Шығыс септік (S O) іс-әрекеттің, қимылдың қай жерден, неден басталғанын білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, іс-қимылдың бір объектіден қашықтап, ұзап, алыстап бара жатқанын көрсету. Мысалы: Сескеніп ғашық үшін жүрек қайтпас, Магниті сұлу қыздың күшті емес пе, Жігітті көңілі сүйген қайтіп тартпас, Астынан ақ тамақтың деміңді алсаң, Мойныңнан ақ білекті қайтіп артпас?! (М.Дулатов, Шығ.).
Шығыс септік тұлғалы сөз іс-қимылдың қандай объектінің маңында, төңірегінде болғандығын білдіреді: Ақ бауыр құрық, сойылдар оңтайлана көтеріліп, бұжыр бет шоқпарлар тақымдардан суырылды (К.Сегізбаев). Жаралы Қырғызбай да келіп жетті. Әлсіреп ат үстінен құлап кетті. Денеге тоғыз жерден оқ тиіпті, Ақ боз ат жан ұшырып алып жетті (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Садағымыз тартамыз. Отыз ұлдан қорықпаймыз. Тауды, тасты талқан қып, Жанып тұрған оттаймыз. Егер рұқсат берсеңіз, Қызыл судай қаптаймыз. Біз дұшпаннан қайтпаймыз (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Кейде іс-қимылдың себебін білдіреді. Мысалы: Арамнан адалды ақтап ала алмадым, Жанғанның жанын сақтап қала алмадым Ел зарлатқан арсыздың қылығынан Жанына жаным шошып бара алмадым (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Мамығын төгіп қаз бен қу Көлге мекен ете алмас Ақсұңқар құстың зарпынан, Азамат ердің баласы, Пәмді басын ете алмас Шетке кетсе халқынан (Ақтан Керейұлы // Ақберен).
Шығыс септік тұлғасы заттың неден жасалғанын, негізін білдіре алады: Қазақтың еркек кіндігіне керме қас ойрат сұқсырларының ұнағандары сондай басы қаржас Бұқар боп: «Отының болсын жантақтан, қатының болсын қалмақтан, қосының болсын қазақтан», – деп мақалдайтынды шығарды (Ә.Кекілбаев, Үркер).
Іс-әрекеттің бағытын білдіреді: Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да, Дуылдасқан дау-шарды доғарсын да, Ақ күн тусын алдынан, тарта берсін, Таңдап-таңдап елінен қол алсын да (М.Мақатаев, Шығ.).
Шығыс септік тұлғасы мекен мәнді сөздермен тіркесуі арқылы жасалған тұрақты тіркестер тілімізде көптеп кездеседі:
Айы оңынан туды. Бақыты жанды, жолы ашылды. Шын ғашықтық, міне осылай туатынын мен елуден асқанда ғана сезгендеймін. Жігітке шын лайық бала екенсің, а й ы ң о ң ы ң н а н т у а р-ақ (Б.Әшімов, Қаражал). Оқу бітірдік, өмірге ендік, онда да а й ы м о ң ы м н а н т у д ы, бір совхоздың мақтаулы шофері болдым («Қаз. әдеб.»).
Достарыңызбен бөлісу: |