«Baq.kz» ақпараттық порталы. ҚР Дін істері агенттігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері А.Омаровтың «Теріс діни ағымдардың ортақ белгілері» атты мақаласы Теріс діни ағымдардың ортақ белгілері
Жат діни ағымдарды дәстүрлі діндерден айыра білу – зайырлы қоғам жағдайында діни сауаттылық деңгейінің басты өлшемінің бірі болып табылады. Кез келген діннің негізін иман (Жаратушыға жүрекпен нану) және тағат (сыртқы ғибадат) деген екі бөлік құрайды. Иман – ақыл мен адамшылықтың бәрін де сиғызады. Ал, тағаттың шеңбері тар, ол шеңбер белгілі бір әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қалыптастырудан аса алмайды.
Айтайын дегенім, халықтың дін құмарлығы иман мен тағаттың реттілігі мен арасалмағы сақталу тұрғысынан тексеріліп, реттеліп отыруға тиісті. Мәселен, тағаттың дамуы жоғары болып, ал иманның кенжелеп қалуы жақсылыққа апармайды. Осымен, тақырыбымызға келейік. Шын дінді шатақ діннен айырудың тәсілдерін халыққа жеткізу дінтанушы мамандардың маңызды міндеті. Төменде үш тәсілді қарастырмақпыз.
Інжілдің де, Құранның да өзегі – мейірім, әділет. «Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы» дейді Абай. Дәстүрлі діннің ешбірі «қатігез бол, жамандық жаса» демейді. Егер мешітке намаз оқуға барып жүрген мектеп жасындағы немесе студент балаңыздың мінез-құлқынан қатігездік белгілері байқалса, айталық, ата-ананың тілін алудан бас тартса, оқу үлгерімі төмендесе, онда болды, бітті, мұны жат діни ағымның теріс ықпалы деуге әбден болады. Ал, егер оның ісінде қайырымдылық, жүзінде мейірімділік көбейсе, былайша айтқанда, жүрегі жұмсара бастаса, әңгіме мүлде басқа. Солай болуға тиісті қалыпты жағдай міне, осы. Өйткені, адам жүрегі Тәңіріні танып-білу, хикметін сезу арқылы жұмсарады. «Жүрегі жұмсақ білген құл» (Абай). Міне, жоғарыда айтылған иман мен тағаттың арақатынасы осы арада бой көрсетеді.
Сонымен, жат ағымдардың әуелгі белгісі – адам жүрегіне төзімділік пен сүйіспеншіліктің емес, өзімшілдік пен қатігездіктің дәнін себуі. Айғақ іздеп, алысқа ат айдаудың қажеті шамалы, қазіргі таңда намаз оқып тұрған, өзін кәміл мұсылман, өзгелерді кәпір санайтын, түсі суық «салафист» діндарды кез келген мешіттен көзіңіз көреді. Шынында «кәпір» сөзінің араб тіліндегі төл мағынасы «мейірімсіз» (сауаты таяз кісі оның «дінсіз» деген терминдік мағынасын ғана біледі).
Шатақ діндерге тән келесі белгі – дәстүрлі дінді қабылдамай, оның жергілікті ерекшеліктеріне өре түрегеліп, қарсы тұруы. Бұл христиандық және исламдық діни топтарға ортақ әрекет. Әрбірі өзінің «ілімін», Құдайға табыну рәсімдерін ұсынып әлек. Сол себепті олар сектаға жатады. Өкінішке қарай, қалыптасқан діни дәстүрді бұзуға, тәркі етуге бағытталған жаңашыл, төңкерісшіл рух жастардың қызығушылығын тудырып, ой-санасын тез жаулап алады. Демек, Қазақстандағы діни ағымдардың қайсысы еліміздегі екі дәстүрлі дінді (ислам, православие) қабылдамаса, сол арқылы қоғам тұтастығына жік түсірсе, сол ағымды жат немесе шатақ дейміз. Дәстүрлі дінді терістеп, оның жамағатынан өздеріне мүше тарту әрекетін «прозелитизм» дейді.
Енді шын дінді шатақ діннен айырудың үшінші белгісіне келейік. Әр халыққа отбасылық және ұлттық құндылықтар тән. Егер қай дін, қай ағым болмасын жергілікті әдет-ғұрыпты сыйламаса, оларды сыртқа тебетін болса, бұл оның шатақ дін екенінің айқын айғағы. Ғылым тілінде бұл дертті «космополитизм» дейді.
Кейбір ислами топтардың ұлттық мәдениетімізден мұсылманшылықты бөліп алып, екеуін соғыстыра бастағаны белгілі. Олардан «Сендер кімсіңдер?» десең, «Мұсылманбыз» дейді, «Ұлтың кім?» десең, «Ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз» дейді. Мұның аты қоғам тұтастығына жік түсіру емей не. Діндегі «біз» және «олар» деген бөлініс пен кешегі кеңестік дәуірдегі «бай» және «кедей» деп екі тапқа бөліну арасында айырма шамалы.
Сол сияқты ері – бір, әйелі – екінші дінде болса, бұл жақсылыққа бастамайды. «Иегова куәгерлері», «Кришна Санасы», «Муна Шіркеуі» сияқты жат ағымдар талай отбасының күйреуіне өз «үлестерін» қосты. Жалпысында, жаңа діни қозғалыс өкілдері өздерін Құдайдың әмірі мен ізгі хабарын таратушылармыз деп біледі. Сөйте тұра, әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, мейірім, әділетке қызмет ететін салт-санасын, тәрбиелік жүйесін күйретіп жүргенін өздері де аңдамайды.
Теріс ағымдарға тән негізгі үш белгі – нышан осылар.
Қайталап айтқанда, Құдайға таза құлшылық қылу желеуімен адам санасына қатігездік идеясын (адамды туысынан, туған жерге сүйіспеншіліктен айыру) сіңдіру, бір діндегілерді «біз және олар» деп бөлу және ұлттық мәдениетті тәркі ету (космополиттік көзқарасты уағыздау) барлық секталар мен шатақ діндердің ортақ сипаты һәм қаруы болып табылады. Сондықтан, оларды әшкерелеу экстремизммен күресудің басты бағыты.
Қазақтың ағайыншылық қасиеті мыңдаған жылдар сақталды. Інжіл мен Құранды тек мейірімділік, әділет, ғылым жайлы аяттар ғана көктей өтеді. Ендеше бұлардан тыс идеяларды тықпалау, оларды қасақана бұрмалау білместік һәм киелі мәтінді теріс оқығандық болады.
Сөз соңы, зайырлы мемлекет тағатты емес, иманды бекіту, өсіруге мүдделі. Басқаша айтқанда, діндарлықтың орнына ғылымды және қоғамның интеллектуалдық байлығын арттыру маңызды. Сондай-ақ, осы заманның талабы – жастарды ғылым-білімге үйір қылу, адал еңбекке баулу екені талассыз ақиқат.
Асан Омаров, ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері
http://baq.kz/kk/news/38158
Достарыңызбен бөлісу: |