«Халық педагогикасы тәрбиенің алтын діңгегі»



Дата13.06.2016
өлшемі55.98 Kb.
#133942
«Халық педагогикасы тәрбиенің алтын діңгегі»

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының Жаратылыстану-математика факультеті 5В011000 –«Физика» мамандығының 2 курс студенті Шамганова Н.

Ғылыми жетекшісі - Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі

Айдархан Ж.Ж.


«Әрбір тәрбиеші сөз жоқ ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиені сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»

М.Жұмабаев.


Қазіргі кезде көп ұлтты мемлекетіміздің алдында тұрған ұлы міндет, біріншіден біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру болса, екіншіден, халықтық педагогиканы тәрбие үрдісінде пайдалана отырып ұлттық тәрбие беруде жеткіншектерге тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, салт-дәстүрін меңгерту болып табылады.

«Арманы жоқ жас - қанатсыз қарлығаш» - дейді халық. Халық ұрпақты ақыл-ойды өздігінен жетілдіруге үндейтін терең және танымдық үрдістер жиынтығы екендігін дұрыс болжайды. Ол ғасырлар бойы жинақталған сан алуан іс-тәжірибелер мен ой-пікірлер негізінде қалыптасты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімімен өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» дегені мәлім. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында да «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр - салтын оқып үйрену үшін жағдайлар жасау бірінші кезектегі міндеттердің бірі» деп атап көрсетілген. Халықтық тәрбие, ол ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге дамып келе жатқан көне тарихи жүйеге жататыны кімге болса да аян. Халқымыздың ұлттық педагогикасының ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Ерекшелігі сол: жас жеткіншектерді есті, адал, еңбекқор, парасатты болсын деген үмітпен ата-баба тәлім - тәрбиесін әрқашан мұра тұтып келген және оны талап етіп отырған. Ұрпағын жаман әдеттерден жирендіріп, жақсылыққа жетелеп, өсиет сөздерін күнделікті бойына ұялатып отырған. Әр халық өзінің жас ұрпағын қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ер жүрек, ізгі ниетті, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды, бұл мәселені өзінің тұрмыс-салтына байланысты шешіп отырады. Ол үшін ғасырлар бойы қолданып, сұрыпталып, өмір тәжірибесінен сыннан өткен салт-дәстүрлерді, педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдаланып келеді.

Халықтық педагогиканың пайда болуы мен дамуы, қазіргі жайы жан-жақты сөз етіліп, оның теориялық - әдістемелік мәселелерін анықтауға бағытталған еңбектердің маңызы айтарлықтай. Өкінішке орай, көптеген зерттеуші ғалымдар бұл мәселенің соншалықты көкейтестігіне үстіртін қарайтын секілді. Көрнекі қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймаутов халықтық педагогиканың тәжірибесін зерттей білуге ерекше мән берді. Сонымен қатар, этнопедагогика, халықтық педагогика мәселелеріне қатысты ой түйіндерді Г.Н. Волков, К.Ж. Кожахметова, Е.Л. Христова, З.Ә. Әбілова, Қ.Б. Жарықбаев, Ә. Табылдиев сияқты ғалым зерттеушілердің осы мәселені жан-жақты зерттеген еңбектерінен кездестіреміз.

Халық тәрбиешілері үйрену, оқуды адам бүкіл жаңаны ерекше қабылдағыш балалық шақтан бастаса, мақсатқа лайықты болатындығына, алынған білімі өмір бойына игілікті қызмет ететіндігіне тәжірибеде көз жеткізді. Баланың ақылын тәрбиелеу оның танымдық қабілеттерін жан-жақты дамыту, әртүрлі түсінулердің кеңдігі мен сезімталдығын, байқағыштықты, естің түрлерін жаттықтыруды, ойдың елестетуін ынталандыруды талап етеді. Мысалы: жұмбақтар халық педагогикасында осы талапты жүзеге асырудың аса құнды дидактикалық материалы болып табылады. Олар баланың ойлауын дамытуға ықпал жасайды. Халық педагогикасының құрамды бөліктері қазақтың ұлттық ойындар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер т.б. ерте заманнан бастап, жасөспірімдердің ой-өрісін, зеректігін анықтау үшін тәрбие құралы ретінде қолданып келді.

Халық педагогикасының зор тәрбие маңызы бар құраладардың бірі - мақал-мәтелдер.

Мақалдар - нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі. Мақалдар, көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен айтылады, қара сөзбен, яғни шешендікпен айтылатын мақалдар да бар.

Халқымызбала тәрбиесінде, әсіресе қыз бала тәрбиесінде мақал-мәтелдердің тәрбиелік маңызын түсінеген. Мәселен, аналар «Аттың көркі - жал, қыздың көркі шаш», «Қыз өссе - елдің көркі», «Қыздың көзі қызылда», «Қызға қырық үйден тыю» деген мақалдарды қолданған.

Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда , шешендік сөздер мен айтыс, термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесәмен айналысатын қоғамдық орындары болмаса да, өзі ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ тақпақ, санаиақ арқылы тәрбиеленіп отырған. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні - адамгершілік, имандылық, ақыл-ой, еңбек , эстетика, дене , отбасы тәрбиесіне байланысты.

Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтының тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Ұлттық тәрбиенің бастауы халық педагогикасы болып табылады. Бабаларымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері де озық ойлы тәрбиеге тұнып тұр. Бұдан шығатын қорытынды-оқушы алдында халықтық педагогикадан нәр алып, ата-баба өсиеттерін бойға сіңіріп, салт-дәстүрлерін, өз тілін, дінің терең біліп, ұлттық құндылықтарды құрметтеу міндеті тұр.

Ұлттық ойындарды қолдануың негізгі мақсаты бала бойындағы дене күшінің сапалық қасиеттерін дамытып жетілдірумен қатар, оның мінез-құлқы мен адамгершілік қабілеттерін сәби кезеңнен тәрбиелеуге ұлттық ойындардың пайдалы ықпалы бар екендігін көрсету тақырыптың өзектілігін айқындай түседі.

Халықтық педагогиканың құрамы ұлттық ойындар тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі болып қалмай, олардың жас ерекшеліктеріне сай көзқарастары мен мінез-құлқының қырағылығы мен тапқырлығының қалыптасу құралы деп те ерекше бағаланды. Ұлттық ойын барысында төзімділік, шыдамдылық пен ұстамдылық өзін-өзі тежеу сияқты қасиеттердің қажеттілігін алғаш сезіну осы үлттық ойындардан басталады. Мысалы, «Айгөлек», «Арқан тарту», «Белбеу тастау», «Соқыр теке», «Қойыңа қасқыр шапты», «Ат қума», «Жаяу көкпар», «Түйе-түйе», «Омпы», «Жалау алу», «Қасқыр мен ешкі», «Алшы», «Хан», «Хан жақсы ма?», «Көрші-көрші», «Сақина жинау» т.б. Ойындар арқылы балалар қазақ халқының дәстурімен әдет-ғұрпын жоғалтпай, оны әрі қарай дамытуға, өз ұлтына деген сүйіспеншілікке жастайынан баулып, оны құрметтеуге тәрбиеленді. Баланы – ойын өсіреді. Ойынға қатыспаған бала әлжуаз, қорқақ, өз күшіне сенімсіз, бос кеуде, қиыншылыққа мойығыш болып өседі.

Санамақтарды халық негізінен , жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі дүниені танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтардың ерекшелігі: атау ұйқастырып санау арқылы бала әрі сан үйренеді, әрі санға ұйқасқан затты үйренеді; Саусақ санау ойыны баланы сан үйренуге ынталандырады; санамақ айтыста бала санға ұқсас сөз табу арқылы ақындық қабілетін дамытады.

Халық педагогикасы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрдің өзегі, алтын діңгегі, халықтың ең берекелі, ең парасатты тәжірибесі. Сондай-ақ, халықтық тәрбие түрлерін жас бүлдіршіндердің бойына сіңіртіп ілім, білік дағдыларын дамыту, сөйтіп дене еңбегіне де, ой еңбегіне де қабілетті, жан-жақты жетілген азамат етіп шығару. Ол басқа тәрбиелермен қатар жүргізіліп, балалардың қайрат- жігерін, ақыл-ойын халықтың өнер туындылары негізінде оқытып, тәрбиелеу арқылы іске асырылады. Халықтық педагогика бала денсаулығы мен денесінің жетілуі жөніндегі қамқорлық ақыл-ой мен еңбекке дайындық, саналы адамгершілік-эстетикалық тұрғыда бағыттау, мінез-құлықты реттеу, өзін-өзі тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеу, яғни тұлға қалыптастырудың бүкіл жетекші бағыттарын қамтиды.

Қазіргі таңда халық педагогикасы - тәрбиенің алтын діңгегі екенін айта аламыз. Еліміздің солтүстік өңірлерінде соның ішінде Қостанай қаласында балалардың қазақ тілінде сөйлеу мәселесі туындап отыр. Сондықтан ата-ана отбасы діңгегі демекші, баланы жастан оның ата-анасы халық педагогикасының құралдарымен тәрбиелеп өсіретін болса, болашақта ол еліміздің жақсы азаматы болып шығатына кәміл сенеміз.

Әдебиеттер:

1.Ы.Алтынсарин тағылымы Алматы «Жазушы » 1969 ж (46-47 бет)

2.Әбілова З. Ә. Этнопедагогика. – Алматы, 1997.

3.Құрманбаева С.К. Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі / Қазақстан мектебі. - Алматы, 2004.

4.Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты / Ана тілі. - Алматы 1995.

5.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы, 2000.



6.Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет