Жоғарғы Соттың қадағалау алқасында Сотталғанның жәбірленушіге қарсы әрекеттері бір мезгілде жасалып, оның ниеті екеуінің араларында туындаған бас араздық салдарынан қасақана адам өлтіруге бағытталғандықтан үкім өзгертілді



Дата04.03.2016
өлшемі33.93 Kb.
#38629
Жоғарғы Соттың қадағалау алқасында

Сотталғанның жәбірленушіге қарсы әрекеттері бір мезгілде жасалып, оның ниеті екеуінің араларында туындаған бас араздық салдарынан қасақана адам өлтіруге бағытталғандықтан үкім өзгертілді

( үзінді)

Т., бұрын: 1) 18.12.1991 жылы Қаз. ССР ҚК-нің 132-бабының 3-бөлігімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған, жазасын өтеуден 25.08.1993 жылы мерзімінен 10 ай 21 күн бұрын босатылған;

2) 21.03.1995 жылы Қаз. ССР ҚК-нің 134-бабының 2-бөлігімен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 38-бабының негізіне сәйкес, түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталып, 11.01.2001 жылы жазасын өтеуден 2 жыл 21 күнге мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған;

- ҚР ҚК-нің 103-бабы 2-бөлігінің "г" тармағымен 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, 96-бабы 2-бөлігінің "в, к" тармақтарымен 16 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 60-бабының ережесіне сай, өтелмеген жазасы ішінара қосып, түпкілікті 17 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын түзеу колониясының ерекше режимінде өтеуге сотталған.

Сот үкімі бойынша Т. 2001 жылдың мамыр айының 15 жұлдызында, мас күйінде, бұрын абақтыда жазаларын бірге өтеген К-ны кездестіріп, екеуі қосылып арақ ішкен. Содан кейін, Т. әйелімен бірге үйіне қайтқан кезде, К. олардан қалмай, Т-ның үйіне кірмекші болған. Осы кезде Т. оны далаға алып шығып, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында, аса қатыгездікпен, денесінің әр жерінен аяқ-қолдарымен ұрып, тепкілеген. Содан кейін, жәбірленушінің басын бетон шарбаққа бірнеше рет соғып, жәбірленушінің есінен танғанын көріп, үйінде жатқан әйелінің інісі Н-ды шақырып, екеуі жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, оны темір жол бойына апарып тастаған. Н. кеткен соң, Т. істеген қылмысын жасыру мақсатында, қалтасындағы өзімен бірге алып жүрген ұстарамен жәбірленушінің тамағынан бірнеше рет кескен. Осының салдарынан К. оқиға болған жерде қайтыс болған.

Қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қаралмаған.

Сотталған Т. қадағалау шағымында үкімнің әділсіз екендігін көрсетіп, қылмыстық істі жан-жақты тексеріп, дұрыс шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушының іс бойынша қабылданған сот қаулыларын өзгертіп, сотталған Т-ға ҚК-нің 103-бабы 2-бөлігінің "г" тармағымен тағылған айыпты алып тастап, оның әрекеттерін ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің "в, к" тармақтарынан ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігіне ауыстырып, осы баппен 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 60-бабының негізіне сәйкес, түпкілікті 13 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдыруға жатады деген пікірін тыңдап, шағымда келтірілген уәждерді талқылап, істің мән-жайын зерттеп, алқа төмендегідей тұжырымға келді.

Бірінші сатыдағы сот оқиғаның мән-жайын дұрыс анықтаған, алайда, сотталған Т-ның жасаған қылмыстық әрекеттеріне дұрыс құқықтық баға бермеген.

Сотталған Т. өзінің жасаған іс әрекеттерін мойындап берген жауаптарынан, жәбірленуші К. екеуі кафеде кездесіп, арақ ішкендерін, кейіннен екеуі төбелесіп қалып, ол К-ны ұрып-соғып, есінен тандырып, Н-мен бірге темір жол бойына апарып тастап, Н. кете салысымен, қалтасындағы ұстарамен жәбірленушіні бауыздап өлтіргені көрінеді.

Сотта сұралған куә М. жауабында жолдасы Т-ның 2001 жылғы 14 мамырда, мас күйінде К-ны кездестіріп, арақ ішкендерін, үйлеріне қайтқан кезде, екеуі ерегісіп, соңы төбелеске айналып, жолдасының соңғыны аяғымен, қолымен ұрып-соғып тастағанын құаттаған.

Куә Н. жоғарыда аталған мән-жайды қуаттап, бір тектес жауап берген.

Сөйтіп, іс бойынша анықталған мән-жайлар, сотталған Т-ның жәбірленушіге қарсы жасаған іс әрекеттері бір мезгілде болғанын, оның ой-пиғылының қасақана адам өлтіруге бағытталғанын көрсетеді.

Сондықтан қадағалау алқасы, сотталғанның әрекеттерін ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен дәрежелеу қажет деп тапты. Ал соттың Т-ға ҚК-нің 103-бабы 2-бөлігінің "г" тармағын, ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің "в, к" тармақтарымен айыпты деп тапқан тұжырымы іс құжаттарына негізделмегенін айқындады.

Алқа, Т-ға ҚК-нің 103-бабы 2-бөлігінің "г" тармағымен тағылған айыпты алып тастап, оның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің "в, к" тармақтарынан ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігіне ауыстырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Сонымен қатар, қадағалау алқасы, қаулыда "жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып өлтірген" деген айып, жәбірленуші не ауру, не болмаса жас бала, әлде кәрі адам болуына байланысты, қылмыскерге қарсылық көрсете алмаған жағдайларда орын алатынын, ал аталған іс бойынша ондай жағдайлар анықталмағанын атап көрсетті.



ҚІЖК-нің 467-бабы 6-бөлігінің 2-тармағын басшылыққа алып, алқа сотталған Т. жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 2002 жылғы желтоқсан айының 6 жұлдызындағы үкімін өзгертіп, сотталғанның айыптауынан ҚК-нің 103-бабы 2-бөлігінің "г" тармағымен тағылған айыпты алып тастап, оның әрекеттерін ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің "в, к" тармақтарынан ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігіне ауыстырып, осы баппен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 60-бабына сәйкес, 1995 жылғы 21 наурыздағы үкім бойынша өтелмеген жазаны ішінара қосып, түпкілікті 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, үкімнің басқа бөлігін өзгеріссіз қалдырды. Сотталған Т-ның шағымы ішінара қанағаттандырылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет