Көне қала орны табылды
Ежелгі Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараз қаласында беймәлім көне жәдігерлер көптеп кездеседі. Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, археологтардың зерттеуі барысында Талас өңірін сонау тас дәуірінің соңғы кезеңінде адам баласының мекендегенін дәлелдейтін бірнеше шақпақ тастан жасалған тас қарулардың табылуы көп жайды ұқтырса керек.
Сондай-ақ, соңғы жылдары, өңірдің егіншілікпен, қолөнер мәдениетімен айналысқанын, қола мен сақ дәуіріндегі тайпалардың құтты қонысы болғанын дәлелдейтін едәуір ескерткіштер табылған. Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылының маңындағы сақтардын жеті обасы мен батыс іргесіндегі Суперфосфат зауытының жанындағы көлемі мен биіктігі әртүрлі төбешіктер сөз жоқ ежелгі Таразға қатысты орын, әрі сақтардың қоныс жайы болғанын жоққа шығармаса керекті. Көшпенділер тарихындағы тағы бір құнды дерек - осы Ақбұлым ауылының шығысындағы Қарасай шатқалындағы жарғабақ тастардағы таңбалар. Бұдан бөлек, қазба барысында ғасырлар төренінен бізге жеткен сәулет өнерінің бірі - Тараз моншасы болды.
Археологтар зерттеуінің нәтижесінде көне қаланың әртүрлі кезеңдеріндегі сәулетті сарайлардың сыры ашылуда. Бұл жолы қаладағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық - мұражайы қызметкерлері Байзақ ауданы Түймекент ауылының маңайында қазба жұмыстарын жүргізуде. Шаруаның қыр-сырымен танысу үшін біз де сол жаққа жол тартқан едік. Археолог берген мәлімет бойынша, бүгінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында 70-тен астам бұзылып жатқан ескерткіштер бар. Соның 10-ы өзен шайып, түрлі табиғи апаттан бүлінген. Ал, облысымызға қатысты Тамды, Түймекент және Тастұмсық деген жерлер 2009 жылдан бастап «Мәдени мұра» тізіміне енген. Орта ғасырлық Түймекент қаласы Ұлы Жібек жолынан Ақыртаста бөлініп шығып, Таразға соқпай Саудакентке өтетін жолдың бойында орналасқан. Жалпы, бұл қала арқылы бірнеше керуен жолы өткен.
- Зерттеуді былтыр бастадық. Мұнда ортағасырда қала болғаны белгілі болды. Қаланың онтүстік батыс пен онтүстік шығыс қақпасы бар. Дуалдың қалындығы 7 метр, биіктігі 6 метр. Қамалдың сыртынан қаланың оңтүстік батыс қақпасын қорғау үшін Г тәрізді қосымша қақпа салынған екен. Мұндай қақпа елімізде тұңғыш рет ашылып отыр. XX ғасырдың 70-80 жылдары бұл көне қала арқылы осы заманның жолын салу кезінде бұзылып кеткен. Сонымен қатар, өрттің қалдығынан, сол кезде бұл қалада өрттің болғаны да анықталып отыр, - деді «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ЖШС-нін директоры, профессор Мадияр Елеуов.
Қорғанды аралап жүріп, тағы бір қорымға тап болдық. Ол - ежелгі қалаға келген қонақтар демалатын жер астындағы 4 бөлмесі бар демалыс орталығы. Оның бөлмесінде құдығы бар және тағы басқа тұрмысқа қажетті заттардың болғанын айғақтайтын қалдықтар табылған. Археологтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта бұл жер асты бөлме мұражай болып қалыптасады.
Бұдан соң қаланың онтүстік-шығыс қақпасымен таныстық. Мұнда археолог М. Елеуовтың айтуынша, 1983 жылы ҚазҰУ-дің археологтар тобы қазба жүргізіп, оңтүстік-шығыс қақпа арқылы қалаға су әкелетін құбырды тапты. Енді сол құбырды толық ашу мақсатында ұзындығы - 32 метр, тереңдігі - 2 метрге жуық қазба жүргізіліп, нәтижесінде, суды Талас өзенінен алған 52 құбыр табылған.
Қазба жұмыстары кезінде археологтардың пікірінен түсінгеніміз, қазір елімізде қанша тарихи мұра бар екенін ешкім анық білмейді. «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты - Қазақстандағы ескерткіштерді ашу және оның санын анықтау.
Байзақ ауданы.
Шынар Асанқызы
Ақ жол.-2011.-14 шілде (№121-122).-6 б.
Достарыңызбен бөлісу: |