Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет32/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1. «Керей» сөзінің түп-төркініне талдау жасаңдар. 
2. Керей мен Жәнібек хандардың шығу тегін көрсетіңдер. 
3. Алғашқы қазақ хандарының тарихи рөлін көрсетіңіз? 
4.Керей мен Жәнібек хандардың туыстық қатынасын ашып көрсетіңдер. 
5. Жәнібек ханның басқа лақаб есімдері қандай? 
6. Керей мен Жәнібек хандар Жошының қай ұлынан тараған өкілдер болып 
саналады? 
§ 3. Қазақ хандығының құрылуының барысы мен кезеңдері
Қазақ хандығының құрылуы барысындағы ең маңызды оқиғалар – 1457 
жылы Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр ханның қалмақтар басшысынан жеңілуі мен 
1468/69 жылы «көшпелі өзбектер» елі билеушісінің қайтыс болуына дейінгі 
аралықта өтеді. Осы аралықтағы он жылдан астам уақыт ішінде Қазақ 
хандығының құрылуы процесі жүреді. Кейбір әдебиеттерде жаңа мемлекеттің 
тарих шеңберіне көтерілуі бір оқиғамен ғана байланыстырылады, яғни Керей мен 
Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуі мен хандықтың құрылуын бір оқиға деп 
түсіндіреді.
Біз Қазақ хандығының құрылу барысы 10 жылдан астам уақытқа созылып, 
бірнеше сатыдан тұрған деп санаймыз. Бөлініп кету – хандықтың құрылуындағы 
алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп 
ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық 
және түпкілікті орнауы - хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.
Осы кезеңдегі оқиғалардың дамуына қарап хандықтың құрылуының бірнеше 
сатыдан тұрғанын көреміз. 
Бірінші сатыға – Керей мен Жәнібектің бөлініп кетіп, Моғолстанның 
батысындағы Шу өңіріне келуі және Керейдің хан болып сайлануы жатады. 
Хронологиялық тұрғыдан алғанда бірінші саты – 1457 жылдың күзінің соңы 
қысының басы мен 1458 жылдың көктемі аралығын қамтиды. 
Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ру-тайпалардың бөлінуі Әбілқайыр 
ханның 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі қалмақтардан жеңілісінен кейін болған. 
Шайқастың салдары Әбілқайыр хан үшін ауыр болады. Қалмақтардан жеңілу 
шибанилық әулеттің белсенді өкілдері, әрі «көшпелі өзбектердің» әскер басылары 
Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтанның ұрыста қаза табуы, ханның Сығанақ 
қаласына тығылуы, қалмақтардың жергілікті өңірдегі тұрғындарды емін-еркін 
тонаушылққа ұшыратуы Әбілқайыр ханның жеке басының беделін төмендетеді. 
Бұл жеңіліс мемлекеттің құрамына енетін тайпалар алдында ханның саяси билігін 
әлсіретіп жіберді. Әбілқайыр ханның үш жасар немересі Махмуд сұлтан 
қалмақтарға аманат ретінде беріледі. Соған қарағанда Әбілқайыр хан Үз Темір 
тайшының саяси билігін емес, оған белгілі бір көлемде салықтар мен төлемдерді 


179 
жыл сайын төлеп тұруға міндеттенген секілді. Ал соның кепілдігіне үш жасар 
немересі берілген. Жеті жылдан кейін Махмуд сұлтан өз еліне үлкен құрметпен 
қайтарылады.
ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Қазақ хандығы* 
Жалпы алғанда, 1457 жылғы шайқас - Әбілқайыр хандығындағы барлық 
қайшылықтардың бетін ашады, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында 
бір кезеңнің аяқталып, келесі кезеңнің яғни, күйреу кезеңінің басталғандығын 
көрсетеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бір 
бөлігінің бөлініп кетуі – соған дәлел бола алады.
Үз Темір тайшы бастаған қалмақтар жорығы 1457 жылдың жаз айларында 
болғандықтан, Әбілқайыр хан секілді Керей, Жәнібек және ордаежендік басқа да 
сұлтандар өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге сол тұста күндерін 
жайлауда өткізіп жатқан. Дерек мәліметтерінде баяндалғандай, Әбілқайыр хан 
қалмақтар жорығы туралы хабардың растығына көз жеткізгеннен кейін, ол 
жарлық шығарып, Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандарды әскердің басшысы етіп 
бекітеді. Кухистани Көк Кесене түбіне аттанған шибанилық сұлтандар мен 
шибанилық ру-тайпа басшыларының тізімін көрсетеді, бірақ онда ордаежендік 
әулет өкілдері мен ордаежендік әулетті қолдайтын тайпа атаулары кездеспейді. 
Шайқастың нәтижесінен хабардар болған ордаежендік әулеттің басшылары 
Әбілқайыр тарапынан болатын қарсы әрекеттерді алдын-ала сезген. Мұхаммед 


180 
Хайдар Дулати бір дерегінде «Жошы әулетінің кейбір сұлтандары одан келер бір 
пәлені сезіп, оны болдырмауға тырысты», - десе, келесі бір дерегінде «Жошы 
ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашты»,- 
деп жазады. Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын 
жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері 
болғандықтан ханның негізгі соққы бағыттары өздері мен ұлыстарына 
бағытталғанын көре біліп, оны болдырмаудың жолы деп Моғолстанға кетуді 
ұйғарған. 
Егерде Керей мен Жәнібек аздаған адамдармен кетсе, онда олар жылдың қай 
мезгілі болғанына қарамастан көшкен болар еді. Олардың соңында ордаежендік 
ру-тайпалардың бір бөлігі болуы себепті олар жылдың қай мезгілінде болса да ауа 
көшіп кете алмайтын еді. Көшпелі мал шаруашылығы ол тайпалардың негізгі 
шаруашылық түрі болғандықтан, олар тек жайлаудан қайтар кезде ғана көтеріле 
көшіп, бұрынғы дәстүрлі қысқы тұрақтарына емес, Моғолстанға бет алған.
Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін 
Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі 
қыстауларына бармай, Шу өзенінің бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати 
«Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс 
жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», - деп айтады. Ал Махмуд 
бен Уәли бұл өңірді берудің себебін былайша түсіндіреді: «Сол кездерде 
Моғолстанда Шағатай хан ұрпақтарынан Уәйіс ханның ұлы Есенбұға хан билік 
жүргізіп тұрды. Сол тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы 
Сұлтан-Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Сайд мырза Ирактан Жүніс ханды 
шақыртып, оған көмек пен жәрдем береді де, інісіне қарсы жібереді. Сол себепті 
Есенбұға хан билігінің негізіне сызат түсіп, соған байаланысты бұл хан Жәнібек 
хан мен Керей хандардың келуін адамдар /үшін/ қайырымдылық пен ізгіліктің көзі 
деп санады. Ханзадалардың келуіне құрмет көрсетіліп, келісім берілгеннен кейін, 
хан оларға Моғолстанның батыс өңірін берді. Ол өңір Есебұға ханның /иелігі/ мен 
Жүніс ханның иктасы арасында болды. Бұл өңір Шу және Қозыбасы деген 
/атаумен/ белгілі болатын». Қозыбасы – Тарғаптың қарсы бетіндегі Қордайда 
орналасқан тау жайлауы. Енді осы географиялық атауларды карта бойынша 
анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының 
шекарасы – Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы 
бойындағы алқаптар арқылы, батысы – Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне 
дейінгі, ал оңтүстікте – Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары 
арқылы өткен. Бұл аймақ – Есенбұға хан үшін біріншіден, оның Моғолстанның 
Жетісу жағындағы иеліктерін Андижан маңындағы Жетікент деген жерді иелікке 
алған Жүніс хан тарапынан болатын жорықтардан қорғап тұрса, екіншіден, дәл 
сондай міндетті Әбілқайыр хан тарапынан болар жорықтарға байланысты атқарып 
тұрды. Жүніс ханның Моғолстан аймағына жақын келуіне байланысты билігінің 
іргесі сөгіле бастаған Есенбұға хан жоғарыда айтылған аймақты Керей мен 


181 
Жәнібекке беру арқылы өзіне сенімді одақтас табады да, өмірінің соңына дейін тақ 
билігіне ағасын жолатпайды. Махмуд бен Уәлидің мынадай мәліметі осыны 
дәледейді: «Есенбұға ханның тірі кезінде /оған/ жоғарыда айтылған хандардың 
(Керей мен Жәнібекті айтып отыр – Б.К.) көмегі мен тірегі арқасында Жүніс хан 
тәкәппарлықпен аяғын үзеңгіге сала алмады». Басқаша айтқанда, бұл дерек 
мәліметі Жүніс ханның Моғолстанда Есенбұға ханның тірі кезінде хан бола 
алмағанын көрсетеді. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінің бір жерінде былай 
дейді: «Сұлтан Жүніс хан екінші рет Мырза Сұлтан Әбу Сайдта Моғолстанға 
келгенде, мұндағы әмірлердің барлығы тағы да хан маңына жиналды. Хан 
Моғолстанда біраз тұрды. Жетікентте тұрақтап қалды. Бірақ Есенбұға ханға 
тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды». Осылайша, 1457 жылдың соңында 
Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс жағындағы Шу өңіріне келіп қоныс 
тебуі арқасында, Есенбұға хан ағасы Жүніс ханға қарсы өзіне сенімді одақтас 
табады да, 1461/62 жылы қайтыс болғанға дейін оның иелігіне ешқандай қауіп 
бола қоймайды. 
Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуі – 1457 жылдың күзінің соңында 
болады. Деректердегі мәліметтердің баяндалуын хронологиялық тұрғыдан 
қарастырсақ, мынадай жәйттерді аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ру-
тайпалардың Шу өңіріне қоныстануы, Керейдің хан болғандығы, Есенбұға ханның 
иелігіне Жүніс ханның аяғын аттап баса алмағандығы, Есенбұға хан қайтыс 
болғаннан кейін қазақ билеушілері мен Жүніс хан арасында жақсы қатынастардың 
қалыптасуы жөнінде айтылады. Соған қарағанда Керейдің хан болып сайлануы 
Шу бойынан көшіп келгеннен кейін және Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін 
жүзеге асқан. Тарихи бір аңызда: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір 
түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе 
Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда 
Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап өздерін «қазақ» деп атапты». Аңыздың 
мәліметіне сүйенсек, Керейдің хан болып сайлануы – 1458 жылдың көктем 
айларының бірінде, мүмкін наурыз айында жүзеге асқан. Хан сайлау процесі аса 
маңызды болғандықтан, әсіресе жаңа әулеттің алғашқы ханын сайлау сол елдің 
өміріндегі ерекше маңызды оқиға болып саналатындықтан, оған билеуші әулет 
өкілдері ерекше мән беретіндігі өз-өзінен түсінікті. Хан сайлау жиынына билеуші 
әулет өкілдерінен басқа дін басылары, ру-тайпа көсемдері, мен батырлары және 
басқа әлеуметтік топ өкілдері қатысады. Қазақ қоғамында хан сайлау дәстүрі ХІХ 
ғасырдың соңына дейін сақталып, ол жөнінде орыс авторларының еңбектерінде 
баяндалады. А.И. Левшинның жазуы бойынша хан сайлау үшін алдын-ала оның 
уақыты мен өткізілетін жері белгіленеді, әртүрлі «жеке кеңесулер» өткізіліп, хан 
сайлауға әрбір топтың өкілдері анықталады, негізгі үміткер анықталғаннан кейін 
жалпы жиында ол ақ киізге отырғызылып, сұлтандар мен ру-тайпа көсемдерінің 
қолдауына ие болып, үш рет киізбен жоғары көтеріледі.
Ал енді Керейді хан көтерген мезгілге келетін болсақ, біздің ойымыз 


182 
жоғарыда айтып өткен аңыздағы уақытқа сай келеді. Керей мен Жәнібек бастаған 
ордаежендік ру-тайпалар үшін 1457 жылдың соңында ең басты мәселе қыстау, 
қыста жайлатын орындарын таңдау, оларды белгілеу, елді қоныстандыру және т.б. 
шаруашылық мәселелер болған. Ал көктем шыға алдын-ала дайындық жұмыстары 
жүргізіліп, жас жағынан Жәнібекке қарағанда үлкендеу Керей хандық билікке 
отырғызылады. Керейдің хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылу 
барысындағы бірінші кезеңді аяқталды деуге болады. 
Осылайша, тарих мінбелеріне көтерілген Қазақ хандығын сол кездер үшін 
толыққанды, дербес хандық деуге толық болмайды. Өйткені, дербес хандық деу 
үшін оның нақты территориясы мен халқы, билеуші әулеті мен ханы, басқару 
әкімшілігі мен құрылымы, өзіндік жүргізетін дербес саясаты және мемлекетке 
қажетті тағы басқа шарттары қажет болатын. Керейдің хан сайлануымен мемлекет 
үшін ең басты шарттардың бірі орындалады, яғни жаңа хандық – Қазақ хандығы 
дүниеге келеді. Ортағасырларда хан - тек жоғарғы билікті иеленген адам ғана 
емес, сонымен бірге мемлекетттің символы болып есептелген. Жазба деректерден 
хан болмаған жағдайда елдің тарап, халықтың басқа хандарға көшіп кететін 
мысалдарын кездестіруге болады.
Осылайша, Керейдің 1458 жылдың көктем айларының бірінде хан болып 
сайлануымен Қазақ хандығының құрылуы барысындағы алғашқы кезең аяқталды. 
Осы кезең ішіндегі оқиғалардың тарихи маңызын атап өтер болсақ, біріншіден, 
Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі – олардың 
Қазақ хандығын құрудағы алғашқы қадамы болды және Әбілқайыр хандығының 
тарихындағы күйреу кезеңінің тереңдегенін көрсетіп берді. Екіншіден, Шу өңіріне 
келіп қоныс тепкен ордаежендік тайпалар жаңа этникалық атауға – «өзбек-қазақ» 
атауына ие болды. Бұл дегеніміз этникалық процестің жаңа, ұлттық сипатқа ие 
болғандығын көрсетеді. Үшіншіден, хандық билікті қалпына келтіріп, Керейдің 
хан сайлануы – ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылымды дүниеге алып 
келгендігін көрсетіп береді.
Сөйтіп, таза ұлттық негізде құрылған Қазақ хандығы толыққанды мемлекет 
мәртебесіне ие болуы үшін әлі де болса өзінің қалыптасуы барысында бірнеше 
сатыны бастан өткеруі қажет болды.
Шарты түрде екінші сатыға – 1458 жылдың көктем айларынан – 1461/62 
жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады. 
Осы аралықта Әбілқайыр ханға наразы немесе оған қарсы шыққандар бірте-
бірте Керей мен Жәнібек хандарға келіп, қосыла бастайды. 
Екінші маңызды оқиға – Жүніс ханға қатысты оқиғалар жатады. 1457 
жылдың қазан айында Әбу Сайд мырзаның қолдауымен Моғолстанның іргесіне 
келген Жүніс ханның бірінші болып Ыстықкөл маңындағы құнжы, бекжак 
тайпаларының әмірі Керімберді, әмір Қажы Пір, әмір Ибрагим секілді басшылары 
мойындайды. Жүніс хан тайпа әмірлерімен жақындасу үшін осы жылдың соңында 
Әмір Қажы Пірдің қызы Исан Даулет бегімге үйленеді. 1458 жылдың күзіне дейін 


183 
Жүніс ханның маңайына біршама моғол тайпалары жиналады. Ыстықкөл 
тайпаларын өзіне қаратқаннан кейін Жүніс ханның алдында екі бағыт тұрды, бірі – 
Жетісу аймағындағы тайпаларға билігін орнату арқылы бүкіл Моғолстан тағы 
үшін күресу болса, екіншісіне – бірден Моғол ханы Есенбұға ханға қарсы аттанып, 
тақты күрес арқылы тартып алу жатты. Бірақта Жетісудағы тайпаларды өзіне 
қарату үшін оған Жетісудың батыс өңіріндегі Қазақ хандығы тосқауыл жасап 
тұрғандықтан, Жүніс хан бірінші жолдан бас тартып, екінші жолды таңдайды.
Қазақ хандығымен күресуден бас тартқан Жүніс хан 1458 жылдың жаз 
айының соңы – күз айларының басында Моғолстанның Шығыс Түркістан 
жағындағы Қашқарға көзін тігеді. Бұл кезде Есенбұға хан Моғолстанның шығыс 
жағындағы Жұлдыз жайлауында болатын. Жүніс ханның Қашқарға аттанғанын 
естіген Есенбұға хан тез арада Қашқар маңына келеді. Ағасы мен інісі арасындағы 
шайқас Қашқардың Ақсу жанындағы Хансалар деген жерде өтіп, өте қиындықпен 
Есенбұға хан мен әмір Сайд Әлі жеңіске жетеді (Мұхаммед Хайдар Дулатидың 
үшінші атасы –Б.К). Жүніс хан қашуға мәжбүр болады, бірақ әйелі жаңа туған 
үлкен қызы Михр Нигар ханым және қызыметшілері тұтқынға түседі. 
Жүніс ханның Исан Дәулет бегімге 1457 жылдың соңында үйленгенін, 
олардың тұңғыштары Михр Нигар ханымның емшекте болғанын ескеріп, 
Хансалар ұрысы 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтті дейміз. Осы 
шайқасқа қатысқан Дулатидың арғы атасы әмір Сайд Әлі 862 (1457 ж. қараша -
1458ж. қараша) жылы, яғни, 1458 жылдың қазан-қараша айларының бірінде 
қайтыс болады. 
Сөйтіп, Жүніс ханның Моғолстан тағын иеленуге бағытталған алғашқы 
әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Есенбұға ханның өз тағын сақтап қалуына Қазақ 
хандығы да өз септігін тигізеді. Қазақ хандығы Махмуд бен Уәлидің жазғанындай 
«Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы аралығында орналасып», 
Жүніс ханға бүкіл Жетісу тайпаларының қосылуына кедергі жасайды. 
Әбу Сайд мырза өзіне қашып келген Жүніс ханға екінші рет қолдау 
көрсетеді. Бұл жолы оған Андижан аймағының Жетікент деген жерін басқаруға 
береді.
Дулатидың көрсетуі бойынша Жүніс хан Әбу Сайд мырзаға екінші рет 
қайтып келгенде моғол әмірлері оның маңына қайта топтаса бастайды. Ол 
Жетікентте тұрақтап қалады. «Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге 
батылы бармайды». 
«Тарихи-Рашиди» авторының осы мәліметі Жетісудың батыс жағында 
құрылған Қазақ хандығының елеулі саяси күшке айналғанын көрсетеді. Сөйтіп, 
Қазақ хандығы сол жылдары Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі оқиғаларға 
тікелей араласпаса да, саяси күш ретінде ондағы билік үшін күресуші топтар 
арасында танылады, Қазақ хандығын олар мойындауға мәжбүр болады. Бұл – 
біздің ойымызша, Қазақ хандығының құрылуы барысының екінші сатысындағы ең 
басты жетістігі болып табылады. 


184 
Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі үшінші сатыға 1461/62-1469/70 
жылдар аралығы жатады. 1461/62 жылы моғол ханы Есенбұғаның қайтыс 
болуымен және оның мұрагері Досмұхаммедтің хан тағына келуімен 
Моғолстанның ішкі саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүреді де, ол өзгерістер 
Қазақ хандығына да ықпал етеді.
«Есенбұға хан ажалы жетіп дүниеден озған соң, орнына ұлы Дос Мұхаммед 
хан патша тағына отырады. Оның жасы он жетіде болатын. Ол парасатты адамдар 
қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын еді, оның үстіне бір сәт 
болса да мастықтан есін жинаған емес.
Жүретұғын жері лас, отыратын тағы лас, 
Ақылды жан аулақ жүр, жынды бүгін тағы мас!»,- деп Мұхаммед Хайдар 
Дулати оның жеке басына осындай сипаттама сөздерді қосып жазады. Мемлекетті 
басқару ісіндегі негізгі принциптердің еленбеуі, жас ханның ішкі саясатында 
белгілі бір мақсаттың, жүйеліліктің болмауы Моғолстанның Шығыс Түркістан 
жақ бөлігіндегі әмірлер арасында жіктер мен алауыздықтарды туғызады. Ханның 
саясатына наразы әмірлердің бір тобы Жүніс хан жағына шығады. «Тарих-и 
Рашиди» авторының атасы да осы кезде Жүніс ханды қолдай бастайды. 
Осылайша, Моғолстанның Ыстықкөл жанындағы Жүніс ханның күші молая 
түседі.
Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі шиеленіскен қатынастарда қазақ 
билеушілері қарсыласушы жақтардың ешқайсысын қолдамай, дербестік саясат 
ұстайды. Жүніс ханның жақтастары көбейіп, күші одан сайын арта түседі. Соған 
қарамастан, Жүніс хан билік үшін ашық күреске шықпай, Шығыс Түркістандағы 
саяси дамулар барысын бақылап, оның ақырын күтеді. 
Жетісудағы Қазақ хандығы үшін осы жылдар бір жағынан саяси күш ретінде 
күшею, көршілерге танылу жылдары болса, екінші жағынан алғанда, алғашқы 
тарихи сындарға төтеп беру жылдары болып саналады. Әбілқайыр ханға наразы 
болған жекеленген ру-тайпалардың Қазақ хандығына келіп қосылуы осы жылдары 
да жалғаса береді.
Осыған байланысты Әбілқайыр хан өзінің соңғы жорығын Моғолстанның 
батысындағы Қазақ хандығына бағыттайды.
1469 жылдың бірінші жартысында моғол билеушісі Досмұхаммед хан 
ауырып қайтыс болса, Темірлік билеуші Әбу Сайд мырза Аққойлы мемлекетінің 
сұлтаны Ұзын Хасанмен болған соғыста қаза табады.
Темірлік мырзаның өлімі Хорасан мен Мауереннахрдағы саяси 
тұрақтылықты саяси бытыраңқылыққа айналдырады. Хорасанда темірлік әулеттің 
өкілі - Хұсайын Байқара, ал Әбу Сайдтың ұлдарының үлкені Ахмед мырза 
Самарқан мен Бұқарада, үшінші ұлы – Махмуд мырза – Бадахшанда, төртінші ұлы 
– Омаршейх мырза – Ферғанада билікке келеді. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның соңғы 
жорығы қарсаңында Темір әулеті мемлекетіндегі саяси жағдай күрт өзгеріп, 
империя бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетеді. Бұл өз кезегінде Әбілқайыр 


185 
ханның Моғолстан жаққа жорық жасауына жол ашады.
Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа жорықты бастауына түрткі болған 
оқиғаға – 1469 жылы моғол ханы Дос Мұхаммедтің кенеттен қайтыс болуы 
жатты. Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуы Моғолстанның Шығыс Түркістан 
жағындағы ішкі саяси өмірді біршама шиеленістіреді.
Сөйтіп, 1469 жылдың басынан бергі Мауереннахр мен Моғолстандағы саяси 
жағдайлар Әбілқайыр ханға 1457 жылға дейінгі мемлекетінің қуаты мен өзінің 
беделін қалпына келтіруіне қолайлы жағдайлар қалыптастырады.
Әбілқайыр ханның жорығы 1469 жылдың жазының соңы мен күзінің 
басында басталады. Махмуд бен Уәли Әбілқайр ханның жорыққа дайындығы 
туралы былай деп баяндайды: «... Кенеттен ол (Әбілқайыр хан- Б.К) моғол 
сұлтандарының билігіндегі Моғолстанның қалған жерлерін бағындыруды 
ойластырып, әскер жинауға жарлық береді. Хан жорығына сәйкес барлық ел мен 
ұлыстардағы басшылар айтылған уақытта өздерінің ондықтарымен, жүздіктерімен 
және мыңдықтарымен Еділ бойындағы хан ордасына келуі тиіс болды». Махмуд 
бен Уәли Әбілқайырдың жорыққа аттанған, әскерінің жиналған жері деп Еділ 
өзенінің бойын өз дерегінде атап өтеді. Одан ары жорықтың жүрген бағытына 
үңілсек, Әбілқайыр хан Еділ өзені бойынан аттанып, Ала-Так маңынан өтеді де, 
Қызыл Надыр жайлауының жолымен жүре отырып, бірнеше асулардан асады. 
Одан ары Жеті Құдық деген жерге келіп тоқтайды. Қызыл Надыр жайлауы Талас 
өзенінің төменгі ағысында, қазіргі әкімшілк жүйе бойынша Оңтүстік Қазақстан 
және Жамбыл облыстарының шекаралары түйіскен жерде. Аталған географиялық 
атаулар бойынша Әбілқайыр ханның жорық бағыттары: Еділ-Алатау-Қызыл 
Надыр - Жетіқұдық арқылы жүрген болып шығады. Енді осы жорық бағытына 
карта бойынша көз салсақ, Әбілқайыр хан мол әскерімен Еділ өзені бойынан 
аттанып, Алатау маңына жеткен, одан ары кейін оралып, Қызыл Надырға барған 
да, қайтадан 180 градусқа бұрылып, Жетіқұдық деген жерге келіп тыныстаған. 
Әрине, талай жорықтарды басынан өткерген және Шығыс Дешті Қыпшақты бес 
саусағындай жақсы білетін «көшпелі өзбектер» ханы қалың қолымен бұлайша 
жүрмеген.
Әбілқайыр хан әскерінің бас қосып, жиналған жері – Шығыс Дешті Қыпшақ 
аумағындағы Тобыл өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойы болған. Біріншіден, 
Тобыл өңірі – XІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері Шибан әулетінің иелігіндегі 
жер және осы өңірде 1428 жылы 17 жасар Әбілқайыр хан тағына отырғызылған. 
Екінші, жорыққа дайындық жаз айларында басталып, хан әскер жию туралы 
жарлығын Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстігіндегі жайлаулардың бірінді 
жинаған. Жайлаудың негізінен өзендерге жақын, өзендер маңында болатынын 
ескерсек, онда Шибан Ұлысы аумағындағы үлкен өзеннің бірі – Тобыл өзені 
болғандықтан, хан әскерінің бас қосар жері осы өзен бойы деп белгіленген. 
Үшінші, Тобыл сөзі араб әріпімен - деп жазылады. Осы сөзді көшіру барысында 
оның Еділ (Итыл, Атил) сөзіне ауысу мүмкіндігі өте көп. Итыл сөзі – араб 


186 
әліппесі бойынша, - деп жазылғандықтан, екі сөздің, яғни Тобыл мен Итыл 
сөздерінінң дауысты дыбыстарсыз әріптік құрылымы бірдей болып, олардың 
ауысуы әбден мүмкін.
Осылайша, Әбілқайыр хан 1469 жылы жаз айында өзінің ежелден бергі ата-
баба иелігіндегі жайлауда болып, жорық жасау туралы шешімді осында 
қабылдаған. Сондай-ақ осы өңірдегі Тобыл өзеніннің бойы әскерлердің бас 
қосатын жері боп белгіленген. Сөйтіп, жорықтың бағытындағы алғашқы 
географиялық нүкте – Тобыл өзені болған. 
Тобыл өзені бойынан Моғолстан бағытына қарай баратын жолдағы екінші 
географиялық атау – Ала-Таг деп аталады. Біз бұл атауды Алатау емес, Орталық 
Қазқастандағы Ұлытау деп қабылдаймыз. Араб әріптеріндегі дауысты а,ә,ұ,ү, 
дыбыстары бір ғана әріп, / - алифпен берілгендіктен «ала» сөзін «ұлы» деп 
оқимыз. Ал «таг», «так» сөзінің көне түрік тілінде «тау» деген мағанасын 
білдіретіні көпке мәлім. Сонда дерек мәліметіндегі Ала-Так сөзі – Ұлытау сөзі 
болып шығады. Шынында да, Тобыл бойынан Моғолстан жаққа апарар ең қысқа 
және түзу жол Ұлытау арқылы өтеді. Алдыңғы бетте Қызыл Надырдың қай жерде 
екендігін айтып өттік. Осы анықталған үш географиялық нүкте арқылы: Тобыл-
Ұлытау-Қызыл Надыр бағыттарымен түзу сызық жүргізсек, онда Әбілқайыр 
ханның жорығы Моғолстанның Жетісу аймағының батыс жағындағы Қазақ 
хандығына қарсы бағытталғанын байқаймыз. 
Әбілқайыр ханның әскер жию туралы жарлығынан кейін, әскердің жиылуы, 
оларды тексеру және соншама мол әскермен Тобыл-Ұлытау-Қызыл Надыр арқылы 
жүру біршама уақытқа созылады. Хан әскерлері Қызыл Надырдан Жетісуға қарай 
бірнеше асу жер жүріп, Жетіқұдық деген жерге жеткенде күн суыта бастайды. 
Соған қарағанда, Әбілқайырдың жорық жасау жөніндегі шешімі мен жарлығы 
жаздың соңында шығып әскердің жиылуы мен аттаныс күз айларында болған. 
Махмуд бен Уәлидің: «... осы мезгілде қалың қар түсіп, құйындата жаңбыр жауды 
және күшті жел соғып, суық ең жоғарғы белгіге жетті».- деген дерегі күздің соңы 
немесе қыс айының басталғанын көрсетеді. Одан әрі ол биылғы қыстың басқа 
жылдармен салыстырғанда өте суық және қар аралас жаңбырлы болғанын айтып 
өтеді.
Суыққа қарамай Әбілқайыр хан жорықты жалғастырып, ұлдарының бірі 
Көшкінші сұлтанды, әмір Жұлдыз тархан, Хасанбек ойрат, Жәлел оғлан, Сатылмас 
найман, Сейітбек қоңырат, Темір маджар, Тошбек Қыпшақ және тағы да басқа 
әмірлермен бірге әскердің авангарды ретінде алға жібереді. Аққышлақ деген жерге 
жеткен кезде суықтың күшейгені соншалық, хан әскерін сақтау үшін жорықты 
тоқтатуға мәжбүр болады. Осы кезде Әбілқайыр ханның өзі де суықтан қатты 
ауырып, емшілердің қолданған еміне қарамастан Аққышлақ деген жерде қайтыс 
болады. Махмуд бен Уәли оның өлген жылын «елу жеті жасында 874 (1469 шілде 
– 1470 маусым) жылы, тышқан жылында»,- деп көрсетеді. Осылайша, Әбілқайыр 
ханның соңғы жорығы өз мақсатына жетпей, ханның қайтыс болуымен аяқталады. 


187 
Сөйтіп, Қазақ хандығына төнген қауіп, өзінен-өзі сейіледі.
Өзіміз шарты түрде бөліп отырған үшінші саты маңызды болып саналады. 
Біріншіден, осы жылдары Қазақ хандығына Әбілқайыр хандығынан бөлінген ру-
тайпалардың келіп қосылуы үзілмей жалғаса береді. Бұл процесс хандықтағы адам 
санының арта түсуіне алып келді. 
Екіншіден, Есенбұға ханның мұрагері Дос Мұхаммед ханның билік құрған 
жеті жылы ішінде 866(1461/62) – 873 (1468-1469) Моғолстанның ішкі саяси 
жағдайы өте нашарлап кетеді. Ханның жүргізген саясатында нақты бір 
принциптердің болмауы әмірлердің арасында жікті ұлғайтып жібереді. Ал ол 
қайтыс болғаннан кейін әмірлер қарам-қарсы екі топқа бөлінеді де, бірі – 
Ыстықкөл жақтағы Жүніс ханды қолдаса, екінші біреулері – Дос Мұхаммед 
ханның жас ұлы арқылы өз үстемдігін сақтап қалуды мақсат етеді. Мұндай 
жағдайда Моғолстанның Жетісу жағындағы Қазақ хандығы бірте-бірте дербестене 
бастайды. 
Үшіншіден, осы саты ішіндегі ең ірі оқиғаға - Әбілқайыр ханның Қазақ 
хандығына қарсы бағытталған жорығы жатып, жорықтың мақсаты – 
Моғолстандағы саяси жағдайды пайдалана отырып, Жетісудағы Қазақ хандығын 
жою болғаны анықталды. Мауереннахрдағы саяси бытыраңқылық та Әбілқайыр 
ханның жорық ұйымдастыруына қолайлы жағдайлар жасайды. 
Төртіншіден, жорық барысына талдау жасау барысында кейбір түсініксіз 
жәйттерге көңіл аударылып, оларға ғылыми түсіндірулер берілді. Әбілқайыр 
ханның жорығы барысында ауырып қайтыс болуы – жорықты аяғына дейін 
жеткізбейді. 
Сөйтіп, осы үшінші сатыда Қазақ хандығына басты қарсыласынан төнген 
қауіп оның қайтыс болуына байланысты сейіліп, өзінің қалыптасуы барысындағы 
соңғы сатыға аяқ басты. 
Біз Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы, төртінші сатыға 
Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан қазақ билеушілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ 
аумағында билігі толық орныққанға дейінгі аралықты жатқызамыз. 
1469/70-ші жылдан бастап Қазақ хандығы дербес, толыққанды мемлекет 
атануға мүмікіндік алады. Шығыс Дешті Қыпшақ, Мауереннахр аумақтарында 
және Моғолстанның Шығыс Түркістан аймағындағы саяси жағдайлар оған өте 
қолайлы алғышарттар әзірлейді. Дос-Мұхаммед ханның қайтыс болуынан кейін 
моғол тағына ешбір қиындықсыз Жүніс хан отырады. Бірақта оған алғашқы 
кездерде моғол әскерлерімен тіл табысу қиындықтар туғызады. Ол туралы 
«Тарих-и Рашиди» авторы былай деп баяндайды: «Сол күндері Жүніс хан бірнеше 
рет Қашқарға барды, алайда Моғолстан әмірлерінің ешқайсысы Қашқарда 
тұрақтай алмады. Хан шарасыздықтан қайта оралған болатын... Ол жөніде 
қысқаша мынаны айтуға болады. Жүніс хан Қашқарда шаһарда тұруды 
армандайтын. Бірақ моғолдың әскері мен әмірлері қаладан қашқақтаған-ды. Сол 
себепті де хан Моғолстанда тұруға мәжбүр болды. Сансыз мырза өлген соң, 


188 
Мұхаммед Хайдар мырза Жүніс ханмен жақындасты. Осы екі арада Дос 
Мұхаммед хан да өлді. Жүніс хан Ақсуға барып, Дос Мұхаммед ханның халқын 
өзіне қаратады... 
Алайда Жүніс хан Ақсуда қалғысы келетін еді, себебі Ақсу Моғолстанға 
қарағанда қалаға ұқсайтынды. Бірақ моғолдардың жүріс-тұрысынан бұлар егер 
біршама уақыт тұратын болса, елдің көңілінің Сұлтан Кебек оғланға (Дос 
Мұхаммедтің ұлы –Б.К.) ауатынын байқайды. Сондықтан хан амалсыздан бар елін 
Моғолстанға әкетуге мәжбүр болды». Осылайша, 1470-ші жылдардың басында 
Жүніс хан Моғолстан ханы боп мойындалса да, ол моғол әмірлері арасындағы 
алауыздықтарды тоқтата алмайды. 
Мауереннахр аймағында да Әбу Сайд мырзаның өлімінен кейін саяси 
тұрақтылық саяси бытыраңқылыққа ауысып, мырзаның үш ұлы ондағы өз 
иеліктерінде жеке-дара билік жүргізеді. 
Ал Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін «көшпелі өзбектер» еліндегі 
этносаяси ахуал мүлде шиеленісіп кетеді. Бұл туралы жазба деректерде мынадай 
мәліметтер кездеседі. «Тарих-и Рашидидің» бірінші кітабында «Әбілқайыр хан 
қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен 
келіспеушілік туды»,- делінсе, екінші кітабында «Әбілқайыр хан дүние салғаннан 
кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды»,- деп сипатталады. Әбілғазы 
болса, «Оның (Әбілқайырды айтып отыр- Б.К.) ұлдары мен немерелері көп еді, 
көп дұшпан оларға да қол сұқты, балаларының бірнешеуін өлтірді, қалғандары 
төрт жаққа қашты. Көп елінің барлығын тоз-тоз қылды»,- деп жазады. 
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, 
араларында үлкен келіспеушілік туды» деген мәліметі Әбілқайыр хан өлгеннен 
кейін билеуші әулет өкілдері арасында хан тағын иеленуге байланысты бірнеше 
топтың болып, олар арасында күрестер мен қақтығыстардың жүргенін білдіреді. 
«Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Тарих-и 
Кипчаки», «Фирдаус ал-икбал», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Түрік 
шжіресі» секілді деректердің мәліметтерінен біз Әбілқайыр ханнан кейін таққа 
Әбілқайырдың ұлдарының бірі Шайх Хайдар мен шибанилық әулеттің өкілі, 
Арабшахтың шөбересі – Иадгардың таласқанын жазады. Билікке 
таласушылардың шығу тегіне қарап мұрагерлік мәселесіндегі екі дәстүрдің – 
монғолдық және түркілік дәстүрлердің күресін көруге болады. Әбілқайыр ханның 
он бір ұлы болғаны белгілі. Олар ханның төрт әйелінен және күңінен дүниеге 
келеді. Бүркіт тайпасынан алған әйелінен – Шах Бұтақ-сұлтан мен Қожа 
Мұхаммед, Маңғыт әйелінен – Мұхаммед сұлтан мен Ахмед, қоңыраттан алған 
әйелінен- Шайх Хайдар, Санжар, Шайх Ибрагим, 1451 жылы алған Ұлығбектің 
қызы Рабиға сұлтан бегімнен – Көшкінші мен Сүйініш қожа, ал Ақ Бурук пен 
Сайд Баба аты ұлдар – күңнен туылады. Үлкен ұлы Шах-Бұтақтың әкесінің тірі 
кезінде қаза тапқаны белгілі, ал Қожа Мұхаммед Әбілғазы жазғандай «ақылы кем 
кісі болатын». Оқас бидің қайтыс болуынан кейін шибанилық әулеттің маңғыт 


189 
билемен қарым-қатынасы нашарлап кетуіне байланысты маңғыт әйелден туған 
Мұхаммед пен Ахмед Сұлтандардың әулет өкілдерінің қолдамайтыны белгілі. 
Рабиға Сұлтан Бегімнен дүниеге келген Көшкінші мен Сүйініш қожа 
сұлтандар – 16-17 жаста болатын. Ал қоңырат әйелден туылған үш ұлдың үлкені, 
Әбілқайыр ханның бесінші ұлы – Шайх Хайдарды шибанилық Болаттың (Пулад) 
Ибрагимінен өсіп-өнген жиырмадай сұлтан қолдайды. Ал шибанилық 
Болаттың(Пулад) Арабшахынан тарайтын Иадгар сол кезде Болат әулетіндегі ең 
жасы үлкені болғандықтан хандық билікті иеленуге ол да үміт артады. Бұған 
дейінгі келтірілген «өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасты» деген Дулати мәліметі 
осы екі үміткер арасында болған қақтығыстарды айтса керек. 
Арабшах ұрпағы Иадгар 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр ханның 
қалмақтардан жеңілісінен кейін өз ұлысында хан болып сайланған еді. Оны 
билікке үлкен ұлы Буреке сұлтан мен маңғыт биі Мұса отырғызады. Сырдың 
төменгі ағысының бойындағы өз ұлысында билік құрған Иадгар хан енді 
Әбілқайыр ханнан кейін түркілік дәстүр бойынша Шығыс Дешті Қыпшақтағы 
шибанилық әулеттің ең үлкені ретінде «көшпелі өзбектер» тағына отырмақ 
болады. 
Бірақта Шайх Хайдар хан мен Иадгар хан арасындағы таластар ұзаққа 
созылмайды. Иадгар ханның қандай жағдайда қайтыс болғанын деректер 
айтпайды, бірден оның қайтыс болғандығын және оның орнын Шайх Хайдар 
ханның иеленгенін баян етеді. Дәл осыдан кейін Иадгар ханның ұлы Буреке 
сұлтан бұған дейін Әбілқайыр хан мен ұлдарына, шибан әулетіне адал қызмет етіп 
келсе, енді билеуші шибан әулетіне ашық күреске шығады.
Мұхаммед Хайдар Дулати Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі оның 
еліндегі алауыздықтарды баяндай келе, былай деп жалғастырады: «Жұрттың 
көпшілігі Керей мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз 
мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп айта бастайды». «Тарих-и Рашидидің» 
тағы бір жерінде ол «әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру 
үшін Керей хан мен Жәнібек ханды паналады. Олар осылай күшін нығайтты»,- 
деп сипаттайды. Бұл дерек мәліметтері Әбілқайыр ханның өлімінен кейін 
«көшпелі өзбектер» елінде таққа таласушы екі топтың арасында кәдімгідей 
күрестердің жүргендігін көрсетеді. Кезінде Керей мен Жәнібек хандарға әртүрлі 
себептерге байланысты ілесе алмаған ру-тайпалар енді жаппай түрде көше 
бастаған секілді. Жаңадан қосылушылар есебінен Қазақ хандығының күші де өсе 
бастайды. Біздің ойымызша, олар ордаежендік және шибандық ру-тайпалар 
болған.
Иадгар ханның қайтыс болуынан кейін оның ұлысындағы биліктің Буреке 
сұлтанға тимей, Шайх Хайдар ханның қолына өтуі үміткердің қарсылығын 
туғызды. Сөйтіп, Болат әулетінің ішінде де жік пайда болады. Осындай жағдайды 
пайдаланып, Қазақ хандығы тарапынан Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибан 
әулетінің билігін жою үшін алғашқы күрестер басталады. «Тарих-и Кипчаки» 


190 
авторы ол туралы былай деп мәлдімет береді. «Бузург-хан [қайтыс] болғаннан 
кейін мемлекеттің басты адамдары ханзадаларымен ұйғарыса келе Шайх 
Хайдарды билікке алып келді. Ол жуастау және әлсіз адам болатын, басқару ісінде 
[өз бетінше қадамдар] жасауға дәрменсіз еді. Сол себепті де Жәнібек ханның 
ұрпақтарының бірі Бұрындық хан өз ұлысын біріктіріп, Әбілқайыр ханның 
ұлдарына бас салды. Оларда қарсылық [көрсететіндей] күш болмады, сол себепті 
жан-жаққа қашып кетті, олар кейін қайтқаннан соң [бұлар] қайта жиналды». 
Бұл мәліметте автор Бұрындықты Жәнібектің ұрпағы және оны хан деп қате 
жазғанына қарамастан, негізінен дерек Қазақ хандығының шибан әулетіне қарсы 
күресінің басталғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы он жылдан астам уақыт 
бойы Моғолстанның Жетісу аймағында болып, енді қайтып оралу үшін шабуылға 
шыға бастайды. 
Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибан әулетіне қарсы күресті Қазақ хандығымен 
қатар басқа да қарсыластар жүргізеді. Олар – Батыс Сібір аумағындағы 
шибанилық әулет бұтағының өкілдері Сайдек хан, оның немере інісі Абак (Ибак) 
хан, Сырдың төменгі ағысы бойындағы шибанилық әулет өкілі, Иадгар ханның 
ұлы – Буреке сұлтан, маңғыт билері - Едігенің ұрпақтары – Аббас, Мұса және 
Жаңбыршы билер. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» мәліметінде Шейх-Хайдар 
ханға қарсы күрескен Қазақ хандығы жағынан Барақ ханның ұлдары – Жәнібек 
пен Керейдің есімдері аталса, қалған шығармалардың мәліметтерінде тек Жәнібек 
ханның есімі ғана аталып, Керей есімі кездеспейді. Соған қарап біз. Қазақ 
хандығының алғашқы ханы болған Керей – 1470 жылға таман дүниеде болмаған 
деп санаймыз. Бұған дейінгі келтірілген мәліметтердің бірінде қазақ 
билеушілерінің Шейх Хайдар ханға қарсы жасаған алғашқы жорығында 
Бұрындықтың «хан» титуылымен аталуы да біздің осы ойымызды негіздей түседі.
Т.И. Сұлтановтың көрсетуі бойынша Шайх Хайдар ханның билігі өте қысқа 
болып, ол ұрыстардың бірінде қаза табады.
«Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Бахр 
ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Түрік шежіресі» секілді деректерде Шайх Хайдар 
ханға Сібір ханы Ибақ пен Үлкен Орда ханы Кіші Мұхаммед ханның ұлы Ахмед 
хан бірігіп жорық жасайды, олар жеңіске жетіп, ханды өлтіреді деп айтылады. 
Осылайша, Шайх Хайдар ханның өлтірілуімен Шығыс Дешті Қыпшақ 
аумағындағы шибани әулетінің билігі де күйрейді. Көптеген әмірлер мен бектер 
жан-жаққа тарап кетсе, әулетке адал бір топ адам әулет өкілдерін Астрахань 
хандығына апарып паналатады. Бірақ ол жақта да ұзақ тұра алмай, 
қарсыластардың тықсыруымен қашып-пысып жүріп, арқыры Сырдың орта ағысы 
бойындағы Түркістан аймағына келеді. Сөйтіп, Шығыс Дешті Қыпшақ 
аумағындағы жалғыз саяси күш – Қазақ хандығы болып санала бастайды. Белгілі 
зерттеуші Т.И. Сұлтанов бұл жөнінде былай деп тұжырымын береді: «Өзбек 
Ұлысының көп бөлігі билік Керей мен Жәнібектің және олардың жақтастарының 
қолына өтті. Жазба дерек мәліметтерін терең талдау бұл тарихи оқиғаның 875 


191 
(1470-1471) жылы болғандығын көрсетеді». 
Қорыта келгшенде, біріншіден, Қазақ хандығының құрылуы бір ғана 
оқиғамен жүзеге асқан процес емес, он шақты жылға созылған тарихи дамудың 
жемісі болып саналады.
Екіншіден, Керей мен Жәнібек хандардың бөлініп кетуі кездейсоқ болған 
емес, ол Әбілқайыр хандығындағы ішкі саяси жағдайларға байланысты 
туындайды. Бөлініп кетудің алғышарттары мен себептері толық пісіп жетілгеннен 
кейін, түрткі болған оқиғаға – 1457 жылдың жазының соңы немесе күзінің 
басында «көшпелі өзбек» елі билеушісінің қалмақ билеушісі Үз Темір тайшыдан 
жеңілісі мен одан кейінгі Әбілқайыр ханның өзін қолдамағандарға қарсы 
жүргізген жазалау барысындағы әрекеттері жатады. 
Үшіншіден, Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі екінші сатыда жаңадан 
қалыптаса бастаған хандық өзінің өміршеңдігін көрсетеді. Әбілқайыр ханға 
наразылар одан қашып Керей мен Жәнібекті пана тұтса, Жүніс ханның бүкіл 
Жетісуды иеленуіне жаңа хандық жол бермейді. 
Төртіншіден, Дос Мұхаммед ханның принципсіз жүргізген ішкі саясаты 
нәтижесінде Шығыс Түркістан жақтағы моғол әскерлерінің арасында жік пайда 
болса, Жетісу жақтағы Қазақ хандығы формалды түрде Моғолстан құрамында 
болып есептелгенімен іс жүзінде толығымен дербестене бастайды. Керей мен 
Жәнібек хандарға көшіп келу – одан ары жалғаса береді.
Бесіншіден, Әбілқайыр ханның қайтыс болуы мен «көшпелі өзбектер» 
еліндегі алауыздықтардың күшеюі ондағы ру-тайпалардың көбінің қазақ 
хандығына қосылуына алып келді. Біршама күшейіп алған Қазақ хандығы Шығыс 
Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билік үшін күреске белсене араласады. 
Шамамен, 1470-71 жылы Шайх Хайдар ханның өлтірілуімен Шығыс Дешті 
Қыпшақ аумағының басым бөлігі Қазақ хандығының құрамына қосылып, Қазақ 
хандығы толыққанды, дербес, жеке мемлекетке айналады. Сөйтіп, Қазақ 
хандығының құрылуы толығымен және түпкілікті түрде жүзеге асады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет