Қызылорда облысындағы КӘсіпкерлік қызметтің экономикалық маңызы және оны қолдау қ. Н. Бекетова



Дата03.07.2016
өлшемі122.19 Kb.
#174523
Қызылорда облысындағы КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ОНЫ ҚОЛДАУ

Қ.Н.БЕКЕТОВА

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

   


Экономикалық, әлеуметтік-саяси бағыттағы қарқынды дамуы нәтижесінде өткен жылы Қазақстан дамыған елу елдің қатарынан орын алды. Мемлекет басшысы мемлекеттің бұдан әрі ұзақ мерзімді дамуы жөнінде міндеттер қойып отыр. 2050 жылға Қазақстан әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиіс.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы екенін атап көрсетті. Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр[1].

2013 жылы Қызылорда облысының экономикасындағы бірқатар маңызды салалардың көрсеткіштері алдын ала болжанған нәтижеден де жоғары болды. Облыс экономикасына 300 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда шамамен 60 %-ға артық. Соның ішінде, жыл бойына республика аймақтарының арасында инвестициялардың ең жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі де едәуір ұлғайып (45 %-ға), 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді [2].

Кіші және орта бизнесті дамытуда да оң қарқын бар. Айталық, тіркелген кәсіпорындардың саны 9%-ға артса, онда жұмыспен қамтылғандардың саны 5 мыңнан астам адамға ұлғайды (2012 жылмен салыстырғанда 5% шамасында). Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының мәліметіне сәйкес, 2013 жылдың 1 қазанына қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 25 942  бірлік құрайды. Оның ішінде:  жеке кәсіпкерлер саны – 19958 бірлікті құрайды, жұмыс істейтіндер саны – 14926. Заңды тұлғалар бойынша - 5984 бірлікті құрайды, жұмыс істейтіндер саны – 4820. Сәйкесінше, кәсіпкерлік саласында 788  жаңадан жұмыс орны ашылды,  тұрақты -653, оның ішінде 309 сауда саласында, білім және денсаулық саласында- 53, өнеркәсіп саласы-10, уақытша және маусымдық-135, басқа да қызмет түрлері бойынша - 416 жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлікті  қолдау мақсатында 2013 жылға қалалық бюджеттен    847 мың теңге қаражат бөлінді. Жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа деңгейден аспайды (5,2%).

Кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесінде.

Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырар болсақ, оның ішінде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді алдыңғы орынға қойып отырған мемлекеттік саясат тұрақталып келеді. Шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан ықпал ету де қолға алынды. Нақты айтқанда, жұмыссыздықты жоюда, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеуде, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде, депрессияны бастан кешіріп отырған жекелеген аудандарды қалпына келтіруде осы шағын және орта бизнес шешуші фактор ретінде маңызды роль атқарып келеді. Нарықтық экономика элементтерін енгізудің әрекеттері монополияландырылған ортаның қарсылығына тап болуда. Ал монополизмге қарсы күресудің тиімді жолдарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту.

Мемлекет қолдау білдіріп отырған стратегиялық бағытта қоғамды жаңартуға қабілетті, экономиканың жағдайын ойлайтын кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлінуде. Шағын және орта кәсіпорындардың тиімділігі және артықшылығы сол, олар аса үлкен қаржыны керек етпейді. Шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттырып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жалақының уақытында төленіп отыруына себін тигізетіні сөзсіз. Ең бастысы, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамтып, аймақ халқының әлеуетін арттыруға зор ықпал етуде. Осы ретте 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған қаладағы «Браунис Қазақстан» ЖШС кондитерлік фабрикасын айтуға болады. Қызылорда қаласы бойынша 4 филиалы жұмыс жасайтын бұл кәсіпорынның құрылғанына екі жыл енді болады. Елге еңбек етіп келе жатқан аталмыш фабрика жуырда өткен облыстық шағын және орта бизнес байқауында «Өнім өндіру және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша ІІ орын алды.

Индустриялды-иновациялық бағдарламалар аясында 2013-2015 жылдары Қызылорда қаласы бойынша жобалық құны 17 млрд 497 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, жаңадан  441  жұмыс орындары ашылу жоспарлануда.  Сонымен қатар, 2012 жылы Аймақтық үйлестіру кеңесінен өткен Картадан тыс 9 инвестициялық жобаны 2013-2015 жылдары аралығында  іске қосу жоспарлануда [3].



 

Кесте – 1 Қызылорда облысы бойынша 2013-2015 жылдары аралығында жоспарланған инвестициялық жобалар 



 



Жоба атауы

Заңды тұлға

Жоба құны  

жаңа жұмыс орындары

1

«Полиэтилен құбырларын шығару өнідірісін ұйымдастыру цехының құрылысы»

«Сарыбұлақ» ЖШС

26,5 млн. теңге

9

2

«Пішінделген темір табақшаларын дайындау өндірісі цехының құрылысы»

«Сарыбұлақ» ЖШС

11,3 млн. теңге

9

3

«Қызылорда қаласында инновациялық медициналық технологиялар институтының құрылысы»

«Энергия» ЖШС

6,6 млрд. теңге

200

4

«Халықаралық стандарттарға сәйкес«Жібек жолы» қонақ үйінің құрылысы»

«Сәулет-Қызылорда kz» ЖШС

1,5 млрд. теңге

60

5

«Көмірсутекті шикізатты өңдеу шағын өндірістік құрылғысын орнату»

ЖК "Дабысов"

375,0 млн теңге

70

6

«Мал бордақылау цехы және ет өндіру цехының құрылысы»

 "Ақбарыс" ЖШС

200,0 млн. теңге

50

7

«50 дана жылыжай құрылысы»

«Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры»

283,0 млн. теңге

55

8

«70 дана жылыжай құрылысы»

«Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры»

385,0 млн. теңге

70

9

«Қыш шығаратын зауытының құрылысы»

"Геофарм" ЖШС

450,0 млн. теңге

30

Ескерту- [3] әдебиет мәліметтері негізінде

Қызылордада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда  өз алдына кәсібі бар немесе жаңадан бизнесін бастауға ынталы азаматтарды тегін оқытып, қажетті кеңес береді. Кәсіпкерлер кез келген бизнеске қатысты ақпаратты алып, қажетті құжаттарды рәсімдеуге қол жеткізеді. Сонымен қатар бизнес иелері  соңғы үлгідегі менеджмент технологиясы, бухгалтерлік есепті жүргізу, қаржы мен салық есептілігі, кеден процедуралары туралы да мәліметті қолма қол алады. Мұның бәрі облыстағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Орталықта коворкинг-офис те бар. Яғни бұнда кәсіпкерлер белгілі бір жобаларды бірлесе талқылап, олардың жүзеге асуын бірлесе қолға алады.

Елбасының тікелей қолдауымен, мәжіліс депуттарының мақұлдауымен тұңғыш рет елімізде Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған болатын. Осыған орай, Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының алғашқы өңірлік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы Басқармасының Төрағасы кәсіпкерлік палатаның еліміздегі әрбір кәсіпкердің жұмысының жемісті болуына, олардың Заң аясында қорғалатындығына арнайы тоқталды. Өңірлік палата кәсіпкерлердің құқықтарын қорғай отырып, мүдделеріне өкілдік етуге, сонымен қатар кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру барысындағы жұмыстарға баса назар аударатын болады. Бүгінде Отандық өндірісті қолдай отырып, техникалық және кәсіби білім берудегі жүйені дамытуды қолға алынды.

Экономикалық дағдарыста ірі кәсіпорындар едәуір шығынға ұшырап, иілмелі нарық жүйесі алдында қауқарсыздық танытса, шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып, озық технологияларды меңгере отырып, өзінің ұтымды жобаларының өміршеңдігін байқатып келеді. Кәсіпкерлікті кеңейтуде аймақтағы кәсіпорындардың қосқан үлес салмағы айтарлықтай. Тұрақты даму үдерісінен өтіп, әр саланың және ауданның жеткен жетістіктері де саралануда. Осы ретте жуырда «Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістігі үшін» облыстық көрме-конкурсы өтті. Оған Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен қызылорда қаласынан кәсіпкерліктің шағын және орта түрімен айналысатын 55 кәсіпорын қатысты. Алдағы уақыттары шағын және орта кәсіпкерлік саласына қазіргі заманғы басқару әдістерін кеңінен енгізу жалғасын табады.

Қазіргі таңда, облысымызда 12 екінші деңгейлі банк филиалдары жұмыс жасауда. 2014 жылғы 9 айының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банк филиалдарымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы 12,8 млрд теңгеге несие берілді. Ал, республикадағы шағын бизнесті несиелеу сомасы – 1 трлн 623 млрд теңге құраса,Қызылорда облысының үлесі – 0,8 пайыз немесе рейтинг бойынша 16 орында.

Экономиканың шикізаттық емес секторларында өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы өңірімізде 2010 жылдан бастап жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарлама 6 компонент арқылы жүзеге асырылса, оның 3 компоненті тікелей екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жүргізіледі.

Біріншісі, кәсіпкердің несиесі бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау;

Екіншісі, кәсіпкерге ішінара кепілдік беру;

Үшіншісі,валюталық несиесі бар кәсіпорындарды қолдау.

Бүгінгі күні облысымызда 12 банк жұмыс жасаса, оның ішінде 10 банк кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіреді.

Бағдарлама жүзеге асырылған сәттен бастап, жалпы құны 17,83 млрд теңгені құрайтын жобалар несиелендіріліп, субсидиялау бойынша 242 жоба, ішінара кепілдік беру бойынша 42 жоба,валюталық несиесі бар кәсіпорындарды қолдау бойынша 2 жоба аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданды. Осы уақытта 9 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, 3600-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

Аймақтар рейтингісінде мақұлданған жобалар бойынша Қызылорда облысы 12 орында.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға облысымыздың бірқатар банкілері белсенді жұмыс атқаруда. Олар: Қазақстан халық банкі, Банк Центр Кредит, БТА және АТФ банкілері. Орта есеппен бұл банкілер 40-60 жобадан ұсынған.

Республика бойынша 2013 жылдан бастап ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін «Старт Ап»компоненті іске асырылуда. Бұл бағдарлама кәсіпкерлер үшін кепілсіз 20,0 млн. теңгеге дейін несие қаражатына қол жеткізу мүмкіндіктерімен айқындалады.

Айта кету керек, өңірлер арасындағы рейтингке сәйкес облысымыз 2013 жылы «Старт Ап» бағыты бойынша соңғы орындарда болса, биылғы жылдың 8 айында2 орынға ие болды.

Дегенмен, кәсіпкерлерді несиелендіру жұмысында елеулі кемшіліктер мен пайдаланылмаған резервтер бар.

Біріншіден, аудандық жерлерде тек қана 2 банктің филиалдары жұмыс жасайды. Олар: Қазақстан Халық банкі және БТА Банк.

Екіншіден, банкілердің бірқатары бағдарламаға қатысу деңгейі төмен. Цесна, Альянс, Темір, ВТБ сияқты банкілер жылына орта есеппен 3-4 жобадан ғана несиелендіреді.Ал Казкоммерцбанк мүлдем жоба ұсынбаған.

Ал, несиені ішінара кепілдендіру компоненті бойынша кәсіпкерлердің кепіл қоюға мүлкі жетпеген жағдайда, алынатын несиенің 50 пайызына дейін кепілдік беріледі.

Бұл бағыт бойынша облысымыздың барлық банкілері келісімге отырғанымен оның шарттарын тек қана 6 банк орындауда. Қазақстан Халық банкі, Банк Центр Кредит және БТА Банк алдыңғы қатарда келуде, ал АТФ, Цесна және Сбер банкілерінен 1 жобадан келеді. Қалған Альянс, Темір, ВТБ және Казкоммерц банкілерден мүлдем жобалар ұсынылмаған.

Валюталық несиесі бар кәсіпорындарды қолдау бойынша Халық банкінен – 1 жоба және Казкоммерцбанк Алматы филиалынан – 1 жоба несиелендірілді.

Олар: «ППС Ойл Трейд» серіктестігінің жалпы құны 1,1 млрд. теңгені құрайтын экспортқа мұнай қалдықтарын шығару жобасы және «Қуат» серіктестігінің жалпы құны 150,0 млн. теңгені құрайтын «Полиэтиллен трубасын шығару» жобасы.

Бұл жағдай соңғы екі жылда байқалуда. Екінші деңгейдегі банкілер бұл бағытты дамытуға қызығушылық танытпайды.

Мақұлданған жобалардың сала бөлінісіне тоқталсақ, бағдарлама жүзеге асырылған сәттен бастап:(барлығы 213 жоба)

Транспорт саласы – 36% (77 жоба);

Өңдеуші өнеркәсіп – 28% (60 жоба), оның ішінде тамақ өнеркәсібі – 10 %(23 жоба),құрылыс материалдарын шығару – 8%(18 жоба),киім өндірісі –2% (4 жоба) ;өзге де өндіріс саласы – 7 % (15 жоба),

Өзге де қызмет көрсету салалары – 11% (24 жоба) ;

Тау-кен өндіру саласы – 7% (14 жоба) ;

Денсаулық сақтау саласы – 7% (14 жоба) ;

Қонақ үймен қызмет көрсету саласы – 6% (13 жоба) ;

Білім беру саласы – 5% (11 жоба) ;

Ал, 2014 жылдың 9 айында:(барлығы 48 жоба)

Өңдеуші өнеркәсіп – 31% (15 жоба), оның ішінде тамақ өнеркәсібі – 20%(10 жоба),құрылыс материалдарын шығару – 10%(5 жоба);

Транспорт саласы – 24% (12 жоба);

Өзге де қызмет көрсету салалары– 24% (12 жоба) ;

Қонақ үймен қызмет көрсету саласы – 8% (4 жоба) ;

Білім беру саласы – 7% (3 жоба) ;

Денсаулық сақтау саласы – 6% (2 жоба);

Өздеріңіз көріп отырғандай мақұлданған жобалардың көбі транспортпен қызмет көрсету саласына келеді[4].

Ал, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс материалдар шығару және басым бағыттардағы жобаларды несиелендіруге банк басшылары ынталанбайды.

Қазіргі кезеңде аймағымызда кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша келесі кемшіліктер бар.

Бірінші, несие қаражатын алу үшін, кепілдікке қоятын мүлікті банктер 3,5 есеге көбейтеді.

Екінші, кепілдікті бағалайтын кезде, банктер тек қана шектеулі бағалау мекемелерімен ғана жұмыс жасайды.

Үшінші, кепілдікті бағалау актісі 6 айға дейін ғана жарамды.

Төртінші, сұратылатын құжаттардың көп болуы, мәселен жұмыс істеп тұрған бизнестің күнделікті табыс кірісін анықтау, сол сияқты кәсіпкердің тоқсан сайын жүргізген қаржы айналымы бойынша, банктерден қаржы операциялар көшірмелерін талап ету.

Бесінші, егерде кәсіпкерде 400 ден аса тауар материал құндылықтары болса, әр қайсысына бөлектеу актісін талап ету.

Алтыншы, кәсіпкер несие қаражатын алатын кезде, әр банктен несие бойынша қарызы жоқ туралы анықтаманы табыстау қажет. Банктердің тарифі бойынша әрбір анықтама 1000 теңгеден 3 500 теңгеге дейін барып, анықтама 1 күннен 5 күнге дейін әзірленеді және анықтама 3 күнге ғана жарамды болады.

Жетінші, кәсіпкер несие қаражатын алу 2 айдан 1 жылға дейін созылады.

Бүгінгі күні, өңірде басымды жобаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктері қарастырылған, қажетті құжаттар әзірленіп зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жүзеге асырылуы ең бастысы облыс экономикасына елеулі үлес қосатын болады.

Ірі өндіріс жанынан орта және кіші бизнес дамитын болады, және де мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады, салық көлемі өседі.

Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсартуға және инвестиция тартуға индустриялық аймақ ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні, 760 га жер телімі бөлініп қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде.

Аталған шаралардың жүзеге асырылуы өңірімізге әлеуетті бастамашылардың инвестиция салуына қызығушылығын арттыратын болады.

Осыған байланысты төмендегідей шараларды атқаруды ұсынамын:

• облыста шағын және орта кәсіпорындарға шетелдік серіктестерімен іскерлік
байланыстарды орнатып, ортақтаса бизнес жүргізуіне және лизингтік
компаниялардың қатысуымен шетелдік технологиялар мен құрал-жабдықтарды (ноу-хау) кешенді түрде жабдықтау жұмыстарын ұйымдастыруына қолдау көрсету, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субъектісіне сыртқы сауда қызметін дербес жүргізу құқығын беру;

• облыста шағын және орта бизнесті дамытудың басты бағыттары бойынша


техникалық-экономикалық негіздермен қамтамасыз етілген инвестициялық
жобаларға жеңілдетілген шетелдік несие беру жолдарын қарастыру;

• ішкі нарыққа бағытталған өндірістерді мемлекеттік несиемен көптеп


қамтамасыз ету және жеңілдетілген салық жүйесін қолдану.
Пайдаланылған әдебиеттер

  1. «Қазақстан-2050» стратегиясы

  2. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы. Статистикалық жинақ. Қызылорда қ., 2013 ж.

  3. Қызылорда облысының 2011-2015 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы. Қызылорда, 2012 ж.

  4. Аймақтағы кәсіпкерлік қызметтің дамуы. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының есебі, 2014 ж.



Аңдатпа

Мақалада Қызылорда облысында кәсіпкерлік қызметтің даму жайы мен мүмкіндіктері, мәселелері мен бағыттары баяндалған. Облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар және оларды қаржыландыру жайы талданған. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұсыныстар берілген.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет