ЖҰмыс бағдарламасы семей 2014 глоссарий аллювий өзен тасығанда шығып қалған құмдар, қиыршық тастар және т б


Топырақ пішіні құрылымдарының типтері, олардың топырақ-экологиялық байланысы



бет4/22
Дата08.07.2016
өлшемі1.91 Mb.
#184423
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Топырақ пішіні құрылымдарының типтері, олардың топырақ-экологиялық байланысы
Егiншiлiк тәжiрибесiнде профессор В. В. Квасников ұсынған топырақ түйiршiктерiн өлшемдері бойынша жiктеу көптен берi қолданылынып келедi. Бұл жiктеу бойынша, 5 см үлкен түйiрлердi тоң кесектер деп 1-5 см – iрi түйiршiктер, 0,25-10 мм – кiшi түйiршiктер және 0,25 мм ұсақ түйiршiктер – тозаң немесе микроагрегаттар (микроқұрылым) деп аталады. Iрi және кiшi түйiршiктер макроқұрылымға жатады. Көп жағдайларда топырақ массасының өлшемдері 0,25-10 мм аралығындағы ұсақ түйiршiктi құрылымнан тұрғаны қолайлы болады. Сондықтан осындай түйiршiктердiң топырақ массасындағы мөлшері (%) оның құрылымдылығының деңгейiн көрсетеді. Ұсақ түйiршiктi құрылымның пайдалы әсерi оның мөлшері 50%  дан артық болғанда көріне бастайды және оның үлесi артқан сайын пайдалы әсерi де өседі.

Әртүрлi топырақ климат аймақтарында топырақтың құрылысының қолайлы көрсеткіштерi бiрдей болмайтындықтан, құрылымдық түйiршiктердiң өлшемдеріне де талап әртүрлi болады. Мысалы, қуаң және қуаңшылық далалардағы қара және қара қоңыр топырақтарда диаметрi 0,25-2 мм түйiршiктер топырақтың қолайлы құрылысын қамтамасыз етедi. Олар ең жақсы ылғал сақтағыштар болып табылады. Қара топырақтарда, әсiресе жыртылатын қабаттан төмен орналасқан бөлігінде берiктiгi және қуыстылығы жоғары болғандықтан өте оңтайлы 2-3 мм қиыршықты құрылым (жарма) басым болуы мүмкiн. Түйiршiктiлерге қарағанда олардың қырлары анық байқалады және механикалық берiктiлiгi жоғары болады.

Ылғалы жеткiлiктi қара топырақты емес аймақта топырақ қабатының қолайлы құрылысын 1-10 мм аралығындағы түйiршiктер құрастырады. Олар бұл жерлерде өсімдік тамырлары мен пайдалы аэробты макроорганизмдердiң тiршiлiгiне керектi тұрақты минималды аэрацияны (тұрақты аэрация саңылаулылығы) қамтамасыз етедi.

Iс жүзiнде топырақтың құрылымына деген бұл жалпылама талаптар топырақтың түрiне, оның ылғалдылығына және себуге жоспарланған дақылдардың ерекшелiктерiне байланысты нақтыланып отырылады. Мысалы, Орта Азиядағы тұрақты суарылатын сарғыш түстi iрi тозаңы басым борпылдақ ұсақ қуысты топырақтарға судың әсерiне төзімдi 0,25 мм ұсақ микроқұрылымдар пайдалы әсер етедi.

Тиiстi құралдармен бiз тығыз, бiрiккен топырақты керектi өлшемдегi түйiршiктерге ұсақтай аламыз. Бiрақ кез-келген түйiршiк агрономиялық жағынан құнды бола бермейдi. Агрономиялық құнды құрылымдардың төмендегi талаптарға сай болулары керек:

1) жеке түйiршiктердiң диаметрi 0,25-10 мм арасында болуы;

2) судың әсерiне берiк, яғни судың шаю әрекетiне қарсы тұра алуы;

3) механикалық төзімдiлiгi (Н. А. Качинский бойынша серпiмдiлiк төзімдiлiгi), яғни механикалық күштердiң бұзу әрекеттерiне қарсы тұра алуы (байланыстылығы жоғары);

4) қуыстылығы жеткiлiктi және қуыстардың өлшемдері онда ылғалдың жылжуына кедергi жасамайтын болуы.

Жел эрозиясы байқалатын аймақтарда – желге төзімдi болуы, яғни түйiршiктердiң шамасы 1 мм артық болуы керек. Мұндай түйiршiктердiң 0-5 см қабаттағы мөлшері 50% дан артық болғанда топырақтың беткi қабаты жел эрозиясына төзімдi келеді.

Агрономиялық құнды түйiршiктерден басқа топырақта жоғарыда айтылған қасиеттерi жоқ, берiк емес, «уақытша» құрылымдар болады. Олар, әсiресе ылғалданғанда тез микроагрегаттарға және механикалық элементтерге ыдырайды, топырақ тығыздалады, төмен капиллярлы емес құрылымға ие болады. Топырақтың барлық физикалық- механикалық қасиеттерi нашарлайды. Топырақтың құрылымсыз массасының жай механикалық ұсақталуы арқылы уақытша құрылымы пайда болады.

Агрономиялық құнды түйiршiктер құрылымының пайда болуы, негiзiнен органикалық және аз мөлшердегi минералдық коллоидтты жұқа қабықтың қатысуымен жүредi. Қарашiрiк типтi колоидтар органикалық заттардың қарайып шiруi кезiнде пайда болады. Жоғары бытыраңқылық пен топырақ түйiршiктерi бетiнiң белсендiлiгi арқасында олар күштi коагуляторлармен (кальций мен темiр катиондары) байланысқа түсiп, механикалық элементтер мен микроагрегаттарды қаптап, оларды макроагрегаттарға бiрiктiретiн жұқа қабық жасайды.

П. В. Вершинин мен В. И. Константинованың деректерi бойынша, ортасаздақ топыраққа судың әсерiне төзімдi құрылым беру үшiн оның салмағының 1,0-1,5%-дай немесе бiр гектар жердiң 10 см қабаты үшiн 25-45 т гумин заттары керек.

Түйiршiктену процесiне топырақ бөлшектерінің және микроагрегат тарының гравитация, мениск күштерi мен өсімдіктердің тамыр жүйелерiнiң өсуi жасайтын қысымның, қыстағы мұз кристалдарының және басқа механикалық әрекеттердiң әсерiнен өзара жақындасуы ықпал жасайды. Бұл құбылыс ылғалдылығы құрылым құруға қолайлы ылғалдылыққа жақын, физикалық пiсiп-жетiлген топырақты өңдегенде (жыртқанда) белсендiрек жүредi.

Макроагрегаттар құрылумен қатар топырақ ылғалдығының, температурасының өзгеруiнен, өсімдік тамырларының, топырақ фаунасының, топырақ өндейтін құралдың механикалық қопсытуының әсерiнен олардың ең әлсiз байланысқан жерлерiнен жазықтық бойы ыдырауы да байқалады.

Топырақтың әлсiн-әлсiн ылғалдануы мен кебуiнiң, қатуы мен еруiнiң әсерiнен макроагрегаттарды ұсақтайтын макрожарықшалар мен микрожарықшалар пайда болады. Бұл процесс топырақтағы қарашiрiктiң мөлшеріне, топырақтың сiңiргiш кешенiндегi сiңiрiлген негiздердiң құрамына, гидрофилдi коллоидтардың мөлшеріне, топырақ ерiтiндiсiндегi тұздардың саны мен құрамына және топырақтың тығыздығына байланысты келеді.

Ең ұсақ қуыстар топырақ агрегаттарының iшiнде болады да‚ көбінесе капиллиярлық қуыстарды құрайды, ең iрi қуыстар агрегаттар арасында орын алады. Топырақтың капиллярлық сумен толуында оларда су болмайды, ауамен толып тұрады. Олар капиллярлы емес қуыстылықты құрайды. Ауа мен судың мұндай бөлінуi олардың аралығында, құрылымсыз топырақтарда кездесетiн қарама-қарсылықты болғызбайды. Бұл жағдайда топырақта тұрақты және бiр мезгiлде қарашiрiк түзу және минералдану процестерi жүрiп жатады. Бiрақ топырақта тек құрылым құру ғана емес, оның ыдырауы да, яғни агрегаттану мен агрегатсыздану қатар жүредi.

Құрылымның бұзылуы танапта жүретiн көліктердің, тракторлар мен машиналардың, құралдар доңғалақтарының, шынжыр табандарының және жұмыс бөліктерінің әрекетiнен болады. Мұндайда топырақтың агрегаттары, әсiресе, беткi қабаттағылары ұнтақталады немесе жаншылады.

Топырақтың құрылымын бұзатын механикалық күштерге оның беткi қабатындағы түйiршiктерiн ұсақтайтын жауын тамшыларының, бұршақтың соққысы, танаптарды суаратын судың қатты ағысы жатады. Нөсерлерде және ағызып суаруда топырақ агрегаттарының барлық жағынан бiрдей тез ылғалдануы түйiршiктердiң iшiнде қысылған ауаның қалуына әкелiп соғады. Ол түйiршiктердi iшiнен қысып ыдыратады. Осындай жолмен топырақтың беткi қабатының құрылымы көбірек бұзылады да, кепкеннен кейiн зиянды топырақ қабыршағы пайда болады.

Топырақтың бөлшектерiн агрегаттарға бiрiктiрiп тұрған органикалық заттардың, соның iшiнде гуматтардың, табиғи аэробты минералдануы құрылымның берiктiгiн жоғалтуына және олардың бұзылуына әкелiп соғады.

Жауын суларында топырақ бөлшектерiн агрегаттарға бiрiктiрiп тұратын топырақ сiңiру кешенiмен, жекелеп айтқанда жұқа қабықтың коллоидтарымен алмасу реакциясына түсетiн аммоний мен сутегiнiң бос катиондары болады. Жауын суы сүзiлгенде алмасу реакциясының барлық заттары төменгi қабатқа ағатындығынан, аммоний мен сутегiнiң мөлшерінiң аздығына қарамай, реакция бiр бағытта ғана жүредi. Осылайша күштi гидрофобты коагуляторлар – кальций, темiр, т.б. катиондары әлсiз, гидрофобтығы төмен аммоний мен сутегi катиондарына алмасады. Бұл коллоидтық жұқа қабықшаның iсiнуiне және топырақтың жоғарғы қабаттарында құрылымның берiктiгiнiң жоғалуына, оның бұзылуына әкелiп соғады. Аталған процесс баяу жүредi және кең көлемде болмаса да топырақта орын алады.

Топырақ құрылымының бұзылуының мүмкiн болатын жолдарын ескере отырып оны қайта-қайта механикалық, әсiресе, қатты ылғалды және құрғақ кезiнде өңдеуден, машиналардың, құралдардың, көліктердің танаптарда артық қозғалысынан, қатты ағызып суарудан сақтау және топырақта органикалық заттарды жинау, оның сiңiру кешенiн кальций катионымен толықтыру керек.



Топырақ құрылымының өндірістегi рөлі. Агрономиялық құнды құрылымның басты агротехникалық маңызы – механикалық өңдеулердiң арасындағы кезеңдерде топыраққа оңтайлы (қолайлы) құрылыс беру және оны тұрақты ұстап тұру. Топырақтың жыртылатын қабатының орнықты құрылысына керектi агрономиялық құнды құрылымның басты қасиетi оның берiктiгi болып табылады.

Агрономиялық құнды құрылымның iс жүзiндегi маңызы ең алдымен оның топырақтың жалпы массасындағы үлесiне, яғни топырақ құрылымдылығының дәрежесiне (%) және оның агрегаттарының берiктiгiнiң деңгейiне байланысты болады.

Топырақтың жалпы массасындағы агрономиялық құнды құрылымның үлесi аз болғанда оның топырақтың құрылысына әсерi жеткiлiксiз болуы мүмкiн, себебi топырақтың құрылымсыз бөлігі – тозаң барлық iрi капиллярлы емес қуыстарды толтырады да, топырақта капиллярлық саңылаулылық үстемдiк алады.

Мұндай жiктеу едәуiр дәрежеде шартты болса да, топырақтың құрылымды және құрылымсыз бөліктерінің ара қатынасын түсiну үшiн керек, себебi топырақтың құрылымдық жағдайының сапалы көрінісі оның қолайлы, нақты жағдайға сәйкес берiк құрылысы арқылы жүзеге асырылуы қажет.

Механикалық өңдеу арқылы топырақтың жыртылатын қабатына берiлген құрылыстың берiктiгi ол топырақтың құрылымдығының деңгейiне тiкелей байланысты болады. Құрылымдылық жоғары болған сайын топырақтың құрылысы төзімдiрек келеді және ол ұзағырақ сақталады. Құрылымдылықтың төменгi деңгейiнде, яғни топырақта «уақытша», берiк емес түйiршiктер көп болғанда олар сыртқы әрекеттерден, бiрiншi кезекте ағын судың әсерiнен, тез бұзылады және топырақ «балшықтанады», тығыздалады. Сондықтан ылғалдылығы жеткiлiктi және артық аймақтарда және суармалы егiншiлiкте құрылымдылығы төмен топырақтарды жиi қопсытуға, жылда терең өңдеуге тура келедi. Құрылымдылығы жоғары топырақ аймақтарында және ылғалы көп емес аймақтарда, мысалы, қаратопырақты дала аймағында қопсытудың тереңдiгi мен саны аз болуы керек. Ал құрылымдылығы төмен және ылғалы аз, мысалы топырақтың тығыздығы жоғарылау құрылысы керек құрғақ дала аймақтарында терең қопсытуды шағындау (2-5 жылда бiр жүргiзу) қағидасы қолданылады.

Топырақ құрылымын жақсарту шаралары, жыртылатын қабатының тығыздығын және құрылысын реттеу

Топырақтың құрылымы, оның танаптардың құнарлылығы және өнімділігі үшiн маңызы, құрылу және бұзылу жолдары туралы iлiмдi П. А. Костычев, әсiресе, академик В. Р. Вильямс дамытты. В. Р. Вильямс топырақ құрылымының құралуындағы жоғары сатыдағы өсімдіктер мен микроорганизмдердiң рөлiн, құрылымның бұзылуы мен қайтадан құралу механизмiн, олардың құнарлылық үшiн маңызын көрсетті. Бiрақ В. Р. Вильямс топырақ құрылымының маңызын асыра бағалап, оған егiншiлiктiң барлық мiндетiн бiрдей жүктедi: «Бiрiншi мiндет – топырақтың түйiршiктi құрылымын жасау және оны ауылшаруашылық өсімдіктерiнiң қоректенуiнiң барлық кезеңдерi бойында сақтау.

В. Р.Вильямстың замандастары академиктер К. К. Гедройц, Н. М. Тулайков және Д. Н. Прянишников құрылымдылықтың егiншiлiктегi маңызы туралы мұндай көзқарасты жақтамады. К. К. Гедройц құрылым туралы түсiнiктеменiң көп бөлігі субьективтi, белгiлi дәрежеде ой тұжырымы сипатына ие деп атап көрсетті.

Н. М. Тулайков құрылымның маңызын жоққа шығармайтынын бiлдiре отырып: «мен құрылымдылықта ешқандай үстемдiктi көре алмадым және оны соқыр сезiмге айналдырып, өмірдiң кез келген жағдайына қолдануды ұсына алмаймын», – деп жазды. Д. Н. Прянишников бұл туралы: «...болашақта емес, қазiрдiң өзінде-ақ шөптанаптан өтпей және құрылыммен еркiн айналыса отырып, тек тыңайтқыштарды үлкен мөлшерде пайдалану арқылы (әрине, агротехника жоғары болғанда) жоғары өнім алуға болады» – деп ойын одан да анық білдірді. Кейiнiрек Н. И. Саввинов, И. Б. Ревутт, П. В. Вершинин, Н. А. Качинскийдiң және көптеген басқа зерттеушiлердiң еңбектерi топырақтың құрылымы туралы iлiмдi кеңiттi және тереңдеттi.

Т. С. Мальцев 1953 жылы «Егiншiлiк мәдениетiн көтеру мәселелерiне творчестволық шешiм керек» деген мақаласында, «егер олардың тамырлары мен орудан қалған қалдықтарының қурауы мен ыдырауына бұл процестердiң жүруiне көпжылдық шөптердiң егiсiндегiдей немесе табиғаттағыдай жағдай жасалса», бiржылдық дақылдар да топырақты органикалық заттармен байытады деген тезис ұсынды. Мұндай жағдай жасау үшiн ол бес танапты ауыспалы егiстi ұсынды: сүрi танап, дәндi дақыл, бiр жылдық дәндi бұршақ дақылдары. Мұнда терең өңдеу (қайырмасыз) тек сүрi танапта ғана жүргiзiледi, ал бiр жылдық дақылдарды жинағаннан кейiн күзде аңыз қалдықтары табақты сыдыра жыртқыштармен өңделедi.

Топырақтың құрылысы негiзiнен оны өңдеудiң жүйесiмен реттелiнсе де, берiлген қолайлы құрылыс пен оның берiктiгi топырақтағы агрономиялық құнды құрылымның санына, сапасына және өлшемiне байланысты болады. Iс жүзiнде барлық ауылшаруашылық топырақ-климат аймақтарында топырақтың құрылымдылығын жақсарту оны мәденилендiрудiң маңызды шарты болып табылады. Топырақта органикалық заттарды жинау бұл мақсатқа жетудiң негiзгi жолы болады.

Бұл мiндеттi орындауда көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптердi және олардың астық тұқымдастармен қоспасын егудiң, әртүрлi органикалық тыңайтқыштарды көп мөлшерде сiңiрудiң, сидераттар жыртудың және аралық дақылдарды себудiң маңызы зор. Көпжылдық шөптердiң, сидераттардың және белгiлi бiр дәрежеде ауыспалы егiстегi бiр жылдық негiзгi және аралық дақылдардың құрылым жасаудағы тиiмдiлiгi олардың өнімінің деңгейiне тiкелей байланысты болады. Жоғары өнім тек жер бетiнде ғана үлкен биомасса құрамайды, сонымен қатар өсімдіктердің тамырлары таралған қабатта бiркелкi жайылған көп тамыр қалдырады. Бұл құрылым құралу үшiн шiрiндi заттар бередi және топырақтың физикалық қасиеттерiн жақсартады.

Санына, сапасына мезгiлi мен топыраққа сiңiру тәсiлiне қарай органикалық тыңайтқыштар шашу мен сидераттар жырту топырақтағы берiктiгi жоғары агрегаттардың санын арттыруы мүмкiн.

Топырақты өңдеу де оның өңделетін қабатының құрылымын жақсартуы мүмкiн. Д. Г. Виленскийдiң, П. В. Вершининнiң және тағы басқалардың еңбектерiнде оңтайлы «құрылым құрауға» ылғалдылығында (ұсақтауға) өңдеу табиғи агрегаттарға ұқсас саңылаулы, мықты агрегаттардың пайда болатыны анықталған. Құрғақ және ылғалдылығы жоғары топырақты өңдегенде, керiсiнше, қолайлы ылғалдылықтан ауытқу артқан сайын құрылымның бұзылуы да арта түседi. Iс жүзiнде соңғысы жиiрек, әсiресе, өңдеу кезеңiңде ылғалдылығы төмен болатын топырақтың беткi қабатын өңдегенде кездеседi.

«Көп жыртылған» тозаңдалған қара топырақтарда бiраз жағдайларда жыртылатын қабатқа қарағанда, онан төменгi қабаттың құрылымы жақсы болады. Бұл жағдайда топырақтың жыртылатын қабаттан төменгi қабатындағы жармаң (дән тәрiздi құрылымды) түйiршiктердi бетiне шығарып терең жырту тиiмдi.

Соңғы жылдары гумин қышқылы, шым тезек желiмi, битумдар, синтетикалық полимерлер сияқты жасанды құрылым жасайтын желiмдегiш заттарды пайдалануға бағытталған зерттеулер көптеген елдерде кеңiнен жүргiзiлуде. Топыраққа шамалы мөлшерде (1-2 ц/га) енгiзiлiп, оның беткi қабатының құрылымын, қабыршақ жасауға мүмкiндiк бермей жақсартатын заттар iздестiрiлуде.

Қазiрде К-1, К-4, К-6, ПАА және басқа құрылым жасайтын полимерлiк препараттар ұсынылған. Полимерлiк құрылым жасаушылардың әрекетi олардың топырақтың терiс зарядты бөлшектерiне коагуляциялық әсерiнен топырақтың бөлшектерiн микроагреграттарға бiрiктiретiн жiп тәрiздi молекулалар құрауына негiзделген. Микроагрегаттардың құралуында басты рөлдi топырақ бөлшектерінің бетiндегi полимерлердiң адсорбциясы және валенттiк байланыстың пайда болуы атқарады. Осындай жағдайда пайда болған топырақ құрылымдарының әсерi 3-6 жылға созылады.

Өкінішке орай, бiр препараттың әртүрлi топырақтардағы әрекетi бiрдей емес, жеке алғанда, топырақ ерiтiндiсiнiң реакциясына байланысты болады. Сонымен қатар, полимерлiк препараттармен өңдеу топырақтардағы жоғары құрылым құрау әрекетiне, өнімнің өсуiне қарамай, бағасының жоғарылығына байланысты, оларды пайдалану тек топырақ мелиорациясын жүргiзгенде, су және жел эрозиясымен күрескенде, бағалы және техникалық дақылдарды өсіргенде ғана экономикалық жағынан тиiмдi болады.

Топырақтың құрылымдылығы ауыспалы егiсте дақылдарды дұрыс таңдау және олардың алмасуы арқылы, топырақты өңдеудi азайту, органикалық және минералды тыңайтқыштарды пайдалану, артық қышқылдылық пен сiлтiлiктi жою сияқты топырақты мәденилендiрудiң басқа шаралары арқылы да жүзеге асырылады.

Жыртылатын, әсiресе, тұқым сiңiрiлетiн қабаттардың борпылдақтығы жоғары болғанда олардың тығыздығын катоктарды пайдалану арқылы реттейдi. Тәжiрибе мен практика көрсеткендей, сортаң емес қара және қара қоңыр топырақтарда тұқым мен топырақтағы ылғалдың байланысын жақсарту үшiн тұқымды сепкенге дейiн және сепкеннен кейiн катоктар пайдаланған тиiмдi. Балшықтанатын сортаңды қара және қара-қоңыр топырақтарда тұқым тығыздалған төсенiш және тұқым сепкiштiң шүмегiне тiрек дайындау үшiн тұқымды себу алдыңда топырақты катокпен тығыздау тиiмдi болады.

Кейбiр жағдайларда топырақтың қолайлы тығыздығы мен құрылысына қол жеткiзу үшiн табиғаттың күшi мен уақыт факторы пайдаланылады. Мысалы, қара топырақты емес аймақта екпе сүрi танаптарда топырақтың қолайлы тығыздық пен құрылысына дейiн жауын-шашын мен гравитациялық күштердiң әсерiнен табиғи шөгуі жүруi үшiн терең өңдеудi күздiк дақылдарды себуден 20-25 күн бұрын жүргiзедi.

Осы мақсатпен ауылшаруашылық аймақтарының көпшiлiгiнде дәндi дақылдарды себу кезеңiне дейiн жауын-шашынның, қар суының және гравитациялық күштердiң әсерiнен күзгi-қысқы-көктемгі кезеңдерде шөгіп тұқым себу кезеңiне дейiн қолайлы тығыздық пен құрылысқа жетуi үшiн топырақтың негiзгi терең өңдеуiн көктемде емес, күзде жүргiзедi.

2.5. Топырақтың морфологиялық қасиеттері
Топырақтың пайда болу процесіне өзіне тән құрылымның бірі – пішін түзуі, яғни топырақтың морфологиясының қалыптасуы. Осы арқылы топырақтар бір-бірімен және өзі түзілген тау жыныстарынан ажыратылады. Морфологиялық құрылымды жалпы топырақтың құрылымымен шатастырмау керек. Морфологиялық құрылым – топырақтың сыртқы пішіні. Топырақ әртүрлі морфологиялық көріністерден құрылған табиғи дене. Сондықтан бұл көріністерді оның бір-бірінен сыртқы пішіндерінен айырмашылығы бар генетикалық қабаттарынан іздестірген жөн.

Топырақтың морфологиялық құрылымын зерттеу үшін далалық жағдайда тік қазылған шұңқырларды пайдаланады. Бұл әдісті алғаш рет В. В. Докучаев қолданған, осы күнге дейін бұл топырақтануда негізгі әдіс болып қалды. Шұңқырды қазып, оның бетін тегістеп, оған күн сәулесін түсіріп караған кезде топырақтың бірнеше қабаттарға бөлінгені байқалады. Топырақтың әр қабаты өзіне тән сыртқы пішінмен сипатталады. Осы қабаттардың түріне қарап, топырақтың түзілу процесі туралы көп мәліметтер айтуға болады. Әртүрлі топырақ элементері де осылай бір-бірінен ажыратылады.

Топырақтың негізгі морфологиялык сипаттамаларына топырақтын түсі, құрылымы, тығыздығы, механикалық құрамы, әртүрлі қосылыстардың бары немесе жоғы, НСl-мен әрекеті т.б. жатады.

Топырақ профилі (кескіні). Топырақтың қазылғандағы тік қабаттары топырақтың профилі (пішіні) деп аталады. В. В. Докучаев топырақты бетінен төмен қарай негізгі үш қабатқа бөлді. А – қара шірікті қабат. В – өтпелі қабат. С – топырақ түзуші аналық тау жыныс қабаты. Олар тағы да өздерінің морфологиялық көріністеріне байланысты әрқайсысы бірнешеге бөлінуі мүмкін. Оларды А1А2, В1В2, С1С2, т.б. деп белгілейді.

Топырақтың түсі – топырақтың морфологиялық көріністерінің ішінде ең негізгі белгі. Топырақ аттарының өзі де осы түстеріне қарай қойылған. Топырақтың және оның қабаттарының түстеріне әсер ететін негізгі құрамдар:


  1. Қара шірінді заттары. Олар топыраққа қара немесе қара қоңыр түс береді.

  2. Темір және марганец тотықтары. Сары, қызыл, сия түстер береді.

3. Кремний қосылыстары, әк, каолинит, алюминий гидроксиді және суға тез ерігіш тұздар (хлоридтер және сульфаттар). Олардың түстері-ақ.

4. Темірдің шала тотығы. Ол көкшіл, сұр сия түсті келеді.

Үш бұрышта ақ, қара, қызыл түстер, ал олардың араларында осы үш негізгі түстердің азды-көптігіне байланысты неше түрлі түстер болады. Топырақты анық бір түспен айту қиын, сондықтан негізгі түске анықтама қосылады. Оның басым түсі соңына койылады. Мысалы, қара қоңыр, сарықұба, ашық сары деген сияқты.

Топырақ түсінің практикалық маңызы үлкен. Топырақ қабатының қалың қара түсті болуы гумустың молдығын көрсетеді. Көкшіл немесе көк түс – топырақтың батпақтануы. Мұндай жерлерді пайдаһану күрделі мелиоративтік жұмыстарды қажет етеді.



2.6. Топырақтың морфологиялық қасиеттері, олардың түзілуінің экологиялық жағдайлармен байланысы
Топыраққа морфологиялық сипаттама бергенде алдымен оның механикалық құрамын анықтайды. Ол үшін топырақты үгітіп суға илеп, иіріп. сақина сияқты дөңгелек жасайды. Иірілу деңгейі топырақтың ішіндегі бөлшектердің құрамына байланысты.

Топырақтың кеуектілігі. Топырақтың бос кеуектері топырақта көп орын алады. Кеуектердің көлемі түрлі топырақтарда ғана емес, тіпті бір түрдегі топырақтың өзінде түрліше болады. Ірі қуыстардың тесігі бірнеше сантиметр болуы мүмкін, уақ кеуектердің тесігі мм-дің жүзден, мыңнан бір бөліміндей не онан да тар болады.

Топырақтағы кірмелер. Топырақта оның түзілу процесіне қатысы жоқ бөтен заттар кездесуі мүмкін. Тас, кірпіш, т.б. Бұлар топырақтағы кірмелер болып есептелінеді.

Топырақтағы қосылыстар. Кейбір топырақтардын пішінінде әртүрлі жаңа қосылыстарды байқауға болады. Олардың түстерінің топырақтың жалпы түстерінен айырмашылығы айқын көрінеді. Бұл заттар химиялық немесе биологиялық жолмен пайда болуына байланысты екіге бөлінеді. Химиялық қосылыстар:

1. Тез ерігіш тұздар NaСІ, Nа2410.Н2О, МgСІ2, СаСІ2. Бұл
түздардың түстері ақ, көбінесе тұзданған топырақтарда кездеседі.


  1. Гипс СаSО4Н2О. Бұл да ақ сарғыш түсті. Топырақтың бос кеуекті жерлерінде шоғырланады. Құба, сұр-құба топырақтарға тән.

  2. СаСО3 – көміртегі карбонаты, түсі ақ. Бұл тұз да топырақ пішінінде ерекше көрініп тұрады. НСІ мен қайнаған реакция береді.

  1. 2О,Н2О, Мп2О4, А12(РО4)3, FеРО4. МnО, т.б. қара, қызғылт, тот басқан сияқты түстерге боянған қосылыстар.

  2. FеСО3, Fe3(РО4)28Н2О – көк, жасыл түсті қосылыстар. Батпақты топырақтарда кездеседі.

  3. SіО2 – ақ түсті, күл сияқты болып күлгінді, орманды-сұр, сортаң топырақтарда кездеседі.

  4. Қара шірінді – жолақ-жолақ қара түсті өтпелі қабатқа дейін жетеді.

Биологиялық қосындылар:

1. Капролиттер – жаңбыр құрттарының іштерінен шығады.

2. Көр тышқандардың жүрген жолдары.

  1. Үлкен ағаштардың тамырлары.

  2. Құрттардың топырақтағы іздері.

Осы айтылған қосындылардың құрамы, түрлері топырақтың түзілу құбылысына байланысты. Сондықтан да осылар арқылы топырақтың типтері, оның агрономиялық құндылығы туралы айтуға болады.

Тағы бір морфологиялық сипаттамаға қатысы бар нәрсе – ол топырақтың НСІ тамызғанда болатын реакцияның белсенділігі. Бұл реакция топырақта карбонаттардың бар немесе жоқ екенін көрсетеді.

СаСО3+2НСІ=СаС122О+СО2.

СО2 қайнап шығады, соның деңгейіне қарап, карбонаттардың бары-жоғын, мөлшерін айтуға болады.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Тау жыныстарының үгілуі туралы түсінік.

2. Топырақ түзуші факторлар.

3. Топырақ жамылғысына антропогендік ықпал.

4. Гипергенді минералдар.

5. Топырақтың морфологиялық қасиеттері қандай?

6. Топырақ құрылымының өндірістегi рөлі қандай?

7.Топырақтың фазалық құрамы қандай?

8.Топырақтың минералдық құрамын айтыңыз?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет