Асыл мәстек
Ойынға қатысушы жастар жиылып келіп асыл мәстек құрады. Ол үшін төрт – бес өадамдай қашықтықтан екі мықты қада қағады. Кейде бұған өсіп тұрған екі ағашты да пайдалануға болады. Жерден 70 см биіктікке екі қадамның арасына байлайды да, оның үстіне ескі көрпеше (шапан, тон) салады. Ойын жүргізуші балаларды, ойынға тақпақ айтып шақырады:
Әй, ер екеніңді білейін,
Ешкі сойып берейін
Тақия алсаң еңкейіп,
Құламасаң теңкейіп
Ерлігіңе сенейік!
Өзінің ептілігін сынағысы келген ойыншы:
Асау мәстек бұл болса,
Үйретейін көріңіз
Маған таяқ біріңіз! -
Деп ортаға шығады. Ойын жүргізущі таяқты беріп тұрып санай бастайды.
Міне, саған таяқ
Үшке дейін санақ,
Бір......
Екі......
Үш......
...... Ойынға шыққан бала санақ біткенше, таяқтың көмегімен арқанның үстіне атша мініп алуға тиіс те, жерден еңкейіп тақия алады. Жеңіп шықса ойын жүргізуші айыпты болады да, жығылса өзі айып тартады.
Айып өлең айту, ән салу немесе қораз болып шақыру, түйедей боздау, ешкі сияқты маңырау түрінде болады.
Кім жылдам
Ежелгі ойындардың бірі – “кім жылдам„. Ойын аулада, спорт залда, сынып бөлмелерінде ойнала береді. Ойыншылар ойынға екі – екіден қатысады. Ортаға шыққан 2 оқушы бір –біріне арқасын беріп, екі жаққа қарап тұрады. Аяқтарының арасына ұзыннан – ұзақ белбеу тастайды да “бір„ , “екі„ , “үш„ деп ойнайды. “Үш„ дегенде кім еңкейіп белбеуді бұрын алса, соның жеңгені. Бұл адамның өз денесін еркін меңгеріп тез қимылдауының нәтижесінде жүзеге асады. Ойынға басқа ойыншылар қатысады, ойын жалғаса береді.
Ақ серек, көк серек
Мақсаты: жүгіру қимыл әрекеттерін дамыту, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ойын ашық алаңда өткізіледі. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Аралығы 30 – 40 метр. Жерде бір – біріне қарама – қарсы орналасады. Қаз – қатар қол ұстасып, тізіліп тұрады. Жеребе бойынша ойынды бастаған топтың балалары әндете өлең айтады:
Ақ серекте, көк серек,
Бізден сізге кім керек?
Екінші топтағылар бірінші ойыншының атын айтады, сол кезде аты аталған бала өз тобынан шығып екпіндей жүгіріп келеді де қарсы топтың тізбегін үзіп кетуге тырысады. Үзе алмаса, өзі сол топта қалады. Келесі кезекте екі топ әлгі әдіспен бастайды. Осылайша ойын жалғаса береді. Қай топ өз ойыншыларынан көп айрылып қалса, жеңілген болып есіптеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |