Мен қарапайым қарттарды сүйем
Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы - қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді.
Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?
Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын.
Осылай деп қарттардан қалап келем,
Өнеге, өсиетін санап көрем.
Санап көрем... тоймаймын... сұранамын,
Себебі мен де бір күн жауап берем.
Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл...
“Ана”
Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.
Өзің қаққан қоңырауда өмір жыры бар екен,
Оның үні тарқамайтын болды менің мерекем.
Сол үнменен тыным таппай бақытымды күреймін,
Өйткені мен мерекемнің тарқамауын тілеймін!
Достарыңызбен бөлісу: |