ӘӨЖ 811.512.1
Жилкубаева А.Ш. – ф.ғ.д.,
Сапанова А.М. – филология магистрі,
Амангелді А.А. – ф.ғ.к.
Zhilkubaeva A.Sh.,
Sapanova A.M.,
Amangeldi A.A.
ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ
ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАБИҒАТЫ
Этнолингвистическая характеристика наименования лошадей в тюркских языках
Ethnolinguistic characteristics names of horses in turkic languages
(С.Аманжолов атындағы ШҚМУ (Өскемен)
East Kazakhstan State University name S.Amanzholov. Oskemen
(«Тұран-Астана» университеті, (Астана)
University "Turan-Astana". Astana
Түйіндеме: мақалада көлемді нақты материалдар негізінде түркі тілдеріндегі жылқы атауларының этнолингвистикалық ерекшеліктері қарастырылады.
Резюме: в статье на большом фактическом материале тюркских языков рассматриваются этнолингвистические особенности наименований лошадей.
Summary: The article on the extensive factual material Turkic languages are considered ethno-linguistic features names of horses.
Ключевые слова: этнолингвистика, фразеологизмы, народный менталитет, лексико-семантические группы, языкознание, тюрские языки.
Түйін сөздер: этнолингвистика, фразеологизмдер, ұлттық менталитет, лексико-семантикалық топтар, түркі тілдері, төрт түлік мал.
Keywords: ethnolinguistics, idioms, folk mentality, lexical-semantic groups, linguistics, Turkic languages.
Тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс ретінде сабақтастыра қарау академик Ә.Т. Қайдаров ұсынған «тіл мен ұлт біртұтас» немесе «адамды тіл әлемі арқылы тану» деген қағидаларға сүйенетін қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттың қалыптасуына әкелді. Этнолингвистиканың ғылыми-теориялық негізі Ә. Қайдаров, Е. Жанпейісов, М. Копыленко, Р. Сыздықова, Н. Уәлиев, Ж. Манкеева, Г. Смағұлова, Р. Шойбеков, Қ. Ғабитханұлы, Ш. Сейітова, А. Жилкубаева, А. Амангелді сынды ғалымдардың еңбектерінде қаланды. Төрт түлік мал атауларын зерттеуде де осы бағыттарды қолдану оң нәтиже берері анық. Өйткені, төрт түлік атауларын зерттеуді аталмыш бағыттарға сәйкес жүргізу ұлттың тарихы мен тегін зерделеумен қатар, оның дүниетанымын, өзіне ғана тән ұлттық болмысы мен мінез-құлқын айқындауға жол ашады. Қазақ тілінің лексикасы – қат-қабат, сарқылмас мол қазына. Онда мағынасы күңгірттеніп, қолданыстан шығып қалған, әр түрлі кәсіпке байланысты ұмыт болған атаулар көптеп кезедеседі. Тамыры тіл даму тарихының тереңінде жатқан, кейбірі көпшілік жадынан шыға бастаған, түркі тілдеріне ортақ болып келген, төрт түліктің, оның ішінде жылқыға қатысты атаулардың қалыптасуына себеп болған уәждерді этнолингвистикалық тұрғыдан сипаттау – бұл жүйенің ұлттық болмысқа қатыстылығын көрсетеді.
Жылқы малына қатысты атаулардың аялық қоры көбінесе дене бітімі, табиғи ерекшелігіне, түстік сипатының молдығымен көзге түседі. Сондықтан жылқы атаулары тілімізде сөз тіркестерінде, фразеологизмдерде, мақал-мәтелдерде көптеп ұшырасады. Осы тілдік деректерді жүйелі түрде жинау, ғылыми талдау сөздік қордың толығуына ғана емес, оны жаңа қырынан зерттеуге, тануға әсер етеді. Сол сияқты бұл атауларды эпостық жырларда, ежелгі жыр-аңыздарда, тарихи жазбаларда, көркем шығармаларда қарастыру мәселесі де өзекті.
Төрт түлік малдың ішінде қай халықтың болса да құрмет тұтатындарының бірі – жылқы малы. М. Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігінде» жылқы дегенді ірі қара деп түсіндірген. Осыған қарағанда, жылқы деген сөз ертеде ірі қара деген мағынаны білдірсе керек. Бірақ қазіргі қазақ тілінде «ірі қара» деген – түйе, жылқы, сиыр сияқты ұзын сирақты үй хайуандарының жалпылама атауы. Ал жылқы сөзінің мағынасы өте айқын, ол ірі қараның ішінде жылқы түлігін ғана меңзейді.
Достарыңызбен бөлісу: |