Отан тарихы №1 (97) 2022
ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
165
қарсы жаудың тым күшті болуымен байланыстырып, түркістандықтардың азаттық алу жолындағы
жеке-дара күресінің ойдағыдай нәтижелерге жете алмайтындығынан нақты қойып отыр. Осындай
себеппен ол Ресейдің отарлық езгісін көріп отырған басқа да халықтардың өкілдерімен күш
біріктіруді, өзара байланысы жоқ жергілікті сипаттағы жеке-жеке бас көтерулерді ұйыстыруға,
одақтастарды айқындау мәселесіне, бір мықты саяси ұйымының маңына топтастыруға ерекше мән
береді.
Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы өмірін арнайы зерттеу объектісі еткен мұстафатанушы
Б. Садықова «Прометей» қозғалысының бірнеше міндеттері мен мақсатын былайша ашып берген
еді: «Совет еңбекшілерінің саяси санасын ауызша құралдармен ояту және прометейшіл халықтарды
саяси күрес нысандарына тарта отырып, ұлттық қозғалыс пен ұлттық тәуелсіздік үшін күресті
теориялық және практикалық жағынан жетілдіре түсу, Еуропаның және әлемдік қауымдастықтың
жалпыресейлік мәселеге, большевизмге және сталиндік тоталитаризмге қатынасын қалыптастыру
еді. Ал мақсат прометейшіл халықтардың өзін-өзі басқару құқығына ие ету болатын»
(Садыкова, 2009: 72).
«Прометей» ұйымының ықпалымен 1929 жылы 5 маусымда Варшавадағы Шығыстану институты
Кеңестер Одағының ішкі және сыртқы саясатына арналған ғылыми-теориялық конференция өткізді.
Осы конференцияда Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің Түркістандағы отаршыл саясатын талдауға
арналған баяндама жасады. Бұл тыңдауға КСРО Сыртқы істер министрлігі Шығыс бөлімінің
басшысы генерал Голушко және басқа ресми әскери адамдар қатысты (Қойгелдиев, 1997:45).
15 жыл бойы жарық көрген «Promethee» журналының негізін құрушы да, егесі де тәуелсіз Кавказ
(Грузия, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ) комитеті болды. Мұстафа Шоқай 1927 жылдан бұл
журналдың редакциялық комитетінің мүшесі ретінде оның жұмысына белсенді қатысты. Ал 1928
жылғы маусымда шыққан санынан журналдың ішкі мұқабасындағы «Прометей» сөзінің астындағы
«Украина мен Кавказ халықтарының ұлттық қорғаныс органы» деген айдарға «Түркістан» сөзі
қосылды (Қара, 2004: 179). Мұстафа Шоқай «Прометей» ұйымындағы бірсыпыра эмигранттық
ұлттық қозғалыс өкілдерімен тығыз қарым-қатынас жасады. 1919 жылғы қаңтар айының бас
кезінде Баку қаласына болғанда басталған, кейін Парижде жалғасын тапқан Әзірбайжан саяси
эмигранттарымен қызметі туралы сөз еткенде оның «Яш Түркістан» журналының 1933 жылғы №42
санында Әзірбайжанның Ұлттық мемлекет болып жариялануының 14 жыл толуына байланысты
«28 мамыр» атты аса тағылымды мақаласында: «Мен бұл арада біз түркістандықтардың осы
бір айтулыкүнге байланысты сүйініші етжақын бауырларымыздың сүйінішімен біте қайнасып
жатқанын білдіру үшін«біз» сөзін қолданып отырмын» деп бастап, әзірбайжандықтарға деген
шынайы сезімін былай танытты: «Саяси күрес дәуірінде өтіп жатқан әрбір жыл, әрбір ай біздің
шапшаң қимылдауымызды және өзара тығыз ынтымақта болуымызды талап етеді. Әлсіз
болуымыздың және қазір де әлсіздік танытып отыруымыздың басты себебі - біздің өз бойымызда
бар мүмкіндіктерді танып-біле алмағанымыздан болып отыр. Шын мәнісінде біз аса зор күшке
иеміз. Бұл күш – түрік бірлігі, түрік шептерінің бірлігі, сөз жүзіндегі ғана емес, іс жүзіндегі
бірлігі...» (Шоқай, 2007: 317). Міне, көріп отырғанымыздай, бұл мақалада көтерілген түрік
бірлігі мәселесі бүгінгі күн үшін де маңызын әсте жойған жоқ, қайта бұған деген қажеттілікті
күшейте түсіп отыр. 1938 жылы «Прометей» қозғалысының жалпы жиналысында журналдың
аты «La Revuede Promethee» деп өзгерді. 1936 жылы әртүрлі себептермен бұрынғы «Прометей»
журналынан қол үзген М. Шоқай 1939 жылы қайта оралып, журналда оның бірнеше мақалалары
жарық көреді.
Мұстафа Шоқай мен Грузияның саяси эмигранттары арасындағы қарым-қатынас та мазмұнды
болды. Өз елдерінің тәуелсіздігі үшін күрескен кавказдықтарға деген өз көзқарасын Мұстафа
Шоқай 1934 жылы жазылған «Кавказия федерациялық келісімі» атты мақаласында былайша
айқындап еді: «Біздерге, Ресейден бөлініп өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құру мақсатында
күресіп келе жатқан халықтарға, Ресейге қарсы бағытталған ұлттық күресіміздің мүддесі
тұрғысынан қарағанда Кавказ мәселесі айрықша маңызды. ...Біз бұл келісімді таяу болашақта өз
рөлін толық атқарып, атамекенімізді орыс империализмінің бұғауынан құтқаруға көмектеседі
деген үміттеміз» (Шоқай, 2007: 34). Осылай ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған барлық халықтардың
тізе қосып, күш біріктірулерінің жолдарын жан-жақты іздестіріп, бірге қимылдайық деген
мақсатпен айтылған: «Орыс империализміне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дінін,
нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа
жеткізе алады... Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық…» деген сөздер саяси
күрестің тамаша тактигінің ойынан туған идея еді (Шоқай, 2007: 235). Бұлай ұйымдастыру
тәсілдерін таңдап алу ұлттық талап-тілектердің толық жүзеге асырылуына көмектесетінін саяси
күрес тәжірибелері талай рет дәлелдеген болатын. Дегенмен кейбір принципті мәселелер төңірегінде
Мұстафа Шоқай «Прометей» ұйымынан аулақ та тұрған. 1938 жылғы 17 тамызындағы осы
ұйымының идеологы және насихатшысы әзірбайжан қайраткері М. Векиллиге жолдаған хатында
түркістандықтардың бұл ұйымнан алшақ екенін ескерткен. Прометейшілердің түркістандықтармен
|