кезінен белгілі болды. Мысалы, графика мен орфографияны қалыптастыру, сөздіктер жасау,
сөйлеу мәдениетін жетілдіру, әдеби норманы орнықтыру, терминдерді жүйеге келтіру т.б.
қолданбалы тіл білімінің қарайтын мәселелері.
14.
Функционалдық тіл білімі – структуралық тіл білімінің тілдің
қатынас құралы ретінде
функциялық жағына баса назар аударатын саласы. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап
дамыған.
15.
Паралингвистика (лат. para – жанында, қасында) – сөйлеу үстінде қолданылатын тілдік
емес, қосымша құралдарды (дауыс ырғағы, дауыс әуені, интонация, бет, қол, дене қимылы
т.б.) зерттейтін тіл білімінің саласы.
Бұл салалар жеке тілдер туралы ғылымның да, жалпы тіл білімінің де қарауына жатады. Әрине,
әрқайсысында әр түрлі көлемде сөз етіледі.
Жалпы тіл білімі дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән
универсалды (жалпы) мәселелерді қарастырады. Ғалымдардың айтуына қарағанда дүние жүзінде
3000-нан 5500-ге дейін тіл және диалектілер бар көрінеді. Олардың дәл санын анықтау мүмкін емес,
себебі әр түрлі тілдер мен бір тілдің диалектілері арасында айырмашылық шартты түрде
қабылданған. Бірақ тілдер сан жағынан қаншалықты көп және құрылымы жағынан алуан түрі
болғанымен, олардың бір-біріне ұқсас, бәріне тән ортақ қасиеттері, ортақзаңдылықтары болады.
Мысалы, тілдердің бәрі де адамдардың өзара қатынас жасау құралы; тілдердің қай-қайсысында да
дыбыс, сөз, грамматикалық тұлға, сөйлем болады; тіл атаулының, тілдік элементтердің қай-қайсысы
да бір қалыпты болмайды, өзгеріске ұшырап, дамып отырады және дамуға, өзгеріске түрткі болатын
әр алуан ішкі және сыртқы себептер тілдер тарихының қай-қайсысында болса да кездеседі; тілдік
туындылардың ауызекі немесе жазба түрде болатыны да тіл атаулының барлығына тән.
Айта берсек, барша тілдерге ортақ осындай қасиеттер аз емес. Мұндай ортақ қасиеттердің болуы
– тіл иелері болып табылатын адамзаттың ойлау жүйесінің сөйлеу органдары мен есту
қабілеттерінің, ой-саналарының бір-біріне жақын, ұқсас болуынан.
Жалпы тіл білімі жоғарыда
айтылғандай дыбыс тілі атаулының барлығына тән ортақ мәселелерді, ортақ заңдылықтарды сөз
етеді. Зерттейтін нысаны – жалпы тілдік болғандықтан, одан шығатын теориялық тұжырымдар да
тіл атаулының барлығына немесе басым көпшілігіне бірдей қолдануға болатын жалпы тілдік теория
болмақ. Сонымен бірге тіл білімінде жалпы тілдік теорияның қалыптасу тарихы, әр түрлі тілдік
кезеңдерде, бағыттарда қалай шешілгені қамтылуға тиіс. Ондай өзекті проблемалар қатарына
мыналар жатады:
1. Тілдің өзіндік табиғаты мен мәні, сөйлеумен,
ойлаумен, қоғаммен байланысы, атқаратын
қызметі.
2. Тілдің құрылымы, құрылымдық элементтерінің бір-бірімен байланысы, арақатынасы.
3. Тілдің таңбалық, жүйелік сипаттары.
4. Тіл деңгейлері. Грамматикалық категориялар.
5. Дыбыс тілінің шығуы. Тілдер дамуындағы ортақ заңдылықтар, тілдік құбылыстарға түрткі
болатын ішкі, сыртқы жағдайлар, тілдер дамуында болатын дифференциялық (даралану),
интеграциялық (жақындасу) процестер, жалпы халықтық тіл, диалект, сөйлеу тілі мен әдеби
тіл, тілдік одақ т.б.
6. Тілдердің типологиялық, генеалогиялық топтары, жіктелісі.
7. Тіл білімінің өзіндік зерттеу әдістері.
8. Тіл білімінің негізгі салалары, басқа ғылымдармен қатынасы, өзіндік орны.
9. Тіл білімінің тарихы, ондағы басты кезеңдер.
10. Тіл білімі тарихындағы негізгі бағыттар мен мектептер.
Қазіргі заманда ғылымның алуан түрі бар. Олар зерттейтін нысанының сипатына қарай әр түрлі
топтарға жіктеледі. Әдетте, ғылымға нысан болатын мәселелерді жаратылыс құбылыстарына және
қоғамдық құбылысқа жататын мәселелер деп ажыратып сол
нысандарға орай бар ғылымды
жаратылыстану ғылымдары және қоғамдық ғылымдар деп екі үлкен топқа бөледі. Бұл екеуіне
қосылмайтын ғылым да бар: ол – философия ғылымы. Мұның оқшау тұратын себебі – ол жоғарыда
аталған екі топтағы ғылымның екеуіне де қатысы бар жалпы заңдылықты зерттейді. Бұл –
табиғаттың да, қоғам мен ойлаудың да жалпы заңдылықтарын қарастыратын методологиялық
ғылым.
Тіл білімінің даму тарихында тіл білімін қай ғылым тобына қосамыз деген сұрауға әр түрлі
жауаптар беріліп келді. Ол – ғалымдардың тілдің өзіндік сипатын әр түрлі түсінулерінен туды.
Біреулер тілді биологиялық организм десе, екіншілер психологиялық құбылыс, ал үшінші біреулер
физикалық құбылыс деген т.б. пікірлер айтты. Олардың әрқайсыларының өздерінше дәлелдері,
сүйген негіздері болды. Ал, шындығына келсек, тілде аталған сипаттардың барлығы да бар. Әңгіме
солардың қайсысының негізгі екенін дұрыс тануда.
Ғылымдар байланысының себептері. Ешнәрсемен байланыссыз томаға-тұйық болып тұратын
құбылыс қоғам өмірінде де, табиғатта да кездеспейді. Түрлі құбылыстар өзара байланысып, бір-
біріне ықпал-әсерін тигізеді, біріндегі өзгеріске екіншісі себепші, түрткі болады. Бұл – ғылымға да
тән. Тіл білімінің басқа ғылымдармен қатысы жөнінде де осыны айтуға болады. «Тіл білімі, - деп
жазады Н.И.Конрад, - басқа да барша ғылымдар сияқты қоғамдық өмірдің барлық құбылыстары,
сонымен бірге, табиғат дүниесі де өзара байланысты және бір-біріне
әсерін тигізіп отыратын
дүниеде өмір сүреді. Сондықтан басқа ғылымдардың мейлі ол қоғамдық болсын, мейлі
жаратылыстану ғылымы болсын, тіл туралы ғылымға әсер ететіні заңды және ол тіпті болмай
қоймайды да, солай болуы, белгілі шамада, қажетті де».
Достарыңызбен бөлісу: