Жаңа дәуір философиясына тарихи, мәдени, рухани негіз болды. Жаңа дәуір философиясы XVII-XVIII ғасырлар аралығын қамтиды. Бұл -философиядан бөілініп шыққан жаратылыстану ғылымдарының қалыптасу және даму кезеңі. Физика, химия, астрономия, математика, механика дербес ғылымдарға айналды. Сондықтан танымның жалпы әдісін анықтау, жаратылыстану ғылымдарының мәліметтері мен табыстарын түсіндіру және жалпылау мәселесі туындайды. Мұның өзі жаңа дәуір философиясына жаңа міндеттер жүктейді.Жаңа дәуір философиясыныңі негізгі мәселесі – таным теориясы, барлық ғылымдарға қажетті ғылыми таным әдістерін жасау.
Егер жеке нақты ғылымдар табиғат заңдарын ашса, ал философия барлық ғылымдарға ортақ ойлаудың заңдылықтарын анықтауы тиіс.Осы мәселемен Ф.Бэкон, Р.Декарт, Дж.Локк, Г.В.Лейбниц айналысқан. Олар мүмкіндігі жоғары ойлау заңдылықтарын іздестірген. Бірақ адам ақылы нақты өмірде кейбір қате идеялармен, ұғымдармен тұманданған, көмескіленген. Осы тұманнан идолдан (Ф.Бэкон) босаған, тазартылған таза ақыл ғана құбылыстың мәнін аша алады. Яғни, таза ақылды табу керек. Сонымен қатар, ыңғайлы, пәрменді таным әдістерін ойластыру да өте қажет.
Жаңа дәуір философиясына тән бірнеше маңызды ұстанымдар бар:
1.Ғылымның діннен толық ажыратылуы. Сенімнің ақылмен, ғылымның дінмен бірігуі мүмкін емес.
2.Ғылымның адамзаттың маңызды іс - әрекеті дәрежесіне көтерілуі. Тек ғылым ғана адамзатты байытады, қайғы мен қасіреттен босатады, қоғамды дамудың жаңа сатысына көтереді, қоғамдық прогресті қамтамасыз етеді.
3.Ғылымның дамуы мен адамның табиғатты игеруі барлық ғылымдарға ортақ негізгі әдістерді анықтаған жағдайда ғана мүмкін болады.
Таным теориясы жаңа дәуірде өзекті мәселеге айналды. Фрэнсис Бэкон (1561-1626) - ағылшынның көрнекті философы және мемлекет қайраткері. Англиядағы жоғары мемлекеттік лауазым лорд-канцлер болған. Философияда оның ғылым және оның әдісі туралы ілімі ықпалды, атақты болды. Бэкон өзінің философиялық зерттеулерінің мақсатын «ғылымдарды түбегейлі қалпына келтіру» деп анықтап, сол уақыттағы ғылыми білімдерді жан – жақты өзгертуге бет бұрды. Бэкон білімді қайта құрудың, қажеттілігін екі себеппен түсіндіреді.
Біріншіден, адам танымының тарихын талдау ғылымның қоғамдағы орнының маңыздылығын және қажеттілігін көрсетеді. Ғылыми білімдердің көмегімен адам өз өмірін жеңілдетуге мүмкіндік алады. Бұдан былайда ғылым адамға пайда келтіруі қажет, өйткені оның ең басты міндеті – адамзатты аштықтан, кедейліктен, аурулардан азат ету.
Екіншіден, ғылым осы уақытқа дейін негізгі міндеттерін анда-санда, аракідік, кездейсоқ орындап келді. Ғалымдар көп уақыттарын практикалық іс - әрекеттен тым алыс, жалаң пікір таластарға жұмсады. Мұндай жағдайдың бірнеше себептері бар. Ең бастысы, ғалымдар адамның танымдық қабілеттерін зерттемеді. Сондықтан олар таным процесінің іс жүзінде қалай іске асатынын білмеді, бақыламады.Танымдық іс - әрекеттің тетіктерін білмегендіктен, оны жақсартатын оңтайлы құралдарды да таба алмады.
Үшінші себеп, ғалымдар өз білімдерін дамытудың бағыттарын білмеді.Бэкон өзі көрсеткен кемшіліктерді жеңудің жолын ұсынды. Оның ойынша, таным процесі екі кезеңнен тұрады: 1) сезімнің тануы; 2) ақылдың пікірі. Сезіммен табиғатты тануға болмайды, олар тіпті өтірік ақпар беруі де мүмкін. Заттардың сапалары, дыбыс, түр, дәм, иіс, жылу, суық адамдардың сыртқы заттарды қабылдауларының түрі болып табылады. Ал ақыл сезімнің мәліметтерінен тез арылады және өзіндік рең береді. Осы өзіндік реңді Бэкон «идол», елес деп атаған.
Ф.Бэкон идол, яғни, пұттарды немесе елестерді өзгелердің пікіріне сын көзбен қарамай, қабылдаудан, адамның табиғи мүмкіндіктерінен, жеке адамның кемшіліктерінен, тілдің шикілігінен, дәйексіздігінен туындайтын қателіктер деп анықтады.
Таным процесін осындай елестерден тазарту үшін арнайы ойлап табылған және жақсы ұйымдастырылған тәжірибені пайдалану қажет. Оның мағынасы – табиғи заттарды іс - әрекетте байқау, не нәрсенің себеп, не нәрсенің салдар екенін түсіну.
Сезім туралы ілімі және білімді алудың жолдарын көрсету арқылы Бэкон жаңа эмпиризмнің негізін қалады.
Жаңа дәуір философиясындағы эмпиризм – бұл тәжірибелік, сезімдік білімді нағыз шынайы ақиқат білім деп мойындау.
Бэкон ақылдың негізгі құралы ретінде индукцияны пайдаланды, яғни көптеген жеке құбылыстарды анықтап, жинақтап, қорытындылады. Танымның негізгі әдісі индукция дей отырып, Ф.Бэкон танымдық іс - әрекеттің нақты жолдарын анықтады. Бұлар – «өрмекшінің жолы», «құмырсқаның жолы», «араның жолы».
«Өрмекшінің жолы» білімді таза ақылдың күшімен, рационалдық жолмен алу. Бұл әдіс нақты фактілер мен практикалық тәжірибенің ролін төмендетеді.
«Құмырсқа жолы» - білімді барлық мәліметтерді пайдалану арқылы алу. Бұл жағдайда зерттеу нысаны туралы барлық мәліметтер жинақталады, оның ішінде керектісі, керексізі де, маңыздысы, маңызды емесі де болады. Ғалым көптеген нақтылықтардың арғы жағында не жатқанын көрмей қалуы да мүмкін.
Бэконның пікірінше, оңтайлы таным әдісі «араның жолы». Бұл жағдайда «зерттеуші» өрмекші, құмырсқа жолдарының жақсы жақтарын қабылдап, кемшіліктерінен арылуға тырысады. Яғни нақтылы мәліметтерді жинастырумен қатар оның артында не тұрғанын да білуге ұмтылады. Сөйтіп, танымның негізгі жолы құбылыс пен заттардың мәніне рационалдық әдіспен үңілетін индукцияға негізделген эмпиризм болып табылады. Эмпириктер, эксперименталді жаратылыстануды ғылымның ғылымы деп есептеді. Эмпириктердің негізгі ұраны – Ф.Бэконның «Білім - күш» деген тезисі.
Рене Декарт (1596-1650) – көрнекті француз философы және математигі, жаңа европалық рационализмнің негізін қалаушы. Жастайынан ақиқат білімді өтірік білімнен ажыратуға күш салды. Өзінің алдына қойған мақсатын орындауға бағытталған ережелерді ойлап тапты. Оның өзінің сөзі бойынша, философияның жарты бөлігі мынадай ойларға сүйенді:
1. Ақиқатты іздестіру барысында тек ақылды басшылыққа алу керек. Еш қандай беделге, дәстүрге, кітапқа, сезімге сенуге болмайды.
2.Сондықтан бұрынғы барлық білімдер мен икемділіктерді ығыстырып, олардың орнына жаңадан табылған немесе бұрынғы, бірақ ақылмен ойластырылған, тексерілген білімдерді қою қажет.
3.Ақиқатқа тек қана ақылдың күшімен, оның дұрыс пайдаланумен ғана жетуге болады.
Осы қағидалардан – ақ Декарттың таным туралы ілімінің Ф.Бэкон ілімінен түбегейлі айырмашылығын көруге болады. Өйткені, білімнің негізі, ақиқаттың қайнар көзі - адам ақылы деп Декарт рационализмді жақтады.
Декарт білім алуға оңтайлы әдіс ұсынған. Оның төрт маңызды ережесі бар:
күмәндануға жол бермейтін анық нәрсені ақиқат ретінде қабылдау;
күрделі мәселелерді қарапайым, ұсақ бөлшектерге жіктеу;
қарапайым, ұсақ бөлшектерден тұратын бірінен бірі туындайтын тізбек құру;
осы бөлшектердің ешқайсысын қалдырмай толық есепке алу.
Білімнің ақиқаттығының өлшемі – ақыл.
Декарт философияны ағаш сияқты жүйе деп есептеді. Бұл ағаштың тамыры философия, діңі – физика, ал сабақтары – басқа ғылымдар: медицина (адамдардың денінің сау болуына жол ашады), механика (тұрмысты оңтайлы ұйымдастыруға бағытталған білімді береді), этика (ізгілікті өмір сүрудің жолдарын анықтайды).
Ағаштың діңі мен сабақтары тамырынсыз өсіп – өне алмайтыны сияқты философиясыз ешбір ғылым дами алмайды.
Ғылымдар жүйесі үшін философия өте маңызды, сондықтан оның алғашқы бастаулары мен түп неігздерін әруақытта біліп отыру қажет.
Осы мақсатты орындау үшін Декарт арнайы тәсіл ойлап тауып, оны картезиандық күмәндану деп атады. «Күмән келтіру» принципін Декарт былай деп суреттеді. «Егер мен күмәнданатын болсам, онда менің ойлағаным. Егер мен ойланатым болсам, онда менің өмір сүргенім». Декарт осы принципі арқылы әлем мен философияның ескі көзқарастарынан арылып, жаңалыққа бой ұруына жол ашты.
Ғасырлар бойы өзгермейді деп келген қисынсыз қағидаларды талқандай отырып, рационалдық методтың тууына себепкер болды. Декарт ақыл – парасатты аса жоғары бағалап, оны білімнің қайнар көзі деп есептеді.
Жалпыдан жекеге өту арқылы логикалық тұжырым жасау керек деп Декарт дедукциялық әдісті дамытты.
Р.Декарт дуалистік ілімнің өкілі болды. Өйткені ол әлемнің, дүниенің түп негізі ретінде екі бастаманы, яғни материалдық және рухани бастамаларды мойындады.
Р.Декарттың іліміндегі материалдық субстанцияның негізгі сипаттары созылмалық және бөлінгіштік. Ал рухани субстанцияларға ойлау қабілеті тән, сондықтан олар бөлінбейді. Декарт туа біткен идеялар туралы ілім ұсынған, көптеген білімдер таным мен дедукция арқылы пайда болады. Бірақ ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін білімдер де бар. Олар бірден тікелей белгілі, ұрпақтан ұрпаққа берліп отырады. Бұл идеялар екі түрде болады: ұғымдар және пікірлер. Туа біткен ұғымның мысалы: Құдай (бар), сан (бар), «ерік», «тән», «жан».
Туа біткен пікірдің мысалы: «Бүтін өзінің бөлшегінен үлкен», «ештеңеден ештеңе туындамайды».
3. Жаңа дәуір философиясында ғылыми танымның әдістері туралы ізденістерде бір – біріне қарама – қарсы екі бағыт қалыптасты: эмпириялық және рационалистік.
Эмпириктер (Ф.Бэкон, Т.Гоббс, ДжЛокк) танымның негізі, қайнар көзі – тәжірибе. Тәжірибе сезімдік таныммен, түйсікпен, қабылдаумен, елестермен тығыз байланысты. Адамның жаны ақ қағаздай тап – таза. Оған белгі түсіріп, жазу жазатын сыртқы дүние, ал сыртқы дүние сезім мүшелері арқылы бізге әсер етіп, білім береді. Білімнің негізі тәжірибеде жатыр.
Рационалистер Р.Декарт, Б.Спиноза, Т.Лейбництнің пікірінше, адамның сезіміне негізделген тәжірибе барлық ғылымдарға ортақ әдістің негізі бола алмайды. Қабылдаулар мен түйсіктер алдамшы. Пәрменді әдістің негізі – адамның ақыл – ойы, парасаты.
Рационалистік бағыт адамның ақыл – ойын әдістің негізі етіп алады.
Эмпиризм мен рационализм арасындағы осындай пікір таласы жалпы таным теориясына оң әсер етті. Өйткені олардың әрқайсысы өз пікірін дәлелдеу мақсатымен таным процесіне терең үңіліп, оның мүмкіндіктерін, шегін, әртүрлі деңгейін жан – жақты талқылауға, талдауға кірісті. Мұндай аналитикалық талдау адамның танымдық қабілетінің бұрын онша айтыла бермейтін жаңа қырлары мен қасиеттерін анықтауға жол ашты.
Эмпиризм де, рационализм де бір жақтылыққа ұрынды. Шын мәнінде таным процесінде сезімдік мүмкіндіктердің және ақыл – ой, парасаттың өзіндік орны бар, оларды бір – біріне қарама – қарсы қоймай, бір тұтастықта қарастыру ақиқатқа әлдеқайда жақын еді.
Бұл дәуірдің бастапқы жетістігі – танымның құрылымының күрделі табиғатына назар аударып, оны әртүрлі жағынан анықтау.
Жаңа дәуірдегі Голландия философиясының өкілі Бенедикт Спиноза (1632-1677) Р.Декарт идеяларын жалғастырды. Субстанция, таным теориясы, этика, еркіндік пен қажеттілік мәселесін зерттеді. Спиноза философияның негізі ретінде біртұтас субстанция туралы идеяны қабылдады. Оның - атрибуттары ойлау мен табиғат. Табиғат өзін - өзі жаратушы, яғни субстанция өзінің сансыз көп модустары (түрлі күйлері, қасиеттері) арқылы көрінеді. Осындай модустардың бірі - қозғалыс. Дүниенің өз себебі деп жариялай отырып, Спиноза сол арқылы әлемді жаратушы Құдайдың жоқ екенін негіздейді. Пантеизмді жақтай отырып, ол Құдай табиғаттың өзі деп жариялайды. Спиноза еркіндік мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Оның пікірінше, еркіндік ұғымы қажеттілік ұғымына қайшы емес.
Еркіндік дегеніміз – танылған қажеттілік, яғни саналы түрде және нақты не нәрсе қажет екендігін түсіну деп ойлады.
Томас Гоббс (1588-1679) – таным және мемлекет мәселесімен айналысты. Таным дегеніміз, Гоббстың ойынша, ойларды бір – бірімен қосу және бір – бірінен алу. Осыдан келіп, ол таным процесінің бірден – бір ғылыми әдісі тек қосу мен алуға негізделген математикалық әдіс қана бола алады деген тұжырым жасады.
Т.Гоббс – мемлекеттің пайда болуында қоғамдық келісім жатыр деген идеяны бірінші ұсынған философ. Оның атақты еңбегі – Левиафан.
Джон Локк (1632-1704) – ағылшын материализмнің ірі өкілі, іштен туатын иделарды (Декарт) жоққа шығара отырып, біз барлық білімдерімізді тәжірибе, түйсік арқылы аламыз, жаңа туған баланың миы – таза тақта, өмір өз шимақтарын салады, білім осыдан құралады деп есептеді. Локктің басты тезисі: алдын ала түйсікте болмаған нәрсе ақыл – ойды да болмайды. Түйсіктер сыртқы дүниедегі заттардың біздің сезім мүшелерімізге әсер етуінен туындайды. Сөйтіп материалистік, сенсуализмнің негізін қалады.
Готфрид Лейбниц (1646-1716) – неміс ғалымы, математик, юрист, философ, рационализмді дамытушы. Негізгі ұғымы – монада туралы ілім. Монада қарапайым, бөлінбейді, материалдық заттық құрылым емес.
Монада – бұл ұдайы өз күйін өзгертіп тұратын – іс - әрекет. Оған тырысу, қызығу, қабылдау елес тән.
Дж. Беркли (1685-1753) – субъективтік идеализмнің өкілі. Оның пікірінше, өмір сүру дегеніміз – қабылдану. Жеке заттар түйсіктердің жиынтығы түрінде ғана адам сапасына енеді, өмір сүреді.
Дж.Юм (1711-1776) Берклидің ілімін агностицизм бағытында дамытты. Оның пікірінше, адам өз түйсігінен тыс шыға алмайды, өзінен тыс ешнәрсені біле алмайды. Ол объективті себептілікті жоққа шығарды.
Ағартушылық философия европаның классикалық философиясының дамуының жаңа кезеңі болып табылады.
Ағартушылық идеяларының отаны Англия болды. XVII ғасырдың аяғында прогрессивті ағылшын буржуазиясының нығаюы мен ғылыми білімнің даму үрдістері ағартушылық идеяларының кеңінен қанат жаюына негіз болды. Жаратылыстану ғылымдарының дамуымен тығыз байланыста болған ағылшын ағартушылары адамның еркіндігі мен ақыл ойының күшіне сенім артты.
Осы сарындағы философиялық идеялар Францияға тез жетіп, жан – жақты дамыған концепциялар пайда болды. Ағартушы – философтар қоғам мен адамның ғылым мен прогреске сүйене отырып жетілуін көкседі. Білімді кең көлемде таратып, адамдарды тәрбиелеу қажеттілігіне көңіл аударды. Адам табиғатынан ізгілікті, оның кемшіліктері қоғамның қайшылықтарынан туындайды. Сондықтан оны әрдайым тәрбиелеп, бағыттап отыру қажет.
Ағартушылық таза философиялық ілім емес, оның құрамында қалыптасып келе жатқан буржуазияның идеялық және саяси өзіндік санасының мұраттары да көрініс тапты.
Англияда, Францияда ағартушылық қайраткерлері ақыл – ойлы негізгі культке айналдырды. Феодалдық қоғамның қалдықтарын сынға алды, ғылыми – философиялық ойлаудың, көркемөнер шығармашылықтың адамдардың пікірі айту қабілетінің еркіндігін жақтады.
Француз ағартушылығының көрнекті өкілдері – Франсуа Вольтер (1694-1778), Жан Жак Руссо (1712-1778), Дени Дидро (1713-1784), Жан Батист Д`Аламбер (1717-1783), Жюльен Ламетри (1709-1751), Клод Гельвеций (1715-1771), Поль Гольбах (1712-1789).
Вольтердің негізгі еңбектерінің бірі – «Метафизикалық трактат». Ол ағылшын философтары Ф.Бэкон мен Т.Гоббстың шығармашылығын жоғары бағалап, эмпиризмнің ықпалында болады. Көп уақытқа дейін Декарт идеяларына самарқаулық танытады. Вольтер тәжірибенің танымдық маңызын анықтап, оның теорияға қатынасын түсіндіруге тырысады.
Ойшылдың философиясында субъектің белсенділігі туралы мәселе кеңінен қойылған Вольтер субъектің іс - әрекетінің динамизмі мен белсенділігін ерекше атап, зерттеді, жаңа дәуір философиясын едәуір байытты.
Оның «қоғамдық адамға» деген қызығушылығы сол кездегі әлеуметтік сұраныстан туындаған. Вольтер басқа адамдар мен тығыз байланыста өмір сүретін адамның қоғамдық табиғатынан жақсы түсінген.
Вольтер философиялық еңбектерінде адамдардың теңдігі туралы да мәселе қойылған. Ол саяси теңдік, заң мен құқық алдындағы теңдікке ерекше көңіл аударған.
Адамдардың саяси, құқықтық теңдігі экономикалық және әлеуметтік теңдігімен анықталатынын түсіне алмаған.
Вольтердің замандасы және оған рухани жақын ойшыл Ш.Л.Монтескье (1689-1755). Деизмді жақтады. Тарихты адамдар жасайды деген қорытындыға келді. Қоғамның дамуына климат пен географиялық фактор әсер ететіндігін мойындады.
Қоғамда заңның үстемдігі мен билікті болу идеялары Ш.Монтескьенің болашағы мол өскелең ойлары болып табылады.
Жан Жак Руссо (1712-1778) – кедей ортаның өкілі, оның әкесі сағат жөндеуші және биді үйретуші болған. Руссоның шығармашылығы жан-жақты, театр шығармашылығынан басқа ол ғылым мен өркениетті сынаумен, экономикалық, әлеуметтік – саяси мәселелермен айналысқан. Оның «Эмиль немесе тәрбие туралы» және «Жаңа Элоиза» шығармалары жетілген, табиғи моральдың жобалары болып табылады.
Руссоны қызықтырғанең маңызды мәселе – адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі.
Адамдар арасында негізінен теңсіздік бірден пайда болмайды. Оның туындауына себеп болған меншіктік қатынастар. Яғни қоғамда меншіктік жіктелу болып, жеке меншік пайда болғаннан бастап, теңсіздік қатынастар өркендей бастайды.
Жеке меншік - теңсіздіктің бірінші себебі. Ал жеке меншіктің өзі адамдар қажеттілігінің қайшылығынан, бәсекелестік пен бақталастықтан туындайды. Қоғамның табиғи жағдайы бір – бірімен жауласқан топтар қатынасымен алмастырылады.
Меншіктік жіктелу – теңсіздіктің бірінші сатысы. Теңсіздіктің екінші сатысы – мемлекеттің қалыптасуы, билік иелері мен оған бағынушылар арасындағы теңсіздік.
Үшінші сатыдағы теңсіздік заңы үкіметтің деспотияға айналған уақытында пайда болады. Соңғы жағдайда, Руссоның пікірінше, барлық адамдар өзінің теңсіздігінде бірдей болады да, тиранға қарсы бас көтеруге құқық алады. 1789 жылғы Франциядағы революциялық қозғалыстың заңдылығын Руссо осындай ойлармен негіздейді.
Осы ойларын Ж.Ж.Руссо «адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы мен себептері» деген еңбегінде баяндайды.
«Қоғамдық келісім туралы» атты еңбегінде Руссо біріккен халық басқаратын «халықтың мемлекет» идеясын ұсынды. Бұл мемлекетте жалпы ерік пен жеке адамдар еркінің арасындағы күрделі өзара қатынастар елді билейді деп ой қорытады.
Ж.Ж.Руссо философиясының атақты девизі «Қайтадан табиғатқа оралу». Өйткені табиғатта адамның орны оның қабілеттеріне байланысты, сондықтан табиғи тәртіп әділетті. Ал қоғамда адам меншік байлық арқасында орын алады, бұдан қоғамдық тәртіптің әділетсіздігі туындайды.
Дени Дидро (1713-1784) ғылым, өнер және қолөнер энциклопедиясын жасауды ұсынды.
Достарыңызбен бөлісу: |