Ж.Қ. Астамбаева, Г. И. Уәйісова, Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы: Алматы, 2010, 85 бет


А) Тік төртбұрыштың ауданын табу үшін ------------------------



бет2/8
Дата07.07.2016
өлшемі3.32 Mb.
#183483
1   2   3   4   5   6   7   8

А) Тік төртбұрыштың ауданын табу үшін ------------------------


ә) Үшбұрыштың периметрін табу үшін ---------------------------

б) Нөлді бірге бөлсем, ---- шығады.

в) Куб тәріздес фигураның көлемін табу үшін -----.

Тесттің бұл түрін құрастыруда оқушының беретін жауабы сөйлемнің соңында келетіндей нақты әрі қысқа болуы тиіс.

Тесттің келесі түрі - тапсырмаға сәйкес келетін жауапты таңдап алу, яғни “сәйкестендіру” тесті. Мұнда тапсырмалар бір бағанға, жауаптар екінші бағанға жазылады да, жауап беруші тапсырма - жауап түрінде жұптап, тізіп жазады. М: а) тік төртбұрыштың ұзындығы, ені және ауданының өлшем бірліктерін таңдап ал да, оларды жазып көрсет:

1.Ұзындығы А м

2.Ені Б см

3.Ауданы В м

Жауабы: 1-Б, 2-В, 3-А

Тесттің кең тараған түрінің бірі-қарама-қарсы жауаптар (дұрыс-қате, ақиқат-жалған, жоқ-иә) көрсетіліп берілетін тест нұсқасы. Мұнда қарама –қарсы жауаптардың дұрысын көрсету қажет болады.

М: а) Тік төртбұрыштың ауданын табу үшін ұзындығын еніне көбейту қажет.

Жауабы: 1)дұрыс 2) қате

ә) көбейткіштердің орны ауысқаннан көбейтіндінің мәні өзгермейді.

1) жоқ 2) иә

б) 48-дің 8-ге бөліндісі 9-ға тең.

1) дұрыс 2) қате т.б

Тестің тәжірибеде жиі қолданылатын түрі ретінде нақты тапсырма бойынша бірнеше жауаптар (ішінде біреуі дұрыс, бірнеше) берілетін тесті айтуға болады. М:

а) Көлемнің өлшем бірлігі:

А) см В) кг С) сағ Д) см3 Е) см2

Жауабы: Д

ә) Мектеп бағында 4 алмұрт ағашы және одан 2-еуі артық алма ағашы бар. Алма ағашы нешеу?

А) 4 В) 5 С) 6 Д) 7 Е) 8 Жауабы: С

Мектеп тәжірибесінде, көбінесе тестің аралас түрі қолданылады, яғни берілген тестің барлық түрінде орта есеппен 4-5 тапсырмадан құрастырылып беру көзделеді.
ІІ ТАРАУ. ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ БІЛІМ, БІЛІК ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАРЫН МЕҢГЕРУ БАРЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ
ШЖБМ-дегі математика сабағы, оның түрлері және олардың ерекшеліктері

Сабақ - оқу тәрбие үдерісін ұйымдастырудың негізгі формасы. Сабақ туралы айтқан кезде оның мынандай негізгі белгілерін атап кетуіміз керек:

- оқу-тәрбие үдерісінің белгілі бір шектелген уақыт (35 не 45 минут) ішінде өтуі;

- сынып деп аталатын жас шамалары бірдей балалардың тұрақты құрамынан тұруы;

- қатаң бекітілген сабақ кестесінің болуы;

- өтілетін материалдардың барлық балаларға бірдей болуы;

- әр түрлі оқыту әдістерін пайдалана отырып, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырудың ұжымдық, топтық, ұжымдық-үлестірімділік, жеке-дара формаларымен іске асырылуы.

Әрбір сабақтың мақсаты, міндеттері, түрі, қолданылатын көрнекі құралдары, әдіс-тәсілдері анықталуы тиіс және сабақтың кезеңдері көрсетіледі.

Оқытудың міндеттеріне сәйкес сабақтың да төрт түрлі міндеттері бар: - білімділік;

- дамытушылық;

- тәрбиелік;

- практикалық.

Педагогика ғылымында сабақтың түрлері өте көп, олардың ішіндегі жиі қолданылатындары - сабақтың дидактикалық мақсатына қарай жіктелетін түрлері. Атап айтсақ: -аралас сабақ;

- мұғалімнің жаңа білімді хабарлау сабағы;

- оқылған материалды бекіту сабағы;

- оқылған материалды қайталау, жүйелеу, жалпылау сабағы;

- тексеру және оқушылардың білімдерін есепке алу сабағы.

Математика сабағы көбінесе аралас сабақ болып келеді. Әрбір сабақтың түріне қарай оның кезеңдері де әр түрлі болуы тиіс. Дегенмен қазіргі кездегі сабақ мұғалімнің түсіндірмесінен, дәптермен және оқулықпен, дидактикалық материалдармен жұмыстан тұрады.

Сабақта қолданылатын әдіс түрлері - сөздік, практикалық және көрнекілік әдістер. Бұлардың да түрлері әрбір сабақта, тіптен әрбір сыныпта әр түрлі болуы мүмкін.

ШЖБМ ерекшелігіне байланысты қалыпты мектептерде қолданылып жүрген жоғарыда аталған сабақ түрлерінен басқа оларды қамтитын мынадай сабақ түрлері бар: бір пәндік, әр пәндік және бір тақырыптық сабақтар.

Бір пәндік сабақ дегеніміз әр біріктірілген сыныптарда бір ғана математика сабағын өткізу сабағы. Бұл сабақты өту кезінде мұғалім бір салада жұмыс істегендіктен, ол назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай көшіруге септігін тигізеді.

Әр пәндік сабақтар дегеніміз математика сабағын басқа бастауыш сынып пәндерімен біріктіріп өткізуге болатын сабақтар. Кейбір әдіскерлер пәндерді екі топқа бөледі де, бірінші топқа математика, қазақ тілі, орыс тілі, еңбек, бейнелеу өнері, яғни өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, ана тілі, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарын жатқызады. Сабақ кестесін құрастырған кезде бірінші топты екінші топ пәндерімен біріктіруге болады. Қазақ тілі мен математиканы оқытуда өзбетінше жұмыс істеуді кеңінен қолдануға болады, өйткені оқу, дұрыс жазу, санай білу және дұрыс есептей білу дағдысын дамыту көп жаттығу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, бұлардың нәтижелі болуы көбінесе оқушылардың өздігінен жұмыс істей алу қабілетіне байланысты.

Ал екінші топқа жататын ана тілі, табиғаттану пәндері жөнінде іс басқаша. Бұл пәндерді оқыту балалардың сабақта өзбетінше жұмыс істеуін керек етпейді емес, қайта бұл пәндер бойынша оқушылардың білімін оқулық бойынша пысықтауды өте-мөте керек етеді. Бастауыш мектеп жасындағы балалармен аталмыш пәндерді оқытқан кезде мұғалімнің ауызекі әңгімесін, көрнекті құралдарды көрсетуін, т.б. басқаша айтқанда, балалармен тікелей жұмыс істеуді талап етеді.

Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады.

Бір тақырыптық сабақтар дегеніміз қатар өткізілетін сыныптарда мүмкіндігінше бірдей тақырыптарды таңдау қажет болатын сабақтар. Бір тақырыптық сабақтарда оқушылардың өзіндік жұмыстарын да тиімді басқаруға болады. Жалпы оқытушының ортақ әңгімесін оқушылар ықыласпен тыңдап, өз ойларын айтып, сабаққа белсенді қатысуға тырысады, сонымен бірге бір пәндік, бір тақырыптық сабақтар ретінде біріктіріп өткізуге де болады. Мұндай ортақ сабақтардан оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, сабақтың сапасы артады. Оқушылармен бірге отырып, көрнекі құралдар, кестелер, суреттер, диафильмдер мен кинофильмдер, үнтаспа т.б. құралдарын қарауға болады.

«Жоғарыда келтірілген сабақтың қай түрін қолданғанда, математикалық білім жоғары деңгейде игеріледі?» сұрағы туады. Л.Канцева, Т.К.Оспанов және т.б. ғалымдар бір пәндік сабақ кестесін түзу тиімді деп есептеп, оны былай дәлелдейді:



  1. Біріктірілген барлық сыныптардағы бірдей сабақтар пәндік алаңдаушылықты туғызбайды.

  2. Мұғалім үшін де “үлкен” сабақтың логикалық жүйесін дұрыс құрып, “кіші” сабақтардың барысын жете қадағалауға мүмкіндік туады.

  3. Бір пәндік оқу жүйесі іс жүзінде бір тақырыптық сабақ жүргізуге мүмкіндік береді.

Шағын жинақты бастауыш мектепте сабақтың жабдықталуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Қатар оқытылатын сыныптарда әр түрлі құралдарды қолдану жан-жақты ойластырылған болуы тиіс. Себебі, бір сыныпқа арналған құрал екінші сыныпқа кедергі жасауы мүмкін. ШКБМ-де соңғы кездері сабақта оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру барысында техникалық оқыту құралдары кенінен қолданылуда. Бір тақырыптық, бір пәндік сабақтар кезінде бұл құралдарды пайдалану өте тиімді.(мысалы; диафильм, кинофильм, сюжетті суреттер). Бір диафильм бойынша әр сыныпқа тапсырма беріп, жас ерекшеліктеріне қарай талдау жұмыстарын жүргізуге болады. Сонымен бірге, ШЖБМ-де лингофондық кабинеттердің де ролі ерекше. Лингофондық қондырғылар өздік жұмысты ұйымдастырған кезде өте қажет құрал, мұғалім бір сыныппен жұмыс істеп жатқан кезде қалған сынып оқушылары өз бетімен жұмыс жасайды. ШЖБМ-тін математика сабақтарында кестелерді пайдаланудың нәтижесінде оқушылардың арифметикалық амалдар кестесін, жазбаша есептеу тәсілдерін үйретуге, есептің шешу кездерін меңгеруге ықпал етуге болады.

Мұғалім оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыс түрлерін пән ерекшелігіне, тақырыптың ауыр-жеңілдігіне қарай ұйымдастыруы қажет.

Оқу үдерісі екі жақты үдеріс болғандықтан, оқушылардың өздік жұмысы міндетті түрде мұғалімнің басшылығын, сонымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтар мен психологтар (Р.Г.Лемберг, М.Н.Скаткин, В.А.Занков т.б. ) оқушылардың өзіндік жұмыстарының негізгі ерекшелігі – олардың ықыласы мен өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп санайды.

Өзіндік жұмысты ұйымдастырғанда, оқытушы оқушылардың дара ерекшелігін ескеріп, соған қарай беретін тапсырмаларды өзгертіп отырғаны жөн, орындалған жалпы жұмыстың қорытындысын, қалай қорытқанын тексеру керек.

Өздік жұмыстарды ұйымдастыру үшін, мұғалім мынадай үш жағдайды ескерген жөн:


  1. Оқушылардың өздік жұмысының мазмұнын анықтау (берілетін білім және оны міндеттері).

  2. Өздік жұмысты ұйымдастырудың жоспарын жасау, қолданылатын амал-тәсілдерді белгілеу.

  3. Оқушыларға жұмысты ойдағыдай аяқтауға бағыт беріп көмектесу (жұмыстың жүйелі барысына басшылық ету, тиісті түзетулер жасап отыру).

Өздік жұмысты ұйымдастыруға қойылатын талаптар:

    • жұмыстың көлемін шамадан асырмай, оның сапасын арттыруға көңіл аудару;

    • оқушылардың өздік жұмысын оқу жұмысының басқа түрлерімен дұрыс ұштастыру білу;

    • оқушылардың дербестігін арттырып, өз бетімен білім алу қабілетін жүйелі түрде дамыту.

Өздік жұмыстың мазмұнына мүмкіндігінше күнделікті өмірден алынған материалдарды, мәліметтерді, хабарларды енгізіп пайдалану.

§. Жаңа оқу жылына бір апта қалғанда, бала саны анықталып, сынып комплект құрылып, оқу-тәрбие үдерісінің жылдық жоспары, математикадан жылдық күнтізбелік жоспар және оқу кестесі жасалады. Сабақтың жақсы өтуі үшін оған жан-жақты дайындық және оны шеберлікпен өткізу қажет. Сабаққа дайындалмас бұрын мұғалім өтілетін материалды жан-жақты меңгеріп, оны өткізу әдістемесімен таныс болуы тиіс. Мұғалім қатар жүргізілетін сыныптардағы сабақтың барысын алдын-ала ойластырып, өз жұмысының әрбір деталін жоспарлауы тиіс, әсіресе, оқушылардың өздік іс-әрекеті ойластырылуы тиіс. Содан соң сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды, яғни көрнекі құралдар, мәтіндер, жаттығуға арналған сұрақтар мен мысалдар, дидактикалық материалдарды дайындап алып, содан кейін ғана сабақ жоспарын жасауға кірісуі керек. Кейінірек сабақтағы әр түрлі жұмыстар қандай ретпен өтілетіндігін анықтайды. Соңынан жазылған сабақ жоспарын тексеріп алу қажет.

Сабақты жоспарлау кезінде сабақты қай сыныптан бастау керектігі анықталуы тиіс. Ал сабақты өткізу кезінде жазылған жоспардың орындалуы қадағаланып, оқушылардың өзіндік жұмысын мұғалімнің тікелей басшылығымен жасалатын жұмыс түрлерімен алмастырып отыру керек.
Сабақ кестесінің түрлері және оларды құру технологиясы
Оқу жылындағы оқушы мен оқытушының күнбе-күнгі оқу еңбегі сабақ кестесімен анықталады. Шағын жинақты мектептерде оқыту, тәрбиелеу жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін дұрыс, жан-жақты ой елегінен өткізілген сабақ кестесін жасау қажет. Сабақ кестесі мектептегі балалар мен сынып санына байланысты жасалады. Егер мектепте барлық балалар саны 10-нан аспайтын болса, онда бір оқытушы немесе бір комплектілі мектеп, ал 12 оқушы болса, екі комплектілі, 15-тен артық болса, ол үш комплектілі болып есептеледі. Егер мектепте барлық сыныпқа бір оқытушы болса, яғни бір комплектілі мектеп болса, тиімді сабақ кестесін жасау керек болады. Мектепте екі оқытушы болса, әр сыныптың оқушылар саны мен білім деңгейі, дайындықтарына байланысты біріктіріледі.

Дұрыс сабақ кестесін жасау үшін оқытушылар қандай пәндерді біріктіргенде, өзіндік жұмысты ұйымдастыруға барынша мүмкіндік беретін принципті ескеру керек.

Екі сыныппен жүргізілетін сабақтың сапалы болуы үшін сабақ кестесіндегі пәндерді қалай болса солай біріктіре салуға болмайды. Екі сыныпта екі түрлі пәнді жүргізгеннен гөрі, екі сыныпта да бір пән бойынша, мәселен, қазақ тілін қазақ тілімен, арифметиканы арифметикамен біріктіріп өткізген жеңіл болатынын тәжірбие көрсетіп отыр. Бұл өзінен өзі түсінікті, өйткені пәндерді біріктіріп жүргізгенде мұғалімнің зейіні бір пәнге бағытталған болады, сол себептен де жұмыс сапалы жүргізіледі.

Өзбетінше жұмыс істеуді ұйымдастыруға барлық пәндердің бірдей дәрежеде мүмкіндік бере бермейтінін есте ұстау керек. Мысалы: музыка мен денешынықтыру сабақтарын біріктіруге болмайды, тек сабақты топқа бөліп өткізуге болады.

Тиімді сабақ кестесін құрастыру үшін комплект құру, пәндерді біріктіру проблемасы негізгі сұрақ болып табылады. Аптаның сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері – оқушылардың ең жоғарғы деңгейде жұмыс істей алатын күндері. Бірдей жағдайда екінші, үшінші сабақ оқушылардың іскерлігіне әсер ететін, нәтижелі сабақтар болып саналады. Барлық жағдайда екі, үш, төрт сыныппен барлық сабақтарды біріктіріп, сабақ кестесінің түрлерін әр нұсқада ұсынуға болады. Сабақ кестесінің түрлері қатар оқытылатын сыныптардағы оқытылатын пәндердің ретіне байланысты. Қатар оқытылатын сыныптарда бір пәнді бір мезгілде оқытуға, әр пәндік, бір тақырыптық негізде өткізуге болады. Сонымен бірге, бір сыныпты жеке оқытып, 2-3 сыныпты қатар оқытуға болады.

Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады.

Көп жағдайларда 2-3 сыныпты біріктіріп сабақ өткізуге тура келеді. Келесі сыныптарда 3-сабаққа ауыстыруы керек. Мысалы: қатар оқитын 1-4, 1-3 үшін күніне 1 пән немесе 2 пән қатар оқытылады. Ал қалған пәндер 2 сыныпта 30 мин бөлек жүргізеді. Мұндағы негізгі мақсат 1-сынып оқушыларының жас ерекшелігін ескеріп, 1-сыныпқа 30 минут бөлек уақыт беру керек. Қатарынан 1-2-3 сынып үшін, 1-3-4 сыныптар үшін, 2-3-4 сынып үшін бұл жағдай сабақ өткізудің қиындығын болдырады. Сондықтан, күніне 1 рет 1 пәнді қатар өткізеді. Қалғанына өзіндік жұмыстар беріледі. Оқушылардың санына байланысты, сынып комплектісін құру, сабақ кестелерінің үлгілерін оқушыларға түсіндіріп оқыту керек. Мысалы: бақылау жұмысы мен диктант сабақтарын біріктіру, математика сабақтары үшін тиімді болады. Ал, кей жағдайларда тиімді бола бермейді. Мұндай кезде еңбек, бейнелеу сабақтарын бірге өткізіп, аталған пәндерді бөлек оқыту керек. Сабақ кестесі жарты жылдық уақытқа арналып құрастырылады..

Шағын комплектілі мектеп мұғалімдері күнделікті 8 не 14 сабақ жоспарын жазып, оған көрнекілік дайындайды. Сондықтан да оқу-тәрбие жұмысының нәтижелі болуына сабақ кестесінің әдістемелік тұрғыда дұрыс жасалуының маңызы зор. Осыған орай қосымша материалдарда бір пәндік жүйедегі сабақ кестесінің үлгілерін ұсынамыз.


ШЖБМ-тегі сабақтардың өзара үйлесуі
Қоғамымызда болып жатқан саяси және әлеуметтік өзгерістер білім берудің негізгі сатысы ретінде бастауыш мектепке аса зор мән беріп отыр. Өйткені, бастауыш оқытудың негізгі көздейтін мақсаты - оқушыларды үздіксіз білім берудің мемлекеттік жүйесінің талаптарына сай жоғарғы сыныптарда ғылым негіздерін терең игеруге дайындығын мүмкіндігінше көтере түсу. Осыған орай, бастауыш мектептегі білім мазмұнын жетілдіре түсудің басты бағыттары айқындала түсуде. Сол бағыттардың бірі бастауыш буында орындалатын әр түрлі ғылым негіздерінің арасындағы үйлесімді жолдарын анықтауға келіп саяды. «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасында» осы мәселеге, яғни «бір пәннен алған білім, білік, дағдыны екінші пәнді оқытуға тірек ету» керектігіне ерекше мән берілген.

Жаңа мемлекеттік стандартқа сай дайындалған бастауыш мектеп бағдарламаларында “Пәнаралық байланыс” деген арнайы бөлім берілген. Математиканы оқыту үдерісінде балалардың білімі мен біліктерін, танымдық қабілеттерін дамыту үшін пәнаралық байланысты жүзеге асыру қажет. “Математика” курсының бағдарламасында: пәнаралық байланыс - “ғылымның әр түрлі салаларының арасында айқын шекара жоқ екендігі және олардың бір-бірімен тығыз байланыста болатыны туралы түсініктерді, сондай-ақ, дүниеге ғылыми көзқарасты қалыптастыруда табиғат құбылыстарының біртұтастығын, өзара байланысын көрсетуге мүмкіндік туғызады” делінген. Сонда оқушының бір сабақта алған білімі, әсері, ойы, қиялы басқа пәнге келгенде тежеліп қалмай, ары қарай жалғасып, дами түседі, яғни бір пәннен басқа пәндерге көшудің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.



Математика мен қазақ тілі арасындағы байланыстар:

  • грамматикалық және математикалық ережелердің пайдаланылуы;

  • математикалық терминдер енгізу арқылы тіл байлығының арттырылуы;

  • сөйлем құрастыру барысында модельдеудің пайдаланылуы;

  • сөйлемдегі сөздер байланысының сызбасының көмегімен өрнектелуі;

  • сөйлем құрау, ауызша және жазбаша сөйлеу тілінің дамытылуы;

  • математикалық тілдің қалыптастырылуы. («Математика» бағдарламасы, 1-4-сыныптар).

Математика мен әдебиеттік оқу арасындағы байланыстар:

  • ортақ немесе дербес белгілерін салыстыру арқылы анықтау немесе ажырату;

  • халық ауыз әдебиеті үлгілерінің жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мақал-мәтелдер, ойын өлеңдердің және т.б. математика сабақтарында қолданылуы;

  • көркем шынармаларда сипатталатын ата-дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, үлгі-өнеге, тәлім тәрбиелік материалдарды математика мазмұнына сіңіру;

  • ауызша шығарылатын халықтық логикалық ежелгі есептердің мазмұнын сапалы түсіну;

  • Математика мен дүниетану арасындағы байланыстар:

  • өзіндік пікір айту және оны дәлелдеу, өз көзқарасын білдіру;

  • математикалық есептердің мазмұны арқылы өзін қоршаған ортамен, табиғатпен және қоғаммен баланы қарым-қатынасқа келтіру;

  • айналадағы дүниеден танып-білген, жинақтаған деректер мен мағлұматтарды математика сабағында қолдану;

  • еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, байлығын, шаруашылығының түрлерін, ғылым мен мәдениетін, табиғатын сипаттайтын фактілерді, деректерді, мәліметтерді және анықтағыш материалдарды пайдалану.

Математика мен бейнелеу өнерінің арасындағы байланыстар:

  • заттарды түсіне, пішініне, өлшеміне қарай салыстыру, теңестіру, кеңістік жайында түсінік қалыптастыру,;

  • кескіндеу,бейнелеу, безендіру, құрастыру жұмыстары барысында математикалық дәлдіктің және симметрияның пайдаланылуы.

  • Ұлттық ою-өрнектер мен таңбаларда геометриялық фигуралардың қолданылуы.

Математика мен еңбекке үйретудің арасындағы байланыстар:

  • баланың еңбекке дайын болуын, математикалық білімдерін өмірде, нақтылы жағдайларда практикалық мәселелерді шешу үшін пайдалана алуын қалыптастыру.

  • күнделікті өмірге және тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауда математикалық білім, білік, дағдылардың пайдаланылуы;

  • құрастыру және бұйым жасау жұмыстарында математикалық дәлдіктің және симметрияның пайдаланылуы.

Математика мен саздың арасындағы байланыс:

  • сазды әуен мен ырғақта матеметикалық дәлсіздіктің және сан мен үлестің пайдаланылуы;

  • нота сауатында математикалық білімнің пайдаланылуы;

  • саздық аспаптардың жасалуында және құрылымында математикалық білімнің пайдалануы;

  • халықтық ән, күй, би, айтыс және терминдерді математика мазмұнына сіңіру;

Математика мен дене тәрбиесінің арасындағы байланыстар:

  • баланың кеңістікті болжауы және сәйкес түсінікті пайдалануы;

  • уақыт аралығы жайындағы түсініктердің қалыптастырылуы;

  • баланың қимыл қозғалысындағы реттік тәртіп пен дәлдік;

  • қозғалмалы ұлттық ойындардың қолданылуы;


ШЖБМ-те пәндерді оқытуды жоспарлау
Математикадан оқу барысын жоспарлау оқу жоспары, оқу бағдарламасы, күнтізбелік жоспар және оқулықтарда көрсетілген математикадан бағдарламалық материалдардың мазмұнымен анықталады.

Оқу жоспары негізінде күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасалады, онымен толық сәйкестікте белгілі бір тақырып бойынша математиканың әр сабағының жоспары дайындалады.



Мұғалімнің сабаққа дайындалуы төмендегідей болуы мүмкін:

  1. Сабақтың тақырыбы мен типіне, сондай-ақ сол сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай сабақтың мақсаты мен міндеттері анықталады:

    • білімділік міндеттері: жаңа білімді меңгеру, білік және дағды қалыптастыру, бастауыш математика курсының материалдарын игеруге арналған өткенді қайталау, жүйелеу, жетілдіру, тереңдету, кеңейту және тиянақтау.

    • дамытушылық міндеттері: балалардың танымдық қабілеттерін, зейіндерін, есін, логикалық ойын; өзіндік, шығармашылық белсенділігін дамыту; бақылау, салыстыру, ұқсастық пен айырмашылықты бөліп көрсете алу, талдау, жинақтау, жалпылау, абстрактілеу сияқты ой операцияларын орындай алу біліктерін дамыту; ауызша санау дағдыларын дамыту; дұрыс, нақты, логикалық математикалық тілді дамыту.

    • тәрбиелік міндеттері: оқытудың өмірмен, ғылымның практикамен байланысын нығайтуға мүмкіндік туғызатын ғылыми диалектикалық көзқарасты тәрбиелеу; математиканы оқып-үйренуге қызығушылықты арттыру, пәнге сүйіспеншілікке тәрбиелеу; Отанына – Қазақстан Республикасына, туған жерге, туған өлкеге сүйіспеншілікке; біздің республикамызда тұратын халықтарды құрметтеу және сүюге тәрбиелеу; халқымыздың салтын, дәстүрін және мәдениетін құрметтеу; дәптермен жұмыс, практикалық жұмысты орындау кезінде ұқыптылыққа тәрбиелеу; әдемілікті (әдемі көрнекілік, мұғалімнің сырт көрінісі) көре және сезіне білу; жолдастық өзара көмек, жәрдемдесу, қиындыққа ортақтасу сезімі (топтық, пармен жұмыс, жарыс); еңбек етуге, еңбексүйгіштікке, тәртіптілікке, еңбекті дәл ұйымдастыруға баулу; дербестікке, ұқыптылыққа, ден қоюшылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеу, істі аяғына дейін жеткізе білуге үйрету және т.б.

    • практикалық мақсаттары: алынған теориялық білімді практикада, математика тақырыптары бойынша білімді келесі сыныптарда және басқа пәндерді оқуда қолдана алу; оқулықты, оқу құралдарын, кестелерді, өлшеу және сызба құралдары мен аспаптарын қолдана алуға үйрету; оқу және қосымша әдебиеттерден өз бетінше білім алу біліктеріне дағдыландыру.

  1. Сабақтың құрылымын анықтау: әр кезеңге бөлінетін уақыт пен сабақтың барлық кезеңдері:

  2. Алдыңғы және кейінгі сабақтар арасындағы байланысты ескере отырып, әр кезеңдегі жұмыс мазмұнын іріктеу. Мұндайда мұғалім:

    • оқу-әдістемелік топтаманы (ОӘТ);

    • сабақтың жоспарын шығармашылық тұрғыдан дайындауды жүзеге асыру үшін қосымша әдебиетті пайдалануы тиіс.

  1. Сабақта оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыруды, яғни оқушылармен жұмыс формасын ойластыру. Ұйымдастырудың негізгі формаларына сынып жұмысы, сыныптан тыс жұмыс, үй жұмысы жатады. Ұйымдастырудың қосымша формаларына ұжымдық жұмыс, жаппай жұмыс, топтық жұмыс, пармен жұмыс, жеке-дара жұмыс, өзіндік жұмыс, практикалық жұмыс, бақылау жұмысы жатады.

Сонымен бірге, жұмыс дербес, өзіндік, практикалық та болуы мүмкін.

Қандай жұмыс формаларын біріктіруге болады, сабақтың тығыздығын (мысалы, бір уақытта карточка бойынша дербес жұмысты, тақтада өзіндік жұмысты және барлық сыныппен жаппай жұмысты өткізуге болады) көтеру үшін бір уақытта қандай жұмыс атқаруға болатындығы жан-жақты ойластырылуы қажет.

Әсіресе өзіндік жұмысты өткізу және оны тексеру (өзара тексеру, өзін-өзі тексеру, шапшаң тексеру және т.б.) жұмысына ерекше назар аударылады.

5. Сабақтың әрбір кезеңдеріндегі жұмыстың әдістемесін анықтау. Алдымен оқушының білім, білік, дағдыны өз бетімен алуына, өзін көрсете білуіне, сондай-ақ оқыту мазмұнына сай субъективті қатынастарды жүзеге асыруға себепші болатын қазіргі заман оқыту әдістерін қолдануды; кіші жастағы оқушылардың зейіні 5-7 минут қана тұрақтанатындығын ескеріп, олардың жалығып кетпеуі үшін іс-әрекет түрлерін ауыстырып отыруды жоспарлау; жаңа материалды қарастыру әдістемесін ойластыру: оны түсіндіру, оқулықпен, дәптермен, оқушылардың дара ерекшеліктеріне сай дидактикалық материалдармен жұмыс, сондай-ақ жаңа материалды алғашқы бекіту мақсатында практикалық жұмыс жүргізу; қандай жаттығулар ауызша, ал қандай жаттығулар жазбаша орындалуы қажеттігін шешу қажет.

6. Сабақтың көрнекілігін дайындау:

- алдын-ала дайындау, қажет материалдар өз уақытында көрсетіліп, артық зат баланың назарын аудармас үшін уақытында алынуын қадағалап, оларды тиімді орналастыруды ойластыру;

- тақтаға жазуды ойластыру: қандай жазулар алдын-ала жазылып, жабылады; қандай жазулар сабақ барысында жазыладыжәне оларға арнайы орын қалдыру, тақтадағы артық жазуды өшіру;

- дидактикалық материалдарды қолдану әдістемесін дайындау және олардың сапасына назар аудару: әдемілігі, ұқыптылығы, көркемдігі, қолжетерлігі, әсерлілігі.

7. Жұмысты қорытындылау:

- сабақтың әр кезеңінің соңында қандай қорытынды (мұғалім өзі қорытындылайды) жасауға болатынын ойластыру;

- сабақтың соңында қорытынды жасау және жалпылау, мұғалімнің жетекші сұрақтарына жауап бере отырып, оқушылардың қорытынды жасауы: жаңа не білдік? Есептеудің қандай тәсілімен таныстық? Не үйрендік? Не қайталадық? Не ұнады? Нені естеріңде сақтап қалдыңдар?

8. Сабақтың нәтижесін хабарлау:

- қандай оқушылардың жұмыстары бағалануы керектігі алдын-ала ескеріледі;

- мадақтау түрлерін: мақтау, ұялту, жүлде беру және т.б. анықтау.

9. Үй тапсырмасын ойластыру:

- сабақ тақырыбымен қалай байланысты (өтілетін материалдың күрделілігі мен оны игеру деңгейіне байланысты)?

- тапсырма қандай мақсатпен беріледі?

- балаларға қандай нұсқаулар (оны орындауға арналған) беру қажет: нені қайталау керек, кейде оны орындау үлгісін де беруге болады.

Мұғалімнің тәжірибесіне байланысты сабақта жұмыстың жазбаша жоспары жасалады:

а) сабақ жоспары – мұғалімнің сұрақтары және тапсырмаларымен, оқушылардың шамамен беретін жауаптарымен жазылған толық жоспар.

б) ашық жоспар – оқушылардың жауаптарынсыз, әлдеқайда қысқа жоспар.

в) қысқаша жоспар, мұнда мұғалімнің сұрақтары мен оқушылардың жауаптары жоспарланбайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет