ЕРМАҒАНБЕТОВА Зухра
Филология ғылымдарының кандидаты
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
ЖУРНАЛИСТ. РЕДАКТОР. ЖАЗУШЫ.
Белгілі журналист-жазушы Кәкімжан Қазыбаев 1929 жылы 10 мамырда Талдықорған облысы, Сарқанд ауданы, Бақалы ауылында дүниеге келген. Өзінің алғашқы еңбек жолын Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде есепші болудан бастайды. 1947 жылы Ақсу қазақ орта мектебін бітірген соң қазіргі Қазақ ұлттық университетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Зерделі жас сабақты үздік оқумен бірге топ жетекшілігін қатар алып жүреді.
Университет қабырғасының үшінші жылында-ақ «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Ол кезде газетте жұмыс істемек тұрмақ мақала жазу, газеттен аты-жөніңді көру кейбір жастар үшін арман болатын. Ал Кәкімжан болса, болашақ ұшар ұясына кірпіш боп қаланып, осы жерден журналистика атты мамандықтың әліппесін меңгереді. Қаламгердің алғашқы қадамдары журналистиканың ұстаханасы ретінде әлдеқашан мойындалған, республикаға белгілі «Лениншіл жас» газетінен басталады. Көп кешікпей-ақ осы басылымда ол өзінің қабілет қарымын көрсете бастады. Оның жастар өмірінен жазған ойлы мақалалары мен оралымды очерктері, көркем суреттемелері оқырман назарын өзіне аударды.
Шығармашылығының алғашқы кезеңін аталмыш газетте өткізу Кәкімжан Қазыбаев үшін үлкен бақыт еді. Өйткені оқырман сезімін желпінтетін бірден-бір басылым болғаны рас. Бұл турасында «Ақиқатқа ар серік» кітабына: «Мен өзім журналистік қызметімді «Лениншіл жастан» бастағаныма қуанамын. Өйткені мұнда жастық жалынды отқа да, суға да саласың, тыным таппай ізденуде боласың»,- деп жазады..
Кәкімжан Қазыбаев редакция ұйғарымымен Мәскеуге «Комсомольская правда» газетіне тәжірибе жинақтауға барады. Ол осы сапарынан көп нәрсе үйреніп қайтады. Секретариаттың жұмысын ұйымдастыру, газеттің келесі санын жобалау, апталық, айлық жоспарлау іс-сапардан оралған әрбір қызметкердің есебін тыңдау, жүйелі түрде қызықты хаттар сағатын өткізу жөнінде жаңалықтар енгізді. Қазыбаевтың жауапты хатшы ретінде іскерлігі, тапқырлығы осы тұста аңғарылады. «Ауыл ажары», «Ауылын көріп азаматын таны» айдарларымен берілген ауыл мәдениеті, ауыл кештері, қазақтың ұлттық ойындары туралы материалдар соның айғағы. Бұл әлеуметтік проблема дәрежесіне дейін көтерілді. Көп ұзамай газет бетінде сын материалдар беріле бастады. Газет көтерген келелі мәселелер жастар арасында жаңа бір толқын туғызды. Өмірдегі олқылықты, істегі қырсыздықты келеңсіздікті жоюды талап еткен үндер естіле бастады. Осы кезде «Лениншіл жастың» «Сын семсері» атты сатиралық бұрышы дүниеге келді. Кемшілік атаулыға қырғидай тиетін құрал газет бетінен көрінді. Тақырыбы «Сөз қысқа: бюрократтықты кедергі кеселімен, Түйрейміз өткір сынның семсерімен» деп айбынды берілген бетті журналист Ә. Ыдырысов әзірлепті. Кейін ол «Көреген Ақиқатұлы» болып республикаға танылды.
«Міне, «Көреген» боп бас мақала жазып отырмын. Жігіттердің ойынан шыға аламын ба, «Көрегеннің» атынан сөйлеуді маған тапсырды. Бас мақаланы біткен соң макетке кірісуім керек»,-деп жазады «Ізденіссіз өмір тұл» шығармасында. Сөйтіп сықақ бұрышының беташарын жазып, тұсауын кескен К. Қазыбаев болды. Кейінгі «Сүзеген сөз» болып көпке танымал болған басқа да сын-сықақтардың төркіні осыдан басталады
Тың жылдарындағы баспасөз тек тың жерлерді игерудің маңызын түсіндіріп қана қойған жоқ, сондай-ақ тың игерілетін аудандарды кадрлармен, ауылшаруашылығын техникамен, тұрмыс, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мәселесімен де шұғылданды. К. Қазыбаев газеттің қат-қабат жұмысының ортасында жүріп осы оқиғаларға арнап «Дәуір аты – Октябрь», «Сөнбейтін нұр», «Ұрпақ мерейі», «Самғау сыры», «Ғасыр шырайы», «Дархандық» атты публицистикалық мақалаларын жазды.
Міне, осы кезеңдегі қоғамдық саяси өмірдің бел ортасында жүрген журналистер тобының қатарында К. Қазыбаев та болды. Нақ осы тұста оның ізденгіштігі мен тапқырлығы тағы да таныла түсті. Кезекті санды жоспарлау мен макетті жаңаша жасау жарасымды ұштастырылды. Материалдың беттегі орны мен оның ұтымды орналастырылуы, артық кемі жоқ әдеби әшекейленуі оның мазмұнын байытты.
«Макет жасау, материалды орналастыру, басылымның полиграфиялық мәдениетін көтеру нағыз өнерге айналды. Сөйтіп, жауапты хатшының жаңаша ойлайтын жәрдемшілері, тіпті бүтін бір секретариат қызметкерлерінің мектебі пайда болды. Оның алғашқы шәкірттері – Тельман, Бекежан, Байболсындар еді»,-деп сыр шертеді «Ақиқатқа ар серік» кітабында.
Шығармаларының ішінде ерекше тоқталатынымыз «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі. Қазақ баспасөзінде рейхстагқа жеңіс жалауын қадаған қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев екенін бірінші болып елге таныстырған Кәкімжан Қазыбаев болды. Жеңіс күнінен кейін арада 13 жыл өтсе де комуналды шаруашылық мекемесінде жұмысшы болып жүрген Рақымжанды ел таныды. Бұрын жау ордасының төбесіне жеңіс жалауын желбіреткен Егоров пен Кантария деп миымызға әбден сіңірген ел үшін бұл үлкен жаңалық еді. Ол қалыптасып қалған пікірге уәж айтып, өзіндік ойды ортаға салудың қиын кезеңі. Тырнақ астынан кір іздеп, тарпа бас салатын заманда бұлайша ой айту батылдық қана емес, батырлық та. К. Қазыбаев оны бұрын басылған дерек құжаттарымен тапжылтпай дәлелдеп берді. Бұл жайында Кәкімжан «сонда Рақаң 1945 жылдың мамыр айынан кейінгі 13 жылдан соң іздеп келген де, газетке жазып шығарған да бірінші қазақ журналисі өзіңсің» - деп қатты толқығаны есімде»,- деп еске алады.
Көп уақыт өтпей-ақ баспасөз беттерінде «Рейхстагқа ту тіккен жігіт», «Рейхстагтағы жеңіс жалауы», «Рейхстагқа жалау тіккен жігіт», «Қазақ жігітінің ерлігі», «Ең соңғы 360 метр» деген атпен көлемді мақала-очерктері жариялана бастайды. Кәкімжан «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қағидаға жүгініп Рақымжан жайлы жүзге тарта деректі құжаттарды жинастырады. Алғашқы очеркін тың деректер, фактілермен толықтырып, Қошқарбаев туралы «Кернеген кек» деректі повесін, Жеңістің 20 жылдығына орай «Рақымжан Қошқарбаев» атты кітапшасын жазды.
Бірақ, бұл тұста Рақымжан Қошқарбаев есімін біреу білсе, біреу білмейтін еді. Оның үстіне кеңестік идеология әлдеқашан Берлинде жеңіс күні зұлымдық ордасының төбесіне ту тіккен батырлардың аты-жөнін жалпақ әлемге әлдеқашан әйгілеп қойған. Бұдан соң осы тақырыпқа қалам тарту тәуелкелшілдің ісі екені де бағамдау қиын емес. К. Қазыбаевтың қазақ батыры туралы очеркіне елдің елең ететіні де сондықтан.
Кәкімжан Қазыбаевтың ''Лениншіл жас'' газетіндегі журналистік қызметі оның шеберлігін ұштап уақыт үшін тез ұғылып, негізінен алғанда өндіріс, ауыл шаруашылығы, еңбек тақырыптарын жеткізе жазуға алып барған өмір мектебі болса, публицист ретінде таныла түскен кезеңі – Алматы облыстық ''Жетісу'' газеті. Ол 1958 жылдың аяқ кезінде ''Жер жәннәті'' атанған Жетісу өңірінің Алматы облыстық ''Коммунизм таңы'' (қазіргі ''Жетісу'') газетіне редактордың орынбасары болып бекітілді. Осы газетте он жыл еңбек етіп қаламы қарымды, қабілетті журналист екеніне іс жүзінде көз жеткізді, газеттің мазмұны жақсарып мәдени дәрежесі артуына үлес қосты. Журналистика саласында алған теориялық білімді өмірде, практикалық жұмыста қолдана білуде басқаларға өнеге көрсетті.
Республикалық ''Лениншіл жас'', Алматы облыстық ''Жетісу'' газеттерінде, ''Қазақстан коммунисі'' журналында жүзден аса бас мақалалары жарық көрді. Олардың тақырыбы, көтерген мәселелері әр алуан.Бір сөзбен айтқанда публицист ел өмірінде болған экономикалық, саяси, мәдени оқиғалардың бәріне дерлік үн қосып, араласып отырған.
К.Қазыбаев 1972-1974 жылдар аралығында Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Ал, 1974 жылдың қазан айында КазТАГ-тың директоры болып тағайындалады.
ҚазТАГ-тың қат-қабат жұмысының ортасында жүріп ''Аманат'' атты роман, повестер жинағын шығарды. Сондай-ақ, шетел сапарларынан жол-сапар очерктерін, бірнеше циклді мақалалар жазды. ҚазТАГ тарихында Қазыбаев қызмет еткен кезеңнің өзіндік ерекшеліктері барын, жаңаша ақпарат беру үрдісінің кезең талабына орай жалғасып келе жатқанын баса айтқымыз келеді. Ол ақпарат агенттігінде іскер ұйымдастырушы, қабілетті басшы ретінде танылып, айналасына жаңашыл тәжірибелі қызметкерлерді топтастыра білді. Агенттікті жаңа үлгідегі техникамен жабдықтап, ірі аударма орталығына айналдырды. Сонымен бірге ҚазТАГ-ты өзге республикаларға танытып, агенттікте жаңа үлгіде ақпарат беру үрдісін қалыптастырды.
Журналист-жазушы, Кәкімжан Қазыбаев ''Қазақстан коммунисі'' журналында 1986-89 жылдар аралығында редактор болып қызмет атқарады.
«Қазақстан коммунисі» секілді қазақ баспасөзінің қара шаңырағына басшылық жасау қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, журналистің шеберлігін ғана емес, қоғамдық және саяси қайраткерлікті де талап етеді. Осы талап биігінен көріне алған Кәкімжан Қазыбаев өзінің өмірлік тәжірибесін, білім мен ақыл-парасатын ұйымшыл ұжым қалыптастыруға, басылымның мазмұнын байытып, тақырыбын кеңейтуге, теориялық-танымдық дәрежесін көтеруге жұмсады. Редакторлық еткен тұста ''Қазақстан коммунисі'' уақыт рухына сай жаңаша жұмыс істеп, республикамызда өркен жайып отырған өзгерістерді бейнелеуге жариялылық, сын мен өзара сынды өрістетуге, жергілікті тілшілермен, оқырмандармен байланысты нығайтуға күш салды. Журнал ұжымы түрлі аудандарда, еңбек ұжымдарында болып жұртшылық алдында журнал жұмысын қайта құру, қызметкерлердің белсенділігін арттыру, назарды нендей мәселелерге аудару керектігі жайында ашық әңгімелесулер өткізді. Басылымда ''Публицист толғауы'', ''Оқырман көтерген проблема'', ''Қоғамдық пікір'', ''Оқырман сұрақ қояды'', ''Ойыңыз қандай оқырман?'' деген айдарлар пайда болды. Оқырмансыз басылым және басылымсыз оқырман болмайтындығы белгілі. Ал, шындықты айта алмайтын басылымсыз оқырманға жол табу қиын. Бұған оқырманмен тілдесуді мұрат тұтқан редактор және редакция ұжымының түрлі еңбек ұжымдарына өткізген оқырмандар конференциясы мен сырттай лездемесі арқылы көз жеткізуге болады.
Елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдардағы ''Лениншіл жас'', ''Жетісу'' газеттерінің тігінділеріне қайта үңілген адам Кәкімжан Қазыбаевтың жазған дүниелеріндегі деректер мен мәліметтерді ұсыну мәдениетінің ерекшелігіне тәнті болар еді. Журналистің әуелі әр түрлі басылымдарда жарияланған, бірқатары кейін “Ақиқатқа ар серік” атты кітабына (1989 ж.) енген “Еңбек адам шырайы”, “Жүрек кілтін таба білсе”, “Шынығу”, “Рухы күшті адам”, “Болгар әсерлері”, “От лаулаған жүректер” атты очерктерін талдап, саралай отырып мынадай қорытындыларға келеміз.
К. Қазыбаев алдымен материалдың өзегіндегі ақпаратқа баса назар аударады. Өзге жанама мәселелер осы басты ақпаратты шынайы жеткізу үшін қосалқы қызмет атқарады. Журналист ұсынған ақпарат елді елең еткізген тың дүние болып келеді. Бұл мәлімет қалай болғанда да қазақ ұлты менталитетіне лайықталып ұсынылады. К. Қазыбаев деректері ұлттық танымды байытуға қызмет етеді. Ол қаламгердің оқырманға ақпарат ұсыну тәжірибесін таратуына септігін тигізді. ҚазТАГ-тың тарихында өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында К. Қазыбаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан ақпарат беру үрдісі қалыптасқанын ешкім жоққа шығармаса керек.
Өмірде парасаттылығымен, кішіпейілдігімен ел есінде қалған көрнекті публицистің жазған шығармаларынынан да ішкі мәдениетінің жоғарылығы көрінеді. Бұл әрине, К.Қазыбаевтың қалың елге ұсынған тың деректерін айшықтай түсуге септігін тигізетіні белгілі.
Шет жұртты аралау К. Қазыбаевтың шығармашылығына әсер етпей қойған жоқ. Жұмыр жердің көптеген бөлігін айналып өткен жазушы шет елдерден алған әсерлері мен ой-толғаныстары жайлы жол-сапар очерктерін жазды. Журналистің ''Сөнбейтін нұр'', ''Берлин жазбалары'' ''Болгар әсерлері'' , ''Жұмыр жер, мұны ұмытпа», “От лаулаған жүректер” очерктерінде сапарда болған елдің тарихын, мәдениетін, экономикалық жағдайын, алған әсерлерін егжей-тегжейлі баяндайды. Сондай-ақ, көрген, білген ''ұсақ-түйектерді'' тізе бермей әсер еткен, көңілге қонған жайттарға көшеді. Мәнді-мағыналы, елеулі нәрселер туралы жазады. Бұл очерктерінде де ой, идея бірінші орында тұрады.
Қаламгер журналистика жанрларының үлкен-кішісін таңдаған емес. Ол шағын ақпараттық хабарламадан очеркке дейінгі жанрларардың бәріне қалам тартты. Журналист деректің сонылығын, мәліметтің жаңалығын маңызды санады. К. Қазыбаев публицистикасының ақпараттық мәні неде дегенге келсек, мынадай тұжырымдар жасауға болады. Біріншіден, журналист болмысы жаңа, есімі елді елең еткізген кейіпкерлерді тапты. Екіншіден, ол жалпақ жұртты, әсіресе қазақ ұлтын қызықтыратын оқиғаларды жазған дүниелері танымдық деректер мен ақпараттарға толы болды. Осы қасиеттері оны өз дәуірінде мақалаларын оқырман іздеп жүріп оқитын белгілі журналиске айналдырды. Оның тәжірибесінен ақпараттар ағыны толқындай жөңкілген қазіргі заманғы журналистиканың өкілдеріне үлгі етіп ұсынар нәрселер жеткілікті.
Баспасөзде өзінің көркем очерктерімен танылған К.Қазыбаев енді журналистикадан жазушылыққа қадам басты. Көңілде жүріп көкейде піскен бар құбылысты суреткерлік електен өткізіп, көркем бейнемен беруге көшті. Орталық Комитте нұсқаушы болып жүрген кезде ''Ызғар'' атты тұңғыш романын жазып, оның алғашқы нұсқалары өзі он жыл үзбей еңбек еткен ''Жетісу'' газетінде жарияланды. Көркем прозадағы алғашқы қадамы іспетті ''Ызғар'' романы Ұлы отан соғысы тұсындағы тыл өмірін кең арнада кемел суреттеген тұңғыш туындылардың бірі. Бұл роман 1975 жылы орыс тілінде басылып шықты.
Ал енді шоқтығы биік шығарма ''Сұрапыл'' – 30-жылдардағы ашаршылықты ашына әшкерелеп, кең ауқымда көрсеткен қазақ топырағындағы тұнғыш туынды десек қателеспейміз.
Тарихи тұлғаны өз дәуірінің табиғаты мен адамы тектілік қаны өсіреді, баптайды. Ал журналист, жазушылар өзі өмір сүрген заманына да, келер ұрпақ санасына да пәрменді ықпал етеді, пәни баласына жарығы сонау түнек қиырдан талмай жетер бағдаршам болады. Сондай көрнекті, публицист, журналистердің қатарынан орын алуға әбден лайық, қазақ журналистикасына өзгеше қалам тартқан, қоғам қайраткері, зиялы жандардың бірі журналист – Кәкімжан Қазыбаев.
Достарыңызбен бөлісу: |