I тарау. Ежелгі қазақстан § Қазақстан тас дәуірінде


§ 50.ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ ағартушылары



бет58/94
Дата15.06.2022
өлшемі4.07 Mb.
#459248
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   94
Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар жиынтығы (5 - 11 сынып)

§ 50.ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ ағартушылары


Шоқан Уәлиханов
Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қараша айында қазіргі Қостанай облысы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Ол Абылай ханның үлкен ұлы Уәлиден тарайды. Азан шақырып қойған есімі - Мұхамед Қанапия. Алайда жастайынан бала болып ойнағаннан гөрі, әжесі Айғанымның қасында отырып, әңгіме, қиссаларды тыңдағанды ұнатқан. Шоқан Уәлиханов – географ, саяхатшы, ойшыл, тарихшы, этнограф, суретші болған. Әкесі Шыңғыс – қазақ ханы Абылай ханның немересі. Бес жасынан хат таныған. Содан әжесі Айғаным сүйікті немересін Шоқан деп атап кеткен. Балалық шағының алғашқы кезеңін Құсмұрында, кейін өзінің атамекені Сырымбетте өткізеді. Сырымбеттің сұлу табиғаты да оның болашақ ғалым болып қалыптасуына әсер етті. Шоқанның жастайынан білім, ғылымға жақын болуына әкесі Шыңғыстың да әсері мол тиді. Шыңғыс көптеген орыс зиялыларымен таныс болған.
Алғашқы білімін қазақ мектебінде алған Шоқан, онда арабша жазуды және сурет салу өнерін меңгерген. Сонымен қатар араб, парсы, ұйғыр тілдерін үйренді. Шығыстың ғұлама ғалымдарының еңбектерімен танысады. Әкесі оны (12 жасында) 1847 жылы сол кездегі ең іргелі оқу орындарының бірі болып саналатын Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсіреді. Кадет корпусында білім алып, оны 1853 жылы (18 жасында) бітіреді. Атты әскер корнеті деген атақ алып шығады, өз мамандығы бойынша қызметке орналасады. Ол жас кезінен Орталық Азияны зерттеген экспедицияларға қатысты. 1856 жылы Ыстықкөлге, 1857 жылы Алатау қырғыздарына, 1858-1859 жылдары Қашқарияға сапар шекті. Алатау қырғыздарына сапарында қырғыздардың атақты «Манас» жырын алғаш қағазға түсірді. Қашқарияға Марко Поло мен иезуит Гоестен кейін тұңғыш барған ғалым атанды. 1859-1861 жылдар аралығындағы Петербургте болған кезеңі оның ең қызықты шақтарының бірі еді. Шоқан орыстың аса көрнекті жазушысы Ф.М.Достоевскиймен, орыс мәдениетінің алдыңғы қатарлы өкілдерімен араласты. Шығысты зерттеуші орыс ғалымдарымен, ақындарымен таныс болып, байланысын үзбеген. Неміс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгеріп, осы тілдердегі ғылыми еңбектер мен карталарды да зерттеумен айналысқан. Шоқан қазақ халқыныңы құқығы, салт-санасы, діні, тарихы туралы құнды деректер жинап, мақалалар жазды.
Шоқан көптеген еңбектер жазған «Көшпелі қырғыздар туралы», «Сот реформасы туралы» тағы басқалар. 1865 жылы сәуір айында Шоқан Алтынемел жотасында (қазіргі Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Шоқан аталатын ауылында) бар-жоғы 30 жасында қайтыс болады. Шоқанның туғанына 150 жылдық тойына академик Әлкей Марғұлан ғалымның бес томдық еңбектерін құрастырып, жариялады.

Ыбырай Алтынсарин
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының Торғай жерінде дүниеге келген. Ол қазақ халқының қоғамдық ой-пікірінде, мәдениеті мен әдебиетінде аса көрнекті жаңашыл педагог және жаңа мектептерді ұйымдастырушы, этнограф, фольклоршы, ақын, аудармашы ретінде кеңінен танымал боды. 1844 жылы әкесі қайтыс болып, атасы Балқожа биден тәрбие алған. Ыбырай 1857 жылы Орынборда мектепті алтын медальмен бітіреді. Мұнда орыс, араб, татар және парсы тілдерін жақсы меңгеріп шығады. Мектепті 1857 жылы бітіріп, атасы Балқожа бидің хатшысы ретінде тілмаштық қызмет атқарады. 1864 жылы 8 қаңтарда Ыбырайдың басшылығымен Торғай қаласында қазақ балаларына арналған мектеп ашылды. Сол заманның ең озық білім ордалары саналған Петербург, Қазан қалаларына барып, орыс ағартушыларының еңбектерімен, орыс үкіметінің халыққа білім беру жүйесімен танысты. Солармен таныса отырып, қазақ балаларына арналған оқулықтар жасаумен айналысты.
Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Торғай облысындағы мектептерге инспектор болып қызметке тағайындалды. Осы жылы оның алғашқы қазақ тіліндегі оқулығы «Қырғыз хрестоматиясы»Орынбор қаласында жарық көрді. Бұл «Қырғыз хрестоматиясы» оқулығына енгізілген өлеңдер мен әңгімелерінің тәрбиелік, білімділік маңызы зор болды.Мысалы, «Кел балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» сияқты өлеңдері оқырман қауымның жүрегінен шықты. Сонымен қатар «Қырғыз хрестоматиясындағы» бірқатар өлеңдері шәкірттерді Отанын сүюге, адамгершілікке, тәлім-тәрбиеге жетелейді. Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында бірінші болып қыздарды білімге тартты. 1887 жылы Ырғызда жанында интернаты бар қыздарға арналған мектеп ашты. Ыбырай Алтынсарин сонымен қатар жазушы да. Қазақ балаларының жас ерекшелігіне лайықтап, түсінікті етіп әңгімелер жазды. Ол орыс тіліндегі балаларға арналған көптеген шығармаларды қазақ тіліне жеңіл аудара білді. Ол ұлтымыздың халық ағарту саласында көп еңбек етті. Өз кезеңінің аса көрнекті және білімді адамы ретінде Ыбырай Алтынсарин халыққа білім берудің дамуына баға жетпес зор үлес қосты.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының әдет-ғұрпын жинақтай отырып, шығармаларында әдепсіздікті сынады. Ол (1889 жылы) 48 жасында ерте қайтыс болса да, болашақ ұрпаққа тәлім болар мол еңбек қалдырды. Ыбырай Алтынсариннің еңбегі қазақ халқының мәдени және рухани дамуына, алдыңғы қатарлы озық мәдениетке жетуге игі ықпал етті.

Абай Құнанбаев
Абай Құнанбаев - қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы. Қазіргі Семей облысы, Абай ауданындағы Шыңғыстаудың баурайында 1845 жылы дүниеге келген. Шын есімі - Ибраһим. Анасы Ұлжан оны еркелетіп Абай деп атаған. Абайдың әкесі Құнанбай тобықты руының көсемі, белді би әрі шешен болған. Абайдың парасатты азамат болып қалыптасуына әжесі Зере зор еңбек сіңірді.
Абай алғашқы білімін ауыл мектебінде алады да, Құнанбай кейін он жасар баласын Семейдегі Ахмет Ризаның медресесіне оқуға береді. Мұнда ол басқа балалардан өзінің зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленеді. Абай Семейдегі Ахмет Ризаның медресесінде оқып жүргенде ақындық талабын көрсете бастаған болатын. Абай – жастарды ғылым мен білімді үйренуге шақырып, өзге халықтарды құрметтеуге солармен қарым-қатынас орнатуға үндеді. Ол шығыстың Науаи, Низами, Фирдоуси сияқты ақындарының шығармаларын құнығып оқыған.
Абайды әкесі оқуын бітіртпей ауылға алып кетіп, ел басқару ісіне араластырады. Абай ел басқару ісінде жүріп жанына қарапайым да талантты жастарды жинаған. Семейде танысқан көптеген орыс зиялыларымен байланысын үзбей, Семейде үйренген орыс тілін одан әрі өздігінен дамытады. Абай Құнабаев бірнеше өлеңдер жазған. Бізге Абайдың 50-ге жуық қарасөздері жеткен. Оның қарасөздері терең философиялық мағынаға толы. Сондай-ақ оның өлеңдері көптеген тілге аударылған. Абай өлеңдер мен қара сөздер, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім туралы аңыз» поэмаларын жазып, халқына ұлы мұра қалдырды.
Абай өмірдің жаңа қағидаларын игеріп, өз ортасына жоғары тұрды. Ол адамзат қоғамын игі, саналы, прогрессивті даму үстінде көргісі келді. Абай «жүрегі - айна, көңілі - ояу» жастарға үлкен үміт артты.
Абай орыстың А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, М.Е.Салтыков-Щедрин, Лев Толстой және басқа да ақын-жазушыларының шығармаларын өз ана тіліне аударды. Абай ақын ғана емес, сазгер де болған. Ол, А.С. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» өзі аударған үзінділеріне ән шығарған. Абай әндері қазақтың кең даласына тарап, көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. Абай 1904 жылы қайтыс болады. Абайдың асыл сөздері бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   94




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет