Әсембаева Б. О



Дата25.02.2016
өлшемі50.02 Kb.
#20930
Әсембаева Б.О.,
Қазақстандағы авторлық құқық мәселелері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті, Қазақстан, Алматы қ.
Бүгінгі Қазақстан аумағындағы авторлық құқық негіздері Әл-Фараби заманынан келе жатқандығына тарихи деректер арқылы көз жеткіземіз. Көне Отырар қаласында ең ірі кітапхананың болғандығы және ол кітаптардың авторлары болғандығы тарихи шындық. Қай кезде де автор құқын мойындау жүзеге асырылып отырған. Мысалы, қазақтың жыраулық поэзиясы қалыптасқан кезде де авторлық құқық сақталып отырды. Өйткені, халық Шалкиіз бен Бұқар жыраудың, Марғасқа мен Ақтамбердінің өлеңдерін бір бірімен шатастырмай, әрқайсысының авторлық құқығын сақтай отырып, айтып келгені белгілі. Өлеңдерін өзіне қайтарып алып, мүліктік меншігіне айналдыра білген ұлы Абайдың ұлағаты жайлы да жазылған.

«Әй, Көкпай, мына өлеңдер Көкшенің ойынан да, бойынан да асып, шығандап кетті. Бұл сөздер ен таңбасы бөлек, өзге ауылдың малындай, сенің сөздеріңе кірікпей тұр ау... Қайтсек екен! Егер менің өз сөзімді өзіме қайтарсаң, ат шапан сыйыңды алар едің! Сөйтейік, деген екен ұлы ақын. Кейін Абай жырлары өз атынан жариялана бастайды» [1].

Авторлық құқықтар жөніндегі ресми құжаттар Қазақстанда тұңғыш рет XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында ғылыми-қоғамдық еңбектерде көрініс берді. Қазақстандағы авторлық құқықты қорғаудың мемлекеттік негізі 1973 жылы Бүкілодақтық Авторлық құқық жөніндегі Агенттіктің Қазақстандағы бөлімшесі жұмыс істей бастаған күннен басталады.Авторлық құқықты қорғаудың жаңа кезеңі Қазақстанның тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты.1992 жылы Бүкілодақтық Агенттіктің қазақ бөлімшесінің негізінде Қазақстанның Авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөніндегі Мемлекеттік Агенттігі құрылды.

«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның негізі 1917 жылдың желтоқсан айында қабылданған Мемлекеттік баспа туралы декреттен бастау алады.Осы декреттің негізінде кейбір әдеби туындылар жеке меншіктен алынып, қоғамдық меншікке айналдырылды.1918 жылы 26 қарашада Ғылым, әдебиет, музыка және көркем туындыларды мемлекет игілігі деп тану туралы декреттің негізінде мемлекет монополиясына енетін туындылардың тізімі көбейді. Бір жылдан кейін қабылданған «Әдебиет және өнер туындыларын толық меншікке алу жөніндегі шарттардың күшін тоқтату туралы декрет қабылданды.1925 жылы қабылданған «Авторлық құқық негіздері туралы» қаулы одақтық және республикалық деңгейде авторлық құқық негіздерін реттеуге бағытталды. Ал 1928 жылы қабылданған «Авторлық құқық туралы» қаулының негізінде әдеби туындыларға арналған типтік баспа шарты енгізілді. Бұл заңдар 1960 жылға дейін тұрақты өмір сүрді. 1961 жылы Авторлық құқық туралы заңдардың орнына Кеңестер одағының және одақтас республикалардың Азаматтық заңдар негіздерінде Авторлық құқық туралы бөлімдер пайда болды. Бұдан кейінгі Авторлық құқық негіздері 1973 жылы Кеңестер одағының авторлық құқық жөніндегі Бүкілдүниежүзілік Женева конвенциясына қосылуымен, 1991 жылы Кеңестер одағының құлауына байланысты Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет құруынан кейінгі қабылданған «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Заңының 1996 жылы 10 маусымда қабылдануымен жалғасады.

Қазіргі кезде Қазақстандағы авторлық құқық негіздері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі және Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» заңымен реттеледі.

Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» заңы Авторлық құқық жөніндегі Бүкілдүниежүзілік Женева конвенциясы, «Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі» Берн конвенциясы, «Фонограмма өндірушілердің мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшірмелеуден қорғау туралы» Женева конвенциясы ережелеріне сәйкес әзірленді.

Бүкіл дүниежүзі елдеріндегі сияқты Қазақстанда да «авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берілу әдісі мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектің нәтижесі болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады» [2].

Сонымен бірге белгілі кллассиктің де, жас ақын мен жазушының да, тіпті жас баланың да жазған шығармасы авторлық құқықпен тең дәрежеде қорғалады. Кез келген жаңа кітап немесе ән бұрын жұртшылық оқымаған немесе естімеген болуы және ешбір басқа туындыны қайталамауы тиіс. Міне, сонда ғана ол туынды өзінің жаңашылдығымен, нағыз түпнұсқалығымен ерекшеленеді.

Авторлық құқық саласындағы еліміздің заңдары бойынша, «авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшін туындыны тіркеу, туындыны өзге де арнайы ресімдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етілмейді» [3]. Бірақ көптеген жағдайларда авторлықты дәлелдеу үшін немесе санаткерлік меншікті қорғау үшін мемлекеттік не мемлекетік емес ұйымдар санаткерлік меншік объектілерін тіркеуді жүзеге асырады. Әрине, автордың келісімімен ғана.

Авторлық құқық автордың бүкіл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейін 70 жыл бойы күшін сақтайды. Ал авторлық құқығын, есімінің құқығын, автордың беделін қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңда құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтарының ақиқаттылығын анықтайтын бірқатар ережелер бар. Ал құқықтық қатынастар авторлық құқық объектісіне берілетін құқықтардың туындауына, пайдалануына және басқаға берілуіне байланысты пайда болады. Осы құқықтық қатынастарды реттеуде авторлықтың ақиқаттылығы маңызды роль атқарады. Ол үшін туындыны жарыққа шығаруға мүмкін болатындай кез-келген объективті түрге ие болған туындыны дүниеге келтіру заңды фактісі жеткілікті болып табылады.

«Өзге дәлелдер болмаған жағдайда туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретінде көрсетілген адам туындының авторы деп саналады» [4]. Сондықтан да авторлықты дәлелдеу жөніндегі даулы мәселелер туындаған жағдайда өзінің айрықша құқықтарын дәлелдеуді жеңілдету мақсатында, автордың бірқатар шараларды алдын-ала қолдануы қажет. Мұндай шаралардың кейбірі мыналар:- компьютерлік бағдарламалық өнімдерді ресми тіркеуден өткізу;- туындының данасында авторлық құқық қорғау белгісін қолдану:- қолжазбаны сақтауға беру; т.с.с.

Авторлық құқық саласындағы халықаралық шарттарда бекітілгендей, өз шығармасының қызметінің нәтижелеріне байланысты автордың құқықтары – айрықша болып табылады, яғни туындыны кім қандай әдіспен және қандай жағдай да туындыны пайдаланатыны туралы шешім қабылдайтын жалғыз субъекті – автор болып табылады. Авторлық құқықтың ерекше сипаты да осында жатыр.

Қазақ халқы өзінің әдебиетімен, өнерімен, ғылымымен өркендеп, рухани қазынасын байытуда. Ал мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдындағы бет-бейнесі мен беделі халқының рухани қазынасын қалай қорғауына байланысты. Көркем өнерде шекара болмайтыны сияқты, оны қорғаудың шаралары да бір ғана елдің ауқымымен шектелмейді. Сол себепті, Қазақстандағы авторлық құқық және санаткерлік меншік мәселелері әлі де біздің заңдарымыздың өміршеңдігіне аса үлкен мән беруді қажет етіп отыр.


1. С.Оразалинов. « Авторды қорғау – руханиятты қолдау». .А.: Жеті жарғы, 2000.

2. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы ҚР заңы, Жеті жарғы, 2006.

3. Бұл да сонда;

4. Бұл да сонда;
Автор статьи рассматривает вопросы авторского права и интеллектуальной собственности. Подчеркивает значение соблюдения правил и принятия меры предотвращения нарушений авторских прав. А также затрагивает законодательные аспекты авторского права в Казахстане.

The author of article considers questions of copyright and intellectual property. Emphasizes value of observance of rules and acceptance of a measure of prevention of violations of copyright. And also affects legislative aspects of copyright in Kazakhstan.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет