Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет10/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   85
Жұбаева монография
Авакова фразеосемантика, символдар Анесовой У.
Функционалды категориялау дегеніміз – таңбаның категориалды мәнінің, таңба мен оған сәйкес келетін оқиғаның арасындағы байланысты бейнелейтін концептуалды (концептуалды категория арқылы) көрінісі. Бұл морфологиядағы категориялау үдерісі туралы динамикалы сипаттағы түсініктердің қалыптасуына негіз болады. Морфологиядағы функционалды категориялау дегеніміз – әмбебап сипаттағы негізгі концептілер арқылы морфологиялық категория мен соған сәйкес келетін концептуалды жүйенің арасындағы байланыстың көрінісі ретіндегі морфологиялық тұлғаның категориалды мәнінің қолданысы.
Морфологиялық репрезентация дегеніміз – морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы концептуалды мазмұнның құрылымдалуының категориалды тәсілі болып табылады. Мұнда морфологиялық көрсеткіштер арқылы мағынаның негізгі, басты бөліктері кодталады. Морфологиялық репрезентация концептуалды мазмұнның дерексізденуі, жалпылануы, саралануына негізделіп, морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы көрініс табады. Дерексіздену барысында негізгі концепт («Уақыт», «Сан», «Қатынас» т.с.с.) мазмұны, жекелеген мәндер жалпылық сипат алып, өзара байланысқа түседі, маңызды белгілері айқындалады. Жалпылану нәтижесінде тіл үшін маңызды болатын сипаттар кодталып, «Шақ», «Жекелік-көптік», «Септік» т.с.с. морфологиялық жолдармен берілетін концептілердің қалыптасуына негіз болады.
Әрбір халықты ұлт ретінде ерекшелендіретін, ұлттың дүниетанымын, ойлау жүйесін, дүниетанымдық көзқарастарын көрсету қазіргі тіл дамуында көбінесе лексика-фразеологиялық жүйеге қатысты қарастырылып келе жатқандығы белгілі. Алайда лексика жеке тұрып қарым-қатынас құралы бола алмайды, ол міндетті түрде тілдің грамматикалық жүйесіне иек артады. Яғни адамның ойын жарыққа шығаратын коммуникативтік жүйесіз тіл өз қызметін атқара алмайды. Олай болса, лексика мен грамматика – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Сол себепті де лексикада бар жалпыадамзаттық, ұлттық-танымдық жүйе грамматиканың да тілдік құрылымына орнықтырылған. Мұндай тілдің грамматикалық құрылымынан көрінетін ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктерді қарастыратын грамматика ілімінің бір саласы – этнограмматика болып табылады.
Қазақ тіл білімінде грамматикалық бірліктерді ұлттың, этностың дүниетанымдық білімдер жүйесімен байланысты қарастыратын ғылыми еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Бұл мәселенің қазақ тіл білімінде зерттелмеуін күні бүгінге дейінгі грамматика іліміне қатысты зерттеу жұмыстарында тілдің құрылымдық бағытына көп мән беріліп, оның коммуникативтік-прагматикалық, психолингвистикалық, нейролингвистикалық т.б. антропоөзектік қырларының өз дәрежесінде зерттелмей келе жатқанымен түсіндіруге болады. Ал бұл тілді зерттеудің антропоөзекті парадигмасы, түпкі өзегінде адам факторын көрсетуді мақсат ететіндіктен, мұндай зерттеулерде міндетті түрде әрбір ұлттың дүниетанымы, ұлттық санасы, ұлттық болмысы көрініс табады. Этнограмматиканың мақсаты да осы тілдің коммуникативтік жүйесіндегі кодқа салынған ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктерді тауып, осындай этнограмматикалық бірліктердің коммуникативтік-прагматикалық мән-мазмұнын ашып көрсету болып табылады.
Этнограмматикалық бірліктер әсіресе, тілдің сөйлеу жүйесін тексеретін синтаксис саласымен тығыз байланысты. Оның мән-мазмұны мен этникалық болмысы да осы синтаксистік бірліктер арқылы танылады. Ал синтаксис құрылымдық жүйе сөйлемді зерттеу нысаны етіп алса, коммуникативтік синтаксис тілді құрылымдық жүйемен ғана шектемейді, коммуникативтік акт кезіндегі барлық қарым-қатынас құралдарының барлығын сөйлеу ортасына жинақтап, сөйлеу жағдаяты, адресат, адресант факторларын, мәнмәтін т.б. тілдік (сөйлеу) құрылымдарды ойды жеткізу, қарым-қатынас жасау құралы ретінде жұмсалымға түсіреді. Қарым-қатынас жасау, ойды жеткізу, сөйлем құрау сияқты сөйлеу актілерінде де әрбір халықтың өзіндік ұлттық болмысына тән тілдік құрылымдары болады.
Қорыта келгенде, морфологияда тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер көрініс табады. Сөйлеушінің ментальді ерекшеліктері уақыт, модальділік, персоналділік, қатынас, сан-мөлшер т.б. негізгі (іргелі) концептілерде көрінеді. Тілге дейін пайда болған концептуалды құрылымдар болмыстағы құбылыстарды тікелей қабылдау, әсерлену нәтижесінде түзіледі; бастапқы концептілер концептуалды жүйе құрауда маңызды орын алып, жаңа концептілерді меңгеруде анализатор, интерпретатор қызметін атқарады; тілдің көмегімен түзілген концептуалды құрылымдар концептуалды жүйеге тілдің көмегінсіз енгізуге болмайтын ақпараттар жүйесін құрайды. Алдымен барлық мағына лексика деңгейінде көрініс тауып, кейін олардың ішіндегі ең маңыздылары ғана морфология, грамматика деңгейіне өтеді.
Морфологиялық репрезентацияда морфологиялық көрсеткіштер арқылы мағынаның негізгі, басты бөліктері кодталады. Морфологиялық репрезентация концептуалды мазмұнның дерексізденуі, жалпылануы, саралануына негізделіп, морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы көрініс табады. Дерексіздену барысында негізгі концепт («уақыт», «сан-мөлшер», «қатынас» т.с.с.) мазмұны, жекелеген мәндер жалпылық сипат алып, өзара байланысқа түседі, маңызды белгілері айқындалады. Жалпылану нәтижесінде тіл үшін маңызды болатын сипаттар кодталып, «шақ», «жекелік-көптік», «септік» т.с.с. қалыптасады. Морфологиялық категориялар концептуалды жүйенің негізгі концептілерін ғана репрезентациялайды. Сол себепті уақыт, сан, сапа т.с.с. белгілер міндетті түрде морфологиялық тұрғыдан репрезентацияланады. Яғни тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер морфологияда көрініс табады.
Морфологияда морфологиялық категориялар мен тұлғаларда көрініс алған концептуалдау тәсілдері мен жолдары айқындалады. Морфологиялық концептуалдау жолдары мен тәсілдері тілдің онтологиясына байланысты болады. Себебі морфология тілдік репрезентация заңдылықтарының концептуалдану құралы болып табылады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілерді былайша сипаттауға болады: ол – бір жағынан, морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі категориалды бірліктер (уақыт, сан т.с.с.) болса, екінші жағынан, морфологиялық категориялардың қалыптасуына негіз болып, нақты грамматикалық мағыналар (грамматикалық шақ, көптік жалғау, рай т.с.с.) түзетін концептілер. Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер морфологиялық репрезентацияның когнитивті негізін құрайды. Тілдік деңгейде морфологиялық категориялар мен тұлғалар қатысып, тілдік білімдер мен тілдің ғаламды қалай бейнелейтіні туралы білімдерге негізделген білімдердің құрылымдарын репрезентациялайды.
Грамматикалық ұғымдар лексикалық концептосфераға үстеледі. Сол себепті қандай да бір сөз табына қатысты болмайтын сөз жоқ. Әр сөз не зат есім, не сын есім, не етістік ретінде танылады. Ендеше, тілдің грамматикалық құрамының концептосферасы адамның тілдік санасының ажырамас бөлшегі болып табылады. Сөз таптары – адамның таным әрекеті арқылы айналасын категоризациялау негізінде қалыптасады. Когнитивтік құбылыс ретінде сөз таптары адамның әлемді тану, қабылдау, түсіну ерекшеліктерін көрсетеді. Сол арқылы таным иесі – субъектінің ментальді ерекшелігі айқындалады. Бұл ерекшеліктер тілде кеңістік, уақыт, сапа сияқты әмбебап сипатты негізгі концептілерде көрініс табады. Болмыстағы категориялар, олардың өзара байланыстары сөз таптары ретінде жүйеленген. Нақты құбылыстар тілдік санада заттың атауы, күйі, қалпы, сапасы түрінде көрініс табады. Яғни грамматикалық ұғымдар концептосфера түзіп, оның ерекше деңгейін құрайды.
Бүгінде лексикалық мағынасы түсініксіз, көнерген сөздерге этимологиялық талдау жасауда грамматикалық концептосфера тұрғысынан морфологиялық концептілер жүйесі арқылы сөз мағынасын айқындауға болады. Тіл – өте күрделі құбылыс, оның өзіндік жүйесі, тәртібі болады. Алайда сонымен қатар ол өте қарапайым. Сол себепті сауаты болмаса да, адамдар бірін бірі түсінісіп жатады. Тілі жаңадан шығып келе жатқан бала да тілдің қалыптасқан заңдылықтары бойынша сөйлеп үйренеді. Тіл жүйе болғандықтан, қызмет етпейді, керісінше, тіл белгілі бір мақсат көздеп, қызмет ету үшін жүйе құрайды. Сөйлеуші сөйленім әрекетінің субъектісі ретінде көрініп, қабылдаушы, ойлаушы тұлға ретінде қарастырылады, оның мәтін құру үшін қандай тілдік бірліктерді таңдап алғанына ерекше мән беріледі. Атадан балаға жеткізілетін этномәдени ақпарат санада шифр, код түрінде көрініс табады. Сол арқылы этнотілдік санада тілдік мәндерде кодталған ғалам бейнесі көрінеді.
Лексика мен синтаксистің өзара байланысы ең алдымен сөз таптарының жалпыкатегориалдық мәнінен көрінеді. Мәселен, бастауыш позициясында заттық мәнде жұмсалатын сөздер, яғни зат есімдер қолданылса, баяндауыш қызметінде көбінесе іс-әрекет, қимыл мәнін білдіретін етістіктер жұмсалады. Синтаксисте жекелеген сөздердің мағынасы емес, біршама жалпы категориялардың семантикасы ерекше мәнге ие болады. Лексикалық мағына сөздердің синтаксистік қызметін шектейді. Мәселен, жалқы зат есімдер дерексіз мәнде жұмсалмайды. Сөйлемді тілдің жүйелі бірлігі ретінде қарастыру нәтижесінде жалпы, көпке белгілі жалпыланған үлгілер айқындалады. Сөйлем сол үлгі бойынша құрылады. Мұнда жағдаят немесе сөйлесушілер ескеріле бермейді.
Сонымен, бүгінгі таңда когнитивтік бағыттағы зерттеулерде тілдегі білімнің көрінісін сипаттауға бағытталған ізденістер жанданып келеді. Морфология теориясының дамуы ондағы когнитивті үдерістерді талдауды қажет етіп отыр. Сондықтан зерттеу жұмысы грамматикалық категориялар мен көрсеткіштер түрінде көрініс тапқан морфология деңгейіндегі білімдерді айқындауға арналған. Сол арқылы морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілішілік ерекшеліктері айқындалып, тілде концептуалды мазмұнның репрезентацияландағы морфологиялық бірліктердің орны көрсетіледі. Мұндай зерттеулер тілді құрылымдық немесе функционалды қырынан зерттеумен қатар қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан сипаттауға жол ашады, морфологияның тіл жүйесіндегі орнын айқындап, сөйлеу-әрекетіндегі маңызын түсінуге, морфологиялық категориялардың тұрпат және мазмұн межесін тануға мүмкіндік береді. Морфологиялық категорияларды осылайша талдау тілді когнитивті бағытта зерттеуге арналған еңбектердің дамып, өркендеуіне жол ашады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   85




©dereksiz.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет