I. ДИРСЕХАНҰЛЫ БҰҚАШЖАН ТУРАЛЫ ЖЫР
Ей, хан ием, бір күні Қам-Ғанұлы Баяндүр хан орнынан тұрып,
өзінің жігіттеріне Шам жұртынан əкелінген ала шатырларын тіккізіп:
«Ала шатырдың төбесі көкке жетсін, оған мың жерден қалы кілемдер
төселсін», – деп бұйрық беріпті. Хандардың ханы Баяндүр оғыз елінің
бектеріне жылына бір рет той беруші еді, сол тойын бастап, оған ең
семіз деген жылқыларды, түйе, қойларды сойғызды. Бір жерлерге ақ үй,
бір жерлерге қызыл үй, енді бір жерлерге қараша үй тіккізді. Жұртына
уағыз беріп: «Ұлы-қызы бірдей жоқ адамдар болса, олар қараша үйлерге
кіргізілсін, астына қара құрым киіз төселіп, жейтін асына қара қойдың
еті берілсін, жесе – жесін, жегісі келмесе орнынан тұрып кете берсін.
Ұлы барларды ақ үйге, қызы барларды қызыл отауларға кіргізіңдер.
Ұлы жоқ, қызы жоқ адамдар тəңірінің қарғысына ұшыраған адамдар.
Оларды біз де қарғауымыз керек. Осыны бұлжытпай орындаңдар»,–
депті. Оғыз елінің барлық бектері тойға келіп, бас құраған еді.
Оғыздардың Дирсе хан атты бегі бар еді. Тəңірі оған не ұл, не қыз
бермей, қу бас еткен еді. Таңның салқын самалы соғып, қабасақал,
аш бозторғайлар сайрай бастағанда, ұзын мұрт бал арасы ұясынан
өргенде, арғымақтар кісінеп дыбыс берген шақта, таң атып, ақ пен қара
көзге түскенде, баурайы сұлу иір-иір таулардан күн көзі көрінгенде,
оғыздардың ер жігіттері күрес сайысына түсе бастағанда Дирсе хан
алаң-елеңнен атына мінді де, қасына қырық жігітін ертіп, Баяндүр
хан тойына келді. Баяндүр ханның жігіттері алдынан шығып, оны
қараша үйге кіргізді, астына қара киіз төсеп, жейтін асына қара қойдан
сойыс берді. «Хан-еке, Баяндүр ханның бұйрығы осылай болды», –
десті жігіттер. Сонда Дирсе хан тіл қатып: «Баяндүр ханның мұнысы
қалай? Жазығым қайсы? Əлде менің қылышымның жүзін тот басты
ма? Болмаса менің берген тойларым қораш болды ма? Менен төмен
адамдарды хан ақ, қызыл үйлерге кіргізді. Мені солардан алабөтен
қараша үйге кіргізген себебі қайсы?» – деп сұрады. Баяндүр хан
жігіттері тұрып: «Хан-еке, Баяндүр ханның бұйрығы солай болды:
кімнің ұлы да, қызы да болмаса, ол тəңірінің қарғысына ұшыраған
адам, оны біз де қарғауымыз керек деді», – депті. Дирсе хан орнынан
тұрды да, жігіттеріне: «Уа, ерлерім, тұрыңдар! Бұл қорлық менің кінəм
бе, əйелімнің кінəсі ме?» – деп, тойды тастап кетті.
Дирсе хан үйіне келді де, əйеліне дауыстап мұңын шақты.
Тыңдаңыз, хан ием, не айтқан екен: «Уа, сүйген жарым, басыма
қонған бақ, от-басымның тірегі едің, бойың кипарис ағашындай
сұңғақ, тілерсегіңе түскен қолаң қара шашың бар, иілген жақтай имек
қара қасың бар, оймақтай аузыңа екі түйір пісте жемісі сыймайды,
екі бетің күзгі алмадай албыраған, піскен қауындай балбырағаным,..
менің басыма қандай күн туғанын білдің бе? Баяндүр хан той
жасапты. Бір жерге ақ үй, бір жерге қызыл үй, енді бір жерге қараша
үй тігіп, жігіттеріне: «Ұлы барларды ақ үйге, қызы барларды қызыл
322
323
үйге кіргізіңдер, кімде-кімнің ұлы да, қызы да болмаса, оны қараша
үйге кіргізіңдер, астына қара құрым киіз төсеп, жейтін асына қара
қойдың етін беріңдер, жесе – жесін, жемесе ауылына қайта берсін.
Кімде-кімнің ұлы да, қызы да болмаса, оны тəңірінің өзі қарғағаны
болады, біз де қарғалық»,– депті. Ханның жігіттері алдымнан шығып,
мені қараша үйге кіргізді. Астыма қара киіз төсеп, алдыма қара қойдың
етін қойды да: «Кімде-кімнің ұлы да, қызы да болмаса, ол қарғыс тиген
адам, біліңіздер, оны біз де қарғауға тиіспіз», – деді. Тəңірі бізге не үшін
ұл бермейді? Бұған кінəлі сен бе əлде мен бе?» – деді. Бұдан ары Дирсе
хан ашуға мініп: «Хан қызы! Отырған жеріңде қарулы қолдарымның
уысына алып, бетіңді тіліп, кеңірдегіңнен қысып өлтірсем не болар еді?
Қайыспас қара болат семсерді қолға алып, басыңды алсам не дерсің?
Өмірдің қызығынан мені неге құр еттің? Қызыл қаныңды судай төксем
қайтер едің? Уа, хан қызы, осының себебін айт! Айтпасаң жазаңды
беремін!» – деді. Осылай депті Дирсе хан əйеліне. Əйелінің не айтқанын
тыңдаңыз: «Уа, Дирсе хан, өлтірме мені, ашу – араз, ақыл – дос деген.
Көтер басыңды жерден, жайлауға ала шатырыңды тіктір де, жылқыдан
айғыр, түйеден үлек, қойдан қошқар сойғызып той қыл, оған ішкі
оғыздар мен сыртқы оғыздардың бар жақсысын (бегін) шақырып, ашты
тойындыр, жалаңашты киіндір, жүдеп кедейленгендердің қарызын өте.
Ет таудай болып үйілген, қымыз көл болып аққан ұлы той болсын. Сол
тойда асыл туған бір ер бата берсе, тəңірі бізге де ұл берер», – депті.
Дирсе хан əйелінің ақылын алып, үлкен той жасап, ел-жұртына мұңын
шақты. Жылқыдан – жалы қарыс айғыр, қойдан – қошқар, түйеден үлек
сойғызып, тойға ішкі оғыздар мен сыртқы оғыздарды түгел шақырды.
Аштың қарнын тойғызып, жалаңашқа киім берді, қарыз-қауғаға батқан
адам болса, соның борышын өтеді. Малын қырып, етті тау қылып үйді,
желі тартып, қымызды да көл-көсір етті. Тойға келгендер қолын жайып
бата берді. Бата берген сəуегейдің тілегі қабыл болып, бүкіл ғаламның
иесі – тəңірі оған перзент берді. Əйелі жүкті болып, бірнеше ай өткен
соң ұл туды. Оны күтуші əйелдерге бақтыруға беріп: «Аман-есен
өсіріңдер», – деді.
Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ. Қабырғаң болса жүрерсің,
шеміршек болса нығаяр. Бала сөйтіп жүріп он бес жасқа толды.
Хан ием, бір күні əкесі баласын алып, Баяндүр хан ордасына барып
еді, оның бір сүзеген өгізі, адам жейтін түйесі бар екен. Сол өгіз
жүгіріп келіп түйедей тасты сүзер болса, оның күл-талқаны шығып,
ұн болушы еді. Көктем айында бір рет, күз айында бір рет сол
өгіз бен түйені батырлармен соғыстырып, оны Баяндүр хан өзінің
бектерімен қызықтаушы еді. Сұлтан ием, көктем айында Баяндүр
хан сарайда тұрған өгізін алдырды. Өгізді темір құрсаумен байлап,
оңынан үш адам, солынан үш адам ұстап, алаңға əкелді де, бос қоя
берді. Сұлтан ием, осы кезде орда алдындағы алаңда Дирсе ханның
ұлы үш баламен топай ойнап жатыр еді. Олар өгізді алаңға жіберіп,
балаларға: «Қашыңдар!» – деді. Үш бала қаша жөнелді. Дирсе
ханның жас баласы қашпай, алаң ортасында өгізге қарсы қарап тұрып
қалды. Өгіз баланы сүзбек болып жүгірді. Бала жақындап келген өгізді
жұдырықпен маңдайдан ұрғанда, ол тəлтіректеп кейін шегінді. Өгіз
қайтадан ұмтылғанда, бала қатты жұдырықпен оның маңдайынан тағы
да ұрды. Сөйтті де бала өгізді қос қолымен итеріп, алаңның шетіне
шығармақ болды. Итеріскенде біресе өгіз, біресе бала басты. Бір кезде
бала екі қолымен итеріп, өгізді тоқтатты. Бірін-бірі жеңе алмай, тіресіп
біраз тұрды. Сонда балаға ой келді. «Үй дуалын баған ұстайды, ол үйге
тірек, өгіздің маңдайына мен несіне тіреуіш боламын?» – деп, қолын
өгіз маңдайынан жұлып алды да, оның алдынан жалт берді. Өгіз өз
екпінінен аяғында тұра алмай, басын астына беріп, омақа асып құлап
түсті. Сол кезде бала қанжарын алып, өгіздің басын кесіп тастады.
Мұны көрген оғыз бектері қайран қалып, балаға қошемет көрсетті:
«Шақырыңдар мұнда Қорқыт атаны, мына балаға ат қойсын. Баланы
əкесіне алып барып айтыңдар, баласына тағын беріп, бек етсін»,– десті.
Қорқыт ата келіп, баланы əкесіне алып барып, кеңесті. Тыңдаңыз, хан
ием. Қорқыт не айтқан екен. «О, Дирсе хан,– деді Қорқыт, – балаң
батыр екен, оған бектігіңді, тағыңды бер, балаң ер болады, мінуіне
мойны құлаш арғымақ ат бер, сойысқа қотан-қотан қой бер, ержүрек
боп өссін. Келеден бөліп қызыл бұйра аруаналар бер, сол нарларға
жүгін артып, көшіп-қонып жүрсін. Балаң ер болып туғандықтан, күн
көзінде көлеңке болатын алтын шатыр бер, үстіне жібектен тоқыған
шекпен кигіз, батырға сол жарасады. Бұл бала ай тақырда Баяндүр
ханның өгізімен алысып, соны өлтірді. Баланың аты Бұқаш болсын.
Менің берер атым сол, тəңірі өмірін ұзақ қылсын»,– депті. Қорқыт
осылай деді. Дирсе хан баласына өзінің бектігін, тағын беріп, бала
əкесінің тағына отырды.
Бала əкесінің қырық жігітіне қарамады, олар баланың бағын күндеп,
өсек-аяң айтатын болды: «Жүріңдер, жігіттер, бұл қарабет баланы
əкесіне жамандалық, сонда ол баласын өлтіреді, басымызға бақ қайта
қонады, күніміз жақсарады»,– десті. Қырық жігіттің жиырмасы бір
бөлініп, келесі жиырмасы тағы бөлініп, екінші жаққа кетті. Алдыңғы
жиырма жігіт Дирсе ханға мынадай хабар жеткізді. «Дирсе хан, күніңнің
не болғанын білесің бе? Сенің ұлың арам, тексіз, ісінің сəті түспеген
адам болды. Қасына қырық жігітін ертіп, ол ішкі оғыздармен жау
болды, олардың сұлу қыздарын олжалап отыр. Ақсақалды қарттардың
бетіне шапалақ ұратын болды. Қарт аналардың сүтін жерге сауғызды.
Бұл хабар жылдам аққан өзен суынан, биік таулардың басынан асып,
Баяндүр ханның құлағына жетсе, не болады? Олар: «Дирсе хан баласы
бүліншілік бастады, бұзылды дер еді. Мұны көргенше сенің өлгенің
жақсы. Баяндүр хан сені шақырып алып, басыңды алады. Мұндай
азғын ұлдың саған не керегі бар? Ондай ұлдың туғанынан тумағаны
жақсы еді, өз басыңды сақтаймын десең, балаңды өз қолыңнан
өлтір», – десті. Сонда Дирсе хан қаһарына мініп: «Баланы байлап
əкеліңдер, өлтіремін», – деді. Дəл осы кезде екінші жаққа кеткен
324
325
жиырма жігіт келіп өсек-жала отын одан сайын үрлей түсті: «Уа,
Дирсе хан, сенің балаң ұйқыдан тұрған соң сұңқар шүйіп, аң аулайтын
болды, сенің жан баспаған биік тауларыңдағы аң мен құсты қырып
бітірді. Қайтуда шешесіне келіп шарап ішеді, анасымен ақылдасып,
өзіңді құртпаққа жүр. Ұлыңыз арамза болды. Осы сөздің бəрі басын
қар басқан биік таулардың басынан асып Баяндүр ханға жетсе, жақсы
болмайды. Хан сені шақырып алып, жазалайды. Ондай ұлдан не пайда?
Басыңның аманында оны өлтіру керек», – десті. Сонда Дирсе хан:
«Барыңдар, баланы əкеліңдер, өз қолымнан өлтіремін, ондай ұлдың
маған керегі жоқ», – депті. Сонда нөкерлері: «Балаңды қалай əкелеміз,
ол біздің айтқанымызға көне ме? Сөзге малданып келе қоятын бала
ол емес. Онан да қасыңызға қырық жігітіңізді ертіп, аңға шығыңыз,
балаңыз аңда жүр. Таудың аңдары мен құстарын үркітіңіз, сол жерден
балаңызды көресіз, көрген бойда оны атып өлтіріңіз. Осылай етпесеңіз,
оны өлтіре алмайсыз, мұны біліңіз», – десті.
Жаздың салқын самалы,
Таң сəріден соққанда,
Қабасақал бозторғай
Тамақ іздеп даладан
Шырылдап əнге басқанда;
Белдеуде тұрған бедеулер
Бірімен бірі тілдесіп,
Кісінесіп жатқанда;
Бал арасы – ұзын мұрт
Ызыңдап ұшып ұядан,
Өрісіне шыққанда;
Ақ пен қара білініп,
Таң сазарып атқанда;
Қыз-қырқындар оянып,
Қыналап бетін боянып,
Сыбырласып, күлісіп,
Қызыққа əбден батқанда;
Биік таулар басынан
Күннің көзі көрініп,
Сай мен сала керіліп,
Сылдырап сулар аққанда;
Оғыздардың жастары
Күреспекке қамданып,
Қыр басына тартқанда;
Қырық жігітін қасына ап,
Арғымағын қамшылап,
Аңға шықты Дирсе хан.
Бұлар орман құстарын үркітіп, ұйқысынан оятты. Шошынған
құстар дүрілдеп ұша бастады. Сол кезде қара ниет қырық жігіт балаға
барып: «Əкең сəлем айтты, балам мен үркіткен құстарды қуып атсын,
мен оның атының шабысын, садақ тартқан өнерін көріп, қуанатын
болайын», – депті. Бұқаш əлі оң мен солын танымаған гөдек бала еді.
Жалған сөздің мəнісіне түсінбеді. Жүйрігін ызғытып, құстарды қыран
жапқандай ғып атып, əкесінің алдына қуып тықты. Бала ішінен: «Əкем
менің атымның қалай шабатынын көріп қуансын, садақ тартқандағы
мергендігімді көріп мақтансын, қылыштасам, оныма да таңдансын», –
деп ойлады. Сонда қырық қарақшы өз ісін бітірмек болып: «Уа, Дирсе
хан, баланың жапан түзде құстарды қалай қуып, бөріктіретінін көрдің
ғой. Құсты атамын деп жүріп, арасында өзіңді де атып құлатса не
дейсің? Өзіңе оқ тимей тұрғанда, балаңды атып өлтір», – депті. Сөздері
осылай болды. Сол кезде бала құстарды қуып жүріп, əкесінің қасынан
шауып өтті. Дирсе хан қолына сұр жебесін алып, аяғын үзеңгіге
тіреп тұрып, адырнасын тартып қалды. Садақ оғы балаға жетіп, екі
жауырынының ортасына барып қадалды. Етін тесіп өтті де, бала аттан
құлап түсті. Қара қан судай ағып, кеудесіне құйылды. Бала астындағы
арғымағының тізгініне тап берді де, жерге құлап түсті. Дирсе хан аһ
ұрып баласын барып құшпақшы болып еді, қырық қарақшы оған жол
бермеген соң, атының басын ауылға бұрып, ордаға қарай шапты.
Дирсе ханның əйелі балам мергендік қылып, өзінің алғашқы
олжа сын əкеледі деп ойлап, жылқыдан жалы қарыс айғыр, түйе, қой
сойғызған еді, той қылып оғыз бектерін шақырмақшы еді. Сол есеппен
қасына қырық қыз нөкерін алып, орнынан тұрып, шаңдатып шауып
келе жатқан Дирсе ханның алдынан шықты. Əйел кірпіктерін ашып,
Дирсе ханға қарады, көздерін оңға-солға бірдей тікті, бірақ баласын
көре алмады. Көкірегі қарс айрылып, жүрегі дүрсілдеп ойнап кетті.
Қына жаққан көздерінен жас қан болып ақты, дауыс шығарып, Дирсе
ханға сөйлей бастады. Тыңдаңыз, хан ием, не айтқан екен:
О, Дирсе хан, Дирсе хан,
Хан əкемнің күйеуі ең,
Ханым – ана тілеуі ең,
Атам мен анам қосқан соң,
От басының тіреуі ең.
Атадан туған таң едің,
Мен өзіңе жақ едім,
Аман-есен келдің бе?
Қара жал қаба айғырға,
Таңертеңмен ер салып,
Аңға шықтық қамданып,
Тауларды кездің таң қалып,
Екеуі едің кеткенде,
Жалғыз келдің жеткенде.
Жалғыз ұлым бар еді,
Қараңғы мынау дүниені,
Жарық еткен шам еді.
Сол балам қайда, көрдің бе?
Ақ сүтімді аялап,
Одан басқа емген бе?
Алдымнан неге шықпайды?
Көзім неге шықпайды?
Асыл туған ақ денем
326
327
Жылан келіп шаққандай
Ішім от боп жанады.
Жүрегі құрғыр суынып,
Мазамды неге алады?
Өмірде көрген жалғызым,
Тауға біткен жалбызым
Көрінбейді көзіме,
Құлағың сал сөзіме:
Жалғызым жарық көргенде,
Қуарып жатқан қу дала
Ығысып аққан сел болды,
Қымыз деген көл болды,
Ет дегенің бел болды,
Дəруіштер беріп батасын,
Аш-жалаңаш бай болды,
Көп зарығып көрген соң,
Көңілім менің жай болды.
Жалғызым жайын білдің бе?
Таудан құлап кетті ме?
Ажалы судан жетті ме?
Əлде арыстан, жолбарыс
Жемтік етіп жепті ме?
Гəуірлерге тұтқын боп,
Зынданда күні өтті ме?
Ханым осыны айтып аһ ұрып, жылай берді. Оған Дирсе хан жауап
таба алмады. Сонда қырық қарақшы тұрып: «Балаң аман, тірі, аңда
қалды, бүгін болмаса ертең келеді, қорықпа, қайғырма. Бек шарап ішіп
мас болып келді, сөйлеуге дəрмені жоқ», – десті.
Дирсе ханның əйелі ауылына қарай шауып, қайта оралды, күтіп
тұруға тағаты қалмады. Өзінің тұлпарына мінді де, қасына қырық қыз
нөкерін алып, баласын іздеп кетті. Басынан қысы-жазы қар мен мұз
кетпейтін Кавказ тауларына келіп, бір биік қырға шығып, төмендегі
сай-салаларға көз жіберіп еді, бір терең сайға қарға-құзғын үймелеп,
ұшып-қонып жатыр екен. Ханым-ана астындағы атына қамшы ұрып,
сол сайға шаба жөнелді. О, сұлтаным, бала сол сайда атынан құлап, өлім
халінде жатыр екен. Қарғалар баланың қанын көріп, қонбақшы болып
жүр екен. Баланың екі күшігі бар еді, олар қарғаларды қондырмай, қуып
тастап жүр екен. Талып жатқан балаға боз атқа мінген Қызыр келіп,
басын үш рет сипап: «Қорықпа, балам, бұл жарадан өлмейсің. Жараң
тау гүлі мен анаңның ақ сүтінен жазылады», – деп ғайып болыпты.
Анасы келсе, бала қып-қызыл қанға боялып, сұлап жатыр екен.
Мүскін ана дауысын шығарып, жылап сөйлей бастады. Тыңдаңыз, хан
ием, не айтқан екен ол:
Қасы-көзің қиылып,
Жатырмысың, құлыным?
Аш көзіңді бір мезгіл,
Кеудеңде болса шыбының?
Он екі мүшең мұз болып,
Тыңды ма аққан бұлағың?
Тəтті өмірің үзіліп,
Сөнді ме жанған шырағың?
Көзіңнен нұрың кетпепті,
Тірідейсің сен маған,
Тал отындай шытынап,
Жанып келді сорлы анаң.
Тірлігіңді білдіріп,
Жауап берші, жан балам.
Құрбандық болдым өзіңнен,
Айналайын көзіңнен,
Сенсіз маған күн қараң.
Ағысыңды тоқтатшы,
Кавказдағы қалың су,
Гүлденіп өспей, қурап қал,
Адыра қалған қалың ну.
Маралдар қатып тас болсын,
Жүгіріп тауда жарысқан.
Баламды кім өлтірген?
Жолбарыс яки арыстан?
Мұндай халге қалайша?
Душар болдың, жан балам?
Жолыңа басын құрбан ғып,
Қасыңа келді сорлы анаң.
Тіл шығаршы тебіреніп,
Қуансын анаң аңыраған.
Анасының аңыраған сөздері баланың құлағына еміс-еміс естілді.
Ол басын көтеріп, көздері оттай жарқырап, тіл қатты. Тыңдаңыз,
хан ием, не айтқан екен ол: «Қош келіпсің, кейуана ханым-анам! Ақ
төсіңнен ақ сүтіңді еміп едім, қарттық жеңген, асыл туған, жан анам!
Таудың аққан өзендерін қарғап əуре болма. Кавказ өзендерінде тұрған
кінə жоқ. Жайнап өскен шөптерге де тілің тимесін. Кавказдың айыбы
жоқ. Кавказдың маралдарын да қарғама, Кавказда кінə жоқ. Арыстан
мен жолбарыстың да қатысы жоқ. Қарғайтын адамың – қара басқан
əкем. Бұл кінə, бұл айып əкемнен», – деді. Бала тағы да тілге келіп:
«Асыл анам, қайғырма, бұл жарадан маған өлім жоқ. Боз атқа мінген
Қызыр келіп, өз қолымен маңдайымнан үш рет сипап: «Балам, бұл
жарадан саған ажал жоқ, тау гүлі мен анаңның сүтінен жазыласың деп
кетті», – деді. Бұл сөзді есіткен қырық қыз тауға шығып, жұпар иісті
гүлдерді жинады. Анасы емшегін сығып еді, сүті жоқ екен. Екіншілей
сыққанда да сүт шықпады. Үшінші қайта зорлап сыққанда, емшегі
сүтке толып, парлап қоя берді. Сүтін аяққа сауа берді, сауа берді, сүт
пен қан аралас тамды. Сол сүтке тау гүлін ұндап салып, баланың
жарасына жақты. Бала жазылып, атқа отырды. Оны анасы ордаға
əкеліп, дəрігерге берді де, бұл жайды Дирсе ханнан жасырды. О,
хан ием, ат аяғы ақсайды, ұзандар тілі мүдірмес. Қырық күн дегенде
баланың жарасы жазылды, əбден сауығып, бұрынғы күйіне келді. Ол
тағы да тұлпарына мініп, қару-жарақ асынып, бұрынғыша құс атып,
аң аулауға кірісті. Дирсе хан болса, балам өлді деп ойлап, қаннен-
қаперсіз жата берді.
328
329
Баланың аман қалғанын баяғы қара ниет қырық жігіт біліп қалып:
«Бұдан қалай құтыламыз»,– деп, өзді-өзі күңкілдесті. «Егер Дирсе хан
баласының аман қалғанын білсе, біздің түбімізге жетеді»,– деді біреуі.
Қалғандары болса: «Дирсе ханды үйінен басып, аяқ-қолын байлалық,
мойнына қыл арқан салалық, сөйтіп гəуірлер еліне қашалық»,– десті.
Сол келісім бойынша, олар Дирсе ханды ұстап, сүйріктей аппақ
қолдарын артына байлап, мойнына қыл арқан салып, қылғындырып,
денесінен қан шығарды. Өздері атқа мініп, Дирсе ханды жаяу айдап,
гəуірлер еліне бет қойды. Сөйтіп, Дирсе хан өзінің қырық жігітіне
тұтқын болды. Оғыз елінің бектері оның тұтқын болғанын білмеді.
О, сұлтан ием, бұл жайды Дирсе ханның əйелі біліп қалған еді. Ол
баласына барып бар жайды баян етті. Тыңдап көрелік, хан ием, ол
не айтқан екен: «О, балам, отбасыңа қара күн туғанын білдің бе?
Тау қозғалмай, жер жарылды. Ел ішінде жау жоқ деме, əкеңді солар
тұтқындап кетті. Əкеңе талай жыл серік болған қара ниет қырық жігіт
əкеңді ұстап, ақ саусақтарын артына қайыра байлап, қыл мойнына
қыл арқан салды, өздері атқа мініп, əкеңді жаяу айдап гəуірлер еліне
қашты. О, хан сүйекті ұлым! Басыңды көтер де, атқа мін, қасыңа
қырық жігітіңді ертіп, əкеңді қырық қарақшы қолынан құтқар, отырма,
балам! Əкең сені сорлатқан болса, сен оған болысуың керек», – деді.
Бала анасының сөзін екі етпеуші еді. Білегіне берен садағын асынып,
арғымақ атын ерттетті де, қырық жігітін қасына алып, əкесінің
соңынан кетті.
Қырық қарақшы бір жерге барып шарап ішіп отыр еді. Бұқашбек
шауып келді. Оның келе жатқанын қырық қарақшы да көріп:
«Жүріңдер, жігіттер, мына жігітті де ұстап алалық, сөйтіп екеуін
бірдей гəуірлерге өткізелік»,– десті. Осылай келісті олар. Сонда Дирсе
хан: «О, қырық жігітім, кешіре көріңдер, бір тəңіріден басқа сенерім
жоқ, қол-аяғымды шешіп босатыңдар, қолыма қобыз беріңдер, сол
қобызды сарнатсам, жау кейін қайтады. Ол болмаса мені өлтіріңдер,
өлтірмейтін болсаңдар кеңшілік істеп, ауылыма жіберіңдер»,– деді.
Бұлар оны байлаудан босатып, қолына қобыз берді. Дирсе хан келе
жатқан адамның өз баласы екенін білмейді. Алдынан шығып, сөйлей
бастады. Тыңдаңыз, хан ием, ол не айтқан екен: «Қаз мойынды бедуин
жылқыларды жау айдап кеткен болса, ол менікі. Сол жылқылардың
ішінде сенің де арғымағың кеткен болса, айт, жігітім, оны ұрыс-
қағыссыз өзіңе бергізейін, кете бер жөніңе. Қотандағы ақтылы
қойды жау алса, о да менікі. Соның ішінде сенің ас-ауқатыңа тиісті
қойлар кеткен болса, оны қайтарайын, кете бер жөніңе. Қызыл бұйра
нарларымды жау алса, о да менікі. Соның ішінде сенің жүк артатын
түйелерің кеткен болса, оны да ұрыс-қағыссыз қайтарайын, кете бергін
жөніңе. Алтындаған шатырларды жау алса, о да менікі. О, жігітім,
солардың ішінде сен кіретін шатырлар болса, оны да қайтарайын,
атыңның басын кейін тарт. Жүздері айдай, көздері жұлдыздай жанған
аруларды жау алса, олар да менікі. Соның ішінде сенің қалыңдығың
кеткен болса, оны да айт, жігітім, дау-далабасыз қайтарайын, əйтпесе
жөніңе кет. О, жігітім, мен үшін келген болсаң, баламды өз қолымнан
өлтірген едім, оның кінəсі сенде емес, менде, жігітім, кете бер кейін
жөніңе», – деді Дирсе хан. Сонда бала əкесіне тіл қатты. Тыңдаңыз,
хан ием, ол не айтқан екен: «Қаз мойынды бедуин
жылқыларды жау
алса, ол – сенікі. Солардың ішінде менің де алты құлаш арғымағым
бар, оны қырық қарақшыға бермеймін. Қатарланған қызыл бұйра
нарлар кетсе, ол – сенікі, солардың ішінде менің де жүк артатын
түйелерім бар, оны қырық қарақшыға бермеймін. Қотандағы ақтылы
қойды жау алса, ол – сенікі, соның ішінде менің де үлесім бар, бере
алмаймын оны қырық қарақшыға. Жүздері айдай сұлулар жауға олжа
болса, олар да сенікі, соның ішінде менің де қалыңдығым бар, оларды
қырық қарақшыға қалай беремін. Алтындаған шатырларың кетсе,
соның ішінде менің де ақ шатырым бар, оны қырық қарақшыға неге
бермекпін? Сақалы қудай қарт-қарияларды жау алған болса, соның
ішінде менің де қарт əкем бар, оны да қырық қарақшы қолында
қалдыра алмаймын», – деді бала. Бала бетіндегі пердесін қырық
жігітіне беріп: «Жауға тиіңдер!» – деп бұйырды. Қырық жігіт бала
маңына шоқтай үйірілді де, аттарын қамшылап, жауға лап қойды.
Соғыс қызды. Қырық қарақшының бастарын қылышпен шауып,
кейбіреуін тұтқын етіп, бала əкесін азат етіп, еліне қайтты. Дирсе
хан сонда ғана баласының ажалдан аман қалғанын білді. Хандардың
ханы баласына өзінің бектігін, тағын берді.
Бұл жырды менің Қорқыт атам айтып, сөзін құраған еді. Жырдың
өзін де, сөзін де сол айтқан. Жырының аяғында ол: «Сол жандар бұл
дүниеге келді, ол дүниеге кетті. Өмір дегенің – керуен, бір жерге қонса,
ертеңіне көшіп кетеді. Оларды ажал ұрлап, жер астына тықты. Дүние
дегеннің баяны жоқ. Басыңа қара түнек ажал келсе, оның қарызын
төлейсің.
Алла сенің деніңді сау қылып, бақ-дəулетіңді арттыра берсін.
Əруағын қозғап, жырға тиек еткен сол ерлерге көктегі Алланың өзі жар
болсын. Хан ием, саған айтар тілегім – мынау туып-өскен жеріңдегі
Қаратауларың күйремесін. Зəулім болып өскен көлеңкелі дарағыңды
ешкім кеспесін. Күркіреп аққан өзендеріңнің суы таусылмасын. Алтын
шатырларыңды жау алмасын. Астыңа мінген бурыл атың қанша шапса
да, шаршамасын. Қолыңа ұстаған болат қылышың мұқалмасын. Жауға
атқан садағың өткір болсын. Ақ шашты анаңның барған жайы жұмақ
болсын. Сақалы қудай əкеңнің тұрағы самаладай тау болсын. О, хан
ием, Алланың өзі жаққан шырағың өшпесін, Аллатағала сізді қара ниет
адамдарға душар ете көрмесін.
Достарыңызбен бөлісу: |