Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі
Мектеп бөлімі
Бекітемін:
Директордың оқу ісі
жөніндегі орынбасары
_________ Г.Б.Каментаева
«_____»________ 2022 ж.
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Квадрат теңдеулер»
Мамандығы: 0111000 «Негізгі орта білім беру»
Біліктілігі: 0111063 «Математика мұғалімі»
Орындаған: Исмаилов М.Ж - 4(9) МТ тобы студенті
Жетекшісі: Салимова Г.Ж - Математика пәні оқытушысы
Атырау, 2022
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
Мектептің математика курсында бастауыш сыныптардан бастап қаралатын ең негізгі буын алгебралық теңдеулерді шешу. Оқушылардың білімін білім стандарты талаптарына сай қалыптастыру үшін теңдеулерді шешу әдістерінің әрқайсысын пайдалану жолдарын оқушыларға ғылыми негізінде, нақты практикалық тұрғыда жеткізудің нәтижелі болатыны белгілі. Алгебралық теңдеулерді шешудің негізгі әдістері төмендегідей:
Теңбе-тең түрлендіру;
Айнымалыларды ауыстыру;
Көбейткіштерге жіктеу;
Мәндес теңдеулерге көшу.
Теңдеуді шешу жолдарын әр түрлі әдістермен жазып көрсетуге болады, бірақта ескеретін жағдайлар бар. Орындалған теңбе-тең түрлендірулер математикалық тілде, математикалық символдарды пайдалана отырып мүмкіндігінше толық жүргізілсе (анықталу облысы, мәндерінің жиыны тағы сол сияқты), жауабы толық негізделіп берілсе жеткілікті. Жалпы мектеп курсындағы кез келген теңдеулерді шешу барысында үш жағдай кездеседі:
а) теңдеудің түбірлері болатын жағдай;
ә) теңдеудің түбірлері болмайтын жағдай;
б) теңдеудің түбірлері шексіз сандар жиыны болатын жағдай. Осы үш жағдайдың үшінші жағдайына (теңдеудің түбірлері шексіз сандар жиыны болатын жағдай) мектеп курсында жеткілікті мән берілмейді. Соның салдарынан болу керек оқушылар көптеген қателіктерге жол береді, тіпті теңдеудің түбірлері қалайша шексіз сандар жиыны болады деген сұрақтарды да мұғалімге қояды. Өйткені оқушы тек қана теңсіздіктердің шешімдері шексіз сандар жиыны болады деп есептеледі. Демек, қосымша жұмыстар жүргізу қажет. Осы мәселеге байланысты оқушының білімін тереңдету үшін арнайы жасалған жұмыстарды көбірек қолдану керек.
Математиканың тарихи даму барысында әр қырына, түрінше шешімін тауып отырған ең басты мәселелердің бірі – сан ұғымын дамыту болды. Сан ұғымын кеңейту мәселесі алгебра ғылымының өз алдына бөлініп дербес даму жолына түсуін күрт жеделдетті, шешуі болатын теңдеулер класын көбейтті, қолданыстағы сандар арсеналын байытуды, кеңейтуді талап етті. Алгебра иррационалдықтың, яғни иррационал сандардың рационал сандармен тең енгізілуі осы қажеттіліктің көрінісі екені белгілі.
Теңдеулерді шешу қиын есептерді шешуді жеңілдетеді. Есепті шешу үшін есептің шарты баяндалған математикалық тілді математикалық модель – өрнекті құру үшін белгісізді x,y,z деп белгілеп, шартта баяндалған барлық жағдайды еске алып өрнек теңдеу құрамыз. Ары қарай осы өрнектен белгісізді табу теңдеуді шешу болып табылады.
Білім өркениеттіліктің әрі өлшемі, әрі тетігі болып табылатындықтан кез келген мемлекеттің рухани және әлеуметтік дәрежесі білім деңгейіне байланысты бағаланады. Жан – жақты үйлесімді, өркениетті елдің ұрпағын тәрбиелеп шығу бүгінгі әрбір мектептің алдына қойылған мақсаттардың бірі. Бұл мақсат әрбір орта мектеп мұғалімінен бүгінгі заман талабына сай оқыту әдістемесін күннен күнге жетілдіре түсуін талап етеді. Осы талаптың орындалуы орта мектеп бағдарламасындағы әрбір пәннің әр тарауының әр тақырыбын оқушы санасына жететіндей етіп оқытқанда ғана орындалады. Оқушыларды жеке тұлға етіп тәрбиелеуде математика пәнінің де алатын орны, салмағы зор.
Бұл курстық жұмысымда алгебра курсында қарастырылатын квадрат теңдеулерге және оларды шешу жолдарының әр түрлі әдістеріне негізделініп отыр.
«Квадрат теңдеулер» мектептегі алгебра курсының маңызды тақырыптарының бірі. Көптеген табиғи үдірістер мен құбылыстар, сол сияқты мазмұнды есептердің шығарылуы квадрат теңдеулерді шешуге келіп тіреледі. Теңсіздіктерді шешу, функцияларды зерттеу, функцияның нөлдерін, экстремум нүктелерін, өсу және кему аралықтарын табу, ең үлкен және ең кіші мәндерді табу есептерін шығару және тағы басқа жағдайларда квадрат теңдеулерді шеше білу қажеттілігі туындайды. Сонымен бірге тригонометриялық, көрсеткіштік және логарифмдік теңдеулерді, физикада және техникада, геометрия курсының есептерін алмастыру тәсілімен шешкенде квадрат теңдеулерге келтіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |