МӘТІНМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ
Мәтін – өте күрделі тілдік құрылым. Осы құрылымды айқындайтын басты белгілері – жүйелілік және тұтастық. Мәтіннің тұтастық категориясы сол мәтінді ұғынып, мәнін түсінгенде ғана пайда болатын, оның логикалық жағымен тығыз байланыста болса, ал оның жүйелілігі күрделі бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі әдіс-тәсілдерімен ұйымдасуынан көрінеді.
Мәтін ғылыми тұрғыда сұрыпталған, өңделген болуы тиіс. Сабаққа
қолданылатын мәтін тыңдаушының психофизиологиялық ерекшелігіне
бейімделініп немесе бейімделмей де алынуы мүмкін. Мәтінді сұрыптағанда
мынадай факторлардың кешенді жүйесін ескерген жөн: магистранттардың
мамандығы бойынша актив сөздер мен түсіндірме терминдердің ауқымы;
лексико-грамматикалық материалдың ерекшелігін қамтамасыз ету; мәтіннің
қиындық деңгейін анықтау критериі: контекстік көркемдік пен жанрлық
шектеулік; тақырыптық принцип; мәтіннің композициялық-мәндік құрылымы мен стилі. Сондай-ақ, мәтін мазмұнын түсіну, оның ішіндегі негізгі және жанама ойдың бөліну заңдылығын айыра білумен айқындалады.
Сондықтан, тілді оқытып, үйретудің кез келген кезеңінде оқытушы магистранттарға оның құрылымдық элементтерінің қайсысы негізгі, қайсысы қосымша ойды беріп тұрғанын түсіндіріп, көрсеткені дұрыс. Мәтінді толық және дәл ұғыну оның ішіндегі сөздердің мән-мағынасын түсініп, білуге де байланысты.
Әрбір тақырыптық мәтіндердің соңында сөздік материалы берілуі
тиіс. Және де бұл сөздер талданып, магистранттардың арнайы дәптерлеріне
жазылуы қажет. Қандай мәтін болса да, алдымен оның мазмұнын түсіну
қажет. Сөздің мағынасын түсіну магистранттардың алдында игерген білім
көлеміне байланысты. Сөздің нақты мағынасын сөйлем контекстінде ғана
байқауға болады. Себебі жеке тұрғанда бір мағына беретін сөз, сөйлем
ішінде кейде басқа мағына береді. Сөз мағынасының бұлай өзгеруі оның
сөйлемдегі тұрған орнына байланысты. Сонымен қатар, сөз өзінің бастапқы
мағынасында емес, ауыспалы мағынада қолданылуы мүмкін.
Мәтінді таңдау барысында көптеген оқытушылардың мәтіннің
тақырыптық мазмұнына көңілді көбірек аударып, өз мойнына пән
оқытушысының міндетін алып кететін жағдайлары да кездеседі. Мұндай
жағдайда, пән бойынша тақырыпты жан-жақты талдап беретін екінші
оқытушының рөліне еніп кетуі мүмкін.
Мәселен, әр мәтіндердің түріне байланысты («Қазақстан экономикасы», «Қылмыс», «Қазақстандағы саясат» деген мәтіндерді оқығанда біздің мақсатымыз «Экономика дегеніміз не ? Оның даму тарихы қандай ?» «Қылмыс деген не? Қылмыстың қандай түрлері бар ? Қылмыстық кодекс бойынша қандай жазалар белгіленген?» «Ішкі саясат ұғымы» деген сұрақтарға жауап іздеу емес, «Экономика», «Қылмыс» т.б.) тақырыптар бойынша коммуникативті жаттығулар көмегімен магистранттың ойын логикалық жүйелеу арқылы сөйлету.
Мәтінмен жұмыс жүргізу барысында оқытушы алдына төмендегідей
мақсаттар қойғаны дұрыс:
- Магистрантты берілген мәтіндер бойынша қазақша тілдесуге үйрету.
- Тілдік қатынасқа түсу үшін әр түрлі ситуациялар құру арқылы тілдік
қатынастың қажеттілігін арттыру.
- Дұрыс сөйлеу, жазу нормаларын үйрету.
Мәтіндер ғылыми тұрғыда сұрыпталынып алынады. Мәтінмен
жүргізілетін жұмысты мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруға болады:
1) мәтінмен жұмыстың алдыңғы кезеңі;
2) мәтінмен жұмыс кезеңі;
3) мәтін соңындағы жұмыс кезеңі.
Бірінші кезең бойынша, мәтінді оқығанға дейін, мәтінге байланысты
немесе басқаша логикалық сұрақтар берілуі арқылы жасалады.
Мәтінді оқымай тұрып, мәтіннің ішіндегі сөйлемдерге сұрақ қою
дұрыс емес. Тыңдарманның алдында сабақтарына байланысты мәтін жатуы
қажет. Мәтіннің ішінен таныс емес сөздерді теріп жазып алғаннан кейін,
оқытушының көмегімен тілдерін дамыту мақсатында актив сөздер, сөз
тіркестері бөлек сөздікке жазылады. Бұлай жазып алу сөздің дұрыс жазылуын, айтылуын тексеруге, өзін-өзі тексеруге, бірін-бірі тексеруге көмегі тиеді.
Мәтінде берілетін сөздердің ішінде таныс емес сөздер мейлінше аз болғаны дұрыс. Өткен сабақта берілген сөздерді қатыстырып, байланыстырып отыру керек. Бұл жерде байланыстылық қағидасы сақталады.
Келесі мәтінмен жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде мәтіннің тілдік материалы
мен құрылымын трансформациялау жаттығулары орындалады. Сондай-
ақ мәтін ішінен қажет мәліметті бөліп алу, айыра білуге машықтандыру
жаттығуларын әр түрлі тәсілмен орындауға болады. Мәтінмен жұмыс кезеңі
былайша ұйымдастырылады:
- шағын мәтінмен жеке-жеке сөйлемдердің сапасын саралап
салыстыру;
- мәтіннің негізгі мәнін, мазмұнын түсіну;
- мәтінге тақырып беру;
- мәтінді тақырыпшаларға бөлу;
- мәтіндегі басқы, ортаңғы, соңғы ойларды анықтау;
- мәтінге жоспар жасап, ол бойынша тараушаларды анықтау;
- мәтінді баяндай білу, басталар, аяқталар ойды дұрыс жеткізу;
- жоспар бойынша мәтін мазмұнын әңгімелеу;
- мәтіндегі сөздермен түрлі жұмыс жасап, сөздік қорды толықтыру;
Осы әдіс-тәсілдердің бәрі оқыған мәтіннің мағынасын магистранттар
толық түсінуіне арналған жұмыстар. Мәтін мағынасын толық түсіну дегеніміз не? Жалпы алғанда, магистранттар мәтіннің мазмұнын түсіну үшін оның ішіндегі өз мамандығына байланысты жеке сөздерді түсінуі керек. Бұл жеке сөздер түсінікті болса, тұтас мәтін де түсінікті болады деген жалпы пайымдау. Мәтінде әр түрлі (бейімделген, бейімделмеген) болады. Сөздің жеке тұрғандағы мағынасы кейде мәтін контекстіндегі мағынасымен бір бола бермейтінін жоғарыда айтып кеткенбіз. Сондықтан мәтіндегі ойды түсіну үшін онда берілген сөздердің тура мағынасымен қатар ауыспалы мағынасын да білу қажет
Келесі мәтін соңынан жүргізілетін жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде мәтін
мазмұнының негізгі элементтерін, танымдық құндылығын айқындауға,
мәтінге түсініктеме беруді үйретуге (интерпретация) бағытталған жұмыстар
жүргізіледі. Мәтінде берілген мамандығына байланысты мәліметті
магистранттар болашаққа қызмет барысында қолдануы тиіс. Тілді оқытып
үйрету талабы да – осы. Сондықтан бұл жаттығулар мәтінмен жұмыс
барысында меңгерген кәсіби тілдік құрылымдарды тілдік құрылымдарды
тілдік қатынаста магистранттардың еркін қолдану дағдысын қалыптастыруға
бағытталады.
Бірақ мәтінмен жұмыс осы кезеңдермен шектеліп қалмайды. Ол тілді
оқытып үйретудің басқа тәсілдерімен бірлікте, тығыз байланыста ұштастыра
жүргізілуі тиіс.
Мәтіндер тілді меңгертуде маңызды компоненттердің бірі болып табылады.Мәтіндерді қолданысқа түсуіне қарай ғылыми,ғылыми-көпшілік, көркем-әдеби, газеттік (көркемсөз) мәтіндер деп бөліп қарастыруға болады.
Ғылыми –көпшілік мәтіндер мамандығы арнайы емес оқырмандарды ғылымның жетістіктерімен жеткілікті түрде хабардар етсе, газеттік мәтіндер (ақпарат,репортаж, комментарий, корроспенденция) идеялық-саяси ақпараттарды оқырмандарға жеткізеді.
Ғылыми мәтіндер белгілі бір заттың, фактінің, құбылыстың заңдылығын суреттейтін мәтіндерді айтамыз. Ғылыми мәтіндерге мақала, очерк, реферат,рецензия, аннотация,ғылыми хабар,т.б жатқызуға болады.
Ғылыми мәтіннің басқа мәтіндерден айырмашылығы:оның композициясы,
ұйымдастырылуы, құрылымы ерекше бір үндесуге, бірізділікке бағытталады.
Тілді тиянақты білу мен меңгеруде ғылыми мәтінді игерудің жолдары көп.Ол сөйлесім әрекеті, соның ішінде оқылым арқылы, оқылымға қатысты амалдар арқылы тиімді іске асады.
Нақты бір ақпараттан хабардар болу үшін грамматикалық және лексикалық қорды игеру жеткіліксіз.Ол үшін ғылыми мәтіннің ерекшеліктеріне назар аудара отырып, оның ең маңызды, басты бөліктерін айқындай білу керек.Сондықтан оқылған мәтіннен белгілі бір ақпаратты алу үшін оны түсініп оқудың маңызы зор.
Оқудың түрлері:
1.Ізденімдік оқу- оқушының өзін қызықтыратын хабарды, фактіні,сілтемені мәтіннен іздеп тауып, пайдалана білуі.
Кез келген ғылыми шығарманың кіріспесі және қорытындысы болатыны белгілі.Сондықтан ізденімдік оқуды меңгерту ғылыми шығарманың композициялық ерекшеліктеріне байланысты.
2.Танымдық оқу- тіл үйренушінің кез келген қызықты, танымдық мәні бар мақала, кітап, пікір, газет-журнал,т.б оқуы.
Ерекшелігі:Арнайы ізденушілік, сол материалды зерттейін деген мақсат бола бермейді.Информацияны зерттеуден гөрі, жалпы өмірден хабардар болу үшін жүргізіледі.
3.Зерделік оқуда-оқушы берілген мәтінді, не материалды бастан аяғына дейін түсініп оқу керек.
Зерделік оқу барысын екі кезеңге бөліп қарастырады.
1-кезең.Дайындау кезеңі.Мұнда мәтіндегі информацияны толық, нақты ұғу үшін грамматикалық, лексикалық дағдыларды меңгертуді алдыға қояды.
2-кезең.Мәтіннен информацияны алуға тікелей бағытталады.
Ғылыми мәтіндердің мазмұнын ашатын лексикалық ерекшеліктер:
1.Негіздеу
2.Түсіндіру
3.Дефиниция
4.Бақылау
5.Мінездеме
6.Эксперименттің өткізілуі
7.Тексеру
8.Салыстыру
9.Топтастыру
10.Дәлелдеу
11.Пікірлесу,баға беру
12.Публикация
Бұл ерекшеліктердің бәрі бір мәтіннен көрініс табуы мүмкін емес.Сондықтан бұл ерекшеліктерді бір –бірімен тығыз байланысты 2-3 мәтіндерді игеруде қолдануға болады.Сонда ғана бір мәтінді бір мәтінмен салыстыру, дәлелдеу, баға беру сияқты ерекшеліктер іске асады.Оқушылардың қызығушылығы арта түседі, сөздік қоры кеңейеді.
Оқушының өз бетімен жұмыс істеу дағдысы-жүйелі жұмыстардың қорытындысы, жеке тұлғаның қалыптасуының бастауы.Ал оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, оқу материалдарын өздері игере алуға мүмкіндік туғызудың шешуші факторы-оқытудың жаңа әдістемелік жүйелерін құру болып табылады.
Жас өркеннің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу- ұстаз парызы.Баланы заман талабына қарай көрегенділікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық
бағытта жан-жақты дамыту- бүгінгі күннің басты талабы.
Ғылыми мәтіндердің түрлері және оларды орындау әдістемесі ретінде жоспарлар, тезистер, рефераттар. Ауызша сөйлеу әдістемесі. Презентацияларды ресімдеу
Жинақы мәтін дегеніміз - оқырманның түсінуіне ыңғайлы етіп құрылған бастапқы мәтіннің ықшамдалып (сығымдалып) берілуі.
Ықшамдау барысында мәтіннің негізгі мағыналық-құрылымдық бірлігі сақтала отырып, оқырман үшін басы артық элементтер алынып тасталады.
Жинақы мәтін - негізгі мазмұн сақталған екіншілік өңделген мәтін.
Мәтінді толықтай түсіне отырып, мәтіндегі негізгі ойды басқа формамен қысқаша бекіту үрдісі.
Түпнұсқа мәтін жинақы мәтінге айналады.
Тыңдалым және оқылым материалдары негізінде жүргізіледі.
Жинақы мәтін формалары:
Тезис
Аннотация
Презентация
Конспект
Кесте
Схема
Тезистік жоспар
Тезис – бұл дәлелдейтін немесе жоққа шығаратын тұжырымдама-пайымдаулар. Тезистің басты ерекшелігі ұсынылатын дәйектерге дәлелдер келтірілуі тиіс. Негізгі тезистер - дерек көзінің мазмұнын жалпылайтын басты тұжырымдамалар. Мұндай тезистерден кейбір жағдайда материалдардың мазмұнын тұтастай айқындайтын жеке жазбалар жасалады. Қарапайым тезистер – бұл басты ой-пайымдаулар, кейде конспектінің, рефераттың құрамдас бөлігі ретінде енгізіледі.Кез келген еңбекте, оның әрбір бөлімдерінде қарапайым тезистер көбірек кездеседі. Күрделі тезистер - негізгі және қарапайым тезистер қатар қолданылатын, ойды бекітудің пайдалы және жетілген түрі. Дәйексөз тезистері. Тезистердің бір бөлігі дәйексөз ретінде келтірілуі мүмкін. Мұндай әдісті әртүрлі көзқарастарды салыстыру үшін пікір, аннотация жазғанда қолданады.
Реферат (латынша referat – баяндасын, refero – баяндаймын) – кітап мазмұны, ғылыми жұмыс, ғылыми зерттеу қорытындылары туралы көпшілік алдында қысқаша баяндау, хабарлау; белгілі бір тақырыпта әдеби және басқа да материалдарды шолу негізінде жасалатын баяндама. Реферат ғылыми-ақпараттық сипатта болады. Тақырыпты объективті тұрғыда толық баяндаумен қатар ғылыми қорытындыларға талдау жасалып, сын айтылады. Реферат ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарында ізденушілерді ғылыми ізденіс пен талдауға баулу мақсатында қолданылады. Арнаулы орта оқу орындары, жалпы білім беретін мектептер оқушыларының үйірме, клубтарында жасалатын баяндамалар да, ғылым кандидаты немесе докторанты дәрежесін алу үшін диссертация қорғаушының авторефераты да Рефератқа жатады.
"Реферат" сөзі латын тілінен шыққан және оны сөзбе-сөз аударатын болсақ, ол "баяндау, хабарлау" деген мағына береді. Іс жүзінде барлық сөздіктер бұл сөдің мағынасын бірдей ашады. Реферат - жазбаша түрдегі кітаптың мазмұнының, ғылыми мәселелердің, жаттығулардың, ғылыми зерттеу нәтижелернің қысқаша мазмұндалуы, белгілі тақырыпқа баяндама, әдебиет тізімі мен басқа да көздерге шолу жасайтын белгілі бір тақырыптағы баяндама.
Рефератпен жұмыс жасаудың 4 негізгі бағыты көрсетіледі:
1. Рефератпен жұмыс істеудің негізгі кезеңдері
2. Рефераттың құрылымы
3. Рефератты ресімдеудегі талаптар
4. Рефератты қорғау
1. Рефератпен жұмыс істеудің негізгі кезеңдері
- тақырыпты таңдап онымен танысу;
- реферат тақырыбы бойынша ақпарат көздерін табу
- әдебиттерді зерттеу
- жиналған материалдың жүйелілігі
- рефератты жазу
Рефератты жазудағы ең басты кезеңнің бірі - тақырыпты таңдау. Реферат тақырыбын таңдаған кезде барынша дербестік көрсеткен дұрыс. Сіздің қызығушылығыңыз бен икемділігіңізге келетін тақырып таңдалып, сол тақырыпқа сай жұмыс жасалғанда, оның нәтижесі әсерлі болады. Алайда, сіз тапсырманы формальды түрде емес, адал орындайтын болсаңыз, әдіскер ұсынған тақырып та сізді қанағаттандыра, қызықтыра алады. Реферат сәтті болуы үшін қажетті материалдар мен әдебиттерді іздеп табу керек. Бұл үшін ақпаратты алудың негізгі көздерімен танысқан дұрыс: анықтамалық және библиографиялық басылымдармен және кітапхананың мерзімдік басылымдарымен.
Әдебиеттерді зерттеуді тақырып атауынан бастау керек. Әдебиетті зерттеген кезде оларға кейін көңіл аудару үшін негізгі ойлар мен ережелерді, дәлелдерді, дәлелдемелерді, тұжырымдамаларды белгілеп алу керек. Келтірілген деректер мен маңызды тұжырымдамаларға көңіл бөліңіз, ыңғайлы болу үшін оларды карточкаларға жазып қойыңыз. Толық библиографиялық басылымды карточкада көрсетуді ұмытпаңыз. Әдебиет көздерін зерттеп біткеннен кейін жиналған материалды жүйелеу мен талдау жұмысы басталады. Карточкалар мен конспекттерді қарап шығу нәтижесінде қажетті мәлімет рефераттың мақсаты мен міндеттеріне сәйкес жіктеледі. Осы кезеңде жұмыстың соңғы жоспары анықталып, материалдың ой салуымен жаңа сюжеттер пайда болады. Егжей-тегжейлы жоспар жасау қажет. Сол уақытта рефераттың негізгі бөлігінің жалпы құрылымы анықталады.
Материалды топтастыру - техникалық жұмыс емес. Деректерді іріктеудің өзі жұмыс болжамдарын әзірлеуді көздейді. Бұл ретте барлық тарау толығымен материалмен қаматамасыз етілмеуі мүмкін. Ол карточкаларды тараулар бойынша жіктеген кезде анықталады. Мұндай жағдайда дереккөздерді қайтадан қараған немесе рефераттың жалпы құрылымын не жеке бөліктерін қарап шыққан дұрыс. Материалды жүйелеудің соңғы нәтижесі бір мағыналы қатаң тексерілген тұжырымдама жасау болып табылады.
Рефератты жазу - соңғы кезең болып табылады. Әрбір тармағы материалмен қамтамасыз етілген, жақсы ойластырылған жоспар болса, реферат жазу қиындық әкелмейді. Рефератты кіріспеден емес, негізгі бөлімнен бастап жазған дұрыс. Негізгі бөліммен жұмыс жасау барысында ғана әдебиеттер мен дереккөздерді түсінуге болады. Шығармашылық үдерісі нәзік әрі дара болып келеді. Барлық авторларға ортақ мынадай ережелер бар:
- жұмыстың жүйелілігі
- тиянақтылық
- асығыстықтың болмауы
2. Рефераттың құрылымы
Рефераттың белгілі бір тақырыпты зерттеу нәтижесінің жазбаша түрдегі қысқаша баяндауы ретінде белгілі бір құрылымы бар.
- рефераттың жоспары (бөлімдер мен тармақтарды көрсету керек)
- кіріспе (тақырыптың өзектілігі, рефераттың жазудың мақсаты)
- негізгі бөлім
- қорытынды (нақты, қысқаша 1-2 бет болуы керек )
- пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе мен қорытынды негізгі бөлім бойынша жасалған жұмысты түсіндіруі керек.
Кіріспе - рефераттың міндетті және маңызды бөлігі. Ол арқылы жасалған жұмыс деңгейін, рефераттың мақсатының түсіндірілуін және оның жұмыста қаншалықты дербес екенін анықтауға болады. Кіріспеде дәйекті түрде тақырыптың өзектілігі айтылады (дәлелдеу). Не себепті берілген сұрақ ғылыми қызығушылық тудыратындығын көрсету және ұсынылатын материал мен қазіргі заманның байланысы бар ма екендігін айту.
Кіріспе құрылымды келесі сөздермен "Реферат кіріспеден, ... тараудан, қорытындыдан тұрады. Кіріспеде жұмыстың негізгі идеялары көрсетілген. 1-ші тарау ... арналады, 2-ші тарауда ... сөз болады. Қорытындыда негізгі тұжырымдар көрсетіледі" сипаттаумен аяқталады.
Негізгі бөлім берілген тақырыпты зерттеуге арналған. Бұл бөліктің атауы реферат атауымен аталады. Бұл бөлік ең үлкен болып, жұмыстың 3/2 бөлігін алуы керек. Барлық тараулар мен тармақшаларда қысқаша әрі нақты атау болу керек. Материалды баяндауда қисынды сақтау керек. Рефераттың негізгі бөлімінде түрлі дереккөздерінен алынған мәліметтерден басқа келтірілген деректерге сүйенетін, яғни жұмысты толық немесе оның кез келген жеке тармақшасын құруға арналған міндет - зерттеме - қорытынды формуласын пайдалану арқылы өзіңіздің пікірлеріңіз бен қисынға келтірілген тұжырымдарыңыз болғаны дұрыс.
Қорытынды негізгі бөлімнен шығып нақты әрі қысқаша болуы керек. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі - тақырыпқа байланысты бүкіл әдебиеттердің емес, осы рефератты жазуда пайдаланылған ақпарат көздерінің тізімі болып табылады. Оған сілтемеде көрсетілген әдебиеттер де кіреді.
3. Рефератты ресімдеудегі талаптар
Көлемі 10 беттен кем емес, А4 форматында, шрифті - 14 Times New Roman немесе 12 Arial KZ, интервалы 1,0.
Титулдық бетте рефераттың тақырыбы мен кітапхана көрсетіледі. Рефераттың жазылуының жылы мен орны астыңғы жақта ортасында, жеке бетте конкурсқа қатысудың сұранымы болады. Сұраным формасы:
Қатысушының аты-жөні, тегі:
Жасы
Қысқаша биографиясы (эссе)
Кітапхана
Тақырыбы
Мекен-жайы, байланыс телефоны, e-mail
Рефератпен жұмыс жасаған кезде ақпарат көздеріне сілтеме жасап, сонымен қоса оларды дұрыс ресімдеу керек.
Сілтемені:
- дәйексөздерде
- сандарды, деректерді, атауларды көрсеткенде
- ұйғарымдарды анықтаған кезде жазу керек.
Сілтемелер түрлі тәсілдермен ресімделеді. Мысалы: жолма-жол әр беттегі келтірілген сандар мен дәйексөздер "1-ден бастап әрі қарай" сандармен белгіленеді немесе саны артатын "жұлдызшалармен" белгіленеді, мәтіннің төменгі жағындағы әр беттік сілтеме негізгі бөліктен 3-4 см. сызықпен бөлінеді, сызықтың астында сілтеменің номері мен библиографиялық сипаттама көрсетіледі.
4. Рефератты қорғау
Сіз рефератты қарап шығуға мерзімінен бірнеше күн бұрын ұсынуыңыз керек. Қорғау кезінде оның негізгі бөлігін айтудың қажеті жоқ. Сол кездің өзінде рефератты қорғау сұрақ-жауап кешіне айналмауы керек, ол бәрін айтып шығуға мүмкіндік бермейді. Өз жауабыңызды сауатпен және қисынмен негіздеңіз. 5-15 мин ішінде рефераттың өзектілігі жайлы, қойылған мақсат пен міндеттер туралы, зерттелген материал, негізгі бөлімнің құрылымы жөнінде, жұмыс барысында жасалған тұжырымдарыңызды айтып үлергеніңіз маңызды.
Нәтижесінде реферат бірнеше мәселе бойынша бағаланады:
- рефератқа қойылатын ресімді талаптардың сақталуы;
- тақырыпты сауатты ашу;
- ұсынылған реферат туралы айқын айта білу;
- қойылатын сұрақтарды түсіну қабілеті мен оларға нақты жауаптар таба білу
Презентация – бұл белгілі бір тақырыпты көрсетуге арналған құжаттар немесе құжаттар жиынтығы (жоба,тауар және т.б.) Презентация мақсаты – нысан туралы толық ақпаратты аудиторияға ыңғайлы түрде жеткізу,көрсету.
Презентация дегеніміз - жазба жұмысының графикалық материалы. Бұл студенттердің жазба жұмыстарын қорғауда қолданылатын Power Point құралымен жасалған түрлі-түсті сурет ретінде беріледі. Презентацияда қорғау ұсынылып отырған зерттеу жұмысының мақсаты және негізгі мазмұны көрнекі түрде көрсетіледі.
Презентацияның слайдтарында жазба жұмысының мазмұнына сәйкес жасалған графикалық материал беріледі. Презентация бір-бірімен логикалық байланысқа құрылған кемі 7 слайдтан тұруы қажет.
Презентацияның титулдық слайды мына түрде рәсімделеді:
- жоғарғы оқу орнының атауы;
- шығарушы кафедраның атауы;
- жұмыстың тақырыбы;
- жазба жұмысы авторының аты-жөні;
- жазба жұмысының ғылыми жетекшісінің аты-жөні.
Презентацияның әр слайдының нөмірі көрсетілуі керек, ол слайдтың жоғарғы сол жағында, ал навигация белгісі слайдтың төменгі оң жағында орналасады.
Презентация слайды жұмыстың мазмұнына, студенттің шығармашылық ой-талғамына қарай рәсімделеді.
Power Point құралымен жасалған презентация:
презентация бір стильде рәсімделеді;
шектеулі түстерді қолдану, яғни берілетін материал, ақпарат көрінбей қалмауы қажет;
компьютерлік графика әдісі негізінде жасалған суреттер, сызбалар, кестелер сапалы болуы керек;
қорғауда 5-7 метрлік жерде тұрып слайдта берілген ақпараттарды оқи алатындай сапалы түрде берілуі қажет;
көрнекілік;
пиктограммалар мен белгіленген графикалық таңбалар;
анимацияны да орынды қолдану;
слайд саны студенттің сөйлейтін сөзімен, уақытымен сәйкес келеді.
Презентацияда ұзақ мәтіндік ақпарат берілмейді.
Курстық жұмысын Power Point негізінде жасалған презентацияның шығарылған нұсқасы альбом түрінде қорғалады.
Презентация альбомы келесі талаптарға сай рәсімделеді:
А4 форматында ақ-қара нұсқасында шығарылған слайды ( әр бетте бір слайдтан);
Слайдтар мына тәртіп бойынша тігіледі: титулдық слайд, презентацияның құрылысы (слайдтың тәртібі мен жалпы саны), нөмірленген слайдтар.
Жоспар – мәтін мазмұнының ықшам, нақ әрі жүйелі берілген тірек-негізі.
Достарыңызбен бөлісу: |