4-лекция. Газет жанрларына тіл, стиль жөнінен қойылатын талаптар.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын талаптарды айтпас бұрын, алдымен баспасөздің тілі мен стилі туралы әр кезеңде, әр жылдары шыққан, өзімізге қажет-ау деген әр түрлі нұсқаулардың мәтіндерімен қысқаша болса да танысып шығуға тырысалық. 1919, 1920 жылдары партияның VIII-XI съездері баспасөздің тілі мен стиліне құлаш-құлаш, түсініксіз материалдар беруге әуестенбей, мейлінше толық, бірақ та қысқа дәлдікпен жазуды талап етті. Ал, 1921 жылы болса орталық партия комитеті газеттердің тілі мен стиліне байланысты жалпыға бірдей мынадай 3 кемшілік айтты:
1. Газеттердің беті жалпылама сөздерге толы, ал басты мақсат фактіге құрылған мәселелерді жазу;
2. Газеттердің ұсақталып кетуі, олардың күрделі мәселелерді жазудың орнына, шимай-шатпақ жайлардың төңірегінен шыға алмауы;
3. Газеттер өз оқырмандарының ой-өрісінің мінбері болуға жарамауда, - дей келе осы мақсат-міндеттерді жедел түрде шешу үшін редакция ұжымдары мен журналистерге төмендегідей талаптар қойды:
4. Газет қызметкерлерінің шеберлік деңгейі, идеялық саяси білім деңгейі төмен, олардың көпсөзділікке баруы содан;
5. Журналистердің күрделі мәселелерге бара алмай, нақтылы жазбау себебі, олар қандай да бір болмасын оқиғаның басында болмай, сырттай долбарлап жазуынан туындайды;
6. Сондықтаг хабарлар мен мақалалардың тілі қысқа болумен қатар, негізгі ой-пікір дәлме-дәл айтылуы керек. Түсініксіз оқиғалар туралы қосымша фактілер беріліп отырғаны жөн. Редакция ұжымы газет оқырмандарына түсінікті болып шықты ма, соған мән беріп, көз жеткізіп отырғаны абзал.
Нақ сондай-ақ, 1924 жылы болған партияның XIII съезінде «Баспасөз туралы» қаулы қабылданып, онда газеттердің тілін жақсарту жолында әлі де болса көп жұмыстар тындыру керек, газет тілі мазмұндылығы, мәнділігімен қатар мазмұн тереңділігімен әрі жатық, жеңіл оқылуға тиіс деген сияқты мәселелер айтылып, күн тәртібіне қойылды. Бертін келе, 1942, 1968, 1984 жылдары да аудандық газеттер олдардың тіл стильдері туралы да арнайы қаулылар қабылданды. Ол құжаттарда аудандық газеттердің мазмұнсыз, оқырман халыққа түсініксіз болып шығатындығы айтылды. Осыдан барып, енді баспасөздің тілі мен стиліне нақты талаптар қойыла бастады. Бұл арадағы ең басты талап – қысқалық, ықшамдылық. Яғни, хабар әрі қысқа, әрі түсінікті болуы керек. Ал, ықшамдылық дегеніміз- баспасөздің бетін, яғни, газет бетін үнемдеу деген сөз.
Енді газеттің көпсөзділікке ұшырауының нақты екі себебіне тоқталар болсақ, онда біріншіден, материал сөз болатын ең негізгі мәселеге құрылмайды. Оған алыстап орағытып, басты мәселеге келгенше айнал соқтап жүріп алады. Осыған орай кезінде В.И.Ленин Зиновьевке жазған хатында Каменевті сынаған. «Ол іс істегенде ылдым-жылдым емес, жазғанда да айналсоқтап көпсөзділіккі салынады», - деген. Ондай материалдар баспасөз бетінде әлі де кездеседі. Мысалы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің «Халықтық педагогика» деген айдары бар. Осында жарияланған материалдар көбінесе мектеп өміріне тоқталады да, сөйлемнің соңғы абзацтарында ғана халықтық педагогиканы ұмытайық деген жалаң ұрандарға барады.
Екіншіден, газеттерде артық, босқа тұрған сөз тіркестері, сөйлемдер бар. Қажетсіз қайталауларға жол беріледі (ойды қайталау, яғни, таптологияға жол беріледі). Бұл жерде бір ескеретін нәрсе, қысқа да нұсқа жазу жайы. Ал, шын мәнінде қысқа жазу жағдайды айтпай кету деген сөз емес, қайта тек қажетті нәрсені ғана беріп, ықшамдап айта білу деген сөз. Бұл арада осы проблемаға байланысты айта кететін тағы да бір басты мәселе – ол сөйлем мүшелерін баспасөз бетінде дұрыс қолдана білу жайы, әдетте, сөйлемдегі сөздер саны аз болса, көп болса да сөз тіркесі өзара мағыналық синтаксистік байланыста болу арқылы белгілі мүшелік қатынаста жұмсалады. Олай болса, сөйлемді дұрыс құра білген жөн. Әсіресе, бұл арада сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшаларға өте сақ болған дұрыс.
Сөйлем құруға негіз болатын бас мүшелер, әсіресе, баяндауыш ойды дұрыс құрастыруға арқау болады. Бас мүшелер болмаса, басқа мүшелердің болуы да мүмкін емес. Өйткені, анықтауыш ,толықтауыш, пысықтауыш алдымен сол екі бас мүшенің маңын топталады, қала берді бірін-бірі анықтап, толықтырып, сөйлемнің құрамына ене алады.
Әрбір сөйлем мүшесі дәл, керегінде әсерлі, экспрессивті түрде хабарлаудың басты шарты – сөйлем мүшелерінің қызметін бірден-бір дұрыс табылып қолданған сөздерге жүктей білуде. Сонымен қатар, ойды аз сөзбен сығымдап айту, көршілес сөйлемдерде бір сөзді қайталай бермеу талаптары қойылады. Ол ушін сөйлемде басы артық сөз қолданбау керек, бір сөзді қайталай бермей, бірде оның синонимін, бірде оның орнын басатын есімдікті пайдаланып, кейде бір сөзді екі-үш сөйлемге ортақ етіп айта білген жөн.
Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің қалай болуы жазушының, сөйлеушінің еркіндегі нәрсе емес. Онда әрбір тілдің өзіне тән ішкі заңы, ережелері болады. Дұрыс құрастырылған сөйлемнің түсінігі де дұрыс, кісіге әсері де өзгеше болады. Әдеби тілде қалыптасқан сөйлем құрылысын бұзып, оның басын аяғына келтіріп жазу, әрине, шеберлікке жатпайды. Мәселен, «жұртқа көп тараған халық музыкасынан концерт береміз» деудің орнына, «көп тараған қазақтың халық музыкасынан концерт береміз» деп жазсақ, орынсыз тілдік стильді бұзғанымыз болып есептеледі. Л.Н.Толстой айтқандай, сөз суреткерлерінің шеберлігі: «Бірден-бір керекті сөзді тауып қолданып, оны дұрыс орналастыра білуде». Сөйлем құруда сөзді дұрыс орналастыруды шеберлік деп тануүшін де, сөздердің орын тәртібін дұрыс сақтап жазу үшін де қазақ әдеби тілінің ережелерін жақсы білген шарт. Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі тұрақты болып келеді. Ал, орыс тілінде болса, еркіндік басым.
Осыған орай біздің оқырмандарымызға тағы бір айтарымыз: тілдік норма ойды нақты, жүйелі,артық-кем болып қалмас үшін бір абзацта кемінде төрт сөйлем болғаны дұрыс сияқты. Себебі, сөйлем саны одан көбейіп кетсе, ойға нұқсан келеді, күңгірттенеді. Екіншіден, бір сөйлемде ең көбі 29 сөз болғаны жөн. Одан артық болса, оқырман ұғымына ауыр тиеді. Үшіншіден, ең дұрыс құрылған сөйлемдер, сегіз сөзден құралған (бірыңғай 8 емес, 9, 10, 11, 12 араласып тұрады) сөйлемдер екен.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын екінші талап, газет метериалдары әсерлі, тұщымды, бейімді, оқығанда тамсанып отырылып оқылуы тиіс. Ең бастысы газет-журналдардың әрбір сөзі, сөйлемі жүрек түкпірінен шыққан оқырман жанына жайлы тиіп,сезіміне әсер ететін болсын. Міне, сонда ғана оқырман газетке, информацияға құлақ асады. Осылай деп материал мәтініне мәнсіз, дәнсіз сөздерді орынды-орынсыз тықпалай беруге тағы болмайды.
Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин өз шығармаларында 21.000 сөз қолданған дейді. Соның 17 мыңы қайталанылмаған сөздер болған. Ал, осы А.С.Пушкиннің сөз қолданысының шебер үлгілерін қазақ жазушылары М.Әуезов , Ғ.Мүсіреповтерден табуға болады. Осыған орай кезінде ауыз әдебитетіндегі кейбір нақыл сөздерге ын айтылғаны белгілі. Мысалы, «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас». Бұл арада оның алғашқы жолымен келісуге болады. Өйткені, құм жиылып тас болмауы мүмкін, ал екінші жолындағы құлдардың жиылып, олардың арасынан көсем шығуы мүмкін ғой. Сондықтан, мақал-мәтел болсын немесе қанатты сөздер болсын, олардың мән-мазмұнына көп оқып, біліп барып көз жеткізген орынды.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын үшінші талап – тақырыптың, фактінің сипатына қарай үн, тіл, лексиканы дұрыс пайдалану қажеттігі. Өмірде қунанатын да, ренжитін де оқиғалар бар. Сондықтан, жанрды ажырата білген жөн. Тіл, стиль өте мәдениетті болуы керек. Фактіні жүрдім-бардым пайдалануға болмайды. Сондықтан, мәдениетті журналист фактіні де таңдай білуі шарт. Бұл туралы кезінде В.И.Ленин: «Мәдениетті журналист тілді объектінің, фактінің сипатына қарай түрлендіріп, құлпыртып пайдаланады. Яғни, ащы, дөрекі сөз, балағаттаудың қажеті жоқ, бірақ батыл айта білген дұрыс», - деп, екінші жағынан 1912 жылы «Правда» газетін: «Ұйқысынан оянбаған кәрі қыз секілді», - деп полемикаға шақырған. Ал, «полемика» дегеніміз – айғайласу, жанжалдасу, балағаттау емес, ойынды мәдениетті де байыпты әрі нақты жеткізе білу деген сөз.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын төртінші талап ондағы әрбір сөйле, сөз орамдары оқырманға дәл жеткізілуге тиіс, олар екі ұшты, екі түрлі мағына бермеуі керек. Сондықтан , екіұшты ойды білдіретін сөзді асқан жауапершілікпен қолданған дұрыс. Мәселен , «Шығармада алты басты кейіпкер бар» деген сөйлемді оқып көрелікші. Бұл жерде сөйлем дұрыс құрылмаған, екіұшты ұғым туғызып тұр. Сөз орамы дәл емес.
Жоғарыда әр сөзді тиісті орнына қоя білу керек дедік, яғни, сөздің құдіретін, күшін дұрыс пайдалана білген жөн. Бұл басты көңіл бөлетін нәрсе, сөз қалай болса солай тұрып үлкен әсер күшке ие бола алмайды. Сөз сапасы үшін күрескенде ғана, яғни мәнді-ойлы сөздерді орнын, кілтін тауып пайдалана білгенде ғана ол құдіретті. Осы арада ойға атом қазақтың «Орынды сөз ғана жүйесін табады» деген салиқалы ескертпесі есіңе туседі.
Сөйтіп, ой-пікірді дәл беру – әр сөздің мағынасын жақсы білу деген сөз екен. Себебі, ой түсініксіз болса, сөз де түсініксіз болып шығады. Ал, адам ой-санасының наты көрінісі – тіл екендігә белгілі. Олай болса, адамға тіл, ой-сана ойлау пайда болғаннан бастап біткен. Ой-сана қаншалықты ежелгі болса, оның тілі де сондай ежелгі болады.
Тіл дегеніміз – дыбыс: әр түрлі дыбыстардан құралатын жеке-жеке сөз, атау. Түрлі дыбыстардан сөз құралса, сөзден сөйлем болса, адам ой-санасының заттық жемісі екендігінде дау жоқ.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын бесінші талап – тіл шұбарлығына жол бермеу, материалдарды таза қазақ тілінде жазу мәселесі. Кезінде В.Ленин орыс тілін тазарту туралы мақаласында кез келген материалға шетел сөздерін тықпалай бермей, таза орыс сөзін қолданулы талап еткен. Бүгінгі таңда бізде де осы пікір тұрғысынан алғанда, керісінше, әрбір материалға орыс сөздерін тықпалай бермей, таза қазақ тілінде жазу проблемалары тұр, өйткені тәуелсіздік алғаннан соң да орыс тіліндегі сөздердің баламасын таппай,төрімізден орын бере берсек, тілімізді тазарта алмаймыз. Бұған мысал ретінде мынаны алуымызға болады. Ертеректе әскери сөздерді қазақшалауға бәйге жариялағандығыбелгілі. Міне, осы кезде біздер күлкінің объектісіне айналдық. Неге дейсіздер ғой. Себебі, «смирноны – қалши», «вольноны – салпи» деп аудардық та,ақыры болмаған соң, әскери сөзді орыс тілінде қалдырайық деген ұйғарымға келдік. Бірақ, бұл дұрыс шешім емес, ол туралы белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловтың «Тіл көркін таза сақтайық» атты мақаласын «Ана тілі» газетінен оқуларыңызға болады.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын алтыншы талап сөздерді орынсыз қысқартып, мұнысы несі деп оқырманды аң-таң етіп қоймауымыз керек. Өйткені, қысқарған сөздердің терминком бекіткен тізімі бар. Ал, қазір журналистердің өздері баспасөз бетінде қалай болса солай сөздерді қысқартып, қолданып жүр. Бірақ солардың барлығы да нақты бір мағынаны білдірмейді, солардың барлығы да нақты бір мағынаны білдірмейді. Мәселен, метр-м, сантиметр-см, килограмм-кг центнер-ц, КПСС, СОКП, КОПК және т.б. деп жазып жүрміз. Шындап келсек, осылардың барлықтарында да тұрақтылық жоқ. Сондықтан, әлі күнге дейін бірізділікке түспеген қысқарған сөздер баспасөз бетттерінде қаптап жүр. Ал, жоғарыда айтылған терминком болса оларды бекітіп үлгере алмай жатыр. Осы қысқарған сөздерге байланысты біздер сізденрге мысал ретінде Енес Жансевердің «Заман Қазақстан» гезетінде жарияланған «Темір мұнайым (ТМАС) шығаратын болды» деген мақаласын оқыр шығуды ұсынар едік.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын жетінші талап кез-келген материалда даурығушылық, даңғазалық, көпірмешілікке барушылық болмауға тиіс. Автордың әрбір пікірі ұстамды салмақпен, жайдары үнмен, салқындылықпен берілуі керек. Сондықтан, мәдениетті айтыста, сында ерекше сабырлылық, салқынқандыдылық, сақталған жөн. Өйткені, айтыста ашулану, буырқану әлсіздіктің белгісі. Мәселен, кезінде Б.Майлинді көп сынаған, бірақ ол ешқашан оған сывн бермеген.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын сегізінші талап автордың әрбір пікірі сенімді, құлаққа жұмбақ болуға тиіс. Мұнда өтірікке жол берілмеу керек. Мәселен, аудандық газетте жарияланған «1200 бас қойды 12 жасар Сандуғаш 80 км жерге қасқырға тигізбей аман-есен айдап келді», - деген сөзге кім сене қояр дейсіз.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын тоғызыншы талап онда әрбір сөз, сөйлемге саяси мән берілуі керек. Саяси жағынан ұстамды, мәнді болғаны жөн. Әрбір сөз, сөйлем,үкіметінің ұстаған саясатын қолдап, қызмен етіп тұруға тиіс.
Баспасөздің тілі мен стиліне қойылатын соңғы оныншы талап әрбір сөз сөйлем мағынасына қарай сараланып қолданылуы керек. Сөзді саралап қолдану тіл мәдениетін өркендетудің маңызды бір буыны екенін ана тілін қадірлейтін әр азамат жаксы ұғынуы тиіс. Бұл жерде айтылатын ойды сауатты жеткізе білмеутек жазушының не журналистің жалпы мәдениетінің төмендігін білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар ол адамдардың бір-бірімен түнісісуін қиындатады. Сондықтан, мазмұнын дәл беретін тілдік құралдарды сұрыптап қолданудың маңызы қашан да зор болмақ.
Мәселен, дайындау, даярлау, әзірлеу деген үш атаудың былай қарағанда бір-бірінен айырмашылығы жоқ сияқты. Бәрінің білдіретіні – бір әрекет, бағынатыны бір мазмұн. Мысалы, біздер орыстың «заготовка» сөзін – дайындау, «подготовка» сөзін – даярлау, «готовить» сөзін – әзірлеу деп алдық та, мағына жағынан реттеп, осылайша қалыптастырдық. Бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газеті осы сөздерді мазмұнына қарай саралап қолданған. Олар жанды нәрселерге келгенде даярлады (кадр даярлады), ал жансыз заттарға дайындады (машина дайындады) формаларын енгізген. Редакция ұжымының мұндай мұқияттылығы газеттің стиль мәселесіне немқұрайлы қарамайтындығын байқатады.
Ал, осы сөздердің сараланып қолданылуы, әдеби нормаға келуі – айтылайын деген ойдың, екінші бір адамға жеткізілетін пікірдің екшелуі,солардың тап-тұйнақтай қонымды, үйлесімді шығуы, сөйтіп тіл мәдентетінің артуы деген сөз. Осы ойымыздың бәрін қорыта айтатын болсақ, онда бұл талаптардың тоғысатын жері авторлардан шеберлікті талап ету болып табылады. Сондықтан, шеберлік дегеніміздің өзі тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс-әрекет сияқты әдеби түрлі образдарды жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білу. Мұндай образдарды жасау үстінде сұрыпталатын сөздерге әрқашан да жаңа мағына, қосымша реңдер берілетіні белгілі. Сөздердің ондай қосымша жаңа мағынасы мен реңдері образды ойды эстетикалық жағынан байытып отырса ғана құнды болмақ. Ал, образды ой дегеніміз болса, суреттелетін зат, құбылыстың формасын сөз арқылы шебер бейнелей білу деген ұғымды білдіреді.
Бақылау сұрақтары:
1.Газет тілі мен стиліне қойылатын басты талап.
2. Аз сөзбен көп мағына беру.
3. Фактінің дәлдігін берудегі тілдік қолданыс.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.
2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.
Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |