Махамбет Өтемісұлының
педагогикалық көзқарастары.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов Махамбеттің ақындық құдыретін жоғары бағалай келіп, былай деп жазды: «… Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы». Бұл классик ақынымыздың шығармашылығына берілген әділ баға деп білуіміз керек.
ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақстанның батыс аймақтарын мекендеген ел өмірінде ерекше із қалдырған ұлт-азаттық көтерілістің рухани көсемі, қазақ поэзиясының классигі Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның шешіміне сәйкес 2003 жылы Атырау мемлекеттік университетінде халықаралық деңгейде өткізілуінің тәлімдік және тағылымдық мәні орасан зор.
Қазақтың Махамбеттей біртуар ұлының 200 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі егемен еліміздің еңсесін биіктете түседі.
Махамбет – қазақ халқының кегі, ызасы, намысы, жігері, қайтпас қайсарлығы, яғни, Махамбет – қазақ халқының кегі мен ызасынан, намысы мен жігерінен жаралған наркескен рухани қару.
Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспамбет, Жалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі.
Махамбеттің жырлары – ерліктің, өрліктің гимні, қайсарлықтың символы.
Ерегескен дұшпанға қызыл сырлы жебедей қадалған Махамбет – жақсыларға еп, жамандарға көп, лапылдап тұрған өрт. Аңдамаған жалынана шарпылады. Жауырынан етін алса да жалынып, жалтақтауды білмес, қыңқ етпес табандылық ердің еріне бітеді. Халық қайғысын айтуға хан ұлынан қаймықпау да, «бас кесермін, жасырман» деп, қасқая қарап тұру кез келгеннің қолынан келе қояр ма екен?
Махамбет ел, халық жүрегінен мәңгілікке орын тапты. Оның жырлары елдің рухын көтеретін, ерлікке, елдікке бастайтын ұран іспетті. Сондықтан да болар халқымыз Махамбеттің есімін де, отты жырларын да қатты қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттап жеткізіп отырды.
Махамбеттің қай өлеңін алсақ та, оның негізгі лейтмотиві – жас ұрпақты ерлікке патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеу. Демек, оның шығармаларындағы айтылған қағидалар көтерілген мәселелер бүгінгі педагогиканың уақыт талабына қойып отырған мәселелерімен үндесіп жатыр. Ескі идеология, тарихнама, әдіснама бойынша тарихтағы жеке тұлғалардың ролі дұрыс бағаланбады, бұрмаланып біржақты түсіндірілді. Әсіресе, тарихи тұлғалардың алатын орнын, еңбектерін бағалауда ескі идеологияға негізделген көзқарасқа, әдіснамаға сүйенілді. Ел билеген хандар мен билерді, қолына қару алып елін қорғаған батырларды еліне білім мен ғылымның нәрін себуде ерекше еңбек сіңірген ойшылдарды, атап айтқанда, Махамбет, Исатай, Жәңгір Ханның тарихтағы орны, еңбектері біржақты бұрм аланып бағаланды.
Тек ғана соңғы жылдары тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан егемендігіміздің нәтижесінде Махамбет сынды алыптарымыздың еңбектерін жаңаша зерделеуге мүмкіншілік туды. Бабамыздың мұрасы көп жылдар ескерусіз келді.
Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан-алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, ел жандылық, экологиялық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады. Махамбет шығармаларының жастардың бойында жағымды адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастыруда алатын орны ерекше.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.
Өлең-тәрбие құралы. Көне заманнан бері халықымыз тәрбие құралы ретінде ертегі, аңыздарды, батырлар жырлары мен дастандарды, өлеңдер мен терме, баталарды, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздер мен шешендік өнерді, ырым-тиым сөздерді тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрімізді жалғастырып отырды. Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы - өршіл жырлары болды.
Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. Ақын: «Мен едім» деген өлеңінде:
Бөз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар, ер едім
Жандаспай ақыры бір тынбан, - деп өршілдігін жырлап көрсетеді. Ақын өлеңінің тәрбиелік мәні ерекше халық санасын оята түседі.
Ақын өлеңдерінің тәлімдік-тағылымдық негіздері тереңде жатыр. Ақынның «Күн қайда?» деген өлеңінде:
Қарт бұғыдай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
Бізді тапқан ананың
Асыраған ананың,
Ризалықпен жайласып
Қолын алар күн қайда? – халықымыздың халықтық педагогика негіздерін алдымызға тартады.
Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді.
Махамбеттің:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға
Қас үлектен туған катепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Біздің бүйткен бұл іске, - деп аталатын өлең жолдарында жастарды қандай ма болмасын қиындықты жеңе білуге туып өскен Отанын елін сүюге, елжандылыққа тәрбиелеуге жас ұрпақты үндеді:
Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңінде де ақынның еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Ақын психологиялық параллелизмді шебер қолдана отырып, қызғыш пен өз дағдырын салыстырады. Махамбет көл қорыға қызғыштай елі үшін отқа түседі:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едім
Мен де айырылдым елімнен
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.
Махамбет өз туған халқының перзенті ретінде өз елінің болашағынан үлкен үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім…
Махамбеттің бұл арманы бүгінде орындалды, іске асты. Бүгінде Қазақстан Республикасы – егеменді ел. Тәуелсіздік алған мерзімнің ішінде Президентіміздің басшылығымен біршама жетістіктерге қол жетті. Қазақ тілінің мың оралымдығы, қасиетін ұғындыруда ақын жырлары – ұрпақ тәрбиесінде баға жетпес байлық. Махамбеттің Исатай бейнесін көркем сомдауы, халық кегінің жолында көтеріліске шақыру болашаққа, келер ұрпаққа деген нық сенімі жыр жолдарында өте көркем берілген. Ұрпақ бойында ұлттық рухты, өзіне деген сенімділікті, халқына деген құрметті қалыптастыруда Махамбет өлеңдерін түсіне отырып оқыту қажет.
Біздің парызымыз – осы тұлғаны ұрпаққа таныту, оның жырларын өшірмей мәңгілікке сіңіру Махамбет өлеңдері барша елдік, ерлік қуатымен, көркемдік құнарымен шетел тілдеріне аударылса, әлем халықтары сүйіп оқитын қымбат шығарма, қазақтың тілін, ерлігін танытатын асыл қазына болары анық. Осы баға жетпес асылымызды оқыта отырып, жас ұрпақтың өзін тани білу үн қосу. Жыр жолдарын ұрпақ тәрбиесінде орынды қолдану – ұстаз міндеті. Махамбет жырлары миллиондаған жас жүректерге ерлік рухын дарытып, үміт отын жағып, күш-қуат берері сөзсіз.
Махамбет бабамыздың есімін кеңінен насихаттау мақсатында ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдық мерей тойын өткізу барысында республика мектептері мен жоғары оқу орындарында «Махамбеттану» бағытында біршама танымдық-тәрбиелік шаралар іске асты.
26-27 ақпанда 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен, көршілес Астрахань облысының білім басқармасымен бірігіп, «Оқушыларды тәрбиелеудің этнопедагогикалық негіздері» атты халықаралық конференция өткізілді.
Махамбет поэзиясында оқушыларды жақсы өнеге, адамгершілікке үндеген терең философиялық түйін, парасатты ой, қайсарлық пен нәзіктік аз емес.
Оқыту үрдісінде оларды тәрбиелік мақсаттарға ұтымды пайдалана білу, өскелең ұрпаққа дәйектілікпен жеткізе білу – парызымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |