«Мені газетке алып келген – Айтматов...»
– Сауытбек аға алдымен сөзді осы газетке қалай келгеніңізді айтудан бастайықшы. Ол кезде университетті бітіре сала Орталық комитеттің баспасөз органына орналасу қиын екені белгілі ғой.
– Дұрыс айтасыз: университет бітіре сала басты партиялық газетке қабылдану ол жылдарда тіпті оқыс оқиғадай еді. «Социалистік Қазақстанға» қызметкерлер «Лениншіл жастан», «Қазақ әдебиетінен», облыстық газеттерден ғана алынып жататын. Содан да мұнда кілең сақа журналистер жұмыс істейтін. Талай жұрт тосырқай қараған сол батыл қадамды жасаған асыл адам – газетті 1973-1983 жылдарда басқарған Сапар Байжанов. Әйтсе де, менің мәселемнің шешілуіне, түптеп келгенде, атақты Айтматов араласты...
Шыңғыс Айтматовтың «Социалистік Қазақстанның» кадрына нақты қандай қатысы болуы мүмкін деп таңданып отырғаныңызды байқаймын. Айтайын. Журфактың бесінші курсында жүргенде Мемлекеттік кино комитетіне жұмысқа орналасқан едім. Сценарий алқасының деректі фильмдер жөніндегі редакторы болып. Тамаша қызмет. Оқитының – сценарий, көретінің – кино, Комитет төрағасы – айтулы публицист Камал Смайылов, Комитеттің бас редакторы – Қалтай Мұхамеджанов, киностудияның бас редакторы – Әбіш Кекілбаев... Ағаларымның маған қабағы жақсы. Өмірдің, өнердің, өнегенің нағыз мектебі. Әйтсе де, «Журналист боламын деп оқыдым ғой, бәрі қалай өзгеріп кетті өзі?..», деп екіойлы күйде қалатын кездерім де аз емес-ті. Оның үстіне газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Болат Бодаубаев: «Түбі сені біз шақыратын шығармыз. Сапекең жазғандарыңды мақтайды. «Жұмысқа аламыз» деп қояды», дейтін. Студент кезде «Социалистік Қазақстанның» өзіне біраз шыққанмын. Биыл «Фолиант» баспасынан «Өнер өлкесі» деген көлемді кітабым жарық көрді, соның шамамен 150 беттейлік алғашқы тарауы «Студент дәптерінен» деп аталады, бәрі университетте жүргенде жариялаған кино, театр, музыка туралы рецензия, мақала, сұхбаттарым. Алдыңғы жылы басылған «Әдебиет әлемі» деген кітабымда да студенттік жылдарда жазғандарым бар. Үміттенетін жөнім жоқ емес сияқты. Бірақ нақты әңгіме қозғалмайды. Уақыт өтіп жатыр. Тағы бір мақаламды алып барғанда нақты сұрауға тура келді... Болат Қамиұлы былай деді: «Ой, бауырым, саған айтуға ыңғайсызданып жүр едім. Ойымыз болмайтын болды. Сапекең Камал Смайыловпен сөйлескен екен, ол кісі: «Сізге журналист табу қиын емес, бізге киноның маманын табу қиын. Әсіресе қазақтың жанын білетін, қазақша жазатын адам аз. Кілең асфальтта туғандар... Ол жігітті біз Мәскеуге, екі жылдық курсқа жібермекшіміз. Өзімізде орнықтырмақшымыз. Бізді қинамасаңыз екен», депті... Ана жолы сені тағы бір айтып едім, «Енді бұл әңгімені қозғамайық. Ыңғайсыз болады Камалдан», деді»... Мен не айтамын? Бұйырмаған шығар дедім де қойдым. Сөйтіп жүргенде университеттегі оқу да бітті. Кинодағы жұмысымды жалғастыра бердім. Сол жылғы күзде Алматыға Шыңғыс Айтматов келе қалды, өзінің шығармасы бойынша түсірілген фильмді Кино үйінде көрсетті. «Лениншіл жастың» тапсырмасымен ол кісіден көлемді сұхбат алдым. Газетке 1975 жылдың 26 қарашасында «Қайткенде адам қалады адам болып?!» деген атпен шықты. Жарияланым жұрттың назарын аударды. Ертеңінде-ақ Сапар Байжановқа шақырылдым... Арада екі күн өткенде редакцияның әдебиет және өнер бөлімінің білдей қызметкері болып шыға келдім. Жақсыдан шарапат деген сол. Қаламдас досының сөзін жерге тастай алмай, райынан қайтқан Сапар ағаның шешімін өзгертуге адамзаттың Айтматовымен жасалған сұхбаттың нақты әсері болғаны анық еді. Сондықтан бір жағынан, мені газетке алып келген Айтматов десем де артығы жоқ. Шыңғыс ағаға осы үшін рахметімді кейінірек, 1997 жылы, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары болып жүргенімде телавтормен бірігіп жазған пьесасы бойынша спектакль қойылғанда Бішкектегі театрдың сахнасынан айтқаным да бар.
Достарыңызбен бөлісу: |