Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы
А.Қ. Тұрышев
Мәшһүр-Жүсіп ШығармаларыНДАҒЫ ЗАТТЫҚ МӘДЕНИЕТ лексикасы
1 Том
Павлодар
2008
ӘӨЖ 81:39 (574)
ББК 81. 2. Каз-923
Т 84
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің
Ғылыми кеңесі басуға ұсынған
Пікір жазғандар:
Е. Жанпейісов – А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.
С. Негимов – Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Т 84 Тұрышев А. Қ.
«Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет лексикасы» : Монография. – 1 том. – Павлодар : Кереку, 2008. – 244 б.
ISBN
«Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет лексикасы» – атты монография жоғары оқу орындарының студенттеріне, мәшһүртанушыларға, бакалаврларға, магистранттарға және этнолингвистика ғылымына қызығушылық танытқан зерттеушілерге арналған.
ISBN
ӘӨЖ 81:39 (574)
ББК 81. 2. Каз-923
© Тұрышев А.Қ., 2008
© С. Торайғыров атындағы Павлодар
мемлекеттік университеті, 2008
Алғы сөз
Бұл – еңбекке негіз болған «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары лексикасының этномәдени негіздері» – атты докторлық диссертация. Алғашында тұтас мазмұндық құрылымы жүйелі төрт бөлімнен тұратын: «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет», «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы рухани мәдениет», «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы мифологиялық лексика», «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы метрологиялық терминдер» жеке-жеке өз алдына дербес кітап етіп шығару міндеті қойылды. Оған себеп болған, біріншіден, бұрын диссертацияға кірмей қалған кейбір толықтырулар мен диссертацияға айтылған сын-ескертпелер қайыра қаралып, кейбір деректер ғылыми жағынан нақтыланды.
Әрине, зерттеуде Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының барлық этномәдени лексикасы қаралмады, ішінен зерттеуге қолайлы, лингвистикалық талдауға түсетіндерін ғана зерттеу нысаны қылып таңдап алдық.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының қазіргі шыққан 12 томында қазақ тарихындағы барлық тілдік қабаттардың ізін байқауға болады. Әсіресе, қолжазбаларында бұл үрдіс айқын байқалады. Мәшһүр-Жүсіп, жиені Жолмұрат Жүсіп, Иманғали Мәнен, Төлепберген Алдабергенов, Мұхаметфазыл Жүсіп, Жұқаш Кәрібаев т.б. Қазақстан Республикасының Ғылым академиясындағы қолжазбалары араб-парсы графикасымен ескі қадымша, ал төңкеріске дейінгі, одан кейінгі қолжазбалар усыл жәдитше жазылған. Демек, Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының тілін ХIХ ғасырдың арғы және бергі ХХ ғасырдың тілінен ада бөтен қарай алмаймыз. Мәшһүр-Жүсіп тілі автономды болған жоқ. Осы орайда, С. Садуақасовтың «Оның өлеңдері тұңғыш рет жазба түрде жарық көріп, қазақ әдебиетінің тарихында халықшылдықпен атайтын жаңа бір ағымның арнасын ашып берді» – деген сөзі бұрыннан қалыптасып қалған көптеген жайттардың бетін ашып берері сөзсіз («Трудовая Сибирь» 1919 жыл).
Мәшһүр-Жүсіп тілінің ізін сонау көне жазба ескерткіштермен жарыса келген ақын-жыраулар және орта ғасыр жәдігерлері тілімен салыстырмалы түрде зерттеген абзал. «Мәшһүр-Жүсіп қолжазбаларының ғылыми сипатын» т.б. осы тақылеттес енді табылып жатқан әдеби мұралардың тілін зерттеуде академик Р. Сыздықова мектебінің (Яссауи «Хикметтерінің тілі») берер тағылымы да зор екендігін айта кеткенді жөн санадық. Жалпы, бұл салада А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының зиялы ғалымдарының атқарып жатқан игі іс-шараларына, бізге берген бағыт-бағдарына, ақыл-кеңесіне айтар алғысымыз шексіз.
Ендігі мәселе – Мәшһүр-Жүсіп тілін этнолингвистикалық тұрғыдан зерттегенде, өзінің алдындағы Дулат, Абай құрбылас, аймақтас, бір регионның адамдары Шәкәрімнің этномәдени лексикасынан қандай айырмашылығы бар? Қолданған этномәдени лексикалары аз ба, көп пе дегенде де ара-жігін ажыратып алуға болатын сияқты. Ал, тіл ерекшеліктерін қарастырғанда байыпты зерттеу қажет-ақ. Айталық, Дулат, Абай, Шәкәрім қазақ әдеби тіліне қандай жаңалықтар қосты? Мәшһүр-Жүсіп ше? Оларда қайталанатын фонетикалық өзгерістер, морфологиялық тұлғалар, синтаксистік байламдар бір дәуірде өмір сүргеннен кейін ары айналдырғанда елу жылдың ары-берісінде тіл өзгеріссіз қалған. Өйткені, олардың өмір сүрген ортасы бір, дәуірі, заманы бір. Қоғамдық формация ортақ болды. Қолданған тілі мен діні де ортақ. Демек, шығармаларындағы тілдік, стильдік ерекшеліктер қалай анықталады? Бірінде қайталанып келе беретін қолданыстағы тілдік формалар, элементтер ол – олардың жаңалығы, әдеби тілге қосқан үлесі болмаса керек. Мәселен, дәуір ағынымен жеткен сол – тілдік элементтерді сөз саптауларында, өлеңдерінде, дастандары мен қарасөздерінде қалай құбылта білді, сөз ішінде, сөйлем арасында қалай пайдалана білді, дәл тауып, дөп басып анықтау арқылы тіл ерекшеліктерін, өзіндік стилін танытуға болатын сияқты. Бұл орайда да зерттеу еңбектердің аз еместігін айтуға болады. Тіл білімі қазір жаңа даму дәуірін басынан кешіріп отыр, ол қолжазбалардың тілін, ғылыми сипатын тілдік тұрғыда жазу. Бұл мәселелерге келгенде де маман тапшылығы сезіледі. Айталық, тіл білімінің бір саласы бойынша маманданған маман, тіл білімінің күрделі жақтарының қыры мен сырын, бірі білгенін екіншісі білмеуі заңдылық. Егжей-тегжейлетіп жатқанымыз, тілші болғанымен арабша, парсыша хат танымайтын маман қолжазбаның ғылыми сипатын жаза алмайды, тілдік тұрғыдан сипаттап және жазып бере алмайды. Себебі, қолжазбаның ғылыми сипатын тілдік тұрғыдан сипаттап жазып отырған ғалымның тілші болғаны өз алдына, қазақ әдеби тілінің тарихынан мамандануы қажет екендігі зерттеу жұмысы барысында қатты сезілді. Демек, алдағы уақыттарда дәл осы салада мамандардың тапшылығын сезінетін боламыз. Қаншама мәдени мұраларымыз қайтып оралды, ал олардың тілі (қолжазбаларды айтпағанда) зерттелмей жатқаны ешкімге де құпия емес. Ескі, көнеден жеткен жәдігерлер әрқашанда тілдік материалдарды өне бойына сақтап жеткен.
Келесі мәселе, Мәшһүр-Жүсіп жинаған ауыз әдебиеті мен фольклорлық дүниелер. Біз зерттеу жұмысымызда осы дүниелерден де мәліметтер, тілдік деректер алдық. Иә, бұл дүниелер ауызекі тілде жеткен халықтікі. Бірақ, қағазға түсірген, былайша айтқанда, әдебиеттенген екінші беті жанама болсын, қолы тиген Мәшһүр-Жүсіптің де стилі болып табылатыны даусыз. Жиналған этномәдени лексика да халықтікі, бірақ Мәшһүр-Жүсіпте сол көне, байырғы біз әлі естімеген этномәдени лексика өте көп екендігі байқалады. Әсіресе, мифтік лексика қатары шығармаларында жиі ұшырасады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірді-екілі мысал келтірсек, мынандай: (Берген аста береке, бермеген аста бітә бар – дейді, береке – кереметтер лексикасы да, бітә – демонологиялық лексика. «Ол түйенің шөгінде бесік бар екен» («Сарыарқа кімдікі екендігі?», 1907: – Б. 5.) – деген сөйлемдегі шөгі лексемасы жүгі деп жазылып жүр. Будаговтың сөздігіне жүгінейік: дж. шөк, шөке 1) окружностъ груди верблюда – деп түсіндірген (1871: 497). Демек, шөк жүк емес екен, бесікті түйенің екі өркешінің арасына орналастырған болып шығады. Ерте уақытта түйеге қом артқан. Осындай мағынасы көмескі тартқан сөздерге әрине, өте жіті қарап, мұқият, абай болған жөн сияқты. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларында диалекті сөздер, мақал мен мәтелдер, жұмбақтар, күлдіргі сөздер, анайы сөздер, тұрақты тіркестер, фразеологиялар, авторлық фразеологиялар, афоризмдер т.б. көптеп кездеседі. Ақынның шежіресі кейбір ру-тайпа, ел тарихы, шығу тегі туралы тарихи мәліметтерге жауап бере алмаса да, оның себебі ауызекі жадылық арқылы жеткен дүниелерде кейде тарихи дәлдік сақтала бермейтіні де белгілі. Мәшһүр-Жүсіптің жинаған шежірелер тілдік материал алуға таптырмайтын аса бағалы жадығат екендігі байқалды.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы тілдік қабаттарды: монғол, арап, парсы, орыс т.б. көптеген сөздердің түбір тұлғасын қалпына келтіріп, о бастағы бітім-тұлғасын қалпына келтіргенде, этимологиясын анықтағанда көбі түркінің өзінің төл сөздері екендігі белгілі болды. Тарихи тұрғыдан бұл тілдер сан қилы, әрі сонау алыс бұлдыр замандардан елес береді. Угор - фин, маньчжур-тұңғыс, Алтай тілдері, түркі-монғол т.б. өзара тығыз байланыстылығы тіпті, сонау Беринг бұғазы арқылы өткен американдық үндістер: көне ацтек, мая, кечуа тілдерінің де түркі тілдерімен байланысы зерттеле бастады. Бұл орайда, Мандоки Қоңыр Иштван, Александр Гаркавец, О. Сүлейменов, М. Аджи, Ә. Ахметов т.б. еңбектерін атап өткен абзал.
Зерттеу жұмысына қатысты Р. Сыздықовадан алынған мына дерекке көңіл аударсақ: Н. К. Дмитриевтің түркі тілдерін арабыланған (арабизованные) және арабыланбаған (неарабизованные) деген сөзінің де жаны бар. Р. Сыздықова парсы сөздері ену мерзімі жағынан барлығынан да бұрынғы, әріректегі топ тәрізді дейді. Мұндай тілдік құбылыстар дәлел ретінде Б. Юнусалиев иранизмдердің ішінде түркі сөздеріне тән жұрнақтарды жалғаған түрлерінің кездесетіндігін келтіреді. Мысалы, осы пікірдің авторы келтірген қырғыз тіліндегі демік (дім+ік), қассын (қас+сы+н), шексин (шек+си+н), сөздерінің аналогияларын қазақ тілінен де табуға болады: демігу (дем+ік), батыс говорларындағы жанығу (жан+ық), зораю (зор+ай) дәлелін біз әбден қоштаймыз. Екіншіден, проф. С. Д. Асфандияров өте бір қызық пікір айтқан-ды. Ол кісі: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы мен Амудария, Сырдарияның төменгі жақтарын мекендеген массагеттер, сірә, Иран тілдес көшпелі тайпалар болған болулары керек, олармен іргелес отырып, тығыз қарым-қатынаста болған Қазақстанның солтүстігі мен шығысын жайлаған түркі-монғол болар», – дейді. Өз сөзімен айтсақ, «в современном казахском языке наблюдается наиболее большое количество персидских слов, совершенно ассимилировавшихся и, по-видимому, проникших в язык в очень далекое время» (Сыздық. 2004: 66). Қ. Кари «Сақ тілінен сан сөз» – деген мақаласында Иран тіліндегі деректерде ұшырасатын Сиктан елі осы – сақ жұрты екендігін дәлелдейді. «Иранның өзінде сақ тілі қолданыстан қалған ирандық тілдер тобына жатады. Бүгінде ирандықтар систандықтар қолданысындағы тілді сәкз тілі деп атайды. Қазіргі сәкз тілі парсы тіліне ұқсас болып жатса, оған әсте таңқалуға болмас. Парсы тілдестерімен мыңдаған жылдар бойы етене жақын араласып кеткен систандықтар тұрмақ, алыс жатқан аймақтардың өзінде кезінде парсы әдебиетінің ықпалы аз болмаған. Сәкз тілінен түркі тілімен төркіндес сөздерді де молынан ұшыратуға болады. Зерттеуші, сол Систан түлегі Жавод Хомак: «Қазіргі сәкз, систандықтар тілі – грамматикалық жағынан бұрынғы хорасандықтар говорымен, одан да әрірек те Мауереннахрдегі өлі диалектілер, сондай-ақ, бүгінгі тәжік тілімен төркіндес болып келеді», – атап көрсеткендігін жазады» (Қазақ әдебиеті, № 46 (2998) 2006).
Қорыта келгенде, мәшһүртанудың жаңа дәуіріне аяқ бастық. Алдымызда қыруар еңбектер күтіп тұр. Болашақта тіл білімінің жаңа: лингво-статистикалық-ақпараттық бағытын зерттеу күн құрғатпайтын міндеттердің бірі болып есептеледі. «Мәшһүр-Жүсіп тілі сөздігі», «Жиілік сөздігі», «Ұйқас сөздігін» т.б. жұмыстар жоспарлануда. Ақын шығармаларының көп томдығы арқылы қанша сөз қолданғанын «сөздік қорын» анықтау мақсаты да қолға алынды. Ақынның: теология, география, философия, биология, медицина, құқық т.б. саласындағы терминдерін зерттеу де болашақтың міндеті. Ақын қолжазбаларына үңілген сайын түпсіз терең тұңғиықтан інжу-маржан тапқандай немесе көк әлемінен жаңа бір жұлдыз ашқандай әсер аламыз.
Кіріспе
Заттық, рухани, мифтік және халық метрологиясы бұл – мәдениеттер есте жоқ ерте заманда халық өзі тудырған ауыз әдебиетінде сақталды. Өзінің аттарынан бұрын пайда болды. Этномәдени лексиканы зерттеу қажеттілігі күнқұрғатпайтын мәселе екендігіне Х. Досмұхаметұлы баяғыда көңіл аударған болатын: «Қазақтың барша тұрмыс-тіршілігі мен өмірлік жағдайын оның халық әдебиеті бойынша зерттеп шығуға болар еді. كيز وي Киіз үйді, оның бау-шуын, барша жиһаз-мүлкін бүге-шігесіне дейін қалдырмай асқақтата, мадақтай отырып, халық поэзиясы жертөле мен тамдарға жиренішті сипаттама береді. Қазақтың ұлттық киімі (тұмақ, шекпен, күпі, бөрік, т.б.), қыздар тағатын алтын-күміс, сырға-шолпы, теңге, бес қару мен ер-тұрман, т.с.с. да халық әдебиетінде жырланады. Төрт түлік мал мен Қазақстанның және онымен шектесетін ел-жұрттың барлық жануарлар дүниесі халық әдебиетінде ерекше орын алады» [1, б.30]. Этнолингвистика негіздерін зерттеген ғалым М. М. Копыленко: «Язык любого народа хранит увлекательную повесть многовековых усилий, людей познать, осмыслить и подчинить себе окружающую их действительность. Отсюда проистекает важность этнолингвистических исследований, проливающих свет на формирование обозначений конкретных предметов и абстрактных понятий» – дейді [2, б.19]. Бұл орайда, Н.И. Толстойдың: «В этнолингвистическом богатстве любого языка наиболее древними по своему происхождению а потому и устойчивыми и основными лексическими элементами считаются наименования частей тела, родства, пищи и др. С этими разрядами лексики связаны чаще всего национальные традиции и этнокультурные особенности того или иного народа» – деген пікірі өзінің құндылығын әлі де жоғалтқан жоқ [3, б.182].
Халықтық тағам лексикасы үй, киім терминдеріне қарағанда анағұрлым тұрақты болып келеді. Халықтық тағамдар лексемасы-туыстас және көне түркі тектес халықтар мен тайпалардың, этникалық топтардың материалды мәдениеттерінің ұқсастығын да көрсетеді. Тағам атаулары неғұрлым көне болса, олардың мәдениеті соғұрлым жақын тартады. Тағам мәдениеті арқылы көне түркі халқының мал - егін шаруашылығымен, бау-бақшамен де айналысқанын танып, білеміз. Қазақ елінің тағамы тек қана ет пен сүттен жасалмаған, түрлі шөп қоспаларынан да дайындалған. Қазақ халқы тағамға қатты мән берген олар – «ас адамның арқауы», «ас тұрған жерде, ауру жоламайды», «ас қадірін білмеген аштан өледі, ат қадірін білмеген жаяу қалады» деп емдік қасиеті мол ас әзірлеген. Құрттың сары суын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайды, ауырған малға ішкізеді, әйелдер бас жуады, сондай-ақ одан тері илеу үшін малма жасайды. Түркілер сәбзені (овощты), жеміс-жидекті, бау-бақша мәдениетін де жетік білген. Олар тек қана мал шаруашылығымен ғана айналыспаған қалада тұрған, бау-бақшамен, егін шаруашылығымен айналысқан. Отырықшы шаруашылық жағдайында күй кешкен. Р. Г. Ахметьяновтың пікіріне көңіл аударсақ: «Ряд земледельческих терминов русского происхождения в татарский язык были заимствованы в период западно – кыпчакского единства, например, арыш `рожь`, салам `солома`, сала `село`, которые имеют параллели в Godeх Cumanicus и в языке армияно – кыпчакских памятников. О древности земледельческой традиции татар свидетельствует, на наш взгляд, и то, что имена существительные урак `серп`, сабан `сабан`, сука `соха` употребляются также в значениях соответственно `жатва` и `вспашка`. Почти все названия овощей в татарском языке (карбыз `арбуз`, кыяр `огурец`, кишер `морковь`, чөгендер`свекла`, торма`редька` и.т.п.) – древнего среднеазиятского происхождения» – дейді [4, б.174].
Бұл дегеніміз, көне түркілерде бақша мәдениетінің ерте заманнан бері дамығанын нақты дереккөздер растай түсетінін көреміз. Айталық: Даңғыл, дабыл қақтырды, Кішміш, мейіз жегізіп Шұбар атты бақтырды (Алпамыс, 234) Өзім қаштым дермісің? Мейіз берсем жермісің (Қобыланды, 82), Бидайды уыстаған бойыменен, Шешесінің қолын ұстап тұра қалды (М-Ж. 181); Тал бойынан тарыдай мін таба алмай (ҚЖ, 70) т.б. мысалдар қазақ тілінің этномәдениеті қаншалықты бай екендігін және қайталап айтамыз, отырықшы да ел болғандығын да дәлелдейді. ҚКБС жырын ең көне жырдың бірі деп есептесек, ондағы кездесетін «бидай» сөзі көшпенділерде мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығының да ерте заманнан дамығанын көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғалым С. Толыбековтің: «Прогресс в земледелии был основан развитием материальной и духовной культуры всех народов. В этом смысле труд земледельца действительно был отцом богатства, а земля – его матерью» – деген сөзін келтіргенді де жөн көрдік [5, б.192].
Қазақ тілін зерттеп, өзінің қолтаңбасын қалтырған, тіл білгірі А. Ысқақов: «тіл-тілдің сөздік құрамы әр халықтың өз тарихының, өз тұрмысының, өз мәдениетінің, оның дүниелік (материалдық) және рухани қазынасының айнасы сияқты болып есептеледі. Өйткені, өмірдің сала-саласындағы құбылыстардың бәрі де тілдің сөздігіне іздерін тастап, оған тиісті сөздерді куә етіп, дақ қалдырып отырады» – деп кез келген сөздің фундаменті бар екендігін, олардың көне түбір тұлғасын зерттеп, этимологиясын анықтауға болатынын айтқан еді [6, б.3].
Қазақ этномәдени лексикасын зерттеуге үлесін қосқан белгілі ғалым, ф.ғ.д., профессор Е. Жанпейісов Ю. Бромлейдің: «Әрбір этнос және де әрбір этникос сияқты өзінің мәдениетінің бірлігімен ерекшеленеді. Көптеген қызметінің ішінен бізді тек қана этникалығы қызықтырады. Негізгі этниканы тасудың маңызы, этникалық мәдениеттің қабатымен, жалпы сана-сезім, тұрмыстық тіл және дәстүрлі – тұрмыстық мәдениетпен өлшенеді. Осыдан да заттық аймақтық этнографияға сондай немесе басқа да этниканың әртүрлігімен ерекшеленген этнос компоненті жатады» – дегеніне келіседі [7, б.3].
Халықтың ерте кездегі әдет-ғұрпы, тұрмысы жайындағы этнографиялық ұғымдардың атаулары (сөздер мен сөз тіркестері) тарихи сөздіктер мен тарихи шығармаларда сақталып, олар жайында мағлұмат береді. Этнографтар халықтың замандар бойындағы тұрмыс салт, әдет-ғұрпына байланысты жайлар мен халық жасаған материалды байлық, рухани мәдениетке қатысты жайларды зерттегенде тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені, тіл – солардың бәрін ұзақ замандардың бойында ұрпақтан ұрпаққа жеткізген және сақтап қалған құралдардың бірі. Біздің зерттеу объектіміз де М-Ж. Көпеев шығармаларындағы этномәдениет лексикасы болып табылады. Зерттеуде мүмкін болғанша М-Ж. Көпеев шығармасындағы этномәдени лексика көздері кеңінен қамтылды. Олар негізінен арғы дәуірді қамтып отыр. Архимәдениет, этонолингвистика бұрынғы дәуірдің мәдениетін зерттейді. Көне мәдениет аясында қарастырады. Енді ЗМЛ (заттық мәдениет лексикасы) талдауға кірісеміз. Көне мәдениет ішіндегі ЗМЛ таптық жағынан неше алуан болып келеді. Мәселен, ат әбзелдері, шаруашылық – құрал жабдықтар, ұлттық киімдер, тұрақ жайы – баспана түрлері, үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, қару-жарақ түрлері, төрт түлік малға қатысты, туыстық – жақын жекжат, азық-түлік, зергерлік бұйымдар, қару-жарақтар т.б.
Біз зерттеу еңбекте Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармасындағы заттық мәдениет лексикасын мағыналық жүйесіне қарай: қолданылуына, мақсатына-мәніне қарай: Ас – тағамдар лексикасы; Туыстық атаулар; Ұлттық киім атаулары; Баспана және үй мүлкі терминдерін: Баспана атаулары; Киіз үйдің жабдықтары; Ыдыс-аяқтар лексикасы – деп. Ұлттық қолөнер лексикасын: Ат-әбзелдері лексикасы; Зергерлік лексика; Қару жарақ атаулары – деп жоғары айтылғандай бөліп қарастыруды қолайлы деп таптық. Олай бөлудің себебі де жоқ емес. Баспана атаулары өз ішінде балшықтан, кірпіштен, қамыстан, ағаштан жасалған болып бөлінеді, киіз үй сүйектері бұл-аталған баспана атауларына қарағанда өз ерекшеліктері бар. Ыдыс-аяқтар да өз ішінде теріден, құмнан, ағаштан т.б. жасалатыны белгілі болды. Ұлттық қол өнер түрлерін де екіге бөліп зерттедік: ат-әбзелдерінің аттарының шығу тегі, жасалу моделі бір-біріне ұқсас лексикаларды бөліп алып, зерттеуге тура келді. Зергерлік өнер жасалуы, жұмсалу мақсатына қарай да өз ішінде бөлінеді. Айталық қару-жарақ зергерлік өнерге жатады, бірақ оларды жүзік, білезік т.б. салыстыра алмаймыз. Сондықтан да, сәл де болса мағыналары жуықтау деген тілдік фактілерді топтап, бір жүйеге түсіріп қарастыру анағұрлым қолайлы болып көрінді. Осы тәрізді тілдік фактілерді жинау және оларға тарихи тұрғыдан талдау жасау этнографиялық жайларды танып білуге көмектеседі. Осылардың әрқайсысын жеке-жеке сөйлетеміз. ЗМЛ бәрін зерттеу нысаны қылып алмаймыз. Ішінен тілдік талдауға түсетін М-Ж. Көпеев шығармаларында кездесетін, жоғарыдағыдай деректерге ғана этнолингвистикалық тұрғыдан талдау жасаймыз.
Ас - тағамдар лексикасы
Нан. Нанның тарихы ежелгі заманға кетіп жатыр. Зерттеушілердің айтуынша, нанның пайда болғанына он бес мың жыл болған екен. Нан қайдан шыққан? Бидайдан ба, сұлұ мен арпадан ба? Нан зерттеушілердің айтуына қарағанда кәдімгі еменнен шығыпты. Ерте заманда адамдар емен жаңғағын мол етіп жинап, үгіп, одан ұн жасап, нан орнына пайдаланған. «Нан» – грек сөзі. Олар нанды арнаулы қыш құмыраға – «клибаносқа» салып пісірген, кейін ежелгі герман, славян, басқа да халықтарға тараған. Біздің «хлеб» (нан) деген сөзімізбен үндес байырғы неміс тілінде «хлайб» деген, ал эстондарда «лайб» деген бар.
Римнің Помпей деген қаласын қазғанда ашыған қамырдан нан жабатын наубайхана табылған. Демек, б.з.д. II ғасырдың өзінде-ақ үрімдіктер нан жабу өнерін толық меңгерген көрінеді (С. М.). Л. Будагов: п. нан, нанъ, хлбъ, въ каз. лепешки, нанұа, наншы, хлбникъ, нанулақ пекарня, нан дұз хлбь – соль, онъ цнитъ права хлба – соли, т.те. благодаренъ за гостепріимство и оказанное добро, или мет. неблагодарный, тур. неблагодарность, кир. мякишъ хлба, корка хлба, крошки хлба (1869: 279).
Нан. Ертедегі халықтардың көпшілігі азық бола алатын ағаш жемістерін немесе жеміс шырынын қорек еткен. Мысалы, гректер бұрынғы кезде қарағайдың жемістерін, солтүстіктегі удмурт және коми елдері жөкенің шырынын, Африка елдері кокос пальмасының жемістерін, сол сияқты басқа да европалықтар әртүрлі ағаштың шырынды жемістерін тамақ еткен. Қазірдің өзінде абхаз тілінде акакан сөзі «жаңғақ ағашы» мен «нан» деген екі мағынада қолданылса, солтүстіктегі коми тілінде ңінпу, удмурт тілінде ңің (нон) нан сөздері «жөке» және «нан» дегенді білдіреді. Сол сияқты, парсыша нан, зырянша нáн , вотякша нáн, остякша нен, армянша нәкан деп қамырдан пісірілетін тағамды атайды. Көптеген тілдерде кездесетін мағынасы бір бұл сөздердің бір түбірден шығуы мүмкін. И.Д. Дмитриевтің айтуынша, түркі тілдеріндегі нан сөзі парсы тілінен ауысқан, ал, бұл сөздің ең түпкі шыққан ұясы – грек тілі болуға тиіс, себебі, ежелден гректер бұл сөзбен жеуге жарайтын ағаштың бір түрін атаған көрінеді (И. Д. Дмитриев. К вопросу о происхождении вотяцкого «қақ» – хлеб. Уч. зап. Инс. этнич. и национ. культур народов Востока. М., 1930, № 1, 146-147) (Н.Қ.) (ҚТҚЭС, 1966: 149).
Жұқа нан. Ақбикеш жұқа нан салды қолын түріп, Талмас отыр пышағын майдан сүртіп (М-Ж. 1907: 15); Жұқа нан // йув ача `ұннан жасалған ұлттық тағам` йув ға кар.г., йупқа өзб., ұйғ., йуфқа тур., йыфка гаг., jохра сал. йука тат., жука кир., жұқа қаз. Жұқа нанның түрлі мағынасы бар: 1. жұқа, әлсіз, өте жұқа, нәзік (хак. адам туралы), қалың, арық (баш.); 2. шөңкеде пысқан жұқа иленген нан, ашық отта пысқан жұқа нан, жұқа шелпек, қабатталған шелпек, қабатталған шелпек жеу, май қосылып сүтте пысырған, блина, пирог т.б. Жалпы мағынасы `ұннан иленген нанды оқтаумен жазуды` «жұқа нан» – деген. Құлақ нан. Етке салатын нан (Қаз. дила, 1979: 70) түрлері де ұшырасады.
Достарыңызбен бөлісу: |