Жазаны атқарушы органдар мен мекемелердің міндеттері.Қылмыстық жазаны атқарушы органдар мен мекемелердің негізгі міндеті: сотталғандарды түзеу, оны іске асыру құралдарын тауып, дұрыс қолдана білу болып табылады. Сотталғандарды түзеу құралдарын қолдану жазаның мазмұнына сай келіп, жазадағы жазалау шаралары мен тәрбиелеу шараларының қосындысы ретінде, бірін-бірі толықтырып орындалуы керек. Сотталған адамдарға қолданылатын тузеу құралдары ретінде, қылмыстық жазаиы атқарушы органдар мен мекемелерде жазаның мақсатын орындау үшін қолданылатын шаралар алынады.
Сотталған адамдардың түзелуі, оларда құқық нормаларын сыйлайтын, адамгершілік ізгі ниет қалыптасқан, қоғамға, еңбекке адал қарайтын, адамзатқа және мемлекетке дегенде көзқарасы түзу пікірдің пайда болуын білдіреді.
Қылмыстық-атқару заңы сотталған адамдарды түзеудің негізгі құралдарына жазаны атқару мен өтеудің белгіленген тәртібін (режим), тәрбие жұмыстарының жүргізілуін, қоғамдық-пайдалы еңбекпен айналысуын, орта білім мен кәсіптік мамандық алуын және қоғамдық ықпал етуді жатқызады. Сотталғандарға түзеу жұмыстарын жүргізу кезінде мұнан басқа да тәсілдер қолданылуы мүмкін. Тек ол тәсілдер заңға қайшы келмейтіндей болуы керек. Мұнан басқа да түзеу тәсілдеріне рұқсат берудің себебі, ол әр адамның жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие жұмыстарын жүргізу мәселесіне байланысты. Түзеу мекемелері әкімшілігінің қызметкерлері жалпы тәрбиелеу ісін жүргізіп қана қоймай, кейбір адамдармен жекеше де жүргізуге құқылы. Аталған занда қарастырылған түзеу құралдары жаза түріне, жеке адамдардың ерекшелігіне қарай тандалып қолданылуы мүмкін. Көрсетілген құралдарды таңдап қолдану, қылмыстық жазаны сотталғандарға түзеу ықпалымен байланыстыра жүргізу қағидасын білдіреді.
Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қолдану қылмыстық-атқару құқығында екі мағынада қолданылады. Біріншісі, ол осы пәннің негізгі мәселесі ретінде; яғни құқықтық категориясы ретінде танылса, екіншіден, сотталғандарды тәрбиелеу құралы ретінде қолданылады. Жаза өтеудің белгіленген тәртібі сотталғандарға құқықтық шектеулер белгілеп, сондай-ақ кейбір құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіншіліктер бере отырып, бір уақытта сотталушыға жазалау шараларын да тәрбиелеу шараларын да, іске асырады. Демек, бас бостандығынан айыру орындарындағы жаза өтеудің тәртібі мен жағдайлары арқылы сотталған адамдар тәртіпке, ұстамдылыққа бейімделеді.
Тәрбиелеу жұмыстары мен қоғамдық ықпал ету, адамды педагогикалық, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу құралы болып табылады. Бұл құралды іске асыру үшін, түзеу мекемелерімен байланысып жұмыс істегісі келетін қоғамдық ұйымдарға, тілшілерге рұқсат беріледі. Сотталғандарға газет, журналдар алып оқуға құқық берілген.
Сотталғандарды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуда, тәрбиелік-педагогикалық мақсатта қолданылады. Қоғамдық пайдалы еңбектің астарында адамды қоғамшыл болуға баулу, елге экономикалық жәрдем жасау сияқты жақсы нышандағы қасиеттер жатыр.
Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды түзеудің бір құралы - орта білім мен арнайы мамандыққа оқыту болып табылады. Сотталғандарға орта білім мен мамандық беру, оларды қоғамға бейімдеудің бір амалы ретінде жүргізіледі. Сегізжылдық білімі жоқ сотталғандарға түзеу мекемелеріндегі мектепте оқу міндетті болып табылады. Сонымен қатар түзеу мекемелерінің кейбіреулерінде орта білім беру үшін арнайы ұйымдастырылған мектептер жұмыс істейді. Арнайы мамандық алу да жұмыс істеу жасындағы әр сотталған адамға міндетті болып табылады. Олар арнайы мамандық курсын бітіргеннен кейін, осы мамандыққа иелігін растайтын куәлік алады және осы мамандық бойынша жазадан босатылғаннан кейін жұмыс, істеуге құқылы. Сотталғандардың мамандық алуға ұмтылуы, олардың түзелуін байқататын белгі болып саналады.
Түзеу құралдарының түрлері, жазаның түріне, жасалған қылмыстың сипатына, қылмыскердің қоғамға қауіптілік дәрежесіне, нысаны мен қылмыстың жасалу себептеріне, сотталушының жеке басы мен мінез-құлқына байланыстырыла отырып қолданылады.
Қылмыстық жазаны жеке-даралау, жаза тағайындау кезінде заң негізінде іске асырылады. Оның негізінде жазаны атқару мәселесін жеке-даралау жатыр. Анығырақ айтқанда, қылмыстық жазаны орындау кезіндегі жеке-даралау жазаны жеке белгілеу ретінде анықталады. Сондықтан жазаны орындауда жеке-даралауды қолдану жұмысы өзіндік ерекшеліктерге ие. Ол біріншіден, сотталушының түзелуіне немесе қауіптілігінің жоғарылауына байланысты, жаза өтеу кезінде жазалау көлемінің өзгеруімен байқалады. Бұл өзгерулер, түзеу мекемесінің бір режимі ішінде түрлі сотталғандарды ұстайтын жағдайлардың болуымен, қажетті жағдайларда соларға ауыстырылуымен немесе түзеу мекемесі түрінің өзгеруімен анықталады. Сонымен бірге, жаза өтеу режимі ғана емес, сотталушының түзелуіне байланысты жаза түрі де өзгере алады.
Екіншіден, сотталған адамдарға жұмыста, оқуда, сонымен бірге тәрбиелік жұмыстардың тәсілі мен түрін белгілегенде жеке қарау керек.
Үшіншіден, тәрбиелеу жұмыстары сотталған адамдарға жаза түріне немесе жасаған қылмыстарының қоғамға қауіптілік дәрежесіне байланысты ғана емес, таза субъективтік тұрғыда, яғни сотталғандардың түзелу дәрежесіне қарай да жекеленеді.
Сотталған адамдардың жеке бас ерекшелігіне байланысты тәрбиелік жұмыстың түрін таңдау, оны қолдану күрделі мәселе болып табылады. Мұндай жұмыстарды жүргізу үшін, ол адам туралы мәліметтерді жан-жақты жинап, оның өмірге, адамдарға деген көзқарасын анықтау қажет. Бұл істерді орындау үшін, сотталған адамның жеке іс-қағаздарымен танысып, т.б. мәліметтерді жинау керек.
Аталған түзеу құралдары барлық жаза түрлерінде бірдей көлемде қолданыла бермейді. Сотталған адамдарды түзеудің негізгі құралдары бас бостандығынан айыру жазасында түгелдей қолданылады. Ал, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту тәрізді жаза түрлерінде түзеу құралдарының кейбіреулері қолданылады. Мысалы, қоғамдық жұмысқа тарту жазасында оқу-білім беру, мамандыққа дайындау сияқты түзеу шаралары қолданылмайды.
Қылмыстық жазалардың ішінде сотталушыны түзеу мақсатын көздемейтін жазалар да бар. Мысалы, өлім жазасы сотталған адамды тек жазалау, яғни оны қоғамнан толық ажырату мақсатын көздейді. Өлім жазасына тәрбиелеу құралдары қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |