Капенов Бауыржан



Дата10.02.2024
өлшемі24.15 Kb.
#491516
Егістік тәжірибенің басқа тәжірибелік жұмыстардан ерекшелігі


Капенов Бауыржан

  • Танаптық тәжірибе жүргізілетін негізгі жағдайлардың ерекшеліктеріне сипаттама беру (ауа–райы жағдайы, топырақ-климат жағдайлары, қоршаған орта факторларының реттелмейтіндігі және т.б.).

  • Танаптық тәжірибені жүргізудің негізгі кезеңдері қандай?

  • Танаптық тәжірибені жасаудағы мәселелердің (тапсырмалар) жағдайы және әдістемесі.

  • Тәжірибенің мақсаты мен тапсырмасын анықтау әдістемесі қандай?

  • Тәжірибенің өзектілігі және жаңалығы түсініктерінің астарында не тұр? Тәжірибе өсімдігін таңдау кезінде қандай негізгі жағдайларға сүйенген жөн (тәжірибе объектісі)?

  • Агрономиялық тәжірибелерде – тәжірибе нұсқалары, тәжірибе мөлдектері, бақылау нұсқалары, стандарт түсініктері нені білдіреді?

  • Танаптық тәжірибе сызбанұсқасын жасаудың негізгі әдістемесі қандай?

  • Аймақтың топырақ-климат жағдайларын бағалауға мүмкіндік беретін негізгі көрсеткіштерді атаңыз?

  • Зерттеу объектісі (дақыл) қандай көрсеткіштерімен сипатталады және студентпен таңдалып алынған зерттеу объектісі туралы жалпы мәліметтер (маңызы, морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері, сұрыптары, өсіру технологиясы және т.б.).

Егістік тәжірибенің басқа тәжірибелік жұмыстардан ерекшелігі дақылдарды сол аймақтың топырақ-климат жағдайларын, агротехникалық шаралар әсерін ескере отырып, өндіріске жақын немесе сол өндіріс жағдайында ұштастыра отырып жүргізеді. Ауыспалы егіс, топырақ өңдеу, дақылдарды күтіп баптау жұмыстары, ауыспалы егістегі тыңайтқыш, гербицид т.б дәрмектерді қолдану секілді агротехникалық шаралар танаптық тәжірибелерінсіз орындалмайды. Егістік тәжірибе нәтижесінің құндылылығы оның әдістемелік талаптарының орындалуына тікелей байланысты. Олардың ішіндегі ең негізгілері:
1. Тәжірибенің біртектілігі;
2. Тәжірибедегі салыстырмалықтың болуы және бір ғана өзгешелік қағиданы сақтау;
3. Тәжірибені арнайы жерде жүргізу;
4. Тәжірибе мәліметтері мәнінің тиянақты, әрі дәл болуы;
5. Тәжірибеде өсірілген дақылдың өнімін есепке алу.
Тәжірибенің біртектілігі. Жүргізілетін жұмыстар сол аймақтың ауа райына, топырағына, агротехникасына сәйкес болуы қажет. Егістік тәжірибенің біртектілігі маңызды сапалық көрсеткіш. Аймақтың топырақ-климат жағдайы біртекті болмаған жағдайда егістік тәжірибені жүргізуге болмайды. Сәйкестік талабы ауыспалы егістің тыңайтқыш қолдану жүйесін зерттеуде де ұқыпты түрде орындалуы тиіс. Тәжірибе жүргізерден бұрын телім топырағына жан-жақты агрохимиялық талдау жасалуы қажет. Топырақ құнарлылығы төмен танаптарда дақылдар алмасудың негізі сақталмаған егіс алқаптарында тыңайтқыш қолдануда зерттеу тәжірибесінің нәтижесі төмен болады. Сонымен қатар тәжірибені сол аймақта өсірілетін дақылдың себуге рұқсат етілген сұрыпымен жүргізген жөн. Рұқсат етілмеген сұрыптар (аудандастырылмаған) немесе сол аймаққа өсірілуге бейімсіз дақылдар қолданылатын шараларға кері әсер етіп, нәтиже бермеуі мүмкін және де бұл нәтижелерді өндіріске ұсынуға болмайды. Тәжірибені биологиялық ерекшеліктері әр түрлі бірнеше өсімдіктермен жүргізгенде агротехникалық сәйкестікті сақтауға назар аударған жөн (топырақты өңдеу, тұқымды себу мерзімі, себу мөлшері, арамшөптермен күрес т.б.).
Тәжірибедегі салыстырмалықтың болуы және бір ғана өзгешелік қағиданы сақтау. Егістік тәжірибені жүргізгенде бір ғана өзгешелік қағидасы әдістеменің негізгі талабы болып саналады. Бұл талапты егістік тәжірибенің бағдарламасы мен сұлбасын дайындау кезінде міндетті түрде ескеру қажет және бұрмаланбауы тиіс. Мысалы, тәжірибеде тыңайтқыштар әсерін зерттегенде айырмашылық тек нұсқалардың ішіндегі тыңайтқыш мөлшерінде ғана болғаны дұрыс. Ал басқа агротехникалық шаралар (топырақты өңдеу, алғы дақыл, сұрып, тұқымды себу мерзімі, күтіп баптау жұмыстары т.б.) барлық нұсқалар үшін бірдей болуы керек. Бұл талаптарды қатаң орындамайынша зерттелініп жатқан тыңайтқыштар әсерінің нәтижелері дұрыс болмауы мүмкін. Егіс тәжірибесін зерттеу кезінде қоршаған орта себепшарттарының әсерін бақылау мүмкін емес, өсімдіктер мен топырақтың тығыз байланыстылығы, әрі өзара тәуелділігінің күштілігі және оларға агротехникалық тәсілдердің әсерлері себеп болады. Мысалға, топырақтың тереңдігін өзгерту арқылы өңдегенде оның қабаттарындағы ылғал мөлшері, жылу мен ауасы, қоректік режімдері мен биологиялық үдерістері өзгеретіні белгілі.
Тәжірибені арнайы жерде жүргізу. Егістік тәжірибелерді жүргізуге алдын ала арнайы жер телімдері дайындалады. Егерде тәжірибеге арнайы жер дайындалып бөлінбесе, ол танаптың мәліметтері болмаса, ондай жерді зерттеп алмайынша егістік тәжірибе жүргізуге болмайды. Тәжірибе жерінің біртектілігі белгілі бір аймақта оның топырақ климаттық жағдайлары мен бедері арқылы анықталады. Зерттеуге бөлінген жер телімінің біртектілігінің тәжірибе жүргізуде маңызы зор. Тәжірибе жүргізілетін жердің мүмкіндігінше топырағының сәйкестілігі белгіленген аймақ жерінің көп көлемін алып жатуы тиіс, өйткені тәжірибе нәтижелері сол аймаққа немесе сол типтес топырақтарға ұсынылады. Сонымен қатар танап тарихын білу де өте маңызды талаптардың бірі. Алдыңғы жылдардағы жүргізілген агротехникалық шаралар, өңдеу жұмыстары, мелиоративтік шаралар, егілген дақыл түрлері, ластану жағдайы, аурулар мен зиянкестерге қолданылған шаралар секілді жұмыстардың барысын білген жөн.
Тәжірибе мәліметтерінің мәнінің тиянақты, әрі дәл болуы – тәжірибедегі міндетті талаптардың бірі. Тәжірибе нәтижелерінің мәні сандық көрсеткіштерімен бағаланады. Көптеген зерттелетін агротехникалық шаралар дақыл түсіміне ғана емес, оның сапасына да әсер етеді. Мысалға, астық дақылдары дәнінің құрамындағы ақуыз мөлшері, картоп түйнегіндегі крахмал, қант қызылшасы тамырындағы қант мөлшерінің өзгеруі. Өнімнің сапа көрсеткіштерін зертханада химиялық талдау арқылы анықтайды. Дақыл өнімі мен оның сапа көрсеткіштері қолданылған агротехникалық шаралар мен себепшарттардың нәтижелерін көрсетеді және осы көрсеткіштердің сәйкестік дәрежесі тәжірибе дәлдігін анықтауға мүмкіндік береді. Тәжірибе жүргізуден алынған нәтижелер мен нақты нәтижелер арасындағы айырмашылық неғұрлым аз болса, тәжірибе дәлдігі соғұрлым жоғары болады.
Тәжірибеде өсірілген дақылдың өнімін есепке алу. Егістік тәжірибесіне қойылатын басты талап – оның сапалылығы. Егістік тәжірибе жүргізгенде егін жинау кезіндегі есептеу жұмыстары өте мұқияттылықты, аса жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені жинау кезіндегі жіберілген қателіктер алынған нәтижелердің көрсеткіштерін бұрмалауы мүмкін. Дақылдардан алынған өнім мен сапа көрсеткіштерін есепке алу дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне, зерттеу жұмыстарына қойылған талаптар мен мақсаттарына сәйкес өзгереді. Егіс тәжірибелердегі өнімді жинау және есепке алу жұмыстарын алдағы тарауларда кеңінен қарастырамыз. Кез келген тәжірибе мәліметтерінің арасында айырмашылық кездеседі. Тәжірибе жұмысында бақылау арқылы алынған нәтиже мен нақты өлшем мөлшерінің аралығындағы айырмашылық қателік болып саналады. Ондай жағдай тәжірибе жұмысында да жиі кездеседі. Тәжірибе жүргізгенде мүмкіндігінше қателіктің мәнін азайту үшін оның пайда болу себептерін білу керек.
Тәжірибе жұмысы кезінде үш түрлі қателіктер кездеседі: кездейсоқ, жүйелі және өрескел қателік.
Қателіктер – бұл жүргізілген тәжірибе нәтижелері мен нақты өлшем мөлшерінің арасындағы айырмашылық.
Кездейсоқ қателік. Зерттеудегі факторлардың әсерлерінің көп болуы олардың көрсеткіштерін көбейтеді де кездейсоқ қателікке әкеледі. Сол секілді тәжірибе мәліметтерін түрлендіру кездейсоқ қателікті туғызады. Сондықтан оны тәжірибе көрсеткіштерінің тұрақты серігі дейді. Бірақ математикалық статистика кездейсоқ қателікті анықтау үшін арнайы әдіс ұсынады. Егер бақылау мәліметтері көп болған жағдайда қалыпты бөлу заңына, ал бақылау саны шамалы болғанда Стьюденттің бөлісу заңына бағынады. Осы заңдардың негізінде кездейсоқ қателіктердің таралуы орташа көрсеткіштердің арасындағы айырмашылықтың қаншалықты әсерлі екендігі байқалады. Мысалы, нұсқалар бойынша өнімділіктер. Кездейсоқ қателіктің ерекшелігі – оң және теріс мәндердің санының бірдей болуы жиірек кездеседі. Тәжірибеде бақылау нұсқаларының санын көбейту, зерттеу мәліметтерін жинақтау кездейсоқ қателіктің оң және теріс түрлері тең болғандықтан өзара жойылады.
Жүйелі қателік. Тәжірибе жұмысында кездесетін жағдай белгілі бір тұрақты әсердің бұрмалануынан өлшеу, санау мәліметтерін өсіру немесе кеміту жүйелі қателік деп аталады. Тәжірибе жағдайында бұның себептері зерттелінбеген себепшарттардың заңды түрленуінен болады. Мысалы, топырақ құнарлылығы және тәжірибеден алынатын нәтижені тек дұрыс әдістер қолдану арқылы ғана түзетуге болады.
Бұл қателіктің кездейсоқ қателіктен ерекшелігі - бұрмалануы тек бір бағытта болады, яғни тәжірибе мәліметтерін бірдей өсіреді немесе бірыңғай кемітеді. Жүйелік қателіктің тағы бір айырмашылығы мұнда өзара жоятын бағыты жоқ, сондықтан жекелеп бақылау көрсеткішіне де, орташа көрсеткіштеріне де әсер етеді.
Өрескел қателік егістік тәжірибеге қойылған талаптарды дұрыс орындамағандықтан болады. Мысалы, тәжірибе жүргізушінің ұқыпсыздығынан бір мөлдекке қатарынан бірнеше рет тыңайтқыш енгізілуі, өнімін өлшегенде нұсқалардың мөлдегін ауыстырып алуы, түсімнің салмағын күнделік дәптерде дұрыс көрсетпеуі секілді себептерден болады. Мұндай қателікті түзету немесе орнын толтыру мүмкін емес. Бұл жағдайда мөлдектер, қайталаулар немесе егістік тәжірибе толығымен жарамсыз етіледі.
Тағы бір ескеретін жайт, тәжірибе жұмысында кез келген есепке сенуге болмайды, агротехникалық тәсіл арқылы мақұлданған мәліметтер ғана қателіктерден аулақ болуға мүмкіндік туғызады.
Жалпы егістік тәжірибе дәлдігін анықтау үшін оның мәліметтерін статистикалық әдіс арқылы математикалық жолмен өңдейді. Жүргізілген тәжірибенің дұрыстығына баға беру үшін оның мәліметтеріне агрономиялық талдау жасайды. Атап айтқанда, бағдарламада көрсетілген зерттеудің міндеті мен мақсатын, әдістемені, сызба элементтерін, зерттеу барысында жиналған мәліметтерді, өнімді есептеудің нәтижелерін және кеңістікте егістік тәжірибені орналастыру техникасын мұқият тексеру керек. Егер егістік тәжірибе әдістемелік жағынан дұрыс орындалған болса, оның мәліметтерін математикалық жолмен өңдеп, кездейсоқ қателік мәні мен тәжірибе дәлдігінің деңгейін анықтайды. Мәліметтерді математикалық (статистикалық) өңдеу, кездейсоқ ауытқудың шегін және нұсқалардың орташа өнімдерінің арасындағы айырмашылықты ажырату үшін қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет