Қызылорда облысы халқының қартаю деңгейі



Дата21.06.2016
өлшемі66.42 Kb.
#152477
Қызылорда облысы халқының қартаю деңгейі

Айтжан ОРАЗБАҚОВ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы»

ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты


Халықтың қартаюы деген ұғымға белгілі бір мемлекет, облыс т.б. териториялық құрылымда өмір сүріп жатқан халық құрамындағы егде жастағы (60-тан я 65-тен асқан) адамдардың үлес салмағының өсуін айтады.

Халықтың демографиялық қартаюының белгілі бір мемлекетке тигізетін кері әсері өте көп. Біріншіден – зейнеткерлік жастағы адамдардың көп болуы – олардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін көп қаржының бөлінуіне әкеледі – зейнетақы, дәрі-дәрмекке, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге бөлінетін қаржылар және тағы басқалары. Екіншіден – белгілі бір мемлекетте зейнеткерлердің көп болуына және туудың төмендеуіне байланысты жұмыс қолының тапшылығы туады.

Мысалы облыста 1987 жылы 20.676 адам дүниеге келсе, 2002 жылы 12.126 адам дүниеге келген (1, 202 бет) – бұл дегеніміз «ертең» зейнеткерлік жасқа келгендер зейнеткерлікке кеткенде олардың жұмыс орнын басатын адамдардың аз болуына байланысты жұмыс қолына деген тапшылық байқалады. Бұл жұмыс қолына деген тапшылық жұмысшылардың шетелден әкелінуімен қанағаттандырылады. Ал бұл дегеніміз қазіргі таңда Елбасы және үкімет Қазақстанда қазақтардың санын көбейтуге күш салып жатқан кезде қазақ ұлты өкілдерінің үлес салмағының кемуіне әкеледі. Бұл орайда шетел азаматтарының Қазақстан жерінде көбеюі басқа, кері әлеуметтік проблемалардың тууына әкеледі. Олар: келімсектер өздерінің әлеуметтік жағдайы мен құқықтарын Қазақстандықтармен теңестіруді талап етуі, белгілі бір жерде сырттан келген басқа ұлт өкілдерінің шоғырлануына байланысты өз тілдеріндегі бала-бақша мен мектептерді ашып беруді талап етуі, белгілі бір қаланың ішінде келімсектердің ұлттық аудандарының пайда болуы. Териториялық құрылымдар пайда болғасын ондағы саяси билікті талап етуі. Саяси, әлеуметтік, діни проблемалардың шиеленісуі ұлтаралық қақтығыстарға әкелуі мүмкін.

Бұған мысал есебінде қазіргі таңда жұмыс қолдарына жетіспеушілігін шетелден қоныс аударған адамдардың есебінен шешкен батыс Еуропаны, АҚШ-ты алуға болады. АҚШ қалаларында қытай мөлтек аудандарының пайда болуы бұл қалалардағы жергілікті ұлт өкілдерінің, сырттан келген арзан жұмыс қолының көбеюіне байланысты, экономикалық жағдайының төмендеуіне, шетелден келген қылмыстық топтардың кең етек жаюына байланысты қылмыстың өсуіне, әлеуметтік мәселелерге бөлінген қаржылар байырғы американдықтарға ғана емес азаматтықты жақында алған көп балалы жанұя үрдісінде тәрбиеленген Латын америкасынан, Азиядан және басқа елдерден келгендердің жанұяларына бөлінуін келтіруге болады. Осы орайда Ұлыбританияда туындап жатқан оқиғаны айтуға болады. Мұсылман елдерінен келген мыңдаған Ұлыбритания азаматтығын алған азаматтар әлеуметтік көмек алуға өздерінің тарихи отандарындағы балдарын тіркеп қойып, миллиондаған фунтты Ұлыбританиядан шет аймақтарға балдарын күтуге жіберіп жатыр. Америка құрама штаттарының соңғы президентінің «Ақ үйге келуі» Америка құрама штаттарына Еуропадан қоныс аударғандардан кейін келген Латын америкасы, Африка эмигранттарының есебінен шешілді деп айтуға болады.

Жоғарыда айтылғандардың бізде, Қазақстанда болуы мүмкін емес дегендерге айтарым – демократиялық институттар ерте қалыптасқан Франциядағы арабтар мен негрлердің бүкіл Франция қалаларындағы полицияға, үкіметке қарсы бас көтерулері Германиядағы жергілікті ұлт өкілдерімен түріктер арасындағы ұлтаралық қақтығыстарды мысалға келтірер едім.

Қазақстан жерінде де сырттан келген адамдардың үлес салмағының өсуі өрістеп келеді деуге болады. Мысал келтіретін болса кезінде Қызылорда облысы әкімі болған Б.Сапарбаев Астанада министрлік креслода отырғандағы бір сөзінде Республикада сырттан келіп рұқсатпен жұмыс істеп жатқандар саны 500 мыңнан асты деген сөзі бар еді. Осы орайда Қызылорда облысында миграциялық полиция автобустарды толтырып заңсыз өзбек мигранттарын өз отанына аттандырып жатырғанын мысалға келтірер едім. Бұл өндірісі, құрылыс объектілері басқа облыстарға қарағанда төмен облыстағы жағдай, ал бұл орайда өндірісі дамып, құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан облыстарда не боп жатқанын кім біледі?

Халықтың демографиялық қартаюы қазіргі кезеңде үкіметтің қолға алатын бірінші ірі мәселесі болмақ. Бұл орайда проблеманы жақсарту үшін бір мәселе төңірегіндегі жұмыс жасау керек – ол туу көрсеткішін өсіру, оған қатысты ана мен баланың денсаулық жағдайын, әлеуметтік жағдайын, экономикалық жағдайын жақсарту. Бұл мәселе төңірегінде еліміздің демографтары Қазақстанның болашағын жақсы деп бағалайды. Алайда БҰҰ мамандарды 2050 жылға қарай Қазақстан халқының қартаю деңгейі 2004 жылғы 7,4% -дан, 2030 жылы 11,5% - дан асып 2050 жылы 25% жетуі мүмкін деп жорамал айтады. (2)

Дүние жүзінде халықтың демографиялық қартаю деңгейін анықтайтын бірнеше шкала бар. Оның ішінде жиі қолданылатыны негізінен екеуі. Біріншісі француз демографы Ж.Божё – Горньемен поляк демографы Э.Россеттің есептеу шкаласы және екіншісі, Біріккен ұлттар ұйымы қолданып жүрген есептеу шкаласы.

Егер демографиялық қартаю деңгейін есептегенде қартаю деңгейінің көрсеткіші есебінде 60 жастан асқандарды алатын болса, бұл жерде француз демографы Ж.Божё – Горньемен поляк демографы Э.Россеттің ұсынған шкаласын аламыз. Бұл шкала бойынша белгілі бір мемлекет халқының құрамында 60 жастан асқан адамдардың үлесі 8% -дан төмен болса бұл халық демографиялық жас халық болып саналады. (3)



  • 8-12% арасында болса халық демографиялық қартаю қарсаңында деп есептелінеді.

  • 12% асса халық демографиялық қартайған болып есептелінеді.

1989 жылы 60 жастан асқан облыс халқының саны – 7,5% құраса

1999 жылғы санақ мәліметтері бойынша – 7,5% құрады.

2006 жылғы мәліметтер бойынша – 6,5% құрады.

2009 жылғы облыс халқының жасына қарай бөлінген санақ мәліметтерінің жарық көрмеуіне байланысты мәлімет жоқ.

1950 жылы дүние жүзі халқының 8% 60 жастан асқандар болған, 2000 жылы бұл көрсеткіш - 10% құрады. БҰҰ жасаған жорамалы бойынша 2050 жылы бұл көрсеткіш - 21% жетеді делінген.

2000 жылы 60-тан асқандар саны Қазақстанда 11,2% құрағанын ескерсек, 60 жастан асқан халықты есепке алған бұл шкала бойынша облыс халқы жас халықтар санатында екені және алдағы жорамал жаман болмайтыны көрініп тұр.

Ал егер демографиялық қартаю деңгейін есептегенде 65 жастан асқандарды алатын болса, бұл жерде Біріккен ұлттар ұйымы қолданып жүрген шкала алынады. Бұл шкала бойынша белгілі бір мемлекеттің құрамындағы халық санының 4% астамы 65 жастан асқандар болса бұл халық демографиялық жас халық болып есептелінеді.


  • 4-7%болса халық демографиялық қартаю қарсаңында деп есептелінеді.

  • 7% асса халық демографиялық қартайған халық болып есептелінеді.

1989 жылғы санақ мәліметі бойынша облыс халқының – 3,9% 65 жастан асқандар болған.

1999 жылғы санақ мәліметі бойынша бұл көрсеткіш – 4,6% құрады.

2006 жылғы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш -4,1℅ құрады.

Жоғарыдан аңғаратынымыз облыс халқы БҰҰ шкаласы бойынша 2006 жылы демографиялық қартаю қарсаңында болған. Бірақ біз соңғы жылдардағы туу деңгейінің жоғары екенін ескерсек, 2008-2011 жылдары облыста 75 967 нәресте дүниеге келген, бүгінгі күнде облыс халқы жас халық санатында деп ойлаймыз.

Экономикалық саяси және әлеуметтік мәселелерді шешпей, халықтың қартаю мәселесін түбегейлі шешуге болмайды. Егер жоғарыда аталған мәселелер шешілсе, онда облыс халқының жасаруы республиканың басқа облыстарымен салыстырғанда тез қарқынмен дамитыны сөзсіз. Оған себеп облыс халқының 96 пайызын (5) қазақтар құрайды, ал қазақ отбасы – ежелден көп балалы болған.

Жоғарыда айтқандай, халықтың қартаю деңгейі егде адамдардың белгілі бір мемлекеттегі үлес салмағындағы бөлігіне байланысты. Бірақ көп ұлтты мемлекетте әр ұлттың мемлекеттегі халықтың қартаю деңгейіне әсері әртүрлі екені белгілі.

Осы ретте Қызылорда облысының халқын екіге бөлуге болады:

1. Өз диаспорасының тағдырын Қазақстанмен байланыстырып тамырын қазақ жеріне терең жіберіп жатқан халықтар.

2. Тарихи отанына жастарының көбісі кетіп, зейнет жасындағылары болашағын Қазақстанмен байланыстырып отырған халықтар.

Біріншісі бойынша ұлт өкілдерінің қартаю деңгейі төмен болып келеді. Мәселен, 60 жастан асқандар қазақтарда – 5,79℅, өзбектерде – 9,99℅, түріктерде – 6,24℅, ұйғырларда – 5,79℅, яғни бұл ұлттарда туу деңгейінің жоғары болуына байланысты ұлттардың қартаю деңгейі төмен. Бұл ұлттар өз болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр деуге болады.

Екіншілерінің жастары тарихи отанына кеткендер я басқа облыстарға қоныс аударып жасы келгендері Қызылордадан кеткісі келмейтіндер немесе кетуге жағдайы жоқтар. Бұлардың ішінде 60 жастан асқандар саны бірінші топқа қарағанда көбірек. Мысалы облыстағы орыстардың – 21,25℅, украиндарда – 27,73℅, белорустарда – 21,40℅, башқұрттарда – 25,49℅, молдовандарда – 26,98, немістерде – 24,73℅.(6). Демек бұл ұлттарда туу деңгейі төмен және жастарының көбісінің тарихи отанына я Қазақстанның басқа облыстарына кетуіне байланысты облыс көлемінде қалған бұл ұлт өкілдерінің ішінде егде жастағы адамдар көп.

Қазіргі таңда бұл көрсеткіштер деңгейі бірінші топ бойынша төмен, екінші топ бойынша жоғарылағаны белгілі. Себебі жоғарыдағы ұлттардың жас ерекшелігі бойынша пайыздық мәліметтері 1999 жылғы санақ мәліметтерінен алынған. Ал 2002 жылдан бастап облыс бойынша туу деңгейі күннен-күнге өсіп келеді. Негізінен бұл өсу бірінші топ өкілдерінің арқасында деп айтуға болады.

Әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан өңірлерінің демографиялық жылнамалығы. Алматы., 2006 ж., 202 бет

2. Медков В.М. Демография. Москва., 2003 г., 38 бет

3. Бреева Е.Б. Основы демографий. Москва., 2005 г., 56 бет

4. Население и трудовые ресурсы. Справочник. Москва., 1990 г., 278-279 беттер



5. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халық санағы. Қысқаша қорытындылар. Астана., 2010 ж., 10 бет

6. Серікбаева М.Б. Қызылорда облысының демографиялық ахуалы. (1985-2007 ж.ж.) Қызылорда., 2009 ж., 61 бет

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет