Дәріс-6: Тұқымбақтың міндеттері, құрылымдары және аумағын ұйымдастыру.
1. Жеміс тұқымбағы туралы жалпы түсінік.
2. Тұқымбақтағы ауыспалы егіс.
Жеміс тұқымбағы – жеміс және жидек дақылдарының отырғызылатын материалдарын өсіруге арналаған, жер телімі. Ол – жеміс шаруашылығының негізі және дамуының қайнар көзі. Бақ шаруашылығының дамуы ауқымды және үлгілі ұйымдастырылыған өнеркәсіптік тұқымбақ тораптарынсыз мүмкін еместігін И.В.Мичурин баса айтатын. Жемістік тұқымбақтардың рөлі жеміс шаруашылығын қарқындату үшін бұрынғы отырғызылған ағаштардың құрылмасын өзгерткенде, тез жеміс салатын және өнімділігі жоғары сұрыптық-телітушілерді үйлестіре қолданғанда арта түседі. Тұқымбақтардың негізгі ерекшеліктері – аймақтарда орналасуы; олар ұқсас топырақ-климат жағдайларындағы бақтарды отырғызылатын екпе көшеттермен қамтамасыздандырады.
Дұрыс ұйымдастырылған тұқымбағы көбейту телімінен, қалыптастыру телімінен, аналық ағаштардан (екпелер), телу шеберханасынан, жасыл қалемшелеу құрылғысынан, көмбеден, улы заттардың буымен немесе газымен уландыратын (фумигаторлық)
Көбейту телімі телітушілерді өсіруге арналған. Оның құрамына жеттіктіргіш сеппе мектепшесі және клонды телітушілердің аналық өркендері (сабақтамалары) енеді. Сеппе жеттіктіргіш мектепшесінде жеміс өсімдіктерінің телтіушілерін тұқымынан өсіреді, ал аналық сабақтамаларда клонды телітушілерді өсінді тәсілімен (сабақтамалардан) көбейтеді.
Қалыптастыру телімі немесе сеппе жеттіктіргіш мектепшесі немесе тұқымбақ, тар мағынада жеміс бағын салуға қажетті телінген және өз тамырлық екпе көшеттерді өсіруге арналған. Ол алынатын материалдың жасына байланысты өзгешеленетін үш танаптан тұрады. Біріншісінде, жазда мәдени сұрыптардың бүршіктері телінетін телушілерді отырғызады, екіншісінде – бір жылдықтарды өсіреді, үшіншісінде – өсімдіктерде бөрікбасын қалыптастырады және бақта отырғызылатын екі жылдық екпе көшеттер өсіріліп, алынады. Өсінді кезеңі ұзақ оңтүстік өңірде екпе көшетті бір жасында алуға болатындықтан үшінші танаптың қажеті жоқ. Табиғи жағдайы аса қолайлы емес солтүстік өңірде, бірінші танаптың алдында нөлдігі болады, мұнда көзсабақтауды отырғызылғаннан екінші жылы жүргізеді.
Аналық екпелер аналық-сұрыптық бақтан, аналық-тұқымды екпелерден және клонды телітушілердің қалемшелік аналығынан тұрады. Аналық-сұрыптық бақ телітушілерге телуге арналған мәдени сұрыптардың қалемшелерін дайындауға арналады. Бұл бақ жеміс дақылдарының аудандастырылған және болашағы бар деген элиталық материалдарымен отырғызылады. Аналық-тұқымды екпелер тұқым сеуіп, сеппе жеттіктіргіш мектепшесін телітушімен қамтамасыз ету үшін қажет. Мұндай екпелерді, телітуші ретінде пайдаланылатын, егуге рұқсат етілген сұрыптармен және формалармен отырғызады. Клонды телітушілердің қалемшелік аналығында өсімдіктерді жасыл және ағаштанған қалемшелермен көбейтуге өркендер дайындайды.
Телу шеберханасы, қыста ғимарат ішінде телу жолымен, өсімдіктерді көбейтуге арналған. Ол телітуші мен телінуші сақтайтын, оларды телуге дайындайтын, телу жүргізілетін, телінген өсімдікті стратификациялайтын және оларды отырғызуға дейін сақтайтын орыннан тұрады.
Жасыл қалемшелер қондырғылары клонды телітушілердің және басқа да тектердің жасыл қалемшелерін тамырландыруға арналған. Ол жарғақпен (пленкамен) жабылған, жасанды тұмандатқышпен жабдықталған жылыжайдан және тамырланған өсімдіктерді өсіріп-жетілдіретін телімнен тұрады.
Көмбе – телітушілер мен екпе көшеттерді қыста сақтауға арналған телім. Кейбір көшеттіктерде отырғызылатын материалдар тоңазытқыштарда сақталады.
Фумигациялық камера, карантинді зиянкестер мен аурулар тараған аудандарда отырғызылатын материалдарды залалсыздандыруға пайдаланылады.
Вирусологиялық зертханаларды, отырғызылатын супер-супер-элиталы вируссыз материалдар алу және өсіру үшін пайдаланады.
Осы аталғандардан басқа жеміс тұқымбағында, керек-жарақ, тыңайтқыш, техника сақтайтын қоймалары, жұмысшылардың дем алатын жайлары бар бригада тұрағы болады.
Жеміс тұқымбағының негізгі бөліктерінің көлемі белгілі бір қатынаста болады. Құрылымдық бөліктердің өзара қатынасы отырғызылатын материалдардың таратылу (сату) және жылдағы шығарылатын екпе көшеттер мен телітушілердің жоспарына байланысты болады.
Жеміс тұқымбағының негізгі өлшем бірлігі болып екпе көшеттердің бірінші танабы саналады, соған байланысты басқа бөлімдер мен телімдердің көлемі белгіленеді. Екпе көшеттердің жеттіктіргіш мектепшесінің кезекті танабының 1 гектары бірқалыпты жұмыс істеуі үшін сеппе жеттіктіргіш мектепшенің кезекті 0,25-0,35 гектарлық танабын, клонды телітушілердің сабақтамалық аналығының 0,3-0,35 гектарын, аналық-тұқымдық бақтың – 1-2 гектарын және аналық-сұрыптық бақтың 2-3 гектарын салады.
Тұқымбақтың орнын таңдау және аумағын ұйымдастыру
Жеміс тұқымбағы өзі қызмет көрсететін ауданның ортасында орналасуы және салынған негізгі бақ алабымен қолайлы тас, темір немесе су жолдарымен байланысқан болуы керек. Бұл тұқымбақтың жұмысын жеңілдетеді, отырғызылатын материалдардың жіберу кезеңін қысқартады және оны қажетті жеріне жеткізу жеделдейді, өндіріс шығындарын және тасымалдау кезіндегі шығындарды кемітеді. Тұқымбақты ірі елді мекендерге жақын орналастырады, себебі оған көптеп білікті жұмыскер қажет болады. Тұқымбақ үшін суландыруды ұйымдастыруға жарамды телімдерді таңдайды.
Отырғызылатын материалдарды өсіруге ең қолайлы болып тегіс, оңтүстікке қарай сәл еңісті (2-3о артық емес), өсімдіктің суға тұншығуын және өлуін туындататын көктемгі қар немесе жаңбыр суы жиналатын аса үлкен ойпатсыз, тұйықталған шұңқырсыз жерлер саналады. Тік баурайлы және су айырықтары тым құрғақ келетіндіктен, екпінді желдер әсерінде болатындықтан, қар және жаңбыр суымен шайылатындықтан, суландыруға ыңғайсыздығынан тұқымбақ үшін жарамсыз саналады. Тік баурайларда эрозия үдерістері күшейеді, топырақты өңдеу және екпелерді күтіп-баптау, қар тоқтату жағдайы және суландыруды ұйымдастыру қиындайды.
Сондай-ақ, ойпат және ылғалы мол, топырағы дымқыл және жер асты сулары жақын жерлер де қолайсыз. Мұндай жерлерде екпе көшеттердің өсуі қоңыр күзге дейін жалғасады, өсімдіктер нашар жетіледі, нәтижесінде төмен температураға төзімділігі кем және бақ отырғызуға көбінесе жарамды бола бермейді. Сонымен бірге аса дымқыл жерлер ерте көктемгі (қазып алу т.б.) және күзгі жұмыстарды (себу, отырғызу, көшіріп отырғызу) жүргізуді кешеуілдетеді, тамыр жүйесі нашар тарамдалған, тамыр ісігімен және «нүктелік» аурулармен зақымданған отырығызылатын материалдар алынады (береді).
Екпе жеттіктіргіш мекпепшесіндегі жер асты (ыза) суы топырақ бетіне 1,5 метрден жақын болмағаны дұрыс, қалыптастыру телімінде – 2-2,5 м.
Телімдер бидайықтан, қарашайырдан (қаражырықтан) және т.б. көп жылдық арамшөптерден таза болуы керек, ал топырақ – сымқұрттан, зауза құртынан, бұзаубастан, жұмыр тоғышар құрттан және тамыр ісігінен; екпенің айналасы – сымырлардан (сөлін соратын ұсақ тоғышарлар) және тамыр бітісінен.
Тұқымбаққа құнарлы құрылымды, түртегі және механикалық құрамына қарай көлемдік массасы 1,30-1,45 г/см3 артық емес, борпаң топырақтарды таңдайды. Ең жақсы топырақ болып қара топырақ, қоңыр топырақ саналады. Топырақ астылық бөлігі қоректік заттарға бай, суды және ауаны жақсы өткізгіш, жеткілікті деңгейде су ұстағыш болуы керек. Сазды, сондай-ақ құмды топырақ астылық бөлік тұқымбақ үшін қолайсыз. Құрылымсыз, қияқ тасты, сортаңды, батпақтанатын және шымтезекті топырақтар тұқымбақ үшін жарамсыз.
Тұқымбақтың әртүрлі телімдерінің топырақ құнарлылығына және ылғалдану деңгейіне талабы бірдей емес. Көбейту телімінің өсімдіктері топыраққа өте жоғары талап қояды. Бұл телімді құнарлы, борпаң, ылғалдылығы жеткілікті, көктемгі-жазғы кезеңдерде жақсы жылынатын, жеңіл құмдақ топырақтарға орналастырады.
Екпе көшеттер топырақ құнарлығына аса талап қоя қоймайтындықтан, оларды жеміс ағаштарын отырғызуға жарайтын жерлерге өсіруге болады.
Қалыптастыру телімі үшін өсімдіктің өсуі күзге дейін созылатын, пісіп-жетілмейтін, қыста үсікке шалдықтыратын артық ылғалды жерлер жарамайды. Аналық екпелердің телімі, өндірістік бақтарға бөлінген жерлердей, талапқа сай болуы керек.
Бақ қорғау екпелері. Қатты желдер тұқымбақтағы өсімдіктерге үлкен қатер туындатады. Қысты күні қорғалмаған жерлерден жел қарды ұшырып әкетеді, сондықтан телінген көзшелер аязға ұрынады, кейде телітушінің тамырлары да. Қатты желдер өсімдіктердің қысқы құрғауын, ал жазда – көзсабақтың сынуын, біржылдықтардың майысуын және топырақтың құрғауын туындатады. Телімдер басым желден табиғи немесе жасанды екпелермен қорғалуы керек.
Орамның шекараларында селдіретіп, 1-2 қатарлы тез өсетін ағаштар (пирамидальді терек) отырғызылады. Орман жолақтарын екі жылдық екпе көшеттермен, кейіннен, қатар бойындағы ағаштар 4-6 м жеткенінше сирету үшін 2,5-3х1-1,5 м сұлбамен, отырғызады. Орман жолақтарында күтіп-баптау жұмыстарын – қатараралықтарды өңдеу жолақтардың арасы қосылғанша (жабылғанша), арамшөптермен, ауру-сырқаулармен және зиянкестермен күрес жүргізеді, суландырады.
Тұқымбақтағы ауыспалы егіс. Тұқымбақтағы жеміс ағаштарын ауысымсыз өсіру үлгіқалыптық екпе көшеттердің санын және сапасын кемітеді. Бұның зиянды әсерін болдырмау үшін жеміс тұқымбақтарында ауылшаруашылық дақылдарының белгілі бір жиынтығын және кезекпелігін және соған сәйкес топырақ өңдеу, тыңайтқыш енгізу жүйесін қолдану керек. Жеміс өсімдіктері өз орнына: көбейту телімінде 2-3 жылдан, қалыптастыру танабында 4-5 жылдан ерте келмеуін ескеріп, ең жақсы алғы дақылдармен кезектестіріледі. Ауыспалы егіске топырақ құнарлылығының артуына себеп болатын дақылдарды енгізу керек. Бұл мақсатқа көп және бір жылдық бұршақ тұқымдас шөптер және олардың қоңырбастылармен қоспасы және отамалы дақылдар сай келеді.
Топырақ-климат жағдайына қарай тұқымбақтың әр теліміне арнаулы ауыспалы егіс енгізіледі.
Сеппе көшет жеттіктіруші мектепшесінде дақылдардың мынадай ауыспалы егісі қоладанылады: 1-2 – көп жылдық шөптер, 3 – қара сүрі жер, 4 – жеміс дақылдарының телітушілері, 5 – отамалы дақылдар, 6 – астық дақылдары; қалыптастыру телімінде: 1-2 – көп жылдық шөптер, 3 – қара сүрі жер, 4 – бірінші (кезекті) танап, 5-екінші танап, 6 – тұқымбақтың үшінші танабы, 7 – отамалы дақылдар, 8 – астық дақылдары.
Сүйектілердің вертциллезді солуға шалдығатын аудандарда ауыспалы егістен картопты, қызанақты, бұрышты, баялдыны, темекіні шығарады. Топырақтың құнарсыздануын жеделдететін күнбағысты, қызылшаны, судан шөбін ауыспалы егіске енгізбейді.
Аумақты ұйымдастыру. Ірі телімдерде қалыптастыру телімінің кезекті танабын орамдарға (кварталдауға) бөледі (алаңы 4-5 га төртбұрышты пішіндес), орам ішінде – жұмыстық телімдерге (0,5 га-дан) бөледі. Орамдардың және сеппе көшеттердің мектепшелерінің жұмыс телімдерінің көлемдері кішігірім келеді (1-2 және 0,25-0,4 гектар сәйкес).
Тұқымбақтарда мынадай жолдар қарастырылады:
1. Негізгілер – тұқымбақтың аумағын шаруашылықтың орталығымен және сыртқа шығатын жолдармен байланыстырады. Бұл жолдарды пішіндейді және шеттерінен су ағарлар жасайды. Ені 8-10 м.
2. Орамаралық (танапаралық) жолдар әр танапқа және орамға құрал-жабдықтардың және көліктің тікелей келуін қамтамасыз етеді. Ені 4-5 м.
3. Айналма жол – тұқымбақты айнала орналасады да ішкі жолдармен байланысады. Ені 5 м дейін болады.
4. Жұмыс жолдары (соқпақ жол) – орамды жұмыс телімдеріне бөледі. Ені 1 м (қатар бойымен) және 2 м (қатарларға көлденең) болады.
Су ғимараттарының (су қоймасы, сорап стансасы, тұрақты суландырғыштар және т.т.), шаруашылық құрылыстарының және т.б. нысандардың орны анықталады. Бұл мәселелерді шешу инженерлік жобалауды қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |