Желтоқсан оқИҒасы жайлы мәліметтер (зерттеуші ғалымдардың ЕҢбегі бойынша)



Дата25.02.2016
өлшемі44.5 Kb.
#21325
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

(ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ БОЙЫНША)
Бимаканова З.Ш., Ескенова А.Т.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Қазақ жастарының тәуелсіздік жолындағы күресі М.Қозыбаевтың «Дақпырт және Шындық» атты еңбегінде баяндалған. Тәуелсіздік халқымызға аспаннан түскен құдіреттің сиы емес. Ғасырларға созылған ата-баба қанды жорығының, дабылды-дауылды күресінің заңды жалғасы деп түсіндіреді. Жатса түсінен, тұрса есінен бір сәт кетпеген бабалардың ғасырлық арманы болған тәуелсіздік деп келтіреді. Жүректерін батпандаған мұң, қатпарлаған қасірет тоң болып қатып, шер болып басып жатпады ма? – деп сауал қояды. Тәуелсіздік тарихын зерттеп, жаңғыртып бүгінге жеткізу арқылы мемлекет келешегіне жол бастаған тұлғалар ғұмыры жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлығы ақиқат. Қазақстанның тарих ғылымы саласына игілікті қызмет еткен тарихшы Манаш Қабашұлы Қозыбаев.

1986 жылғы Қазақстан желтоқсаны Ресейдегі 1905 жылғы Санк-Петербургтағы қанды жексенбі болса, Москвада – желтоқсанда қарулы көтеріліс болды. Осы екі құбылыс Алматыда үш күннің ішінде өтті. 1986 жылдың 16-18 желтоқсанында Қазақстан астанасында болған қанды шайқас халқымыздың тарихына тоң-тоң болған шері мен мұңы бар, қатпар-қатпар сыры бар күндер болып мәңгі хатталады. Алайда осы бір тарихи құбылыс пердесі әлі толық ашылмай келеді. Оның бірнеше себептерін көрсетеді. Біріншіден, бейбіт демонстрацияға, манифестацияға шыққан шын мәніндегі реформатр ұрпақтың өкілдерін қанға бөктіру процесіне қатысқандар әлі арамызда. Екіншіден, жүйе алғашқы жылдары желтоқсан қозғалысына байланысты негізгі деректерді құртып үлгерді. Үшіншіден, 1986 желтоқсан проблемасын зерттеуге тарихшылар, қоғамтанушы ғалымдар әлі араласқан жоқ. Өйткені фактылар жиналып, одан оқиға, оқиғалардан құбылыс, құбылыстардан тарихи заңдылық өрбіту үшін уақыттық алшықтық керек деді. «Таудың биіктігі алыстан көрінетіндігі» сияқты оқиға алыстаған сайын оның айшықтары ашық көрінеді. Желтоқсан қозғалысы әлемдік деңгейге көтеріп, демократиялық жұртшылықтың ниетін оған бұруда Америкалық Хельсински тобының еңбегі ерекше. Бұл топ желтоқсан феноменін Михаил Горбачев билікке келгелі болған халық наразылығының ең бірінші және айқын көрінісі деп таныды. М.С.Горбачевтың өкілетті елшісі, басқарушы партияның Саяси Бюросының мүшесі М.А.Соломенцев бастаған илеп-билеушілер желтоқсанды «ұлтшыл элементтер», «тобыр», «бұзақылар», «арамтамақтар» және «қоғамға жат адамдар», «қайта құруға қарсы күштер», «маскүнем, нашақор, көргенсіз бұзақылар», «шектен шыққан ұлтшылдық» деп бағалады.

Демонстранттармен байланыс жасау кезеңі өткізіліп алғаннан кейін, жағдай шиеленісіп, алаңдағы жастардың бейбіт көңіл-күйін қызбалық пен ұрыншақтық алмастыра бастаған кезде, диалогқа жасалған әрекет мінбедегі үдеткішке шыққан республика басшыларын тікелей қорлау мен бұзақылық қылықтарға ұласып кетті. Заңға қайшы ұрандар айтылып, тәртіп қорғау күштерімен қақтығысу басталды, оларға тас лақтырып, машиналар өртелді және басқа бұзақылықтар жасалғанын атады. Желтоқсан – 1986 тек Алматы жастарының өнері емес. Ол Жезқазғанда да, Қарағандыда да 60 адамнан ұсталып, соққыға жығылды, митингілер мен шерулер Талдықорғанда да, Арқалықта, Көкшетауда, Сарыөзекте, Талғарда, Павлодарда, Шымкентте және басқа да қалаларда өтті. Олардың қорытындылары бойынша 21 шеруші сотталды.

Манаш Қозыбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін сырлы құбылыс деп бағаласа, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» - деп бағалайды.

Қорытындылай, қозғалыс тоталитарлық жүйеден тәуелсіздік алуға бет бұрған елдің тарихының бір аумақты, маңызды белесі деп қарастыруға болады. Халықтың жас ұрпағының ұлттық қозғалысы. Ол айдарына қарғыс таңбасы басылған М.Горбачевтың «Қайта құру» бағдарламасын шын мәніндегі жаңғырту заманасы екен деп алданған ұлттың жас өкілдері болатын.

М.Қозыбаев өз еңбегінде: «Желтоқсан қозғалысы қаһарлы да қасіретті үш күн кезінде бірнеше сатыдан өтті» - деген дәлелдер келтіреді.

Қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері М.Шаханов «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романының бірінші кітабында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне баға берді. Алматыда ұлтшыл элементтер араңдатып салған оқушылар жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешіміне наразылық білдіргенін айтады. «Желтоқсан оқиғаларындағы» маңызды мәселелерді есте сақтау қажет дейді. «Ол екі бірдей жергілікті элиталарға (қазақ пен орыс) қарсы тұңғыш жаппай наразылық еді. Демонстранттар жақсы ұйымдасқан еді және өз жетекшілері ұсталғаннан кейін де орындарында қала беруі бағаланды» - деп сипаттайды.

1986-жылғы Алматыдағы «жаппай тәртіпсіздіктер» Қазақстан ғана үшін емес, сондай-ақ, КСРО көлемінде де ірі тарихи оқиғаға айналды. Олар кеңес тарихында жаңа тараудың бетін ашты. Бұл жаңа кезең түрлі жерлердегі жиілеп кеткен толқулармен сиппатталды. Мысалы, 1989 жылы 16 қарашада «Известия» газетінде М.Шаханов өзінің тілшіге берген сұхбатында ұрыс алаңында 168 адамның өлімі барын, «Батыс бейітінде нөмірі де фамилиясы да жоқ 58 мола барын хабарлады. Соңғы 58 адам Ішкі істер министрлігінің араласуымен жерленген» - деп көрсетті. М.Шаханов ССРО халық депутаты ретінде берілген сұхбатында «үш адам алаңдағы, қаладағы қақтығыстарда қаза тапты. Бұған Ішкі істер министрлігі мен Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің органдары қатысты деп ойлауға бізде негіз бар. Желтоқсан оқиғаларынан кейін жыл бойы Ішкі істер органдары фамилиясын, тіпті нөмірлерін көрсетпестен тағы 58 адамды көмді деген күдігіміз бар» - деп мәлімдеді.

Желтоқсан құбылысын зерттеуге ат салысып келе жатқан көрнекті журналист Т.Данияров: «Желтоқсан феноменін Одақтың құлауына әкелген 1991 жылғы тамызбен үндеседі», - деп санайды. «Желтоқсан ызғары» атты еңбектің авторы жазушы Т.Бейісқұлов желтоқсан қозғалысын «Совет өкіметі тұсында бұрын-сонды кездеспеген құбылыс» деп таныды. 1986 жылдың 16 желтоқсаны қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті қос күні – Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларында 17 мен 18 күндері болған бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс болып табылады. Өйткені, Қайта құрылу, әділеттілік пен теңдік сөз жүзінде жарияланғанмен, бұл кезде тоқыраудың тоңы құрсап, демократия әлі орыныға қойған жок деп есептейді.

Алматы желтоқсан феноменін зерттеуде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың «Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары» - деген мақалада Желтоқсан оқиғасына сипаттама берді. Мұнда ең бірінші рет желтоқсан көтерілісіне Мемлекеттік дәрежеде Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президимуның арнайы Комиссиясының шешімін қайта қарауға бағытталған талпынысты көрсетеді. Автор мақаланың атында көрсетілгендей жойқын құбылыстың қырлары мен сырлары, оның социалистік жүйе құлау тарихындағы орнын, тарихи маңызын желтоқсанның себеп-салдарын ашуға ниет еткен. Ең алдымен Ә.Кекілбаев желтоқсан құбылысының тұңғыш рет статусын анықтауға ізденіс жасаған тұлға. 1986 жылғы желтоқсанға анықтауыш ретінде «Желтоқсан толқуы», «Желтоқсан оқиғалары», «Алматы оқиғасы», «Желтоқан оқиғасы», сияқты ұғымдарды пайдаланды. Сонымен бірге автор желтоқсан 1916 жылғыдай «Орталықтың бір ғана озбырлығын пайдаланып, күллі ұлттық болмысты түгелімен шайқап, жаңа сапалық өреге» көтерегні үшін «1986 жылдың желтоқсан оқиғасын, көтеріліс деп те пайдалануға болады» - деп қарайды. Стихиялығына және ұйымдастырылмағанына қарамастан, салдары жағынан өзінен кейінгі бүкіл бір ұлт, бір елдік ауқымдығы әлеуметтік процестерді алдын ала анықтап бере алады, - деп санайды. Бұл жағынан көтеріліс деуге әбден лайық. Жастардың желтоқсандық бас көтеруінде жалпы мақсат қандай айқын көрінсе, ұжымдық сипаты соны көрсеткені белгілі дейді. Өз ойын өрбіте келе: «Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы Одақтас республикалардың Орталық өктемдігіне үнсіз қарсылығына жария сипат береді. «Дауыл алдыңдағы тыныштықтың» астан-кестенін шығарды. Сырттай қарағанда мызғымастай көрінетін коммунистік идеологияның сенімінен біржола айырылуын тездетіп берді» - деп түйіндейді. Осы орайда қозғалысты, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға ретінде қарастырды. Екіншіден, жалпы Одақ деңгейдегі оқиға деп есептеді. Үшіншіден, әлемдік маңызы бар аса салиқалы көп сипатты әлеуметтік сілкініс – атышулы тарихи феномен ретінде бағалады.

М.Қозыбаевтың «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде: «Еліміз тәуелсіздік алды. Жаңа замана басталды. Ол тәуелсіздік дәуірі. Тәуелсіздік ұлттық сананы оятты, баршаны ата-баба жолына үңілдірді. «Отан», «бостандық», «тәуелсіздік», «егемендік», «ұлтжандық» деген сияқты ұғымдарды тәуелсіздік биігінен қайта қарауды түсінді. Тереңнен ойлап, тебірене толғансаң – халқымыздың барша тарихы осы тәуелсіздік үшін, елдік үшін, халықтың бас бостандығы үшін күрес.

Тәуелсіздік жолы – ұзақ жол, ғасырлық жол ол ата-бабаларымыздың жолы, ерлік жолы. Жат қолында сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды қалаған қазақ өр халық екендігін, басқаны силай білсе, өзін де силата алатын халық екендігін танытты» - деп бағалайды.

Қорыта келе, қазақ халқында «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөзі бар екені айдан анық. Сондықтан болар, біздің халқымыздың дана сөздерін қастерлеп өткен, тарам-тарам тарих ғылымының біз білмейтін қатпарларын тайға таңба басқандай етіп, қашап кеткен, туған елінің тарланы, төл тарихтың саңлағы атанған академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевқа арналып айтылса керек. Өйткені М. Қабашұлы Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне, тарих ғылымының алға қарай қадам басуына, тарихты терең, жан-жақты және шындық тұрғысынан зерттелінуіне қомақты үлес қосты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты, Қазақстанның тарихнамалық мәселелерін айқындап, тың деректік маңызы бар еңбектер жариялады. Желтоқсан қозғалысы үш күнмен шектелмейді. Бұл бүкіл халықтың рухани өміріне әсер етті. Ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты өсірді. Әлі де зерттеушілер қозғалыстың түпкі қайнарын, оның маңызын, әсерін, жалпыұлттық дәрежеде қарауы абзал деп есептеймін.



«1986 – Алматы. Желтоқсан» қозғалысына байланысты ызғардың, дақпырт пен шындықтың кейбір нышандары міне осындай.
Әдебиет:

  1. Қозыбаев М. «Дақпырт және Шындық» Алматы, 1996 жыл – 35 бет.

  2. Шаханов М. «Желтоқсан эпопеясы» Алматы, 2006 жыл – 624 бет.

  3. Бейісқұлов Т. «Желтоқсан ызғары» Алматы, 1994 жыл – 245 бет

  4. Кекілбаев Ә. «Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары», «Егемен Қазақстан», 1996 жыл 12 қараша.

  5. Қозыбаев М. «Жауды шаптым ту байлап», Алматы, 1994жыл – 192 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет