Махсат Алпысбес



Дата10.06.2016
өлшемі58 Kb.
#126308
Махсат Алпысбес, тарих ғылымдарының докторы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті



әлихан Бөкейхан және қазақ шежіресі

Тарихта да, қазақ тарихнамасында да Әлихан Бөкейханның биік орны бар. Өзі төре тегі, Алаш серкесі, Жошының ұрпағы. Ұлт қайраткері болғандықтан, Әлекең үшін халық тарихын, халықтың ұлт болып қалыптасу жолын қарастыруды айналып өтіп кетуі де мүмкін емес еді. Өткен тарихқа үңілу ұлттың қазіргі жайы мен болашақ жағдайын байқауға жол ашады. Біздің тарих ғылымында қашан да болмасын өзектілігін жоймайтын мәселенің бірі қазақ шежірелері болмақ. Шежіре дәстүрі, зерттеулер көрсетіп отырғандай, ауызша мәдениеттің негізі болып табылады. Бірақ шежірелер әртүрлі тарихи уақытта жазба үлгілесінде де болған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, өткен ғасыр басында қария сөз үлгілерді жинап, шежірелік тарих жазып еңбек еткен Шоқан, Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали Халид, Шәкәрім, Нұржан Наушабай сынды қазақ авторлары халықтың тарихи мұрасының сақталуына ден қойып, шежірелердің жазба нұсқаларын хаттап, баспалардан жариялағаны белгілі [1]. Шежіре туралы, оның тарихы астары, сыры, мәні, мағыналары туралы шығарма-мұраларында айтпай кеткен алаш қайраткерлері кемде-кем. Байқап отырсақ, қазақтың тарихи шығу тегін баяндайтын әртүрлі шежіре нұсқаларын Ақаң да (Ахмет Байтұрсын), Міржақып та, Маннан да (Маннан Тұрғанбай), Әлекең де (Әлихан Бөкейхан) да назарға алған [2]. Сондықтан, қазақ тарихнамасын кезеңдерге жіктеуде «қазақ тарихнамасындағы алаш қайраткерлері дәуірі» деген кезеңді, ал оқулықтарда осы атты арнайы тарауды да енгізу уақыты келді. Бұл мақала осы іске бастама болсын. Алға қойылып отырған мақсат-міндет – Әлиханның қазақ тарихы мен қазақ шежірелерін қамтитын мұраларын саралау.



Әлихан мұрасының қазақ шежірелерімен байланысатын екі тұсы бар. Оның бірі халық шежірелерін жинау ісіне ұйытқы болу, ал екіншісі – шежіре жайында білдірген ой-толғамдары. Шежірелерге орай жазған Әлиханның еңбектерінде шежіренің екі қыры туралы айтылады: бірі – шежірелердің рулар генеалогиясын жер мәселесімен байланыстыру және хан-сұлтандардың ата-тек кестелері; екіншісі – шежірелердің тарих мәнісі мен мазмұны туралы. Одан басқа, Әлихан Шәкәрім шежіресіне пікір білдріген зерттеуші. Әлихан Ш. Құдайбердіұлы жазған еңбекке жоғары баға бере келе, – «енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа» - деген [3].

Әлихан, Алаш дегенімізде назарымыз ұлттық тарихтан тыс тұруы мүмкін емес. Қазақтың бодандықтан азат болу, саяси тәуелсіздікке қол жеткізу үшін құрылған саяси ұйымының аты Алаш болуы, құрған өкіметінің аты – Алаш Орда болуы кездейсоқ емес. Алаш – қазақтың ұраны. Ұранның мақсаты елді бір тудың астына жинау, күшті біріктіру, ұлт болып өз мәселелерін жеке дара шешу сияқты мақсатқа жету. Алаш сөзінің пайда болуы, оның ұрандық сипатқа айналуы, аса мағыналы тұтас бір ұлттық ұғым ретінде қалыптасуының өзі де қазақ халқының бүкіл өткен тарихын қамтиды. Бұны Әлихан білмейді емес. Қазақ тарихында алаш сөзіне қатысты бірнеше түсініктер бар – «Алаша хан», «алты алаш», «Алаш мыңы», «алаш баласы» және т.б. Алаша хан – қазақ тарихындағы атақты халық көсемдерінің жинақы бейнесі. Алғашында, аса ескі дәуірлерде, Алаш есімді бір кемеңгер, әйгілі хан, рубасы, көсем болғаны күмән тудырмайды. Кейін осындай ханның бейнесі, тұлғасы хан болу эталонына айналған. Соған лайық тарихи тұлғалар көп болған. Соның бірі Шыңғыс хан болғандықтан, қазақ шежіре-жырларында: «Алаша хан, Жошы хан» деп айтылады. Атақты Қасым да, Хақназар да Алаш атанған хандар. Түркі ұлыстарының одағы да санына қарай «алты алаш» атанған. Осы ұғым-атаудың астарында өзара ұйысу, ынтымақты ел болу ой-мұраты бар. Қазақ шежірелерінің бастауы Алаша хан атынан басталатыны да ұлт бірлігін мақсат тұтудан шыққан. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ұлттың мүдделерін, ең алдымен қазақ халқының өзі жойылып кетпей өзін-өзі сақтап қалуын, жерінен айырылып қалмай, дінін сақтауын қамтамасыз ету ісінде де тарихи сабақтастық сипатын жалғастырды. Бұл да Әлиханның саяси қайраткерлік жолында тарихтан қосқан бір үлесі. Шежіре – халықтың халық ретінде өзі-өзі тану құралы, халыққа өзін-өзі ұмыттырмайтын тарихи жадысы. Халықтың тарихи-геналогиялық өткен-кеткенін білуге халықтың құштарлығын сипаттай отыра, Әлихан: «қазақтың молласы болсын, қарасы болсын – шежіре білуге, бұрынғы өткеннің тарихын естуге әуес халық... манағы "әуестік" қоймайды: қария адамдар қазақтың әсілін білуге һәр кімнен сұрайды» – деп жазады [4]. Әлиханның Төре шежірелеріне қатысты жинақтаған генеалогиялық деректерінің орны ерекше. Әсіресе, оның «Қарақаралы уездінің рулық кестелер», «Кенесары сұлтанның тарихына қатысты материалдар», «Адай уездінің қазақтары» атты еңбектері және Едіге, Бекет батыр, Ер Тарғын туралы әдеби-фольклорлық зерттеулері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоймаған. Осы құнды мұралардың пайда болуының өзі бір тарих. Тобыл губерниясында жүргізілген санақ жұмыстарына қатысып мол тәжірибе жинаған Әлекең, 1896-1901 жылдары Ақмола мен Семей облыстары жерін зерттеуге шыққан Ф.Щербина бастаған экспедициясы құрамында болып, 12 ояздығын зерттеуге қатысты. Алғашқыда статист, кейін жеке зерттеу тобы басшысы болды. Осы Щербина экспедициясы құрамындағы зерттеу жұмыстары нәтижесінде Әлиханның шежіре мен ұлттық тарихы тақырыбына ізденіс етуіне оң әсер етті. Әлихан қазақ жерлері әрбір рудың өз мекені – қыстау-жайлауы, өзен-суы, құдықтары, яғни ол жерлер арғыдан қоныс қылған қазақтың ата жұрты екенін анық көрсетіп, картаға белгілеп, рубасыларының есімімен қатар олардың жеке шаруашылығының жағдайын сипаттап көрсету арқылы қазақта иесіз жер жоқ, әрбір жер-судың тұрақты иесі бар екенін көрсетіп берді.

Әлихан Щербина экспедициясының ғылыми мәнін аса тереңдете түсті. Ол қазақтың тұрмыс-тіршілігін, тарихи мәліметтерін, өлкелердің табиғат ерекшеліктерін, жер бедерін, ауа-райын, халықтың шаруашылық жүйесін толық сипаттау беруге бағыт берді. Соның ішінде, экспедиция мүмкіндіктерін пайдалана отыра, қазақ шежірелерін жинастыру, қазақ руларының ата тек кестелерін құрастыру, оның атақты тарихи тұлғалары туралы мәліметтерді экспедицияның ғылыми есептеріне енгізе отыруды қамтамасыз етті.

Әлихан қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, сенім-нанымын, өнерін зерттеген, жазған, бұл туралы мол мұра қалдырған. Әлихан өмірбаянын зерттеушілер, Әлекең «қазақ ұлтының жүздік, рулық-тайпалық құрылымын зерттеген, қазақтың шежіресін жазған тұңғыш адамдарының бірі. Мәселен, оның Павлодар мен Қарқаралы уездерін мекендеген қазақтардың және төре мен төлеңгіттердің шежіресін жазып, жариялаған, ал М. Тынышбайұлы мен Ш. Құдайбердіұлы құрастырған шежірелер әлдеқайда кеш жарық көрген» -деп көрсетеді [5]. Расында да, жариялану реті жағынан кім бұрын баспадан шежіре, шежіре деректерін жария еткеніне зер салсақ, Әлихан шежірелері Щербина экспедициясы материалдарында 1903, 1905 жж. жарық көргені анық. Бұдан бұрын тек қана Шоқанның шежіре туралы зерттеулерін айта аламыз. Бірақ шежірелерді жинап жазу бар да, шежірелерді жариялау бар. Бұл тұрғыда Шоқан, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Құрбанғалидің шежіре жазғаны ілгері болса керек. Шоқан қазақ шежірелерінде көрініс тапқан халықтық тарихи сана, халық білімі мен тарихта аты қалған қадірлі тұлғалардың туралы деректің ғылымға берері мол екенін бұрын ескерткен. «Қазақ халқының тарихи санасында, тарихи жады-зердесінде ұмытылған бірде-бір маңызды оқиға, аты ұмытылған бірде-бір әйгілі тарихи тұлға жоқ» деп, Шоқан көрсеткен. Одан кейін, қазақ генеалогиялары мен тарихи өткенін баяндайтын деректерді жинақтап сөйлейтін материалдарды жариялаған М. Тынышпаев, 1925 жылы Ташкентте жарыққа шыққан «Материалы к истории киргиз-казакского народа» еңбегінде қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық санына байланысты мәліметтерді құрастырып зерттеген [6].

Әлиханның шежірелері Щербина экспедициясы құрамында жүргенде, Адай уездіне барған сапараларында жинаған ру шежірелері кесте ретінде тіркелген. Кітап мазмұны орысша болғандықтан, оны «Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда» деп, қосымша етіп жариялаған. Қарқаралы ояздығына қарасты тұрғылықты қазақ ішінде қырғыз, төре (сұлтан) мен төлеңгіт, қожа өкілдері бар екенін айтады. Орта жүздің шежіре сызбасында Ақжолдың баласы Қарақожа мен Аққожа, Қарақожа балалары – Арғын, Тарақты, Қыпшақ, Уақ, Керейді көрсетсе, Аққожаның балалары ретінде Найман мен Қоңыратты белгілеген. Әлихан келтірген қазақ шежіресінің бұл нұсқасы Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім таратқан шежірелерінен өзгешелеу екені байқалады және Қарқаралы ояздығына қатысты қазақ руларының ретін – Ақжол, Алшын, Жетіру, Үйсін, Ырғақты, қырғыз, төре (сұлтандар), төлеңгіт, қожа деп берген. Шежіреде кездесетін әйгілі тұлғаларға қатысты қосымша мәліметтерді, (мысалы, олардың қабір орындарын және т.б.) ескертпелерге қосып отырады. Арғын табындағы қуандық атасынан тараған Алтайдың Сайдалысының ішіндегі Мамадайыр ру құрама болғанын осындай ескертпелерге қосымша дерек ретінде қосады. Арғынның батырлары қатағанды шапқан соң қатаған рубасыларының қыздарына үйленгенін, Шаншар абыз Нұрбикені, Қарпық Дәулетбикені, Байбөрі Оразбикені, тобықты Қоңырбикені күң қып алғаны айтылады. Бұдан қаракесек, Шаншар абыз, қуандық Қарпық, қаракесек Байбөрі – бәрі бір заманның адам екенін байқауға болады.

Кіші жүз Байұлы Адай ата-текетерін таратуда – Байұлы балалары – Жаппас, Беріш, Таз, Адай, Сұлтансиық; Байұлының немерелері – Қызылқұрт, Мақсар, Алаша, Байбақты, Тана, Шеркеш, Ысық, Естемір. Адайдан – Келімберді, Құдайке. Келімбердіден – Ақпан, Құнанорыс, Бұзай (Жеменей), Балықшы, Тобыш, Мұғал. Келімберді балалары – Жантуған, Жамбай. Жантуғаннан – Жортыс. Жамбайдан – Айдабол, Қошқар, Сүйіндік. Адайдың таңбасы – мосы. Табынның таңбалары – шөміш – Бозым атасында, көсек (көсеу) – Ағым атасында, тарақ – Тоғым атасында. Шөміш таңба болған соң шөмішті табын аталады. Бозым (Шөмішті) балалары – Асан, Тоқсыйық, Қарақойлы. Асаннан – Қаражан, Ажым, Нұрке, Жалпақтылы. Нұркеден – Тауше, Тілеп. Жалпақтылыдан – Әлібай, Толыбай. Әлібайдан – Әлімбет, Келімбет, Тоқымбет тарайтынын көрсеткен.

Әлихан Бөкейхан да былай жазған болатын: «Қазақ шежіресін қалаға барса да, далаға барса да, қажыға барса да сұрап жүреді. Меккеде қазақтың шежіресін білген адам тіпті жоқ болса да, сөз табылады. Әйтеуір, сұрағаны жауапсыз қалмайды. Қажының ақшасын алу үшін ептілер сөз тауып береді» - дейді. 1913 жыл «Қазақ» газетінде басылған Әлиханның «Қазақтың тарихы» мақаласында: шежіре біледі деп «жұрт Нұрфайыз ишанды көрсеткен. Сонда Нұрфайыз хазіреттің жазып көрсеткен шежіресі мынау: Анас, оның баласы Мағаз, оның баласы, Сахил, оның екі баласы – Ақ Қорай һәм Ақ Шолпан, Ақ Қорайдан Аламан, онан Алаш, онан Жаил хан, онан Майқы би. Осы шежіренің ешбір жері тарихқа дұрыс келмейді ... сол елдің осы күнгі балалары өздерін Анастың баласы санап, қазақты онан 500 жыл соң туғызып жүргені – ұят-ақ» - деп жазған. Шежірелік деректердің кейбір шындыққа сәйкеспейтін осындай керексіз мәліметтері де сондай ескі уақыт сипатын суреттеуге арналған орындарға қойылатын уақыты да келді. А. Байтұрсын: «шежіре – өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі. Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің тұс, туысы көп айтылады. Сондықтан шежіре уақиға сарынымен емес, уақыт, туыс сарынымен айтылатын әуезе табына жатады. Шежіре болған уақиға жайынан сөйлесе, себебін, мәнісін айтпай, тек болғанын айтады да қояды. Мәселен, қазақ жұртының өмірінде болған окиғалардың түп себептері байланыстырылмай, көбінесе хандардың түсін, елдердің туысын көрсетіп тізген Шәкәрімнің «Қазак әм хандар шежіресі» деген кітабындағы әңгіме шежіре болады. Басқа жұрттардың да шежірелерінде уақиғаны жылдап тізгеннен басқа еш тәртіп болмайды. Ел шапқан мен қатын-бала шапқан әңгімесі қатар тұрады; бір жерінде әңгімені қойылтып, маңызды түрде айтса, екінші жерде сұйылтып, ұсақ-түйекті сөз қылады. Бір жерінде рас болған уақиғаны сөйлесе, екінші жерінде тек жұрт аузындағы әуезе болған өтірік-шынды әңгімелерді сөйлеп кетеді» – деп жазған [7]. М. Тұрғанбай: «Шежіре деген кітапты бұл күнге дейін ата-бабалардың аттарын тізіп жазған кітап деп ұғынып келдік. Шежіреге жүйрік кісі деп жүрген кісілерді сұрастыра бастасаң ата-бабалардың аттарын жаттаған кісі, шежіре кітабы дегеніміз де әлгі аттарды тізіп жазған қағаз болып шығатын еді. Енді бұдан былай кісінің аттарын тізіп жазған кітапты шежіре демей лайықты мағынада жазылған кітапты шежіре деп ұғынуымыз тиіс» [8].

Шежіре деректерін зерттеу, осыған байланысты жаңа ғылыми тәсілдерді жасау мен талдау әдістерін жетілдіру арқылы тарих ғылымының теориялық негізі кеңейе түспек. Олардың барлығы да қазақ халқының өткен тарихында орын алған тарихи оқиғаларды мейілінше ақиқатты түрде тәпсірлеу сияқты бір мақсатқа қызмет ететіні белгілі. Отырықшы халықтар, олардың қоғамдық қатынастары, мәдени-тұрмыстық дамуы салыстырмалы түрде көшпелілік тұрмыс негізінде қалыптасқан қоғамдық қатынастар мен мәдени-шаруашылық дамуының жолынан айырықша болуына байланысты, қазақ халқының өткен тарихын зерттеуді қолға алған ғалымдардың алдында да осыған орайлас зерттеу объектісін, зерттеу тәсілін таңдауды талап етеді.
Сілтемелер:


  1. Валиханов Ч.Ч. Киргизское родословие // Собр. соч. в 5-ти томах. – Алматы, 1984. – Т.1. – 432 с.; Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі /Дайындаған С.Дәуітұлы. – Алматы: Жалын, 1993. – 76 б.; Халид Қ. Тауарих хамса Шарқи. (Бес тарих) Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 б.; Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы, 2004. – 80 б.; Наушабайұлы Н. Мәнзумат Қазақия. – Қазан, 1903. – 27б.

  2. Дулатұлы М. Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы // Шолпан. 1923. № 3-5.Дулатұлы М. Қазақ-қырғыз тарихы туралы // Қазақ ордасы. – 2003. - № 5-6. – Б. 3-8; Тұрғанбай М. Шежіре // «Абай». – 1918. - № 1-2.

  3. Бөкейхан Ә. Н. Таңдамалы / Ред. Р. Нұргалиев. – Алматы, 1995. – 323-333 бетте.

  4. Бөкейхан Ә. (Түрік баласы) Қазақтың тарихы // Қазақ. – 1913. - № 9.

  5. Бөкейхан Ә. Н. Таңдамалы. – А, 1995. – 15 бетте.

  6. Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. – Ташкент. Вост. Отд. Кирг. Госуд. Изд., 1925. – 64 с.

  7. Байтұрсынұлы А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу /Құраст. Р. Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

  8. Тұрғанбай М. Шежіре // «Абай». – 1918. - № 1-2.

Алаш мұраты және тәуелсіз Қазақстан: халықар. ғыл.-практ. конф. матер. – Астана: Бүркіт-Принт, 2011. – 311б. - 70-75бб.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет