Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы


ГРАММАТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ АНТРОПОӨЗЕКТІК НЕГІЗІ



бет2/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   85
Жұбаева монография
Авакова фразеосемантика, символдар Анесовой У.
ГРАММАТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ АНТРОПОӨЗЕКТІК НЕГІЗІ


Зерттеудің теориялық алғышарттары

Бүгінгі таңда адам факторы өзекті болуына байланысты тілді антропоөзектік тұрғыдан зерттеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұнда тілдің объективті және субъективті жағына ерекше мән беріледі. Адамды тілінен тыс сипаттау мүмкін емес, тілдің мәні мен өзіндік ерекшеліктерін адам және оның әлемге қатынасы арқылы толық сипаттауға болады. Антропоөзектік бағыттағы зерттеулерде адам сөйлеуші, өзіндік әлемі, өзіндік дүниетанымы бар саналы жан ретінде сипатталады. Тіл адамға таным құралы, қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етеді, болмысты тану барысында жинақталған әлем туралы білімді жеткізудің негізгі жолы болып табылады. Тіл ойды жарыққа шығарумен қатар таным әрекетіне өзіндік таңбасын қалдырып отырады. Сол себепті тіл ойлау әрекетіне қатысады. Адамның ойлау және сөйлеу қабілеттерін зерттеуде когнитивтік лингвистиканың орны ерекше. Тіл білімінде когнитивті парадигма салыстырмалы түрде кейін қалыптасқан бағыттардың бірі болып табылады, онда тіл білімді игеру құралы ретінде сипатталады. Тілді когнитивті тұрғыдан зерттеу адам санасының ойы мен танымының құрылымын бейнелейді, тілдің ақиқат болмыс туралы білімді сақтап, жеткізуші ретіндегі қызметін ескере отырып, тілдік категориялар мен олардың құрылымдарын жаңаша сипаттауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы зерттеулерде болмыс туралы білімнің қалай берілетіні, оның өзіндік ерекшелігі айқындалады. Табиғи тілдің таңбалар жүйесі арқылы адамның ішкі ментальді лексиканы – ақпаратты когнитивті тұрғыда өңдеудің ерекше маңызды жолдары айқындалады.


Тіл – таным құралы. Таным – ақиқат болмыстың ойдағы көрінісі болып табылады, сол арқылы білім қоры жинақталып, ақпарат қабылданады. Тіл таным нәтижесінде түзілген әлем туралы біліммен, оның адам санасындағы көрінісімен тығыз байланысты. Сана мазмұны – субъектінің таным әрекетінің (когниция) нәтижесінде жинақталған әлем туралы білімі. Сана – адамға ғана тән, сөйленіс әрекетімен тығыз байланыста болатын мидың әрекеті, онда болмыс жалпы, мақсатты түрде бейнеленіп, реттеліп отырады. Ақиқат болмыс адам санасында бейнеленеді. Сана субъектінің болмысты тануы арқылы қалыптасады. Санада қандай да бір ұғым қалыптасуы үшін оны тілдік таңба арқылы бейнелеу керек. Сол бейнеге ұқсату арқылы санада ұғым мазмұны көрініс табады. Адам айналасындағы заттар мен құбылыстарды өзіндік белгілеріне қарай бір-бірінен ажыратады, ол санада да, тілде де айқын көрініс табады. Адам қандай да бір нәрсе туралы ойлаған кезде оның санасында сол заттың бейнесі көрініс табады. Таңбаның бейнесі ойға негіз болады. Ой сөз арқылы көрініс табады. Білім алдымен тілдік семантикада кодталады.
Концептуалды мазмұн мен тіл екі жақты байланыста болады. Концептуалды мазмұнды тілдің көмегінсіз сипаттау мүмкін емес. Себебі санадағы құбылыстарды тіл ғана бейнелей алады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы: «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», – деп жазады [1, 341-б.].
Сана тіл арқылы көрініс табумен қатар тіл арқылы қалыптасады. Адам санасының қалыптасуы тіл мен сөйлесімнің пайда болуымен тығыз байланысты болады. Адамдар басқалармен қарым-қатынас жасау негізінде тіл мен өзіндік сана қалыптасады. Адам санасындағы болмыстың өзіндік белгілері мен ерекшеліктері білім түрінде жинақталады. Осыған байланысты тіл білімді қабылдайтын арна болып табылады.
Білім – мәдениеттің когнитивті тұрғыда ұйымдасуының негізгі, іргелі формасы. Тіл білім деңгейін анықтау үшін қолданылады. Тілде көрініс таба отырып, білім адамның ойлау қызметінің нәтижесін көрсетеді. Ойлау әрекеті тіл арқылы жүзеге асады, ойымыз тіл арқылы жарыққа шығып, басқаларға жеткізіледі. Сол себепті А.Байтұрсынұлы: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек», – деп жазады [1, 343-б.].
Ақиқат болмыстағы қатынастар тілде көрініс табады. Тіл адам дүниетанымын білдіреді. Ғалам бейнесі – адамның түрлі сезім мүшелері (көру, есту, тері, дәм) қабылдайтын санасы арқылы түйсініп, ақпаратты өңдеу нәтижесінде түзіледі. Тарихи даму барысында танымның екі түрі – сезімдік және логикалық таным қалыптасқан. Сезімдік таным адамның сезім мүшелері арқылы қабылдау, түйсіну қызметімен байланысты болса, логикалық таным ойлау нәтижесінде қандай да бір құбылыстардың мәнін, өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын айқындауға бағытталған. Уақыт өте келе білім белгілі бір тәртіпке келтіріліп, жүйеленіп, көзқарастар жиынтығы, ортақ ұжымдық дүниетаным ретінде қалыптасады, ол белгілі бір тілде сөйлеушілердің бәріне ортақ сипат алады, адам өмірінде маңызды қызмет атқара отырып, білім мәдениеттің бөлшегіне айналады. Сан ғасырлар бойы жинақталған білім қоры салт-дәстүр, дағды біліктер, ойлау ерекшеліктері, дүниетаным белгілі бір этникалық мәдени қауымдастыққа тән сипат алады. Әр тілдің болмысты қабылдайтын өзіндік тәсілдері болады, онда ұжымдық философия көрініс тауып, тілде ғаламның ғылыми бейнесінен бөлек бейнесі түзіледі. Нысандарды қабылдау тәсілдері әртүрлі болуына байланысты оның нәтижелері де әртүрлі болады.
Адам бейнесі тіл семантикасында көрініс табады. Бұл орайда адамның өзі емес, адамның тілдегі бейнесі ерекше маңызды болады. Тілді зерттеу арқылы адамзат өзін өзі танып, түйсінеді. Адам алған әсерін өзі арқылы сипаттайды. Бұл орайда Қ.Жұбанов тұжырымдары назар аударарлық: «Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар. Мысалы: адам фотографияны танып білгеннен кейін ғана өзінің басқа заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен. Мысалы, орысша небо – аспан, небо – таңдай; қазақ тіліндегі таң=адам әлемінің аты, яғни жоғары жаққа тән қасиеттің иесі; таңдай=адам денесінің жоғары жағы. Адамның жекелеген бөлшектердің белгілерін түйсіну арқылы атрибутивті портрет қалыптастыра отырып, ғаламды таниды»... «Таңырқады – таңқалды; таңыр=таң+ыр=тәңір; Таң=аспан бөлегі; ір – аспан. Бұрын адам өзін кішкене дүние деп есептеген. Бет-ауызды аспанға ұқсатқан: бет – таң атып келе жатыр. «Таң қалу» деген тіркесі кейде қысқартып таңырқау дейміз. Ұятсыз деуді бетсіз деуіміз де осы конкреттік бар. Бұл қолданыстың да ым тілінен шыққандығы байқалады (бетін сызу – ым тілінен қалған қалдық; заттық көрсеткіші (материальное выражение)» [2, 119-б.]. Ғалым тілдік құбылыстарды адамның (сөйлеушінің) категориялау және концептуалдау үдерістерімен байланыста сипаттайды, яғни затқа берілген атауларды адамға қатысты түсіндіре отырып, адамды негізгі меже ретінде алған.
Тіл – адамның дүниетанымын көрсететін ерекше құбылыс, ол этномәдени белгілер арқылы айқындалып отырады. Тілдік категориялар жүйесінде адамның орны ерекше. Осыған байланысты Г.А. Золотова: «Адам – сөйлеуші ретінде де, өзі сөз етіп отырған әлемнің негізгі кейіпкері ретінде де тілдің орталық мүшесі болып табылады», – дейді [3, 68-б.]. Тілдің антропоөзектік ұстанымы лексика-семантикалық жүйеде айқын көрініс табады. Бұл бірліктер «мәдени код» ретінде қызмет етеді және сөйлемдердің білімі, стереотипі болып табылады. Мәдениет – күрделі құндылықтар жүйесі әрі тәсілдері болып табылады, сол арқылы адам әлемді де, өзін де таниды.
Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы туралы алғаш тұжырым айтқан ғалымдардың бірі – В. фон Гумбольдт болды. Ғалым «тілді зерттеу арқылы адам мен ғалам арасындағы байланысты айқындауға болатынын» ескерте келіп, тілді халықтың рухы мен мәдениеттің қоймасы ретінде сипаттайды [4, 68-б.]. Мәдениет тілдің сөздік қорында көрініс табады. Мәдениеттегі өзгерістер тілде орын алады. ХХ ғасырдың басында қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес көптеген жаңа ұғымдар мен түсініктер қалыптасып, ғылым, өнер-білім салаларында жаңа сөздердің көптеп пайда болғаны белгілі: аэроплан, акционерное общество, кинематограф, резолюция, инструкция, прогресс т.с.с. Мәдениет күрт өзгерсе, тіл де қарқынды дамиды. Бірақ түбегейлі өзгеріп кетпейді. Осыған байланысты Қ.Жұбанов: «Қоғамдық мақсат – бір буынның (ұрпақтық) тілін екінші буынға түсіндіріп отыру... Егер тіл қазіргіден жылдам өзгерсе, бұдан 10 жыл бұрын жасаған ұрпақтың (буынның) тілін түсінбей қалар едік. Ал сирек те болса бұндай өзгерістер тілді дамытады, байытады», – деп жазады [2, 231-б.].
Тіл мәдениет үшін қызмет етеді. Тіл – ұжымдық сана арқылы жинақталған ақпаратты атадан балаға жеткізіп, жинақтайтын, сақтайтын, жүйе болып табылады. Академик Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі: коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына тән образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын, эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине, қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне байланысты. Ал тілдің үшінші бір қызметі ғылыми терминмен айтқанда, аккумулятивтік қызметі деп аталады. Яғни ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын игілікті қасиеті. ... Тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен, содан іздеуіміз керек [5,19-б.], – деп жазады.
Адам өзіне дейінгі жинақталған білім қорын қабылдау арқылы этномәдени қауымдастықтың өмір тәжірибелерін де қабылдайды. Адамның танымдық әрекеті – ақиқат болмысты тануға, қоршаған ортаны түйсініп, жинақталған білімдер негізінде әлемдегі орнын түсінуіне бағытталады. Тіл – сөйлеушінің дүниетаным ерекшеліктерін бейнелейтін құрал, ерекше ұлттық ділдің көрсеткіші, мәдениеттің негізі. Сол себепті М.Балақаев: «Кісі білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйретеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениеттің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Халықтың сондай ерекшеліктері, мәдениетті, әдет-ғұрпы, әдеби мұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады», – деп жазады [6, 14-б.].
Тіл мәдениеттің дамуына ықпал етіп отырады. Белгілі бір этникалық және мәдени қауымдастықтың өкілі ретіндегі жеке адамның ойлауы тілге байланысты болады. Тіл – халықтың рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Сол себепті әр ұлттың тілі, мәдениеті ерекше болады. Оларды біріктіруге, байланыстыруға болмайды. Мәдениет пен тіл белгілі бір этносқа тән ортақ заңдылықтарға байланысты болады. Тіл тағдыры мен этнос тағдыры өзара тығыз байланысты. Бұл орайда А. Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», – деуінің терең астары бар. Тілдің табиғатын, өзіндік ерекшелігін түсіну үшін сөйлеушінің қандай ұлттың өкілі екеніне назар аудару қажет.
Ақиқат болмысты танып-түсіну нәтижесінде жинақталған ақпарат тілде көрініс табады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданылып отырады. Адамның болмысты тану, түсіну нәтижесінде жинақтаған білімі тілдік бірліктерде көрініс табады. Н.Уәли лексика-фразеологиялық жүйеден адамның тілде орталық тұлға екені, ақиқаттағы дүниеге адам өз өлшемі, өз тұрғысынан қарайтыны айқын байқалатынын сөз ете келіп, тілдік тұлғаның бейнелі ойлауы ақиқат дүниенің тілдік бейнесін (картинасын) қалыптастыруға әсер ететінін, соның негізінде әр басқа тілде, әр басқа этномәдениетте белгілі бір тілдік таңбаның мағынасына қосымша ерекше мағына, яғни коннотациялық мағына қабаттасатынын айтады:
Бас – ақиқат дүниенің позитивті-логикалық танымға қатысты бейнесін жасауға қатысады, бас интеллектуалдық орталық: қолбасы, керуенбасы, елбасы, басшы, бастық, басқарма; бұлақ бастан тұнады, балық бастан шіриді.
Бас ақиқат дүниенің мифологиялық танымға байланысты моделін жасауға қатысады: бас жоғары әлеммен байланысты; бас төменгі әлемді басқаруға тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   85




©dereksiz.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет