Жаз айы. Кещшқұрым уақыт. Ауылдан әжем келіп, қуанышымда шек жоқ. Әжем ала сөмкесін әкеліп, дастархан басына жайғасты. Сөмкеден шыққан құрт пен майдың дәмі, иісі бір уақ көктің иісі сіңген ауылды аңсатты
Жаз айы. Кещшқұрым уақыт. Ауылдан әжем келіп, қуанышымда шек жоқ. Әжем ала сөмкесін әкеліп, дастархан басына жайғасты. Сөмкеден шыққан құрт пен майдың дәмі, иісі бір уақ көктің иісі сіңген ауылды аңсатты. Бұл кісінің «пенсиясы» келсе базарды бір аралап, немерелеріне дейін керек-жарақты алып шығатыны бар. Оның жартысын тиын кұйінде майдалап, мәсісінің қонышында былғарыдан тіккен «қара әмиянына» сақтап, Алланың берген оншақты немерелеріне де беріп, айдың аяғына дейін жеткізеді. Тұрақты алымшыларының ішінде мен де бармын. Әкем берген ірі ақшадан, әжем берген майда қара тиын қызықты,қуанышты күй сыйлайтын. «Әжемнің ақшасы өмірі таусылмайды» дейтінбіз. Ала сөмкенің қызығына кіріп, кешкі тамақтың уақыты болғанын да байқамай қалыппыз. Анамның: «келіңіздер, тамақ дайын, суытпай ішіп алыңыздар» деген дауысын естідік. Орнымнан тұрып, қозғала бергенімде, әжемнің ыңғай танытпағанын көріп, естімей қалды екен деп менде: «әжетай, жүріңіз тамақ ішейік» деп қасына келіп бауырына ендім. Әжем ренішті халде: -Үйдің еркегі келмей тұрып, дастарханға отыру дұрыс емес. Қазір әкең келсін, бірге отырып ішеміз - деп,басымнан сипады. Мен болсам өз ойымды білдіргім келіп: - Әжетай, ол бұрыннан қалған әдет емес пе? Қазір ондай жоқ, қарны ашқан адам дастарханға отырып, тамағын же береді ғой,- дегеніме әжем: « -Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатындай, үйдің де әдеп-тәртібі болады»- деді. Әжемнің айтқанына күліп: «-Әжетай, үйдің әдебі қандай болады екен? Бізге айтып беріңізші» - дедім. Сонда әжемнің әңгімесі былай басталды: «Кішкентай кезімізде аналарымыздан әдептілікті үйренетін едік. Үйде әкеміз бен анамыз бар кезде аяғымызды созып отырмайтын едік. Ал, үлкендер сөйлеп жатқанда сөз кезегі берілмейінше сөзге араласпайтынбыз. Үлкендер үйге кіргенде дереу орнымыздан тұрып, оларға орын беретінбіз. Ешқашан әкемізден бұрын дастархан басына отырмайтын едік. Әкеміз келіп, тамақты «бисмилляхпен» бастап, «қане,тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастайтынбыз. Сосын астан кейін дастархан дұғасын оқимыз. Ешбір тамақ отбасыңмен бірге отырып жегендей болмайды. Осы нәрселер дастархан әдебі болып саналады, балам. Үйдің әдебі-кешкісін пердесі жабылған, жабылмағанынан көрінеді деуші еді бұрын апаларымыз» - деп, сөзін жалғаған әжем: «Әр нәрсенің әдебі болады. Махаббаттың әдебі-жасырын болуда, көздің әдебі-көздің қабақтарында, дененің әдебі-оранған,киінген болуда. Ал ұят-иманнан». Әжемнің әр айтқан сөзін бағып отырған анам ұялып, алдымен пердені жапты,ал ұйып тыңдап отырған мен тағы да әжемнің бауырына еніп, қапсыра құшақтай кеттім.
Әжемнің айтқан осы бір ақ сөздері менің есімнен ешқашан кетпеді. Осы өсиеттің өміршеңдігі сондай, әлі күнге дейін алдымнан шығып, маған өз пайдасын тигізіп келеді.