуге болады. Бұл жерде, бал/бел/бул (балт(д)) т.б. синкретикалық түбірлердің консонанттық негізі, сүйегі болған түбір бл фонемотипі екенін аңғаруымызға болады.

Сондай-ақ, түбір бл фонемотипіне байланысты географиялық мәндегі апеллятивтердің алуан түрлі тілдерде таралғандығын Э.М.Мурзаевтың сөздігінен де көруімізге болады. Сөздікте бал/бел түбірінен жасалынған «батпақ», «саз», «ылғалды, сулы жер», «көл», «лай», «балшық» т.б. мағыналары бар географиялық апеллятивтер литва, латыш, славян, түркі, тува, көне славян, молдаван, румын, албан, итальян, грек, гагауз, көне болгар, қазақ, азербайжан, половец (құман) тілдерінде кездеседі. Осы құбылыс, біріншіден, бал/бел түбір сөздердің көнелігін көрсетеді; екіншіден, аталған түбірдің имитативтік (фоносемантикалық) сипаты болуы мүмкін. Екінші тұжырым біріншімен байланысты, себебі көптеген тілдерде (әсіресе, генетикалық, ареалдық байланысы жоқ тілдерде) кездесетін түбір сөздердің өте көне, яғни тілдің пайда болу дәуіріне жетелейтінін байқаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет