М. Ж. Көпейұлы дүниетанымы және ел идеясы



Дата17.06.2016
өлшемі123.5 Kb.
#142853
М.Ж.Көпейұлы дүниетанымы және ел идеясы

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1875-1921) қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту және әдеби өміріне белсене араласып, халқымыздың ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы, жариялаушы, зерттеуші ғалым, этнограф-шежіреші, тарихшы, ойшыл-ақын ретінде кеңінен танылған, артына ауқымды шығармашылық мұра қалдырған тарихи тұлға.

Энциклопедист ойшыл-ғалым-ақынның өмірлік позициясы мен шығармашылық ерекшелігі неде? Алдымен ол өз елінің тарихымен, тұрмыс-салтымен тікелей аралас, өз халқының рухани өресімен түптес, ана тілінің беделді жанашыры; халық мұрасынан қанағат тапқан, елдегі бей-берекеттен күйзеліп шет қалмаған ақын; айтар сөзі мен жарияланған ойының мызғымас арқауын ширатқан ғалым; еліне деген ізденісі мен қызметінде дітті нысанадан ауытқи бермеген азамат. Ол дегеніміз:

Турашыл ер – тілі шындық, тыңдалық,

Түгел сөздің түп атасы – туралық... [1, 27 б.]. Ж. Баласағұн абыздай Мәшһүр Жүсіптің де «Хаққа көңілі де, ділі де түзу», сол үшін «жүректі, отты, ақыл-ойы кемел-ді» болды. Өз қабілет-қасиеттерін тірлік пен келісім аясында түзетті, түгендеді. Жеке адамның өзін-өзі тәрбиелеу арқылы кемелдікке жетуге болатынын және сол мақсатқа жеткізетін басты қос құралдың – тіл мен діннің қуатын әрдайым жырлады, өз зердесінде жинақтады.

Қай уақытта болмасын «Кім өз дұшпандарынан ажырап, түркілерге сағынып, мұңайып келсе, оларды түркілер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады, олармен басқалар да қамқорлық, пана табады», деген үмітін үзбеген. [2, 30 б.]. Адамзатты дос көрген бауырмал Мәшһүр Жүсіптің түсінігі абыз Ахмед Йүгінеки көзқарасымен түйіндес:

Иә, Аллаһ, көп мінәжат етем Саған,

Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.

Дәріптеуге Өзіңді жетер ме,

Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.

Аяулыны ардақтай, білімдарды құрметтей, талантты салмақтай білген Мәшһүр Жүсіп ата-бабалардың «Он бір тілектерін» ескерді, оқығанын ықыласымен көңілде тоқыды. Өнер-білім арқылы елімен тіл табыса алды. Ол қос ғасырдың тоғысындағы өзіндік таным мен өнер дамуын жаңа өмір шындығымен салыстыра қарайды. «Жақсының жүзі жәндетті», «Жақсыдан қапыл қалмаңыздар» деген Ы. Алтынсарин өсиетін, «Ойсыздыққа ұрынбай бір нәрсені жетік білмей өміріңді текке өткізбе» деген Абай ескертпесін есінде сақтаған Мәшһүр Жүсіп надандардан, азғындардан бойын аулақ ұстады, ақылға еріп рас сөздің қасиетін білуге, адалдық ықпалын меңгеруге тырысып бақты. Жалғандықтан жасалған көңіл жүгінен арылу ниетінен бас тартпады. Ой таяз, көркемдігі алабажақ, ойландырмайтын, сендіре алмайтын, қызықтырмайтын жасанды нәрселерге бей-жай қарай алмады. Тиянақты ұстанымның тоқтамы Мәшһүр Жүсіптің мына шумағынан білінеді:

Әр істі ойлау керек әуел бастан,

Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.

Мәз болма мұнарланып көрінгенге,

Кісі жер жемісі жоқ тау мен тастан. [3, 57 б.].

Ол тіл мен әдебиеттің мазмұндық және көркемдік биік сапасы үшін аянбай ізденді, мұнарлы дүние мен өнерден өз орнын іздеді. Оның шығармашылық идеясының жоғары, қоғамдық мәнінің зор болуының бір себебі, Мәшһүр Жүсіп бүкіл ғұмырында туған халқының рухани асыл баға жетпес қазыналарын мұқият тиянақтап, асқан жауапкершілікпен, ғылыми әдіспен зерттеумен айналысты. Мәшһүр шығармаларында өзі өмір сүрген қазақ қоғамындағы қоғамдық саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өміріне қатысты, шаруашылық жүргізу, оқу-ағарту ісін, діни имандылық, адамшылық, тәлім-тәрбие іс-шараларын жаңа уақыт талаптарына сай іске асыру мәселелерін көтерді. Ел тағдырын көзбен көрген, ойда тиянақтаған өлшемдермен үнемі сараптады, салыстырды.

Мәшһүр Жүсіптің тарих сахнасына шығуының өзі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамындағы болып жатқан өзгерістерге тұспа-тұс келді. Автор ойы мен толғанысы ұлттық сана-сезім мен қоғамдық қозғалыстардың бір саласымен ұштасып жатады. Отарлық езгі мен қанауда күн кешкен қазақ халқының мүшкіл күйі мен экономикалық мешеулігі, білім мен ғылым деңгейінің заман талаптарына сай еместігі, отаршылдық өкімет орындарының әділетсіздік пен адам құқығын аяққа басқан озбырлық, қатігездікке негізделген саясаты, патша шенеуніктері мен жергілікті ел билеушілерінің парақорлығы, ел ішіндегі жікшіл алауыздық пен партиягершілдік, халықтың саяси белсенділігінің төмендігі, ел мүддесін мансап пен атақ даңқ үшін сатып жүрген ел билеушілерінің іс-әрекетін Мәшһүр Жүсіп өз еңбектерінде өзекті мәселелер ретінде қарастырады. Қоғамдық өмірдегі келеңсіз құбылыстарға сыни тұрғыдан қадалған қайраткер ғылым, білім үйренуге қазақ халқын, әсіресе еңбек адамын шаруашылықты дұрыс, ұқыпты тиімді, ысырапсыз жүргізуге шақырды. Қорлықта пенде пейілінің азғындығынан сескенген Ол:

...Білімге жабысайық көңіл қойып,

Ерлердің көңіліне жүрмін тойып.

Болмаса бір құдайдан үміт-қуат,

Залымдар көзімізді алар ойып...
...Өнерге, ғылым-білім болсаң жерік,

Берілер ақыр бір күн басыңа ерік.

Көп жұртты көз жасыңа қылсаң куә,

Табылар мұңлы-зарлы саған серік.. [3, 27 б.].- деп ел санасын оятар тетіктерді ұсына бастайды.


Мәшһүр Жүсіптің рухани мұрасы мен терең мағыналы философиялық ойлары имандылық, адамшылық туралы пайымдарымен, этномәдени құндылықтары мен ұлттық мәдениетке деген жанашырлығымен ерекшеленеді. Оның ойлары қазақ әдебиетінің даму жолына және тарихына қатысты, әрі сол замандағы қоғамдық ой-пікірлермен ұштасып жатады. Өзі сол заманның сөзін, адамның сөзін сөйлеп, ұлағатты мақсатына жетпек болады. Бұл - қажымайтын ұзақ еңбектің, талмайтын ізденістің көрсеткіші.

Мәшһүр Жүсіптің дүниетанымының қайнар бастаулары мен рухани нәрлері ретінде төрт тармақты - ұлттық дәстүрлер мен қазақ ауыз әдебиетін, Шығыс мәдениетін, мұсылмандық – түркі, араб, парсы дүниетанымының үлгілерін, Батыс және орыс мәдениетін алдымен еске аламыз. Ол шығармашылық ізденістерінде өз халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық рухани дәстүрлерін, қазақ халқының өткен тарихын, хандар, билер, батырлар, шешендер туралы этномәдени оқиғаларды танып білуге ұмтылды. Халықтың азаматтарына деген ыстық ықыластары, елдің ерлері мен естілеріне деген құрметтері, ұлттың рухани мұраларға ұқыптылығы ойшылдың дүниетанымының қалыптасуына, жаңаруына айқын зор әсер етті.

Мәшһүр шығармашылығын зерттеу барысында анық, айғақты деректер мен мәліметтерге ие боламыз. Ол көне дүниені, оның ұқсас, ортақ бейнелерін фольклордың барлық жанрлары: тұрмыс салт жырлары, аңыздар, ертегілер, батырлар жыры, лиро эпостық жырлар, қисса дастандар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал мәтелдер, ақын-жыраулар өлеңдері мен дастандары арқылы бейнеледі. Кең жүрек сырлы, мұңлы бейнелермен шыңдалды.

Қысқасы, ойшылдың ұлттық сана-сезімінің өсуіне, азамат ретінде толысуына, өмірлік бағыт бағдарын туралауға көшпелілер философиясы орасан ықпалын тигізді. Халық дүниетанымының айшықтары, дүниетанымдық ұғымдары мен бағыт- бағдарлары, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары сан ғасырлар бойында қалыптасты. Халық ауыз әдебиетінің асыл шығармалары оның көңілін көтерген, қиындыққа қарсы күресетін қаруына ұқсады.

Мәшһүр Жүсіп бала кезінен бастап туған халқының асыл рухани туындыларын - «Қозы көрпеш Баян сұлу», «Төрт жігіттің өлеңі» т.б жаттап, жинап қағазға түсіре бастайды. Оның рухани өрлеуіне а) өскен ортасы мен тәлім-тәрбие өнегесін алған мектептерінің; ә) халық ауыз әдебиетінің әсері айрықша болғаны күдіксіз. Ол жазушылық ізденісте ой мен көркем сөзге ерекше мән береді. Жазушынының ойы мен тілі, халықтың игілігіне жарайтын қанатты сөздері әдебиет тәжірибесін ілгері тартты. Ол үшін жазушылық өнегені үлгі тұту – өзіне ғана емес, оқырмандарға қажет дүние. Сондықтан бар өнерін, халық сыны мен ғылыми тексеру-зерттеудің тоқтамдарын қарапайым жұрттың пайдасына жаратуға жан-тәнімен күресті. Рухани жетістіктерден өз жоғын, өз тілегін іздеді, ой мөлшерін анықтады. Бұл кезде қазақ әдебиеті мен елдік идеясының іргесі беки бастады, Мәшһүр Жүсіп болса, ол ұлттық әдебиеттің шеңберінде ғана ойланбады.

Мәшһүр жас шағында Шығыстың араб парсы түркі тіліндегі әдебиетінің шәкірті болды. Шығыстың әлемге әйгілі «Мың бір түн» «Шахнама» кітаптарын, мұсылмандық философия және мұсылман құқығын, шариат негзідерін, Ислам философиясының негізгі бастауы - Құран Кәрімді, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерін жақсы жетік білді.

Ұлттық философиялық дәстүр сонау ықылым замандардан бастау алып тарихи сабақтастық негізінде күні бүгінге дейін өзінің өмірлік нәр берер күшін сақтап, халықтың ой-санасының қалыптасуына басалқы рөл атқарды.

Шығыс мәдениетін зерделеу кезінде ол шығыстық ділдің адамшылық құндылықтары биікке көтерген ұлылығын және мейірімділікті өмірлік бағдар еткен ислам өркениетінің маңызды мәйегін түсінді. Шығыс халқының тарихи мәдениетінсіз, исламның рухани мұраларынсыз ой тереңдігін, сезім нәзіктігін, қоғамдық тартыстардың мәнділігін, рухани құндылықсыз нағыз шындық болмайтынын Мәшһүр Жүсіп ерте ұққандай. Ол өз шығармашылығында Шығыс мәдениетінің бүкіл інжу маржандарына және құнды адамгершілікке толы, ізгілікке негізделген қазыналарына сүйенеді. Олардан сөздің, ойдың, әдеп-ғұрыптың салмағын аңғарады, жүрегімен ұғады. Адал жандар өз ортасын бойымен, қара күшімен басып жыға бермегенін ұқты. «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы бетке ұстап, халықтың ескі жолы мен қасқа жолының өрісін түсінуге, түсіндіруге мән береді.

Жас Мәшһүр шығыс ақындары – Новой, Фердоуси, Саади Хафиз шығармаларын сарылып оқып, үздіксіз білімін көтереді, халқымыздың Шығыс елдерінің рухани мұраларымен ортақтастығын, араб, парсы, түркі тілдерінде жасалған тарихи-мәдени құндылықтардың тұтастығын, ол қазыналардың қазақтың рухани байлығымен сабақтас екендігін ерте түсінді. [4, 25 б]. Сондай-ақ орыстың демократ ақын-жазушыларының туындыларын оқып, олардың озық пікірлерін қуаттай білген. [5, 27 б.].

Ойымызды қайырсақ, Жүсіп Мәшһүрдің дүниетаным бастаулары жайлы сөз қозғағанда, (1) ұлттық төл мәдениетіміздің, халық ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерінің, қазақ ойшылдарының рухани мұрасының орны айрықша екендігін; (2) жалпы Шығыстың рухани қазынасы ықпалдас болғандығын; (3) ортағасырлық мұсылмандық философиясы мен ғылым жетістіктерінен, араб мәдениеті мен әдебиетінен нәр алғандығын, (4) орыс және батыс Еуропа мәдениетіне үнемі қызығушылық танытқанын аңғарамыз.

1888 жыл Мәшһүр Жүсіп өміріңдегі жаңа кезең басталды дерлік. 1. Орта Азия жаққа екінші рет саяхат жасайды. 2. «Дала уалаяты» газетінде мақалалары мен өлеңдері жиі көрінеді. Ақын бұл сапарында жер-жерден халықтың ауыр өмірін көріп, әділетсіздікке қарсы өз үнін батыл шығара бастайды. Оның қатерлі сөзінде қаһар байқалады; осы жылдары ұлықтардың әділетсіздігін байлардың зорлықшылдығын, ел ішіндегі өріс алған надандықты сынайды, елді өнерге шақырады. Ең бастысы халықтың ауыр тұрмысын көрсетеді. Ол тарихи жағдайлардан адаспайды, алар бағытын дәл табады. Оған себеп: 1) ақындық мәдениетінде, 2) өмірдің ұсақ, елеусіз құбылыстарынан ең бастысын, ең маңыздысын ажырата білуінде; 3) адамдардың асыл, ізгі қасиеттерін дұрыс көрсетуінде еді. Оның үстіне көркемдік композиция, тіл шеберлігі мен сөз шындығы ой өрісін жоғары өрлетті. Ақынның ойлау жүйесінде жасандылық жоқ, өмір сүру мен ұлттық дәстүр әр қырынан ширатылады. Ақын қоғамдық қозғалыстардың қасында болды, қазақ даласынан өзіне жұбаныш тапты. Дегенмен, текетірес, жаңа бетбұрыс оған жаңа талаптар қойғызды, күтпеген жайларды кеңірек талдауға, тереңірек түсінуге мәжбүр етті. Ақынның ширақ ізденістегі шеберлігі мен кенеулі ойы ұлттық шеңбердегі дүниетаным үлгілерін нақыштады.

«Мәшһүрдің алпыс сегізінде сөйлегені» - тек діни сөз ғана емес, елімен бірге болған ақынның дара сөзі. Адамгершілікке толы, азаматтық ырыққа суарылған тамаша туынды. Жаңа мазмұнға жаңа түр іздеген туындылар тағылымы толысқан мынандай шумақтармен ұласты:

Байланып қорыққандықтан жүрді тілім,

Қазағым, қайран жүртым, халқым, елім.

Мұжық кеп, қара шекпен крестьян,

Жеріңді қылмады ма тілім-тілім. [3, 61 б]

Алпыс сегіздегі ақын Жүсіп қанша қиналса да, таяқ жесе де, жау тапса да, абыз Абай тәрізді «мыңмен жалғыз алысуға» кірісіп, қайтадан «қолына қағаз, қалам алды». Алаш қозғалысын қазақ қоғамының тыңайтар жақтарын қамтыған саралы құбылыс деп қабылдады. Қоғамда қазақ оянбаса, халық қозғалмаса алаш ахуалы қалай жақсармақ, жас ұрпақтың көңіліне жарық қалай сәуле түссін?! Ел арасындағы келеңсіздікке халықтың оқығандары алдымен жауапты екенін жүрегімен сезгендей.

Мәшһүр Жүсіп адамгершілікпен қатар, ақындық жолда да ұлы Абайды әрқашан аға тұтқан, үлгі көрген шайыр. Оның қай қадамында болмасын өзі бастан кешкен заман, уақыт талабы – талассыз алға қойылады. Ол да өмірді біліммен, ағартумен, өнермен өзгертуге болатынына қатты сенген. Ендеше сөзі мен ісі бір жерден шығып, ақ жолдан таймаған ақынның кейде жеке өз басын асқақтатып, қалың қазаққа қатты ықпал жасағанын айтуы да табиғи, жарасымды іс. Осы ретте оның «Мәшһүрдің өзін таныстыруы» деп тақырып қойылып берілген өлеңі де келісті көркемдігімен, кемел ой пікірімен көңілден шығады.

Ақындар өздерінің өлең жырларында қазақтың қанатты сөз, нақылдарын мол кірістіру арқылы айтатын ойларының көркемдігін, мән маңызын тереңдетіп отырған. Мәшһүр Жүсіп «Жеті жетім» деген өлеңі – мәні терең қағидаттарды қозғап, қызық та қисынды ойлар айтқан әрлі, нәрлі туынды. Мәшһүр Жүсіп айтқандай, жағдайын реттеген елге пайдасын тигізбесе, ауыз бірлік орнымен жұмсалмаса, мешіт те, дүние де жетім. Тағы да басқа кімдер және не үшін жетімдер? Әкесі жоқ тірі жетім, әкесіне қоса шешесінен айрылған тас жетім. «Тыңдамаса сөз жетім, киілмесе бөз жетім» екенін еске салады. Оның үстіне «жаман байға кездескен жақсы қатын да жетім, «долы қатынға кездескен ақылды ер» де жетім. «Көп ғалымның ішіне түскен надан да жетім: «Отырса сөзге түсінбей аңырайып, жетімдік не болады мұнан жаман»,. Керісінше көп наданның ортасына түскен ғалымның әлгі наданнан да бейшара, жетім екендігі хақ. [6. 33 б]. Ал ақынның айтары – мұндай біржақтылық пен жүйесіздікті ойланып түсінген алашкемтарлыққа жол бермес.

Мәшһүр Жүсіптің саяси әлеуметтік көзқарастарын сөз еткенде, ғасыр басындағы қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайын есте сақтаған абзал. Ол өз заманының перзенті ретінде заман ағымына, сол уақыттағы қоғам өміріндегі күрделі қым-қиғаш оқиғаларға, алыс-жұлыстарға үн қатты. Оның халық тағдырын терең түсінгенін, оның мұңын жоқтағанын, халық бірлігі мен қазақ елінің болашағын жырлағанын айқын байқаймыз. Ол «Ғибратнамасында» халықтың бірлігі мен тұтастығын философиялық оймен былайша терең жырлайды:

Асқынды болып жара жауырларым,

Тіпті жоқ жазулы істі ауырларым.

Бірлік қыл, басыңды қос, пайдаңды ойла,

Қазағым, қайран халқым бауырларым. [3, 124 б]

Оның шығармаларында терең ұлттық бағдар, асқақ патриоттық сезім, отансүйгіштік идеясы тән. Ойшылдың пікірінше, ұлттық тұтастық пен ауыз бірлік халық өмірін топтастыратын басты шарттар және негіз. Ақынның бостандық пен азаттыққа жеткізер жолда халықтың бірлігі мен татулығын, ұлттық жарқын келешегін жырлауы – заңды, бас мұраты. Ойшылдың көздегені - қазақ халқының санасынан ру-тайпалық өрісті тарылту, керісінше, ұлттық бірлік пен ұлттық болмыс-бітімді сездіру. Ол «Қазақ жұртының осы әңгімесінде»:

Халық қылып атандырды бізді қазақ,

Еркелі жұрт ел емес, өзі де аз-ақ.

Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,

Барасыз көрінгенге болып мазақ, [3, 60 б]

-деп қазақтың айналасындағы ел-жұртқа мазақ болып отырғанын ашына айтады. Жікшілдік, руаралық күрес, партияға бөлінушілік, билік үшін қақтығыстар қазақтың өзін-өзі тануға кедергісін күшейтетінін, елдің ауыз бірлігіне нұқсан келтіретінін, халық ынтымағын бұзатынын ашық көрсетті.

Мәшһүр Жүсіп шығармаларында сол уақыттың тарихи әлеуметтік шындығы айқын із қалдырған. Оның шығармашылығы мен саяси әлеуметтік көзқарастарының арқауы: а) отарлық езгі мен қанаудағы қазақ халқының ауыр мүшкіл жағдайы; ә) ұлттық мүддеге негізделген қазақтану мәселесі болды. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының негізгі тақырыптарының бірі -ата баба жерінен айрылған қазақ халқының қайғы-қасіреті, атамекен мен ел тағдыры, жер, су идеясы, қазақ бостандығы үшін күрескен азаттық идеясынан тартынбаған Алаш ұлдарының жанқияр еңбектері еді. [7, 56-57 б.]

«Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабында патша өкіметінің ұстанып отырған құйтырқы саясатының түпкі мақсаты қазақтарды құнарлы, жайылымды жерлерден ығыстырып шығару екенін терең түсінген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мына өлең жолдары арқылы білдіреді:

Адасып осы күнде қазақ қалды,

Бұрынғы ата баба рәсімінен.

Жылқыға керек жерге егіп салып,

Жер жыртып мұжық қылмас кәсібінен.

Жайлауы баратұғын тарылған соң,

Айрылды мал да, жан да несібінен...

Зынданда не шахбаздар нахақ жатыр,

Ұрлықтың қылған зорлық кесімінен. [3, 56-57 б.]

Оның әлеуметтік саяси көзқарасының маңызды жағы ұлттық мәселеге көңіл аударуында. Ол жоғарыда аталған еңбектерінде отарлық қанаудағы қазақ қоғамының қоғамдық саяси өмірін және отарлау жүйенің саяси-әкімшілік елді басқару әдістерінің зорлық зомбылыққа негізделген жақтарын, рухани тәуелділіктің зардаптарын, қазақ даласындағы әлеуметтік күйзелісті адам бостандығын ең күрделі мәселе ретінде көтерген.

Туған халқына шын берілген Мәшһүр Жүсіп қазақтарға азаттық пен бостандыққа жету үшін ең алдымен бірлік пен ынтымақ, биікке самғатар ұлттық рух қажеттігін, қазақтардың ұлттық сана-сезімін оятуға ұйымдасқан түрде ден қоюға шақырады. Қазақтың берекесі өз ортасында деген ұстаным бірлік пен тұтастыққа шақырады. бірлік пен тұтастыққа шақырады. Қазақтың жаңғыру, Қазақстанның жаңару идеясы біздің еңбекте де жалғасын тапты [8], Елбасы Н. Назарбаевты салиқалы да стратегиялық саясатында табысты жүзеге асырылуда. Бұл саясат ұлттық мүдде негізінде ел бірлігі идеясын танымдық және әлеуметтік тұрғыдан мазмұндаудың айғағы.



Ж.Ж. Молдабеков, философия ғыл. докторы, әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

С. Құдайбергенов, магистрант

Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Ж. Баласағұн. Құтадғу білік. Алматы, 1986

  2. Махмұд Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, 1997

  3. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Таңдамалы -1 т. Алматы: Ғылым, 1990.

  4. Дәуітов С. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Қазақстан мектебі. -1990. №2.

  5. Мухаметханов Қ. Мәшһүр Жүсіпов Қ. Мәшһүр Жүсіп мұрасы жөнінде // Жұлдыз, 1984. -№3

  6. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Аспан Жер және адам жаратылысы туралы. // Қазақ тарихы. 1995. -№2.

  7. Тілешов Е. Алаштың жолы. // Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл мәдениеті және Алаш мұраты: Халықаралық ғылыми теориялық конференция материалдары. – Алматы: Сардар, 2008.

  8. Молдабеков Ж.Ж. Қазақтану және жаңару философиясы. Алматы, «Қазақ университеті» 2009






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет