31-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
32-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.
33-бап. Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру
Әскери мiндеттiлер:
орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бұйрығының негізiнде әскери жиындарға шақырылады;
Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
34-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы
кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыру
1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
2. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың өздерi тұрған тұрғын алаңы сақталады. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргiзу кезiнде, соғыс жағдайы енгізілген және соғыс уақыты кезінде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар етуді және оларды шақыру пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзуді қамтамасыз етуге міндеттi.
35-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі.
Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайлары бойынша;
2) білім алуды жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша беріледі.
2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
2) өзiнiң асырауында:
анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға беріледі.
3. Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне;
2) тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн;
3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) ауылдық жерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогтік білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына – жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
4-1) азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
5) кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге беріледі.
6. Офицерлер құрамының әскери атағын бере отырып, запасқа қойылған азаматтарға отбасы жағдайлары бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алуды жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
7. Әскери жиындарға шақыру кейінге қалдырылмайды.
8. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезiнде азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру тоқтатыла тұрады.
9. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жеке өтiнішін және мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариат куәландырған тиiстi құжатты ұсынған кезде азаматтар әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
10. Осы бапта көзделген әскерге шақыруды кейiнге қалдыру үшін негiздерінің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақырылуға жатады.
Ескерту. 35-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
36-бап. Әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан
босату
1. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
2. Әскери жиындарға шақырудан:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
2) мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
3) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
4) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi, оқу жылы кезеңiне;
5) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
6) әскери мiндеттi әйелдер;
7) әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
8) он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
9) оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар;
10) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
3. Осы баптың 2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген әскери міндеттілер арнаулы жиындардан өтуден босатылмайды.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
5. Әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген азаматтардан басқа, мүдделі адамдардан нотариат куәландырған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.
6. Соттылығы бар азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.
7. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген әскерге шақырудан босату үшін негiздерiнің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен әскерге шақырылуға жатады.
6-тарау. КЕЛІСІМШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
37-бап. Әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт
1. Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң уәкілеттi лауазымды адамымен Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасады.
2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тарап арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмнің өтуi бойынша;
2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшарт жасасқан күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кiруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi және келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
4. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келiсiмшарт талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көзделеді.
5. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан өткередi. Осы әскери қызметшілерге келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қатысты осы Заңның талаптары қолданылады.
Аталған әскери қызметшiлер лауазымнан босатылғаннан кейiн Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе әскери қызметтен шығарылады.
6. Жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзiмдi қызмет әскери қызметшілерi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртіппен тиісті әскери-есептік мамандығына ұқсас лауазымға келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiруге құқылы.
38-бап. Келiсімшарт бойынша әскери қызметке кіретін
адамдарға қойылатын талаптар
1. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдар мынадай талаптарға сай келуге:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болуға;
2) курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кіші емес және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңда белгіленген шектi жасынан бес жас кіші болмауға;
3) әскери лауазымға сәйкес келетін әскери-есептік мамандығы болуға;
4) мерзімді әскери қызметті өткерген не жоғары оқу орындарының әскери кафедрасынан оқудан өткен немесе әйелдерді қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болуға тиiс.
2. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп таныған;
2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтiретін ауруы бар;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
4) бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
5) әскери қызметке кiрер алдындағы екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптiк жауаптылыққа тартылған;
6) әскери қызметке кiргенге дейінгі үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртiбiмен әкiмшілік жаза қолданылған;
7) әскери қызметке кіргенге дейінгі бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
7-1) қызметке кіргенге дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қызметке кіргенге дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодекстенің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
8) егер босатылған күнінен бастап үш жыл өтпеген болса, мемлекеттік қызметтен немесе әскери қызметтен терiс себептер бойынша босатылған адамдар қабылданбайды.
Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ арсеналдарда, базаларда, қару мен оқ-дәрілер қоймаларында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуымен байланысты лауазымдарға кіретін адамдарға қатысты психика-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолдана отырып, арнайы тексеру жүргізіледі.
3. Адамның белгiленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi.
4. Сондай-ақ мыналар:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердi бұрмалау;
2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос лауазымдардың болмауы;
3) психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулердің теріс нәтижелері келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамнан бас тарту үшін негiздер болып табылады.
Ескерту. 38-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
39-бап. Азаматтардың әскери оқу орындарына (әскери
факультеттерге) түсуi. Әскери оқу орындарында
(әскери факультеттерде) оқитын азаматтармен
әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттар жасасу
1. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсуге:
1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жетi жасқа толған, бiрақ жиырма бiр жастан аспаған азаматтардың;
2) оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызмет өткерген азаматтардың және мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілердің;
3) жиырма бес жасқа толғанға дейін келісiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлердің құқығы бар.
Азаматтардың әскери оқу орындарына түсуі уәкілетті орган бекітетін Әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Әскери оқу орындарының оқитындар құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда:
«Жас ұлан» республикалық мектебінің түлектері;
әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері;
қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе әскери қызмет өткеру кезеңінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің балалары артықшылықты құқыққа ие болады.
Жоғары оқу орындарының әскери факультеттеріне қабылдау қағидаларын және оларда оқытуды ұйымдастыру тәртібін Қорғаныс министрлігі білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.
Шет мемлекеттердің әскери оқу орындарына оқуға жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімшарттарға сәйкес оқытылады.
2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери қызмет міндеттерін орындауды бастауы оның әскери оқу орнына қабылданған күнi болып, әскери факультеттерде – әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаған сәттен бастап есептеледi.
3. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) қабылданған азаматтар Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әскери лауазымдарға тағайындалады.
4. Әскери қызмет өткермеген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген, сондай-ақ әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шыққан күннен бастап әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Әскери факультеттерге қабылданған кезде азаматтар әскери қызметші мәртебесіне ие болады, ал әскери қызметшілер әскери факультетте оқудың соңғы жылының алдындағы курсына ауысқан кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісімшарттар жасасады.
Осы Заңда белгiленген тәртiпте әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуға жатады.
5. Әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданбаған әскери қызметші Әскери қызмет өткеру қағидаларындабелгіленген тәртiппен әскери қызметті одан әрi өткеру үшін жiберіледi.
6. Әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші, егер оқудан шығарылу сәтінде ол он сегіз жасқа толған және әскерге шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiмін өткермеген болса, уәкілетті органның өкімі бойынша әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызмет өткеру орнына жіберіледі. Бұл ретте үлгерімінің төмен болуы, тәртiп сақтамағаны үшін, басқа да теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметші өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтағаннан кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартса немесе теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша келiсiмшартты бұзған жағдайда ол өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi. Ұсталуға жататын сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өткерiлмеген айға барабар есептеледі.
Әскери қызметшілерді әскери оқу орындарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару тәртібін уәкілетті органдар, әскери факультеттерде – Қорғаныс министрлігі белгілейді.
8. Жоғары әскери оқу орындарын (әскери факультеттерді) аяқтағаннан кейiн әскери қызметшiлерге «лейтенант» әскери атағы беріледi.
40-бап. Келiсiмшарт мерзімі және оны жасасу тәртiбi
1. Әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт:
1) үш жылға – әскери қызметке алғаш кіретін адамдар үшін;
2) бес жылға;
3) он жылға;
4) әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін;
5) курсанттар үшін – әскери оқу орнындағы (жоғары оқу орнының әскери факультетіндегі) оқу мерзіміне және оны аяқтағаннан кейiн әскери қызметтің он жылына;
6) тыңдаушылар үшін – оқу мерзіміне және әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызметтің бес жылына не әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейінгі мерзімге жасалады.
2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiру тәртiбi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалады.
7-тарау. ЗАПАСТА ТҰРУ
41-бап. Запасқа қою
1. Мынадай:
1) запасқа қоя отырып, әскери қызметтен шығарылған;
2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
3) жиырма жеті жасқа толған, әскерге шақыру кейінге қалдырылуына байланысты әскери қызмет өткермеген;
4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен;
6) Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқудан өткен адамдар запасқа қойылды деп саналады.
2. Запаста тұратын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған адамдарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары запастағы «қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағын бере отырып, запасқа қояды.
4. Запасқа қойған кезде адамдардың әскери-есептік мамандығын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары айқындайды.
5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалады.
6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру қағидаларын орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды қамтиды.
7. Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдары әскери қызметшілерінің қолданыстағы резервте болуы барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындау кезінде әскери қызмет өткеруді қамтиды.
8. Запасқа қойылған әскери міндеттілер әскери жиындардан өткен немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген кезде олар резервке қойылған әскери міндеттілер санатына ауыстырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |