Курстық ЖҰмыс тақырыбы: Диалект сөздер Тілтанымдық іс – тәжірибенің өзектілігі: Біз қарастырып отырған тілтанымдық іс – тәжірибенің тақырыбы – «Диалект сөздер»



Дата06.10.2023
өлшемі48.65 Kb.
#479933
stud.kz-76015 3


КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Диалект сөздер


Тілтанымдық іс – тәжірибенің өзектілігі: Біз қарастырып отырған тілтанымдық іс – тәжірибенің тақырыбы – «Диалект сөздер». Әдеби тілде қолданылмайтын, тек белгілі бір территорияда тұратын халық тілінде ғана кездесетін сөздер диалект деп аталады. Мысалы, жәкенші (Жамбыл, Мерке) – жәрдемші, көмекші; қанау (Ақтөбе, Ырғыз) – үлкен арық, канал, сектену; сектену (Қостанай, Аман) – сезіктену. Диалект сөздер әдеби тілге қатысына қарай бірнеше түрге бөлінеді: 1) лексикалық диалектизимдер; 2) лексика-фонетикалық диалектизмдер; 3) семантикалық диалектизмдер.
Тілтанымдық іс – тәжірибенің мақсаты: Құбылыстар мен заттардың бәрі де белгілі бір сөздермен аталады. Атаусыз сөз жоқ, сөз болмаған жерде атау да жоқ. Сондықтан, сөз тарихы тіл тарихымен, тіл тарихы халық тарихымен, халық тарихы қоғам тарихымен тығыз байланысты. Адам баласы өзінің жаратылысынан белгілі қоғамда өмір сүріп келеді. Өмір сүруге қажетті заттарды өндіруде де олар бірлесіп атқарады. Осындай бірлесіп атқарған еңбектің өзі адамзатты ойлай білуге, сөйлеуге мәжбүр еткен.
Тілтанымдық іс – тәжірибенің міндеттері: Тіл адам баласының қол жеткен табыстарын сөздер арқылы көрсетеді. Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер халықтың басынан өткен ұзақ сонар тарихын, оның саяси-әлеуметтік өмірін, тұрмыс-салтын, күнкөріс-тіршілігін, мәдени-рухани өмірін, бүкіл экономикасын айнытпай айқын бейнелеп береді.
Тілтанымдық іс – тәжірибенің құрылымы: Сөз қайда және қашан қолданылса да, даяр күйіндегі тұтас дүние ретінде пайдаланылады. Еркін сөз тіркесі мен сөйлеу нақ сөйлеу үстінде құрастырылады. Ал сөз, керісінше, тілде бұрыннан бар даяр қалпында сөйлем мен еркін сөз тіркесінің құрамына кіреді.


Диалект сөздер
Әдеби тілде қолданылмайтын, тек белгілі бір территорияда тұратын халық тілінде ғана кездесетін сөздер диалект деп аталады. Мысалы, жәкенші (Жамбыл, Мерке) – жәрдемші, көмекші; қанау (Ақтөбе, Ырғыз) – үлкен арық, канал, сектену; сектену (Қостанай, Аман) – сезіктену.
Диалект сөздер әдеби тілге қатысына қарай бірнеше түрге бөлінеді: 1) лексикалық диалектизимдер; 2) лексика-фонетикалық диалектизмдер; 3) семантикалық диалектизмдер.

  1. Лексикалық диалектизмдер деп аңғантатын ұғым жалпы халық тілінде басқа сөздермен аталатын, әдеби тілде кездеспейтін түбір сөздерді айтады.

Мысалы, Сәйпіл (Алматы, Кеген) – қорған, қамал; Сеймет (Қызылорда, Арал) – өмілдірік; ұтыр (Шымкент, Қызылорда) – қисын, рет және т.б.

  1. Лексика-фонетикалық диалектизмдерге әдеби тілдегі сөздердің жергілікті жерлерде фонетикалық өзгерістерге айтылатын сөздер жатады. Мысалы, о/ұ сәйкестігінен сұрақты-сорақы, сұнар-сонар, дұмалау-домалау; а/ы сәйкестігінен шырлау-шарлау, тымтық-тамтық, қимықпай-қаймықпай; а/ә сәйкестігінен дәнә-дана, кәте-қате, кәйтейін-қайтейін, зәлім-залым, уәйім-уайым т.б.

  2. Туынды диалектизмдер деп әдеби тілдегі сөздерге диалектизмге тән жұрнақтар жалғану арқылы жасалған диалектизмдерді айтады. Мысалы, шәйгөн-шайнек, жүрдемел-жүрдек, сұрамжал-сұраншақ, мейманқос-меймандос, тұзды-тұздық, еңку-еңіс т.б.

  3. Лексика – семантикалық диалектизм деп жалпыхалық тіліне тән бола тұрып, әдеби тілге жат мағынаға ие сөздерді айтады. Мысалы, бел – ашабылған шөптің ізі, жолы; баспа – ілгек; баспахана – ққастық, дұшпандық; шалысу – тырысу; сона – сырғаның бір түрі; сес – әдейі; сәл – құм, қуат; дерек – керек; деректі – жауапты; долы – бұршық.

Диалектизм әдеби тлдегі құбылыс, дегенмен оның әдеби тілді толықтыруға, байытуға үлесі мол. Халық тұрмысында ғылым мен техниканың дамуына байланысты көптеген жаңа ұғымдарға атау табу қажеттігі туғанда халық қазынасы ретінде пайдалатын сөздеріміз – диалектизм. Мысалы, марля сөзінің баламасы ретінде – дәке, минералды су мағынасында арасан сөздері әдеби тілге диалект қатарынан ауысты. Әрине, диалектизмнен әдеби тіл қатарына өткен сөздер мағынасын кейде өзгеріп, кеңейтуі мүмкін. Мысалы, мердігер сөзі Солтүстік Қазақстан халықтары сөзінде жалданып жұмыс істеуші деген мағынада қолданылады. Ал, әдеби тілге енгенде жеке басқамын күйттеуші емес, қоғамдық еңбекке негізделген шарт негізінде атқарылатын ұғымдық еңбекке айтылатын болды.
Диалектизм тіл-тілде бір тілде сөйлейтін халықтың өз арақатынасының аздығынан пайда болады. Қазіргі кезде жастардың мектепте оқуы, бәрі бірдей әдеби тілде жазылған оқулықты пайдалануы, газет, журнал, көркем әдебиет, халыққа тең тарап, радио, теледидарды тегіс тыңдап, көріп отыруы әдеби тілде сөйлеушілердің санын көбейтіп, диалектизм бірте-бірте азайып келеді.
Диалектизмнің қолданылуы. Диалектизмдер жергілікті жерде ауызша қолданылатындықтан, жазба әдебиеттерде оны пайдаланудың қажеті жоқ. Әсіресе, ғылыми, іс-қағаздары, публицистикалық стильдерде қолданылған диалектизм тілді шұбарлайды, тексті түсініксіз күйге түсіреді.
Ал, көркем әдебиетте диалектизмді қолдануға болады, бірақ өз орнын, мақсатын түсініп алу керек. Егер автор өз кейіпкерінің қай аймақта тұратынын, жас шамасын, білімін көрсету үшін ауызша диалектизмді салып, сол арқылы оның өзіндік ерекшелігін сомдауға әрекет жасайды. Мұндай жағдайда диалектизмнің қолданылуы орынды болады.
Ал, автор сөзінде диалектизмнің кездесуі орынды бола бермейді.
Тек әдеби тілдің баю мүмкіндігіне себебі тиетін, қажет сөздер болмаса, жалпыхалық тілінде баламасы бар сөзге үйір болмау керек.
Мысалы, М.Әуезов Жетісу өңіріндегі оқиғаға құрған өзінің «Қилы заманында» мұттайым, сұрау, демегін сияқты сөздерді әдейі қолданады. Арызымыз тыңдалмай, ақ-қарамыз тексерілмей, өле беретін болған соң, бізде бір, белгілі мұттайым кісі де бір болғаны ғой. Ел сұраған ұлығы бұлай десе, қоялық...-Қой, олай демесін...-деп, ақырып басып қойды. Қонағы жоқ асбұзыл жұтағандай қаңырап тұр. (М.Әуезов).
Келтірілген мысалдардағы мұттайым сөзі қу, бұзық, сұрау сөзі билей, басқару, демегін сөзі деме мағыналарын ьілдіріп, кейіпкерлердің аузынан естіліп, сол жергілікті тұрғынның мінез-құлқын ашуға себін тигізіп тұр.
Қазақ диалектологиясы – тіл білімінің басқа салаларымен салыстырғанда кейін пайда болған, ірге тасы кейінірек қаланған сала. Қазақ диалектологиясының ғылыми мәселелрі туралы пікір айту, оның объектісі – говорларды зерттеу ісі 1940 жылдардан бастап қана қолға алына бастады. Бұл салада алғашқы еңбек жазғандар С.А.Аманжолов пен Ж.Д.Досқараев болатын. Қазақ диалектология ғылымының ірге тасын қалаған екі ұстаз ғалымдарымыз алғаш рет материал жиып, оларды бір ізге түсіріп, диалектологиялық сөздік жасаумен ғана шектелмей, қазақ диалектілерінің классификациясы, әдеби тіл негізі т.б. теориялық мәселелер жөнінде өз пікірлерін айтқан еді. Олардың еңбектір қазақ диалектологиясының әрі қарай дамуына, кемелденуіне өор әсер етті. Кейінгі зерттеулерге мұрындық болды. Қазақ диалектологиясының жеке ғылым болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген С.А.Аманжолов болды. Ол ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында осы пәннен лекцияоқып, кадр дайындау ісіне мол үлес қосты. Диалектологиялық экспедициялар ұйымдастыруға тікелей араласып ат салысты. Революциядан бұрынғы нұсқаулардан аудандық, халық ақындары мен қазақ тілінде шығара бастаған аудандық газеттерден қыруар лексикалық материал жинауда зор еңбек сіңірді. Қазақ диалектологиясы жайында күрделі еңбектер де жазды. Лексикалық материалдар, әсіресе, С.Аманжоловтың монографиялық еңбегінің соңында берілген диалектологиялық сөздігінде мол қамтылған. Бұл сөздік 4000 сөзді қамтиды. Реестрдегі әрбір сөз орыс тіліне аударылуы және жеке тіркестердің реестрлік сөз ретінде алынуы сөздіктің құнын арттыратыны сөзсіз. Бірақ сөздердің 2000-ға жуығы қай жерден алынғандығы белгісіз болғандықтан 1969 жылы жарық көрген диалектологиялық сөздікте пайдаланылмады.
Диалектизмге көп еңбегі сіңген тіл мамандарының бірі – филология ғылымының кандидаты Ж.Досқараев. ол диалектологиядан тұңғыш рет мақала жазып, монографиялық еңбек шығарған ғалым. Ж.Досқараевтың 1955 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» атты сөздігінде 2000-ға жуық сөз қамтылып, мағынасы ашылғаг. Автор сөздердің тек қана мағынасын түсіндірмей, олардың басқа тілдердегі баламаларын тауып, салыстырмалы-тарихи әдіс тұрғысынан қарастырады, көптеген сөздердің этимологиясын ашып, көп мағыналылығын сөз етеді. Біраз сөздердің шығу төркіні жайлы да қызықты деректер бар.
С.А.Аманжолов пен Ж.Досқараевтың сөздіктері қазақ диалектологиясы ғана емес, бүкіл түркология ғылымындағы алғашқы диалектологиялық сөздіктер болғандықтан, кейбір оқулықтарға мән бермей отырмыз.Мысалы, Ж.Досқараев сөздігінде омонимия мен полисемияны ажыратуға дәйексіздік, бір диалектілік сөзді екінші бір диалектілік сөздермен түсіндіру фактілері кездеседі. С.Аманжоловтың сөздігінде бірақ материалдардың жергілікті сөйлеу тілінен алынбай революцияға дейінгі жазба нұсқалардан алынғаны, сөздікке енгізілген сөздердің тең жартысы қай аудан, қай облыста айтылатыны жөнінде мәлімет берілмегендігі, қарапайым сөздер, кітаби лексика және диалектизмдердің арасына шек қойылмағандығы, сөздікке кітаби, қарапайым сөздер де еніп кеткені байқалады. Бірақ бұл кемшіліктер аймақтық лексикография саласындағы алғашқы еңбектер санатына жататын сөздіктердің сапасына ақау келтіре алмайды.
Қазақ диалектологтары говорлардың әрбіреуінің ерекшеліктерін сипаттап, сандық құрамын да көрсетіп берді. Одан әрі диалектологтардың кәсіби сөздерді зерттеу, говорлар құрамындағы кірме элементтерін анықтау, қазақ говорлардың түрлерін ажырату, аймақтық лексикография теориясын жасау, говорларды лингвистикалық география әдісімен зерттеу жолында да табыстары аз емес.
Говорлардың лексикасын арнайы зерттеуге арналған еңбектердің бірі – Т.Айдаровтың монографияс. Бұл еңбекте сөздерді лексика-семантикалық топқа бөлу, көнерген, кірме, омоним, синоним сөздер сипатталумен қатар жергілікті сөздердің фразеологиялық тіркестер, қосалқы есімдер құраудағы ерекшеліктері сөз етіледі.
Ә.Нұрмағамбетов 1985 жылы жарық көрген «Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні» атты сөздігінде 220 астам сөздердің тарихын, шығу тегін, төркінін, бастапқы мағынасын ашуға тырысқан. Автор диалектілік сөздердің этимологиясы жайлы едәуір мәлімет береді. Мұның өзі түркологиядағы алғашқы тәжірибе әрі талпыныс болып саналады.
Сөйтіп, бұл қысқаша щолудан диалектологиялық еңбектерде говорлардың ерекшеліктердің зерттелуіне едәуір көңіл бөлгенін көреміз.
«Диалектизм» деген атауды түсінуде, оған анықтама беруде ғылыми әдебитте бірізділік жоқ. Диалектизм болу үшін екі шарт болу керек:
1) Әдеби тілде қолданылмайтын, тек белгілі бір говорға, диалектіге тән сөз болу керек;
2) Диалектизмнің өзінің таралу шегі болу керек. Мұндай шарт, өлшем-талапты негізге аламасақ, онда диалектизмдерді варваризмдерден, кітаби лексикадан, тосын сөздерден ажырата алмай қалу қаупі туады.
Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді әр тұрғыдан топтауға болады. Мысалы, олар тарихи тұрғыдан, түп-төркіні жағынан немесе ерте не кеш пайда болу жағынан да диалектизмдерді топ-топқа бөліп жіктеуге болады.
Диалектологиялық әдебиттерде жергілікті ерекшеліктердің төмендегі түрлері көрсетіліп жүр.

  1. Фонетикалық ерекшеліктер. Бұл ерекшеліктер әдетте кейбір дыбыстардың өзара алмасуымен, сөздердің жуан-жіңішке айтылуымен немесе кейбір дыбыстардың түсіріліп не қосылып айтылуымен байланысты болады. Мысалы, полат (болат), пысқан тамақ (піскен тамақ), құлдану (қолдану), үйдің егесі (үйдің иесі) т.б.

  2. Грамматикалық ерекшеліктер. Бұл топқа жататын ерекшеліктер, әсіресе, сөздердің формаларымен, олардың түрленуімен немесе сөздердің тіркесімдік ерекшеліктерімен байланысты. Мысалы, Оңтүстік аймақтарында бұйрық райдың барғын, келгін тұлғалары кездеседі. Батыс аймақтарында жіктік жалғаудың –сыңыз, сіңіз (барасыңыз-барасыз, келесіңіз-келесіз) сияқты тұлғалары кездеседі. Оңтүстік аймақтарда әдеби тілдегі барғым келеді, барғым келмейді сияқты қалау рай тұлғаларымен қатар барғым жоқ, ұйықтағым бар, ұйықтағым жоқ сияқты формалар бар.

  3. Лексикалық ерекшеліктер. Қазақ говорларында бұл ең мол, жиі кездесетін ерекшеліктер. Бұл ерекшеліктер әдетте бір нәрсенің атауы не оның сын, сапа-қимылының әр жерде әр түрлі аталуымен байланысты болады. Мысалы, шелекпен су әкелетін иінағашты республикамыздың түкпір-түкпірінде 7-8 түрлі атайды: иінағаш// су ағаш// әкпіш// күйенде// күйенте// құрамыс// мойынағаш т.б. Мысалды төмендегі сөздермен жалғастыруға болады: жар (үйдің қабырғасы), ашық-шашық (топса), таға (нағашы), қоңсы (көрші), буызы (ұрпақ) т.б. Семантикалық сипаттағы ерекшеліктер әдетте белгілі бір сөздің әр жерде әр түрлі мағынада жұмсалуымен байланысты болады. Мысалы, леген// ләгөн сөзі оңтүстік аймақтарда «ет салатын табақ» мағынасында жұмсалса, солтүстік аймақтарда шылапшын (ор,тазик) мағынасында жұмсалады. Ал, Орал облысының батыс жақ аудандарында бұл сөз самауырдың астына қоятын поднос мағынасын білдіреді. Пияла//пиялай сөзі оңтүстікте «кесе», солтүстікте «шамның шынысы» мағынасында жұмсалады. Сол сияқты тіліміздегі аққала, там, әжептәуір, әке сөздері барлық жерде бірдей мағынада қолданылмайды.

Құрамына қарай диалектілік лексиканы төмендегі топтарға бөлуге болады:

  1. Түбірлі диалектизмдер. Сой (тұқым), лұт (өте), тәр (дәстүр), сүген (балықтың түрі), пес (сараң), нән (зор, үлкен) т.б.

  2. Туынды диалектизмдер. Бұл топтағы сөөзер диалектілік немесе әдеби сөздердің негізінде жұрнақ жалғау арқылы жасалады. Жасалу жағынан олар ішінара екіге бөлінеді:

а) Диалектілік сөз+әдеби жұрнақ. Мысалы, шек+кі (таразы), нөкөс+тік (ақымақтық, есуастық), көпене+ші (шөмеле жиятын адам) т.б.;
б) Әдеби сөз+әдеби жұрнақ. Мысалы, теп+пе (баспалдақ), жар+ла (жар салу, жарияла), жұмыс+та (жұмыс істе) т.б.
3. Тіркестік диалектизмдер. Олар екі түрлі болады:
а) құрамында диалектілік сөзі бар тіркесім. Мысалы, дәрпі кету (әйгілі болу), тырпысын шығару (тас-талқанын шығару) т.б.
б) құрамында диалектілік сөз жоқ, тұтас әдеби тілдегі сөздердің өзара тіркесі арқылы жасалған тіркестер. Мысалы, жұмыс жасау (жұмыс істеу), бір мойын жер (ширек гектар жер), жер шығып кетті (жер құрғап кетті) т.б.
4. Семантикалық диалектизмдер. Бұл топқа әдеби тілдле бір мағынада, жерде екінші мағынада немесе әдеби тіл мағынасын сақтай отырып, диалектілік мағынада жұмсалатын сөздер жатады. Мысалы, әке сөзі әдеби тіл мағынасын сақтай отырып, Жетісуда және Семей облысының кейбір аудандарында «шырағым, қарағым» мағынасында қолданылады. Әдеби тілдегі жағымды мағынада қолданылатын әжептәуір сөзі Орал облысының Орда, Жәнібек аудандарында нашар мағынасында қолданылады.
5. Лексика-фонетикалық диалектизмдер. Бұл топқа құрамында фонетикалық ерекшеліктері белгілі бір заңдылыққа бағынбайтын, тек сол сөздің қара басында ғана кездесетін ерекшеліктер жатады. Мысалы, диуал//дуал (балшықтан қаланған қоршау), ашты (ащы), кеуіл (көңіл) т.б.
6. Жиілік диалектизмдер. Бұл топқа Қазақстанның бір өңірінде жиі, екінші өңірде сирегірек айтылатын сөздер жатады. Мысалы, оңды деген сөз оңтүстік өңірінен гөрі орталық-солтүстік говорларда жиірек айтылады (оңды болды, оңды адам). Говорларда сөз тұлғасымен байланысты бір ерекшелік бар. Ол әдеби тілде тұлғасын толық сақтай айтылатын кейбір сөздердің говорларда қысқартылып, ықшамдалып айтылуы. Мұндай сөздердің ықшамдалып айтылуы бірде қосымшаның түсіріліп айтылуымен байланысты болса, бірде сөз құрамындағы бір-екі буынның ьүсіріліп айтылуымен байланысты болады. Мысалы, кілең (кіл), ерекше (ерек), жолшыбай (жолай), бостандық (бостан), көзілдірік (көздік) т.б.
Бұл мысалдарда әдеби тілдегі сөздер говорларда ықшамдалып қолданылса, төмендегі мысалдарда, керісінше, говордағы сөз әдеби тілде ықшамдалған күйде қолданылады. Мысалы, кем (кемшіл), жай (жайын), тал түс (талма түс), жатқан (жатырған) т.б.
Диалектілік ерекшеліктерді тарихи даму жағынан, пайда болу, шығу төркіні тұрғысынан алып қарағанда оның құрамында көне тілдің сарқыншағы ретіндесақталып қалған ертедегі тайпа тілдерінің қалдықтарын, көнеленген қат-қабаттарын табамыз. Бұдан басқа қазақ халқының әр түрлі дәуірде көрші халықтармен қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде, ауыс-түйістен пайда болған кірме сөздер де бар. Сол көне мен кірме қабаттардан басқа Совет өкіметі тұсында пайда болған элементтерді де кездестіреміз. Осыған орай оларды дәстүрлі және дәстүрсіз ерекшеліктер деп екі топқа бөліп қарастыруға болады.

  1. Дәстүрлі диалектілік құбылыстар. Бұл топқа ертеден келе жатқан, көне тайпа тілдерінің қалдығы ретінде сақталып қалған ерекшеліктер жатады. Мысалы, жандық (ұсақ мал), тайөгіз (тайынша), үріптес (туыстас), сой (тұқым) т.б.

  2. Дәстүрсіз диалектілік құбылыстар. Бұл топқа говорларда кейінгі замандарда пайда болған, қоспа ретенде басқа тілдерден енген не кейін жұрнақ пен тіркес арқылы жасалған сөздер жатады. Оларды ішінара екі топқа бөлуге болады:

а) Кірме сөздер. Мысалы, шиша, дәліз, әғлоп, пірнәбес т.б.
б) Қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі, мәдениет, ғылым, тұрмысымыздағы өзгерістердің ықпалымен тіліміздегі бар материалдар негізінде жасалған сөздер мен тіркестер. Мысалы, тапсырыс (тапсырма), көрсетпе, жатыс күні (жексенбі), шара көру (шара қолдану) т.б.
Диалектілік ерекшеліктердің әдеби тілге қатысы бірдей емес. Кейбір ерекшеліктердің әдеби тіл қабылдап өз кәдесіне жаратады да, кейбірін қабылдамай, олар тек диалектілік деңгейде қалып қояды. Енді бірқатар ерекшеліктер бір-біріне вариант, дублеттік сыңар құрып, әдеби тілде қатар қолданылып, диалектілік пен әдеби категорияларының арасында аралық топ құрайтын ерекшеліктер. Мысалы, әр сыңары әр говорда қолданылып жүрген мына төмендегі вариант сыңарларының әдеби мен бейәдеби вариантын ажыратып, арасына меже қою қиын: әтеш//қораз, палуан//балуан, әтір// иіс су// иіс май т.б. Бұл дублеттік қатардағы сыңарлары әдеби тілде қатар қолданылып жүр. Демек, диалектілік ерекшеліктердің әдеби тілге қатысты сөз еткенде олардың құрамында «таза» диалектілік ерекшеліктерден басқа әдеби тілден өзге сөздермен қатар тең жағдайда қолданылатын құбылыстардың да орын алатынын ескеру керек.
Жергілікті ерекшеліктердің диалекттердің диалекаралық қатысы тұрғысынан алып қарағанда, яғни бір ерекшеліктердің басқа говорларда балама сыңарының болу-болмауы, бір-біріне сәйкес құбылыстардың бар-жоғына қарай екі топқа бөлуге болады:

  1. Сәйкесті диалектизмдер. Бұл топтағы сөздер – әр түрлі говордағы бір затты немесе бір ұғымды түрліше атаудан пайда болатын сөздер. Мысалы, шегені суыратын құралды оңтүстік аймақтарында кемпірауыз десе, батыс аймақтарында атауыз, солтүстік аймақтарында тістеуік дейді. Етке салатын нан атауының 5-6 варианты бар (нан, қамыр, жұқа нан). Бұл сөздердің тұлғасы әр түрлі болғанымен, мағыналары бір-біріне барабар, яғни әр түрлі говорда бір-біріне ұғым жағынан сәйкес сөздер.

  2. Сәйкессіз диалектизмдер. Белгілі бір говорда қолданылатын сөздің түрлі географиялық немесе шаруашылық, әдет-ғұрып жағдайларына байланысты басқа говорларда ұғым жағынан сәйкес сөзі болмауы мүмкін. Мысалы, егінді суғару системасы дамыған оңтүстік аймақтарында кездесетін қарық, қоларық, қазына арық, көл арық, көтерме арық сияқты ирригациямен байланысты арық атаулары солтүстік қазақстарының тілінде жоқ.

Бұл екі топтағы құбылыстар территория жағынан бірдей дәрежеде тараған жоқ. Біршама сөздер бірнеше аудан көлемінде ғана айтылса, енді бірқатарлары бір не бірнеше облыс көлемінде қолданылады. Қазақстан территориясын екіге бөліп тұрған құбылыстар да аз емес.
Таралу аймағының ауқымына қарай лексикалық ерекшеліктерді бірнеше топқа бөлдік:

  1. Кең аумақты сипаттағы диалектілік құбылыстар. Бұл топқа Қазақстанның жарты территориясында не төрт-бес облыс көлемінде ғана айтылатын ерекшеліктер жатады. Мысалы, кемпірауыз// атауыз// тістеуік, әтеш// қораз// маңлай т.б.

  2. Орта аумақты сипаттағы ерекшеліктер. Бұл топқа бір облыс, әрі кетсе екі облыс көлемінде айтылатын құбылыстар жатады. Мысалы, шама// сама// шәмбе// шамба, таға//нағашы, жандық(ұсақ мал), ақа (аға), әпке// тәте т.б.

  3. Шағын аумақты сипаттағы ерекшеліктер. Бұл топқа бір не бірнеше аудан көлемінде ғана қолданылатын ерекшеліктер жатады. Мысалы, боташық (картоп), ілеген (поднос), ныштар (бәкі) т.б.

Аймақтық лексика, оның өзіндік ерекше­ліктері тілші ғалымдар тарапынан едәуір зерттелген мәселе. Оған тіл білімінің диалектология саласын арнайы зерттеген С. Аманжолов, Ж. Досқараев, Ш. Сарыбаев, Ә. Нұрмағанбетов, С. Омарбеков, О. Нақысбеков, Н. Жүнісов, Ғ. Қалиев, Т. Айдаров, Ж. Болатов сияқты ғалым­дардың еңбектері куә.
Диалект деген термин тілінде жалпы­халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән ерекшеліктері тілдік бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық не ұлт тілінің қүрамды бөлігі болып табылады.
Әдеби тіл нормасынан өзгеше ерекшеліктері болса ғана диалект бола алады. Диалектіде әдеби тілдегі жалпыға бірдей сөз басқаша айтылуы мүмкін. Мысалы, жергілікті жерде әдеби тілдегідей зардабы, салдары деудің орнына зарпы; тегі, заты деудің орнына сойы; талаушы – шабаған, беймаза – бейана, кебек – буыз болып айтылады.
Жергілікті халық тілінде әдеби тілдегі кейбір сөздердің бірнеше нұсқасы кездеседі: сіріңке – кеуірт, күкірт, шырпы, шағар, ши, оттық, шақпақ; шылапшын – ләген, жам, кірлен, шылаужан, тас, т.б. Жеке сөздердің мағыналарында бұл сияқты лексикалық өзгешеліктер кездеседі. Әдеби тілде де, диалектіде де кейде сөздердің айтылуы бірдей болады да, мағыналары әр түрлі болып келеді, мысалы, көрім деген сөз бір жерде жақсы деген мағынада, бір жерде жаман деген мағынада қолданылады. Сол сияқты там деген сөз үй және мола деген мағынада әр жерде әртүрлі мағынада үғынылады. Тәте бір жерде әке, бір жерде аға, кейде апа, әпке мағынасында қолданылады. Тәртіп – қаулы, бұрыштама, нұсқау, бұйрық мағыналарында айтыла береді.
Диалект сөздер бүкілұлттық лексиканың құрамына кіреді, бірақ олар жалпыхалықтық болып есептелмейді. Өйткені, олардың басым көпшілігінің жалпыхалықтық тілде баршаға түсінікті баламалары бар. Диалектілік лексиканы Ш.Сарыбаев сәйкесті диалектизмдер, сәйкесссіз диалектизмдер, семантикалық диалектизмдер деп үшке жіктейді. Ғ. Қалиев құрамы жағынан нағыз лексикалық диалектизмдер, лексика-семантикалық диалектизмдер, этнографиялық диалектизмдер деп бөледі. Ғалым диалектілік сөздер негізінен әдеби тіл лексикасына кірмейтінін дәлелдей отырып, оларды белгілі бір ұғымды білдіретін сөздер әдеби тілде жоқ болған жағдайда әдеби тілге енгізу керектігін ескереді.
Қазақ терминологиясында диалектілік лексиканың терминденуі арқылы жасалған терминдер тым жиі болмаса да кездеседі. Мәселен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында қолданылатын төп сөзі биология терминдерінің қатарынан орын алған. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде бұл сөзге – «сүйектен жасалған ботқа, каша. Көженің қоюы» деген түсініктеме беріл­се, 1988 ж. жарық көрген биология арнаулы сөздігінде төп (барда) терминіне – «малға жем ретінде пайдаланылатын спирт өндіргенде қалатын қоймалжың қалдық» деген анық­тама берілген. Сондай-ақ, кен ісі және ме­таллургия саласының түсіндірме сөздігінде кеуек сөзіне мынадай анықтама берліген: «біртұтас материалдардың ішіндегі 0,01 мм-ден бірнеше мм-ге дейін түйіршік тәріздес саңылау. Тұйық немесе бір-бірімен өзара жанасатын қуыстары бар табиғи және жасанды материалдар. Қуыстардың көлемі 30-80 пайызға жететін материалдарды кеуекті материалдар» дейді. Диалектологиялық сөздікте кеуек (Гур., Маңғ., Түрікм., Таш.) – «1. тау үңгірі (Маңғ.); Кеуек болмағанда ұрыларды ұстар едік. 2. құдық түбіндегі балшықтың құлауынан пайда болған қуыс» деп анықтама берілген.
Байқап отырғанымыздай диалекті сөздің білдіретін ұғымы мен терминдік ұғымның ұқсастығына (қою, қоймалжың және азықтық, қуыс, түзілімдер, батпақ, тоқтау су) орай термин жасалынған. Осы сынды Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандарында қолданылатын құжат сөзі қазір өз мағынасында жұмсалатын терминком ресми бекіткен терминдердің қата­рында екені белгілі.
Биология саласының түнек термині диалект сөздің терминденуі арқылы жасалған. Диалектологиялық сөздікте түнек сөзіне «жайлаудағы қой түнеп өтетін орын» деген мағынаны білдереді. Терминологиялық сөздікте бұл терминге «тұрақты баспанасы жоқ жануарлардың тынығатын орны» деген анықтама берілген. Екі анықтамадан аңғарылған айырмашылық – жергілікті қолданыстағы түнек сөзі баспанасы бар жа­нуар­лардың түнеп өтетін орны деген ұғымды біл­дірсе, терминологиядағы түнек керісінше ондай тұрақты баспанасы жоқ жануарлардың түнейтін жері. Дегенмен, айырмашылықтарына қарағанда бұл ұғымдардың ұқсас жақтары көбірек. Ең алдымен, екеуі де жануарлардың түнеп шығатын орны; екіншіден, екеуі де уақытша баспана, үшіншіден, екеуі де жайлауда, тауда т.б. елді мекеннен тыс жерде болады. Бұл жерде де диалект сөздің терминденуіне негіз жеткілікті. Аталып отырған ұқсастықтар бұл салыстырылып отырған ұғымдардың ортақ белгілері болып табылады.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында ұйым мағынасында қолданылып келген ұжым, Түркіменстан, Қарақалпақстан және Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында әдет, дәстүр мағынасында қолданылып келген үрдіс сөздері де аздаған мағыналық өзгерістерге ұшырау арқылы терминденіп, ресми бекітілген терминдер қатарына қосылды. Осы тізімге алқа (коллегия), егемендік (суверенитет), түнек (лежка), собық (початок), қандауыр (скальпель) сияқты терминдерді де қосуға болады.
Орысша нұсқасы приклад завернуть деген қарумен саптық тәсілдерді орындау кезінде берілетін әскери бұйрықты қазақшалау кезінде диалект ретінде қолданылатын дүм сөзі алынған, яғни дүмді бүкте. «Линия» терминінің баламасы ретінде қолданылып жүрген желі сөзі батыс өңірінде ғана «егіс даласындағы су жүретін кішкене арықтар» деген мағынаны білдіреді. Әскери терминологияда «әскер шебінің екі жақ (оң мен сол) бөліктерін» атайтын қаптал термині Түрікменстан қазақтарының тілінде кездесетін «1. Үйдің қабырғасы; 2. Жаны, қасы деген диалект негізінде қалыптасқан болып табылады.
Сондай-ақ, диалекті сөздердің арасында жалпы қолданыстағы қазақша баламалары болмай келген сөздердің баламасы ретінде қолданылып жүргендері де бар. Олар: ақжайма (простыня), орам (квартал), тұшпара (пельмени), т.б. Жоғарыдағы терминденген диалекті сөздердің көпшілігі қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігіне енгізілген екен. Түсіндірме сөздіктен орын алуы – олардың терминденуіне белгілі дәрежеде ықпал еткен деп білеміз.
Сөз болып отырған мәселені қарастыру барысында аймақтық лексиканың екі түрлі жолмен терминденетіндігі анықталды. Біріншісі – әдеби тіл арқылы терминдену. Яғни, бұл – белгілі бір аймақта қолданылатын сөздің әдеби тілге еніп, жалпы қолданысқа көшкеннен кейін барып терминологиялық өріске өтіп, терминдік мағынада жұмсалуы. Бұл топқа алқа, собық, қандауыр сияқты сөздер кіреді. Екіншісі – жергілікті сөздердің тікелей терминденуі. Мұндай жағдайда диалекті сөз жалпы қолданысқа көшпей-ақ бірден белгілі бір терминологиялық өріске өтіп терминдер қатарынан орын алады. Төп, ұжым, үрдіс, түнек тәрізді сөздер осы екінші жолмен терминденген.
Қазақ тілінің аймақтық лексикасын зерттеп жүрген диалектолог ғалымдар «Әдеби тілді байытуда келешегі мол; аса бай сөздік қор – диалектілік лексика тобы» десе, біз термин шығармашылығында осы уақытқа дейін өте аз пайдаланылып келген бұл қордың терминологиялық лексиканы байытудағы рөлі де сондай айрықша дер едік.
Тіл білімінің диалектілерінен говорларды зеттейтін саласы – диалектология («диалектос» – сөйлеу, «логос» - ілім деген грек сөзінен құралған) деп аталады. Диалектологияның міндеті – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі говорлар мен диалектілерді зерттейді. Диалект, говор деп халықтық, я ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері бар жергілікті тармақтарын, бөліктерін айтамыз. Ол жалпы тілге тән ортақ белгілерден, өзгеше еркшеліктерді қамтиды.
Тіл жағынан алғанда казақ жеріндегі тайпалардың негізі бір еді, бәрі де түркі негіздес диалектілерде сөйлеген. Онымен бірге бұл кез тайпалық одақтар тілінің қалыптасып, көне түркі тілінен бөлінуге бет алған кезі болды. Жетінші ғасырдан бастап ірі тайпалық одақтардың құрылуына байланысты олардың құрамына енген ру мен тайпа тілдері жаңа сапаға ие бола бастаған. Осыдан былай бұрынғы ру-тайпалық ғана сипаты бар диалектілердің орнына енді әрі тайпалык, әрі жергілікті сипаты бар диалектілер қалыптасады. Осылайша халық тілінің негізгі құрамды бөліктері болып табылатын жергілікті диалектілердің негізі салынды. Қазіргі қазақ тіліндегі көптеген диалектілік ерекшеліктердің ерте замандардан қалған ескерткіштерде кездесуі кездейсоқ құбылыс емес. Мұның өзі онда ерекшеліктердің пайда болу сыры, 15 ғасырдан әрі жатқанын байқатады.
Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктер тарихы, шығу төркіні жағынан екі топқа бөлінеді:
1. Қазақ тілі мен оның говорларына тән өзіндік тума элементтер. Бұл топтың ішінде ескі көне тайпа тілдерінің қалдығы да, кейінірек, әсіресе ұлы төңкерістен кейін пайда болған диалектілік ерекшеліктер де бар. Мысалы, пал-бал сөздеріндегі п/б алмасуы. барғын, келгін (бар, кел), барғым-бар ( барғым келеді), барғым жоқ (барғым келмейді) сияқты грамматикалық ерекшеліктер көне заманнан келе жатқан байырғы құбылыстар қатарына жатса, күйенте — әпкіш; кемпірауыз — атауыз сияқты сөздер берірек дәуірде пайда болған.
2. Қазақ говорларына басқа тілдерден ауысқан кірме элементтер. Бұл топқа араб, иран, орыс және көрші түркі тілдерінен енген сөздер мен тұлғалар кіреді. Мысалы, мұштау (жұдырықтау), мыштар (бәкі), жүдә (өте) сияқты сөздер өзбек тілінен, скірт (скирда), пірнә-бес (принавес), бодан болу (подданный.) сияқты сөздер орыс тілінен енген т. б. Кейде сөз тіркестерінің бір сыңары қазақтың тума, төл сөзі, екінші сыңары кірме сөз болып келуі мүмкін. Мысалы: жар газеті — қабырға газеті (жар — төл сөз, газет — кірме сөз), бодан болу — бағыну, қол астында болу (бодан — кірме сөз, болу — қазақтың төл сөзі).
Қазақ тіліндегі лексикалык диалектизмдердің шығу негізінің мәнісін мысал арқылы қарастыратын болсақ, АШУ (карны ашты, арып ашты) I Көкпекті, Үлгілімалшы, Биғаш/ дегендердегі ашу етістігі қазіргі казақ тіліндегі ашығу сөзінің мағынасын береді. Көне түркі тілдерінде «ашығу» ұғымын аш - тұлғасы білдірген. Орта ғасырлардағы түркі жазба үлгілерінде қазіргі ашығу (ашық) етістігі -ач- түрінде келген (Наджип, 123). Аш пен ашық сөздерінің түбірі бір: аш. Бұл тұлға қазақ тілінде жоғарыда көрсетілген тіркестер кұрамында ғана сақталған. О бастағы түбір тұлғаға қазақ тіліне келгенде белгілі бір жұрнақтар жалғанып, колданылуы аз кездеспейді. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде аяңдау (айаңда) етістігінің түбірі ай, бұл түбір «адымдау» мағынасын білдірген. Оған косылған -а қимылдың күшеюін немесе бәсеңдеуін білдіретін жұрнақ болса, мұның үстіне -ң жұрнағы жалғанып, қимыл есімін жасаған, ал қазақ тілінде етістік түбірлі есімнен қайтадан етістік пайда болған (айаң+да). Мұндай мысалдар көптеп кездеседі.
Осының бәрі ұлттық тілдің өзінен бұрынғы халық тіліне қарағанда сапалық айырмашылықтары бар екенін көсетеді. Олардын ең бастылары мынандай: біріншіден, ұлт тілінің сөздік құрамы жан-жақты дамып, грамматикалық құрылысы әлдеқайда жетілді: екіншіден халық тіліне қарағанда ұлт тілінің бірлігі біртұтастығы артты, мұның өзі тілдегі жергілікті ерекшеліктердің азаю сипатына байланысты; үшіншіден ұлттық тілмен бірге белгілі нормаға түскен, стиль жағынан сараланған бүкілхалықтық сипаты бар әдеби тіл қалыптасты.
Қазақтың халық тілі мен ауыз әдебиет үлгілерінен жиналған материалдарды және қазақ тілінің тарихын зерттеу нәтижесінде С.Аманжолов қазақ тілінде үш диалект бар деген қорытындыға келді. Олар мыналар:
а) оңтүстік диалектісі - Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын және Талдыкорған мен Қызылорданың кейбір оңтүстік аудандарында қамтиды;
ә) батыс диалектісі - Батыс Қазақстан, Гурьев, Ақтөбе облыстарын және Қызылорданың солтүстік аудандарын, Қостанайдың кейбір батыс аудандарын қамтиды;
б) Солтүстік-шығыс диалектісі - Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Көкшетау,Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарын және Қостанай мен Талдықорған облыстарының кейбір аудандарын қамтиды.
С.Аманжолов қазақ тілінің солтүстік-шығыс диалектісіне бұрыңғы керей, найман, арғын, қоңырат және қыпшақ тайпаларының тілін жатқызады. Бұл тайпалар ерте замандардан бастап-ақ Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай өзендері бойын; Алтай, Тарбағатай, Арқа жерін мекен еткен. Олар оңтүстігінде – Ұлы жүз тайпаларымен, Батысында – Кіші жүз тайпаларымен және татар, башқұрттармен, солтүстігінде –Алтайлықтармен және Барабин, Тобол татарларымен, Шығысында – моңғол, қытай, ұйғырлармен шектескен.
С.Аманжолов солтүстік-шығыс диалектісін қазақтың әдеби тілінің негізіне жатқан диалект деп есептейді. Қазақ тілінің диалектілер мен қазіргі әдеби тілін фонетикалық, лексикалық және грамматикалық жағынан жан-жақты салыстыра келіп, басқа диалектілерге қарағанда, солтүстік-шығыс диалектісінің қазіргі әдеби тілде әлдеқайда жақын екендігін көрсетеді. Әдеби тілдің негізіне жатқанына қарамастан, солтүстік-шығыс диалектісінде қазір де сақталып қалған, әдеби тілге енбейтін жергілікті тілдік ерекшеліктер кездесетінін де ескереді.
Бірақ, өзінің еңбектерінде оларға кең тоқтап, талдау жасамаған. Оның себебі, біріншіден, автордың солтүстік-шығыс диалект ұлттық әдеби тілдің негізіне жатты деген көзқараста болуында, екіншіден, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс аудандарындағы халық тілінің басқа жерге қарағанда нашар зерттелуіне байланысты. Шынында, бұл аймақ соңғы кездерде ғана зерттеліп келеді. Кейінгі кезде жиналған аудандарда да жергілікті ерекшеліктердің белгілі мөлшерде сипаты әр түрлі болғандықтан, өз ішінен шағын говорларға бөлінетіндігін көрсетеді.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы мен Семей аймағының оңтүстік-шығыс аудандарында мына сияқты тіл ерекшеліктері кездеседі.

  • Дыбыстық ерекшеліктер. Ш мен ч алмасуы: шақпақ - чақпақ; шүберек – чүберек; көпшілік – көпчілік; қамшы - қамчы; шикі - чикі; әнші - әнчі.

Л мен Д алмасуы: бірілі-жарым - бірді-жарым; зорлық - зордық; ұрлық - ұрдық.
А мен Ә алмасуы: мазмұн – мәзмұн; қаперімде – кәперімде; ғана – гәна.
Е мен Ә алмасуы: себеп – сәбәп; лезде -ләзде; кесе – кәсе.
Д мен Т алмасуы: әдейі - әтейі; дұрыс - тұрыс т.б.
Сөз басындағы ж қатаң айтылуы (ол шартты түрде дж- мен беріліп отыр): джоқ, джігіт, джойбар.
Сөз басында н дыбысының түсіп қалуы: немесе - емесе; некен-саяқ - екен-саяқ.

  • Грамматикалық ерекшеліктер. Көсемшенің мақсатты түрін жасайтын -ғалы, -гелі кейде -гайы, -гейі түрінде айтылады: ол барғайы отыр, кеткейі отыр.

-кей, -гей жұрнақтары арқылы жасалған сөздер жиі кездесуі: көбінекей, сөдегей, жөнекей, нәзекей т.б.
Лексикалық ерекшеліктер: айылдап келу - ауылшылап (қыдырып) келу, ақмұрт - етіктің ішкі ұлтаны, әскере - өте, аса, борми - бұршақ, жүгері, жамбыл - үлкен корған, жарандық - саты, қалқан, жоян - зор, күләпәрә - әсем бөрік, кілет - қойма, құлдау - өзен, сай бойымен төмен жүру, поштабай тары — тарының түрі, пыстан - торпа айыл, текемән тары - тарының түрі, тонаулы – дәулетті, ауқатты, тон-тонау - ат-тон, сыйлық, ұртты адам – қатал, бетті адам, үскі біз - жуан біз, чербек - үлкен ара, чүй - ағаш қада, шикі көже - бидай , шықар - сырт, тыс т.б.
Шығыс аймақтарына тән сан алуан лексикалық ерекшеліктер бар. Бұларға төмендегі сөздерді жатқызуға болады: жейде-ерлер көйлегі, кепеш-тақия, жерарба-қалқандары зор, өзі аласа арба, жояң-зор, сым-матадан жасалған шалбар, шылауыш-кимешек және оның сыртынан орайтын орамал, күләпара-жауында не ыстық күндерде киетін бас киім, шыт-орамал, тошала-қарақат тәрізді жеміс ағашы, жаныстыру-шағыстыру, қарату-табыс табу, мантырау-шатасу, алжу, мұқым-бүкіл, тартпа-қолшалғы сияқты сөздер осы говорлар тобына тән құбылыстар. Тіпті кейбір жейде, сым тәрізді сөздердің таралу шегі оңтүстік аймақпен де ұштасып жатады.
Контексте: Көше – дәліз
Сілтеме: Көше парсы тіліндегі 1.(Қаланың шаһардың) көшесі, орамы. 2. «Жол» мағынасындағы сөз.
Көше тұлғасы көшелі сөз тіркес деген құрамында да бар, бірақ бұл көше - алдыңғы көшеден басқа мәндегі сөз. Бұл жердегі көше де парсы сөзі, ол мұнда «астарлы сөз» деген ауыспалы мағынаны білдіреді. Оны -лі жұрнағын жалғап, сын есім етіп және сөз деген сөзді тіркестіріп, мазмұнын сәл өзгертіп («байсалды, мәнді, ақылды сөз») қолданатынын байқалады. Тіпті бара-бара бұл ауыспалы мағына адамның өзіне қатысты да айтылатын болған: көшелі адам, көшелі жігіт.
Тағы бір мысал, Ұстаз көшеде бір оқушымен сөйлесіп тұр. Біздіңше, бұл мысалда ол көшеде емес белгілі бір ғимараттың кіре берісіндегі бөлмеде тұрғанын баяндап тұр. Бұл жергілікті тілдік ерекшеліктің бір көрінісінің айғағы болып табылмақ.
Түбірі бұл күндегі қазақтар үшін мағынасы ұмыт болған көне сөдердің қатарына тостақ, «орау, үйіру» мағынасындағы толғау, «аспан» ұғымы бар қалықпан (құс), қалықтау, «сөз» дегеннің көне тұлғасынан туындаған сауын айту, сөз саптау, жаушы, «жүру, адымдау» мағынасы бар маң-түбірінен жасалған маңғыстау, жыланның уытын оқып шығару дегендегі оку, шыр біту дегендегі шыр, «біреудің әйелі, жұбайы» мағынасын білдірген кіші сөзінен жасалған кішілік сөздерін қосуға болады. Бұлардың көпшілігі тұрақты тіркес құрамында емес, жеке де колданылатын сөздер. Бірақ бұлардың көне мағыналары ұмыт болған.
Сөздік қорымыздағы жергілікті тілдік ерекшеліктердін тамырын анықтау әр кезеңде тілшілердің өзекті мәселелерінің бірі больш кала бермек. 
Қазақ тілі сөйленістерінде грамматикалық ерекшеліктер сан жағынан көп емес. Сөйленістердің морфологиялық қүрылысы мен әдеби тілдін морфологиялық құрылысы негізінде бір. Олар бір-біріне өте жақын. Сөйленістерде әдеби тілден бөлек, өз алдына дербес көптік, жіктік, тәуелдік не септік категориялар жоқ. Әдеби тілден оқшауланып түрған етіс, кесемше, есімше, т.б. категориялар да жоқ. Демек, әдеби тілдегі грамматикалық категориялар сөйленістерде де бар. Сөйленістердегі морфологиялық ерекшеліктер тек грамматикалық категориялардың ішіндегі кейбір тұлғалардың түрленуі жағынан ғана ерекшеленеді.
Қазақ сөйленістерінің синтаксистік құрылысы олардың морфологиялық құрылысына қарағанда, әдеби тілге әлдеқайда жақын. Синтаксис жағынан әдеби тілден ерекшеленетін құбылыстарды сөз еткенде кейбір септік жалғаулардың сөйлемдегі қызметімен және сөз тіркестерімен байланысты құбылыстарды атауға болады.
Септік жалғау, шылау түрлеріне байланысты ерекшеліктер мен әдеби тілдегі жұрнақтардың диалектілік сөз тудыруға катысуынан басқа қазақ сөйленістеріндегі морфологиялык ерекшеліктердің басым көпшілігі етістік тұлғаларымен байланысты. Негізгі тұлғалық ерекшеліктер мынадай:
-мынан, -бынан, -пынан, -бан, -пан, -ман. Көмектес септік жалғаудың бұл вариантгары оңтүстік аймақтарының кейбір аудандарында кездеседі. Мысалы: Арбамынан келдім - арбамен келдім. Ол бұрын балдақпан жүретін (Шымк., Сарыағ.). Ілгеріде, қолтіс жасап, қос атпан, түйеман жер жыртатынбыз (Жамб., Шу).
Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында -ғалы -гелі, -қалы, -келі, жұрнақтары орнына -ғайы, -гейі, -кейі тұлғалары қолданылады. Мысалы: Барғайы отырмын отырмын), айтқайы отырмын (айтқалы отырмын), т.б. Бұл Таулы-Алтай автономиялы облысындағы Қошағаш ауданын деген қазактардың тілінде бар.
Монғол қазақтарының тілінде көсемшенің -ғалы, -гелі, -қалы, -келі жүрнақтары -ғайы, -гейі, -қайы, -кейі түлғасында айтылады: барғайы жатыр, қайтқайы жатыр, келгейі отыр, кеткейі жатыр.
Қазақ сөйленістеріндегі ерекшеліктердің бірқатары диалектілік туынды сөздермен байланысты. Сөзжасам саласындағы зерттеу еңбектерде айтылып жүрген ғылыми-теориялық тұжырымдар, талдаулар негізінен алғанда түркі халықтарының әдеби тілдері мен жалпыхалықтық сипаты бар тіл фактілеріне негізделген. Мәселен, қазақ тіліндегі сөзжасам туралы ғылыми зерттеулерде жергілікті халық сөйленістерінің кейбір жеке мысалдары ғана сөз болады.
Қазақ тілі сөйленістеріндегі диалектизм сипатындағы кірме сөздерден басқа диалектілік сөздер мен сөз тіркестерінің қай-қайсысы болсын сөзжасамның синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалык тәсілдері арқылы пайда болған.
Қазақ сөйленістеріндегі сөзжасам жүрнақтарының қызметі әртүрлі. Олардың қызметі әдеби тілде қалыптасқан үлгінің аясында бола бермейді. Әдеби тіл жүйесінде сөзжасам қызметі нормаланған көптеген жүрнақтардың бірқатары сөйленістерде басқаша қырынан көрінеді. Жұрнақтардың көмегімен жасалған диалектілік туындылар мынадай үлгілерден түрады.
а) Әдеби негіз + әдеби косымша-диалектілік туынды. Мысалы, Маңғыстау сөйленісіндегі шақырық "шақыру", қоймек "қой асығы", отырмақ "сауық кеш", сұргаю "сұрлану", айырмақ "айырмашылық", үреген "үргіш", желгір "желгіш";
ә) Диалектілік негіз + әдеби қосымша-диалектілік туынды.
Мысалы, -сыз жүрнағы арқылы туған татасыз "қайғысыз", ниқаятсыз "өлшеусіз, есепсіз", -ты жұрнағы арқылы туған пісентті "жинақы", шақатты "әлді, қуатты".
б) Әдеби негіз + диалектілік қосымша-диалектілік туынды. Мұндай туындылардың қатарына -жал арқылы туған сұрамжал "сұраншақ" (Маңғ.,Қарақ.); -қос/ қас арқылы туған сырқос, сырқас "сырқат" (Тем., Жүр.); мейманқос "меймандос" (Ұзын.) т.б.
в) Диалектілік негіз + диалектілік қосымша-диалектілік туынды. Мысалы, кейку "айла, қулық" (Маң.); керку: 1) "бос сез" (Сыр., Маң.), 2) "ақыл, кеңес" (Ад., Бөр.); түбірі кей//кер. Кейқуат ("Алпамыс" жырындағы кейіпкер); Сенен келген керді көріп аламын"
Қазақ сөйленістерінде қос сөз түлғасында айтылатын сөздердің саны өте көп. Олардың құрамында қайталама қос сөздермен бірге құрамы әртүрлі, сыңарлары бір-біріне ұқсамайтын қос сөздер жиі ұшырайды. Ондай қос сөздердің құрамындағы сыңарларының мағыналы, мағынасыздығына қарай бірнеше топқа бөлуге болады.
1) Екі сыңары да түсініксіз қос сөздер.
Шыған-тоғайда. Анда-санда. Ол біздің үйге шыған-тоғайда бір келетін еді (Орал, Орда). Бәкін-шүкін. Майда-шүйде, ұсақ-түйек. Ол қазір бәкін-шүкінді қоя тұрсын (Тау., Қош.).
2) Екі сыңары түсінікті кос сөздер.
Онша-мұнша. Аздап, ептеп. Мақта өсірудің жайын онша-мұнша білеміз ғой (Шымк., Сарыағ.).
3) Бір сыңары түсінікті, екінші сыңары түсініксіз кос сөздер. Сиыр-сыбыр. Сиыр-миыр, Көзіңе жайылып жүрген сиыр-сыбыр көрінген жоқ ла? (Гур., Маңғ.).
Қазақ сөйленістерінде бір-бірімен бірігіп жасалған сөздер көп. Кейбір біріккен сөздердің жігі айқын ажырап, олардың біріккендігі бірден көзге түсіп түрса (шаңтас, кемпірауыз, атауыз, т.б.), енді бірқатар сөздердің жігі ажырамай, бір-бірімен жымдасып кеткен. Олардың бастапқы түбірлері бірден табыла коймайды. Мысалы, шалорақ (Гур., Маңғ.) сөзі шалғы және орақ сөздерінің бірігуінен жасалса, шымшуыр мағынасындағы мәстемір (Орал, Чап.) сөзі маса және темір сөздерінің бірігуінен жасалған. Ал алшалғы//алчалғы, алжапқыш сөздерінің құрамындағы алғашқы ал сыңарлары алд-алды (бір нәрсенің алды) мағынасындағы сөз де, калған сыңарлары әдеби тілде жеке-дара қолданылатын шалғы, жапқыш деген сөздер.
Диалектологиядағы синтаксистік ерекшеліктер:
Қазақ сөйленістерінде сөйлем ішінде кейде кейбір септік жалғаулары өзара алмасып келеді. Мысалы, барыс жалғауында тұруға тиісті сөз кейде табыс жалғауында қолданылады. Керісінше, табыс жалғауында тұруға тиісті сөз барыс жалғауында жұмсалады. Сөйленістерде төмендегі септік жалғаулар бір-бірімен алмасып келеді.
Жатыс септікте қолданылуға тиісті сөз кейде барыс септікте қолданылады. Мысалы: Биыл осы айға қар жауып қалуы мүмкін (Шымк., Түлкібас). — Биыл осы айда қар жауып қалуы мүмкін. Алдаш суға жақсы жүзеді (Сем., Ақс). ~ Алдаш суда жақсы жүзеді.
Шығыс септікте қолдануға тиісті сөз кейде барыс септікте қолданылады. Мысалы: Біз баяғыда шала сауатты молдаға оқуды едік (Алм., Узын.) - Біз баяғыда шала сауатты молдадан оқушы едік.
Табыс септігінде қолданылуға тиісті сөз кейде барыс септікте қолданылады. Мысалы: Біз Алдырбайға куып жеттік (Алм., Ұзын.). Біз Алдырбайды қуып жеттік.
Сөйленістердегі сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің өзара байланысу тәсілі немесе жасалу тәсілі әдеби тілдегідей.
Сөйленістердегі көптеген сөздердің тіркесу қабілеті күшті. Кейбір сөздер бірнеше тіркестердің жасалуына негіз болады. Мысалы, батыс сөйленістер тобында өз алдына жеке колданылатын ілкі (алғашқы) мен әзірде сөздері өзара тіркесіп те, басқа сөздермен тіркесіп те көптеген тіркестердің жасалуына негіз болады. Мысалы: ілкі мезетте (алғашқы кезде). Қанша сенбестік болса да, оған ілкі мезетте Филипп Петрович ойына сап ете түсті (Ғ.Сланов). Ілкі әзірде (алғашқы кезде). Мысалы: шалғай қоныстарда, бригадаларда ілкі әзірде жұмыс ойдағыдай болмады да, кейін жолға қойылды (Орал, Чап.). Осы сөйлемдегі әзірде сөзі кезде сөзінің синонимі ретінде қолданылып тұр. Бұлар келген, соңғы, жаңағы, манағы сөздермен де тіркесіп айтылады. Келген әзірде (келген бойда), жаңағы әзірде (жаңағы кезде, жаңа ғана), манағы әзірде (манағы кезде), бұрынғы әзірде (бұрынғы кезде).
Қазақ диалектологиясына қатысты сол кезеңде болған талас мәселенің тағы бірі – жергілікті ерекшелікті әдеби тілді байытудың бір көзі ретінде қарастыру ­немесе керісінше әдеби тілімізді шұбарлайтын құбылыс ретінде тану. Бұл тұрғыдан келгенде академик Н.Сауранбаев «жергілікті ерекшеліктер сол халықтың тарихын зерттеп, басқа халықтармен қарым-қатынасын ашу үшін аса құнды материал болып табылатынына» ерекше назар аудара отырып диалект сөздерді танып-білудің, оны зерттеудің маңыздылығын былайша топтап көрсеткен:
1. Тіліміздің жергілікті ерекшеліктері – қазақтың халық, ұлт болып қалыптасуы туралы бағалы мәліметтер береді;
2. Диалектологиялық материалдар этнографтар мен археологтар үшін аса құнды мәліметтер береді;
3. Қазақ тілінің жергілікті ерекше­ліктерін білу жазушылар үшін де аса қажет.
4. Диалектологиялық материалдармен таныс болу қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері үшін де өте-мөте қажет. Тіліміздің жергілікті ерекшеліктерін білмесе, олар оқушыларды әдеби тілге дұрыс төселдіре де алмаған болар еді;
5. Қазақ тілінің жергілікті ерекшелік­терін білу лекторлар үшін де, партия, совет қызметкерлері үшін де, журналистер мен радиокомитет қызметкерлері үшін де қажет.
Н.Сауранбаев өмірінің соңғы жылдарында найман, жалайыр, дулат руларының және Зайсан, Маңғыстау өңірі сөйленісіндегі диалект бірліктерді жинаумен шұғылданған. Мұрағаттағы қолжазбаларына қарағанда туысқа, тұрмысқа, малға және жаратылыс пен өсімдіктерге байланысты біршама диалект сөздерді жинақтап, олардың қандай жазба ескерткіштерде қолданылғанын анықтауды мақсат еткен. Алайда бұл бастаған жұмысы аяқталмай қалғанға ұқсайды. Бұған ғалымның қолжазбаларынан алынған төмендегі мәліметтер нақты дәлел болады:
Көріп отырғанымыздай, ғалым сөздер­дің мағынасын ғана ашқан да, олардың ескі нұсқада қолданылған түрлері мен мазмұ­нын зерттеп, одан қорытынды шығаруға үлгермеген. Бұл бастаған жұмысында Н.Сау­ранбаев тұрмысқа, туысқа қатысты 132 сөз, малға байланысты 49 сөз, жаратылыс, өсімдіктерге байланыс­ты 41 сөз жинақтаған.
1956-1958 жылдары Н.Сауранбаев Тіл мен әдебиет институтында тіл тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, қазақ диалектологиясының көптеген ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарына тікелей басшылық етті. Диалектологиялық экспе­дициялардың жыл сайын уақытында орындалып, дұрыс нәтижеге қол жеткізуін қадағалады, картотекалық базаның қалыптасуына атсалысты. Әсіресе, диалектолог жас мамандардың ізденістеріне қамқорлық жасап, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті.
Қорыта айтқанда, академик ­Н.Сауран­баев­­­тың диалектологиялық еңбектерінде теориялық мәні бар өзекті мәселелер, атап айтқанда, қазақ тілінің өз ішінен диалект, говорларға бөлінетіндігі, диалект сөздердің жалпы сипаты, олардың тарихи дамуы мен пайда болуы, аймақтық жағынан жіктелуі, диалектілердің әдеби тіліміздің баюы мен толығуындағы маңызы сияқты мәселелер ғылыми тұрғыда талданып қана қоймай, сол кезеңдегі даулы мәселелерді шешуге жасалған батыл қадамдар болған еді. Академик Н.Сауранбаев іргетасын қалап кеткен қазақ тіл білімінің диалектология саласы бүгінгі таңда республика көлемінен шығып, алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақ диаспора тілін де кеңінен зерттеп келе жатыр және сөйленістер тіліндегі ерекшеліктер тұтастай жинақталып, біршама қалыпқа түскен бүгінгі таңда қазақ ғалымдары оларды сол аймақ­тағы тілді тұтынушы халықтың танымы­мен сәйкес қалып­та­сатын тұтас тілдік құбылыс ретінде де қарас­тырып, жаңа бағыттағы зерттеулер жүргізуде.

Пайдаланған әдебиеттер:


1. Сарыбаев Ш. Нақысбеков О. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы. – А., 1990.
2. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы, 2007 ж.
3. Сауранбаев Н. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1954.
4. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы: Ғылым, 2002.
5. Айтбайұлы Ө. Момынов Б. Қазақ тілі мен диалектологиясы. – А.: Арыс, 2001.
6. Қалиев Ғ. Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. – Алматы, 1991.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет