Зерттелетін құбылысты сипаттайтын шамалардың енгізілуі.
Физикалық ұғымды қалыптастырудың бұл кезеңінде математика пайдаланылады, яғни жаңадан енгізілетін шама математикалық операциялар көмегімен бұрыннан оқытылған шамалар арқылы көрсетіледі. Мұның өзі шаманы өлшеуге қажетті мүмкіндіктерді жасайды. Осы жерде шаманы өлшеуге қажетті өлшем бірліктері тағайындалады.
Енгізілген шамаларды өлшеу құралдарымен танысу және оны пайдалану
Оқушылар үшін жаңа шаманы енгізе отырып, мұғалім оны өлшеудің принциптік мүмкіндігін көрсетіп, оларды сәйкес өлшеу құралымен таныстыруға міндетті, олай болмаса физикалық шама туралы ұғымды қалыптастыруда елеулі кемшілік жіберіледі.
Ұғымның (мүмкіндігінше) нақты анықтамасы. Физика курсында оқылатын барлық физикалық ұғымдардың дәл және бір мағыналы анықтамасы берілуі керек. Біздің ойымызша, физикалық шамалардың анықтамасында оның скалярлық немесе векторлық екенін көрсететін және нені сипаттайтынын, қалай өлшенетінін айтатын қысқаша бөлігі болғаны дұрыс.
Оқушылар физикалық шамаға анықтама беру дегеніміз – бұл шаманың бұрыннан оқылған шамалармен өзара байланысын тағайындау және оның сандық анықталу мүмкіндіктерінің көрсетілуі екенін түсінуі қажет.
Енгізілген ұғымдардың көмегімен құбылысты сандық жағынан зерттеу. Қазіргі заманғы ғылымның, оның ішінде физиканың айтарлықтай ерекшелігі – құбылысты зерттеу барысында оның сапалық жағымен бірге, берілген құбылысты сипаттайтын сандық қатынастардың міндетті түрде қатар жүруі.
Сондықтан, физикалық ұғымдар мен теорияларды қалыптастыру үшін, физикалық шамалардың арасындағы сандық тәуелділікті математикалық теңдеу, функция түрінде тағайындауға мүмкіндік беретін эксперименттің құндылығы арта түседі. Бұл жағдайда, табылған тәуелділік, эксперимент пен теорияның, физика мен математиканың арасын байланыстыратын фактор болып табылады.
Бұл жерде, эксперимент барысында дәл формула тағайындалмайтынын, тек физикалық шамалардың арасындағы тәуелділіктердің ашып көрсетілетінін еске ұстау керек. Сондықтан оқу экспериментінде, көбінесе, қандай да бір шаманы тағайындалған бірлігімен өлшеудің қажеттілігі болмайды, тек шартты бірліктермен өлшенуі жеткілікті.
Мысалы, Кулон заңын оқыту кезінде зарядтар мен өзара әсерлесу күштерін кулон және ньютон арқылы өлшеудің қажеттілігі жоқ. Өзара әсерлесетін бір зарядының шамасы n есе өзгергенде, өзара әсерлесу күшінің де n есе өзгеретінінің тағайындалуы маңызды.
Сонымен, оқу экспериментін пайдалана отырып:
а) зерттелетін құбылысты педагогикалық өзгертілген түрде көрсетіп, сол арқылы оны зерттеуге қажетті экспериментальдық базаны құруға;
б) ғылымда тағайындалған заңдар мен заңдылықтарды оқушылар үшін қолайлы түрде көрсетіп, олардың мазмұнын түсінікті болатындай етіп жеткізуге;
в) оқушыларды физикалық құбылыстарды зерттеудің экспериментальдық әдісімен таныстыруға;
г) оқылған физикалық құбылыстардың техникада қолданылуын көрсетуге;
д) оқытудың көрнекілігін арттырып, соған байланысты оқылатын құбылысты оқушылар үшін түсінікті етуге;
е) оқушылардың зерттелетін құбылысқа деген қызығушылығын арттыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |