Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет16/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   85
Жұбаева монография

Өткен шақ тұлғалары морфологиялық жолмен берілетін уақыт концептін активтендіре отырып, «сөйлеу сәтінен кейін болған іс-қимыл» сипатын актуалдандырады. Ол морфологиялық репрезентация арқылы қосымша лингвистикалық факторлардың әсерімен өткен шақ тұлғаларының негізінде бұрынғы (дистантілі) өткен шақ, жедел өткен шақ, ауыспалы өткен шақ сияқты лексика-грамматикалық мағыналары қалыптастырады.
Қазақ тілінде өткен шақ – өте күрделі категория болып табылады. «Прошедшее время в русском и казахском языках» атты еңбегінде Ф.Т. Гришко орыс тіліндегі, қазақ тіліндегі шақтардың берілуін салыстыра келіп: «В сравнении с русским языком казахский язык богаче формами прошедшего времени: в нем есть вербальные, причастные и деепричастные формы времени, которые подразделяются на достоверные (очевидные) и недостоверные (неочевидные), на недавно и давнопрошедшие» [121, 3-б.]‚ – дейді. Өткен шақтың бұл ерекшелігі, біріншіден, басқа шақ түрлерімен салыстырғанда, өткен шақтың тілде (тілдік санада) ертерек қалыптасқанын танытса, екінші жағынан, зерттеушілердің өткен шақ тұлғаларын тануда түрлі ұстанымдарды басшылыққа алуына байланысты деп ойлаймыз. Т.Қордабаев [122], А.Ысқақов [78] өткен шақты сөйлеушінің амалды өзі басы-қасында болғандай, өз көзімен көргендей, тыңдаушысы сенерліктей етіп хабарлауына байланысты айғақты (немесе анық), айғақсыз (немесе танық) деп жіктесе, «Современный казахский язык» [123], Ы.Маманов [76], «Қазақ тілі грамматикасы» (Қ.Неталиева) [124], Ғ.Әбуханов [125], М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Құлкенова «Қазіргі қазақ әдеби тілі» [126], Ш.Бектұров, М.Серғалиев «Қазақ тілі» [127] сияқты еңбектерде іс-әрекеттің бұрынырақта не жуық арада өтуіне байланысты жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ деп топтастырылған. Сонымен қатар «Современный казахский язык», Ы.Маманов, М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Құлкенова еңбектерінде бұрынғы уақытта дағдылы түрде өтіп тұрған қимыл-әрекетті жеке топтастырып, «дағдылы өткен шақ» деп берілген.
Бұрынғы өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда, әлдеқашан бұрын болғандығын білдіреді [77, 516-б.]. Қазақ грамматикасында бұрынғы өткен шақтың екі түрлі жолмен жасалатыны туралы сөз болады: а) -ған/-ген, -қан /-кен тұлғалы есімшенің жіктеліп келуінен жасалады; ә) етістікке көсемшенің -ып/-іп жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Бұрынғы өткен шақтың күрделі түрі -ған/-ген, -қан /-кен тұлғалы есімшеге немесе -ып/-іп тұлғалы көсемшеге (еді) көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады [77, 516-б.]. Бұл тұлғалар бұрынғы өткен шақ мәнін білдіріп, морфологиялық жолмен берілетін уақыт концептінің мазмұнында «сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда, әлдеқашан бұрын болған іс-әрекет» сипатын активтендіріп, «сөйлеу сәтінен кейін болған іс-әрекет» жалпылық мәнін түзеді. Бұл морфологиялық мән мәнмәтін факторы арқылы нақтыланады. Ол оқиғаның ертеректе болғанын білдіру үшін қолданылатын мезгіл пысықтауыштардың көмегімен (ертеде, көп жыл бұрын, қазір ғана, көп уақыттан соң) іске асады. Мысалы: Бір күні апақ-сапақта Ұрқия келді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Талай түлкі, талай қоян ұстаған Лашын әзір алдынан ешкім тірі құтылмағанымен, аңдардың өзі әрқилы екеніне, олардың ішінде малма аяқ шабандарды да, желмен жарысқан жүйріктерді де ұшырасатынына көзі жеткен, істің сәті түсу, түспеуі алыстан не жақыннан қосылуға ғана байланысты еместігін ұққан (М.Мағауин, Таңд.).
Бұрынғы өткен шақ тұлғалары оқиғаны өткен шақпен ғана шектеп, оның осы шаққа ешқандай қатысы жоқ екенін, субъектінің сырт қалуына біршама уақыт болғанын көрсетеді. Мәнмәтін факторы арқылы морфологиялық жолмен берілетін уақыт концептімен қатар актив қолданысқа түсетін уақыт негізгі концептінің мазмұнында қосымша «қайтымсыздық» пайда болып, ол «сөйлеу сәтінен кейін болған іс-әрекет» сипатымен тоғыса отырып, «бұрынғы өткен шақ» грамматикалық мәні қалыптасып, концептуалды мазмұн құрайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет