Финляндия
Финляндияның бағалау жүйесі оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған және қалыптастырушы сипаттағы басымдыққа ие. Сондықтан бағалаудың негізгі мақсаты оқыту мен оқуды жетілдіру болып табылады. Қалыптастырушы бағалау мұғалімдерге оқушылардың белгілі бір тақырыпты меңгеру кезінде кездесетін қиындықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер тарапынан оқушыларға дер кезінде қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді, бұл жерде баға тек балл ғана емес, одан да маңызды болып есептеледі. «Мұғалімдер оқушыларға бұл бағалар нені білдіретінін және олар өздерінің оқу үдерісін қалай жетілдіруге болатынын түсіндіруі қажет». Финнің білім беру мәселелері бойынша ұлттық кеңесі (2004) бағалауды міндетті және ұлттық критерийлерге сәйкес болып табылатын екі категорияға бөледі: оқу үдерісіндегі бағалау (қалыптастырушы) және оқуды аяқтаған кездегі қорытынды бағалау (жылдық, біліктілік). Қалыптастырушы бағалаудың мақсаты зерттеу дағдыларының өсуіне жәрдемдесу, сондай-ақ оқушылардың өзін-өзі бағалау дағдысын дамыту болып табылады. Жылдық бағалаудың мақсаты оқу үдерісінде оқушылардың ілгерілеуі туралы кері байланысты және білім сапасын арттыру бойынша ұсыныстарды қамтамасыз ету болып табылады. Негізгі білім берудегі қорытынды біліктілік бағалаудың мақсаты оқушылардың соңғы 2 жылдағы оқу жетістіктері деңгейін анықтау болып табылады. Білім беру бағдарламаларын жаңарту үдерісінде мұғалімдер мен мектептің өзін-өзі бағалауы, ұлттық стандартталған бағалауды өткізу кезінде алынатын мәліметтер қолданылады.
Канада
Канаданың бағалау жүйесінде жетістіктердің негізгі өлшеуіші жалпы тапсырмалар көлеміне дұрыс және барынша толық жауаптың пайыздық арақатынасы болып табылады. Барлық пәндер бойынша алынған бағалар негізінде орта балл есептеледі (пайыз). Келесі жылға өту үшін 50% артық жинау қажет. Оқу жетістігін бағалаудың стандартты тәсілі қалыптастырушы және жиынтық бағалаудан тұратын мектепішілік бағалау болып табылады. Қалыптастырушы бағалау диагностикалық сипатқа ие және оқу жылы барысында жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Оның негізгі мақсаты оқушылардың күнделікті ілгерілеуін бақылау және оқыту мен оқу үдерісіне дер кезінде түзетулер енгізу үшін қолайлы жағдай жасау. Бағалау рәсімдерінің ажырамас бөлігі оқушылардың қойылған мақсатқа жетуінде қажетті көмек көрсетуге бағытталған кері байланыс беру болып табылады. Жиынтық бағалау тіркейтін сипатқа ие, яғни, белгілі бір уақыт аралығында оқушылардың ілгерілеуге жетуі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретіндей оқу барысын тіркеп отыруға бағытталған. Жиынтық бағалау оқу бөлімін, әрекетті, курсты, тоқсанды немесе бағдарламаны аяқтаған кезде өтетін алдын ала белгіленген іс-шара түрінде жоспарланады және баға қою мен есеп беру үшін қолданылады.
Канаданың бағалау жүйесі төмендегідей қағидаттарға сәйкес құрылады:
• баға барынша объективтілікті қамтамасыз ететіндей әдістердің көптүрлілігіне негізделуі қажет;
• баға және нәтижелерді талдау мұғалімнің міндеттеріне жатады: мұғалім оқушылардың жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып, олармен, олардың ата-аналарымен бірге қызмет жасауға міндетті;
• бағалау нәтижелері оқу мақсаттарына қатысты оқушылардың ілгерілеуі мен шегінісін көрсететіндей болуы керек.
Ресей
Ресейдің қазіргі қолданыстағы бағалау жүйесі қазақстанның дәстүрлі бағалау жүйесі сияқты 1937 жылдан бері қызмет етеді және объективтілігі мен анықтығының жоқтығы тұрғысында бірнеше рет білім беру саласына қатысты қоғам тарыпынан сынға ұшырады. Ресейдің мектептегі білім беру жүйесінде келесі бағалау түрлері қолданылады: сыныпішілік бағалау, аттестациялық емтихандар (ГИА және ЕГЭ). Сыныпішілік бағалау баға қою үшін, қосымша сабақты қажет ететін оқушыларды анықтау үшін, оқушылардың оқу жетістіктері туралы атааналарды ақпараттандыру тәсілдерінің бірі ретінде қолданылады. Бағалау ағымдағы, аралық, қорытынды бағалаулардан тұрады. Ағымдағы бағалау оқушылардың пәнге қатысты әрекеттерін түзетуге, оқушылардың өз жетістіктерін бағалауға көмектесетін және жоғары нәтижелерге жету жолдарын анықтайтын кері байланыс беруге бағытталған. Аралық бағалау оқушылардың пәндер бойынша білімді меңгеру динамикасын тіркеу және жеке ілгерілеуін көрсету мақсатында өткізіледі. Ресей Федерациясының «Білім туралы» Заңы мен жарғысына сәйкес білім мекемелері өз бетінше оқушыларды бағалау жүйесін, формасын, тәртібін және аралық бағалаудың мерзімін таңдауға құқылы. Қорытынды бағалау негізгі білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейін және білім берудің келесі кезеңіне өту туралы шешім шығару үшін критерий ретінде қызмет етуін көрсетеді. Аттестациялық емтихандар (ГИА және ЕГЭ) – бұл орта білім берудің оқу бағдарламалары бойынша мемлекеттік қорытынды аттестациялау формасы. Бұл емтихандар оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартын меңгеру деңгейін анықтау мақсатында мектепке қатысты емес сыртқы қызметтермен өткізіледі. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау үшін бақылаушы өлшеуіш материалы ретінде стандартталған формадағы тапсырмалар кешені қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |