Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі өкілді орган мәслихаттың Қызметі жарекеев.Қ. Ж қорқыт ата атындағы ҚМУ,



Дата03.03.2016
өлшемі111.5 Kb.
#35548


МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК ОРГАНДАРЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨКІЛДІ ОРГАН - МӘСЛИХАТТЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Жарекеев.Қ.Ж Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, заңтану магистрі


Мемлекеттік билікті бөлу жөніндегі классикалық ғылыми теорияның негізін қалаған ХҮІІІ ғасырдағы француз ағартушысы Ш.Монтескьенің теориясы бойынша, халық – биліктің бірден бір бастауы бола отырып, мемлекеттік билік халықтың өкілетті органдары арқылы жүзеге асырылады және барлық билік халыққа тиесілі, оны жүзеге асырудың жолы халықтық жиналыста болуға тиісті деген қағида орнады.

Алғашында Парламент атын иеленген заң шығарушы орган әуелгі кезде мемлекеттік биліктің басқа органдарымен қатар өмір сүре отырып, аса маңызды мемлекеттік міндеттерді кеңесіп шешетін, пікірмен есептесетін кеңесші органға айналған. Мемлекеттіліктің даму нәтижесі, оның демократиялы сипат алуы заң шығарушы әрі өкілді орган Парламенттің саяси билік сахнасына келуіне тікелей әсер етті. Парламент туралы ұлы ойшылдар идеясы алғаш рет 1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясында жүзеге асты. Заң шығарушы өкілеттікті – Сенат пен Өкілдер палатасынан тұратын Конгресс жүзеге асырады.

Өкілді билік көптеген елдердің конституцияларында жеткілікті көрініс тапқан. Алайда, оның нақты жүзеге асуы мемлекеттік құрылымға, басқарудың жолдарына, елдің тарихи және ұлттық ерекшеліктеріне байланысты. Өз елiмiздiң тарихына сүйенер болсақ, Қазақстан XVI-ғacыpдың екiншi жартысынан XVIII-ғacыpдың басына дейiн, яғни Ресейдiң қол астына кiрiп, егемендігін жоғалтқанға дейiн хан билеген біртұтас мемлекет болды. Қазақ хандығында жоғары өкілді билікті мәслихат немесе құрылтай -сұлтандар мен қауымдар өкiлдерiнiң съезi жүзеге асырып, атқарушы билiк ханның қолында болды. Мәслихат жылына бiр рет шақырылып, жалпы мемлекеттiк маңызды iстердi қарады. Сонымен бірге, мәслихат меритократия - аса қадiрлiнi таңдау принципiне сәйкес хандарды сайлап және оларды орнынан түсiре алатын болды.

Қазақ хандығындағы парламентаризм белгiлерi Ресей боданында болған кезде жоғалып, 1917-жылғы қазан оқиғасы тұсында «Алаш» партиясының бағдарламасында қайта жанданды. Дегенмен, белгілі саяси жағдайларға байланысты «Алаш» партиясының көздеген мақсаты жүзеге асқан жоқ

Қазақстанның тарихында бірінші рет ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі 1938 жылы шақырылды. Бұл Қазақстанда заң шығару және өкілді органның алғашқы рет құрылып, қызметіне кірісуінің көрінісі еді. Мұндай Жоғарғы Кеңес аталып келген жоғары өкілді органды "парламент" деп атауға болмады. Кеңестік Жоғарғы Кеңестің нақты заң шығару саласында тындырған ісіне көз салсақ, КСРО Жоғарғы Кеңесі елу жыл аралығында, яғни 1938-1988 жылдар ішінде тек 90 ғана заң қабылданған. Ал, Қазақ КСР XI шақырымдағы Жоғарғы Кеңестің 5 жыл ішінде (1986-1990) тек 40 заң қабылдаған. Ал, өзге елдерде, мейлі ол республикада немесе монархияда болмасын халық өкілдігінің бұл органы үлкен роль атқарды. Салыстыру үшінГермания Бундестагын алсақ, ол 1949-1990 жылдар аралығында 4400 заң қабылдаған. Қабылданған заңдардың санымен Парламенттің жұмысының сапасын өлшеу асығыс болса да, қоғам өмірінің маңызды салалары реттелмей қалғандықтан ел үшін заңдардың санының өсуінің өзі де - сөзсіз жағымды фактор.

Парламент – халық сайлаған елдегі ең жоғары заң шығарушы мемлекеттік өкілді орган. Ғылыми әдебиетте қолданыста жүрген «өкілдік қызмет» пен «заң шығарушылық қызмет» өз алдарына жеке – жеке мағыналарға ие болып, бір органның әр түрлі функцияларын байқатады. Бұл парламент функциясының екі қыры, әсіресе, депутаттар қызметінде бірімен – бірі астасып жатады. Халық қалаулысы күнделікті өз жұмысында заң шығарушылық және өкілдік қызметтерді де қатар пайдаланады.

Қазақстан өз егемендігін алғанға дейiн, Республиканың билiк мәселесiн дербес шешуге мүмкiндiгi болған жоқ. Мемлекеттiк билiк бiр партияның меншiгiнде болды. Ол өз шешiмдерiн орталықтандырылған түрде жүзеге асырды. Кеңестер Одағы атты алып державада мемлекеттiк билiктiң бiр қолға шоғырлануы тоталитарлық тәртiп үшін қолайлы болды. Ол кездегі атышулы ұран «Барлық билiк Кеңестерге» деген ұран болатын. Өкiлеттi билiк пен атқарушы билiк қосылып, халық депутаттары Кеңесiнiң атқару комитетiн құрды.

Коммунистiк партия қоғамның жетекшi және бағыт берушi күші ретiнде парламент қарауына жататын мәселелердiң барлығын дерлiк шешiп отырды. Парламент кеңестiк республикаға сәйкес құрылып, оның кемшiлiктерi партия тарапынан жасалған әрекеттермен толықтырылып отырды. Оның үстiне Қазақ КСР-да әрекет ететiн заңдардың басым көпшiлiri КСРО Жоғарғы Кеңесiмен қабылданды. Сессияның жылына екi рет шақырылуы Жоғарғы Кеңестiң қарауына жататын мәселелердi жан-жақты талқылап, шешiм қабылдауға мүмкiндiк тудырмады, «тоталитаризм жағдайында Конституциялық ережелердi жүзеге асыру мүмкiндiгi болған жоқ». Парламентаризм идеясы Қазақстан өз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн ғана қалыптаса бастап, оның қалыптасуына тәуелсіздiк табалдырығын аттатқан қос құжат Егемендiк туралы Декларация мен Тәуелсiздiк туралы Конституциялық заңы жол салды.

Қазақстанның демократиялық жолмен құқықтық және әлеуметтiк мемлекет орнатуы — қазіргі өркениеттi әлемдiк тәжiрибеде нық қалыптасқан билiк бөлу қағидасына негізделеді. Билiк бөлу қағидасына сәйкес Республикадағы бiртұтас мемлекеттiк билiк Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiнiп, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы өзара iс-қимыл жасау қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Айтылған билiк тармақтарының iшiнде заң шығарушы билiк негiзгi орынды иемденедi.

1993 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңынан бастап, жергілікті өкімет органдарының жүйесін реформалау үдерісі басталды. Қазастан Республикасының 1993 жылғы тұңғыш Конституциясында билікті бөлу тұжырымдамасы баянды етіліп, жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптастырудың және одан әрі дамытудың құқықтық негіздері туындады. 1994 жылы 7 наурызда сайлау болып XII және сайланған Жоғарғы Кеңес дүниеге келді. Жоғарғы Кеңес бір жылға жуық уақытта 138 акт, соның ішінде 8 заң қабылдайды. Жоғарғы Кеңес төменгі деңгейдегі Кеңестерінің бастамасымен өзін-өзі таратқан соң, 1995-жылғы Республика Конституциясында заң шығарушы билiктi жүзеге асырушы жаңа орган — қос палаталы Парламент бекiтiлiп, бүгінгі күнi өз қызметін жүзеге асыруда. 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңда жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, оның органдарының құзіретін, қызметін ұйымдастырудың тәртібін, мәслихаттар депутаттарының құқықтық жағдайы белгіленген болатын.

Еліміз Тәуелсіздік жылдары дәулетіне сәулеті сай әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды. Осы игіліктің барлығы халқымыздың берекелі бірлігі мен тату тірлігі арқылы жүзеге асып, қоғамның тұрақтылығы мен ынтымағына халық қалаулылары елеулі үлес қосып келеді. Біздің тәуелсіз еліміздің алғашқы мәслихат сайлауы 1994 жылғы 7 наурызда өткізіліп, әр деңгейдегі мәслихаттар органдары өмірге енді. Өзінің қалыптасқан 20 жылдан асқан уақыт ішінде мүмкіндіктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы – қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтуға, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүргізуде өз белсенділіктерін танытып келеді.

Мәслихаттардың тиісті әкімшілік-аумақтықтық бөліністегі халықтың еркін білдіретіні және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын бақылайтыны ҚР Конституциясында белгіленген және онда мәслихаттардың халық арасындағы рөлі мен міндеттері көрсетілген. Қазір еліміздегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 3300-ден астам депутаттар болса, оның ішінде Қызылорда облысындағы жергілікті мәслихаттарда 145 депутат бар, оның 29-ы облыстық, 19-ы қалалық, 97-і аудандық мәслихат депутаттары.

2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Парламент пен мәслихаттар өкілеттіліктері күшейді. Мәслихаттардың өкілеттік мерзімдері 4 жылдан 5 жылға ұзартылды, тиісті мәслихаттардың келісімімен әкімдерді тағайындау, жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебін қарау жүзеге аса бастады.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңы және осы Заңға 2009 жылғы 9 ақпанда өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы мәслихаттар құзіретін нақтылауға, аумақтық және округтік сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыру мен сайлауға, қосымша өкілеттіктер мен мүмкіндіктер берді.

Мәслихат тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ол сол аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақылайды. Мәслихатты сайлау және оның пайда болуы халықаралық стандарт талаптарына жауап береді. 2001 жылдың 23 қаңтарында қабылданып, 2006 жылдың 10 қаңтарында өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихат өкілетті орган ретінде функцияларды орындайды.

Саяси өкiлдiк белгiлi бiр формада Ежелгi Грецияда - Халық жиналысы, Римде - Сенат, дала халықтарында - Құрылтайлар формасында билiктi атқарудың әр алуан әлеуметтiк мүдделердi жалпы ерiкте реттейтiн әмбебап тәсiлдерiнiң бiрi болды. Қоғам демократиялық бағытта ілгері жылжыған сайын жергілікті жердегі парламенттің рөлін орындайтын мәслихаттардың өкілеттігін бірте-бірте кеңейтудің, депутаттар мәртебесін арттырудың конституциялық жолдарын қарастырған абзал. Мәслихат қызметінің жариялылығын қамтамасыз ете отырып, өкілді органның жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты көрсетудің жолдарын ойластырған жөн. Бұл үшін мәслихаттардың өз басылымы болуын да шешкен дұрыс болар еді. Кез-келген дамыған елдерде заң сол елдің құқықтық жүйесінің негізін құрайды, заңдарда демократиялық қоғамның мүшесі ретінде азаматтардың еріктері мен мүдделері бекіп, құқықтық, адамгершілік, жеке қасиеттері дамиды. Бірақ, қандай болмасын заңның егер тетіктері дұрыс жұмыс атқармаса, демократиялық қоғамның құқықтық негізі, адамдардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылмасы анық. Өкілді орган , оның тыныс-тіршілігінен хабардар болуға мәслихатта жоғары дәрежеде әзірленіп-талқыланған, зор жауаптылықпен қабылданған, қоғам өмірінің талаптарына толығымен жауап беретін, ол қабылдаған актілер ғана қоғамның, мемлекеттің, жеке азаматтардың мүдделеріне сай келеді. Ал мәслихат шешімдерінің жоғары сапасына заңдарды жетік меңгерген халық қалаулыларының нәтижелі жұмысының арқасында ғана қол жеткізуге болады. Осы бағытта мәслихат депутаттарының мәртебесін арттырумен бірге, оның жұмысын жақсартуға, парламентаризмнің нығайып, жақсы тәжірибелердің жинақталуына және өкілді органның қызметін үнемі халық назарында ұстап отыруға мүмкіндік туар еді. Қазақстан- тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына аяқ басқан жас мемлекет. Бүгінгі күні 17 млн қазақстандықтың 5 млн-нан астамы 30-ға жетпегендер. Бүгінгі жастан ертеңгі ел басқаратын азаматтар шығады. Сондықтан жаңа ұрпақтың билікке араласуында жастар тәрбиесінде жергілікті өкілді органның да қалыс қалмағаны дұрыс. Әркімді заман билеп, арпалысып, айқасып жатқан кезеңді салыстырып, саралап, халықтың мұң-мұқтажын ойлап, арман-мұратын, қажыр-қайратын жасампаз арнаға бұру халық қалаулыларының алдында тұрған асқақ та, маңызды міндет. XX ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы айтқан «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген қағидасын әр депутат үнемі жадында ұстауы керек.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет