169
тереңдік ұғымы душар болған қиындықтың өте салмақтылығына балама болып
тұр. Ал
тереңдіктің өзі тік бағыттағы «қашықтық мөлшері» ұғымы.
Екінші, үшінші мысалдағы
сегіз қиыр шартарап –
әлем, дүние [211, 115 б.],
төрткіл дүние ұғымдарын білдіреді. Сондай-ақ сегіз бағытты да меңзейді.
Түркілер жер бетін сегіз бұрышқа, еврейлер алты бұрышқа бөледі. Мұнда үш
компонент мағына жағынан тұтасып, синтаксистік құрылымы да белсенді
қолданыстың нәтижесінде тұрақталып, тұрақты құрылымға айналған.
Сегіз –
символдық мәні бар мөлшерлік сан есім болса,
қиыр – алыс, шалғай ұғымдарын,
шартарап – айнала кеңістік ұғымын білдіретін зат есімдер. Мұнда
шар сөзі
«төрт» сан есімін білдіреді.
Кеңістік, көлем, сыйымдылық, қашықтық
ұғымдарымен ұштасып жатқан бұл дербес лексемалар тіркесе келіп,
күллі жер
беті ұғымын «горизонталь кеңістік мөлшер» ұғымы аясында сипаттаған.
Етістікті мөлшерлік перифраздар кейде үш, тіпті көп компонентті болып
келеді. Көпқұрамды
мөлшерлік перифраздар сөйлем деңгейіне де жетеді.
Мысалы:
1. Тіленшіұғлы Шалкиіз,
Иесі би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жаздады бұ мүйіз
(Шалкиіз жырау, Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны, 40 б.);
2.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен,
Көңлімді хош таптырып!
(Ақтамберді жырау, Күлдір-күлдір кісінетіп, 63 б.).
Келтірілген мысалдарда
мүйіз бұлтқа жете жаздау, тал мойынға қол
арту, жүз нарға кілем жаптыру тіркестері – күрделі құрамды мөлшерлік
перифраздар. Мұнда әлденеше сөздер бір синтаксистік құрылым ішінде
семантикалық жағынан тоғысып, бір ұғымды білдіреді. Мысалдардың бәрінде
белгілі ұғым бүкпелей, бейнелей айтылған.
Бірінші мысалдағы
бұлтқа жете жаздады бұ мүйіз перифразы «даңқым
асты, мәртебем өсті» деген сөздің орнына қолданылған. Мүйіз сөзінің өзі тірек
сөз болып, ауыспалы мағынада берілген. Әдетте «мүйіз» сөзі атақ-даңқ, мәртебе,
билік, үлкендік ұғымдарының баламасы ретінде қолданылады. Сондықтан да
халық тілінде
мүйізі қарағайдай, мүйізі шаңырақтай, мүйізі сала құлаш, мүйізін
арбайту (бой көрсету, сес көрсету),
мүйіздеу (шетке қағу, күш көрсету),
мүйізін
қағу (тұқырту, бағындыру, сазайын беру) тілдік қолданыстары кездеседі. Ал
Шалкиіз жырау осы ұғымды мүлде жаңа сапада перифраздап береді. Жан-
жануар, аңдардың ішінде мүйіздісі ең күшті, ең үлкені болатыны бар. Олар осы
мүйізі арқылы да өзге өзі тектес жануарлар
мен жауларына сес көрсетіп,
бағындырады. Міне, осы ұғым қазақ танымында билікке, әлеуметтік мәртебеге
балама ретінде алынған да, мүйіздің ұзындығы, үлкендігі «жоғары мәртебе»
ұғымымен ауыстырылып, образды түрде бейнеленіп отыр.
Екінші мысалдағы
жүз нарға кілем жаптыру тіркесі ұлғайған перифразды
қолданысына жатады. Образды түрде байлық пен сән-салтанаттың эталоны
ретінде берілген. Бұл тіркестергі
жүз саны нақты санның есебі емес, «тым көп»
деген ұғымды білдіреді. Ал
нар, кілем сөздері байлық, салтанат ұғымдарының
170
баламасы. Мұнда да сән-салтанат, байлық нақты образ тудыратын сөздер арқылы
әдемі бейнеленіп берілген.
«Мөлшер» ұғымының немесе мөлшерліктердің перифраздалу процесіне
қатысы үш түрлі: біріншісі, өзге тілдік бірліктер перифраздалу арқылы
«мөлшер» ұғымын білдіреді; екіншісі, «мөлшер» мәнді тілдік бірліктер перифраз
түзуге қатысу арқылы басқа мағына береді. Мұнда басқа мағына мен «мөлшер»
ұғымының арасында логикалық байланысы болады; үшіншісі, «мөлшер» мәнді
тілдік бірліктер перифраздалу арқылы тағы да «мөлшер» ұғымын білдіреді.
Жоғарыда талданған мөлшерлік перифраздардың ішінде
күндердің күні, жүз
нарға кілем жаптыру тіркестері бірінші топқа,
сегіз қиыр шартарап тіркесі
екінші топқа,
алыс жер, тар жер,
түбі терең қуыс, мүйіз бұлтқа жете жаздау
үшінші топқа жатады.
Ойымызды жинақтай келгенде, перифраз
– «мөлшер» ұғымын берудің де
айрықша өнімді тәсілінің бірі. Ол ауызша сөйлеу тілінің басты тәсілдерінің бірі
болғандықтан, қазақ тілінің сонау ерте тарихи кезеңінен-ақ бастау алады. Ал
жыраулар поэзиясында қолданысы кеңінен өріс тапқан. Жыраулар поэзиясында
кездесетін мөлшерлік перифраздарды
есімді мөлшерлік перифраз, етістікті
мөлшерлік перифраз деп екі үлкен топқа бөлуге болады. Бұлардың
әрқайсысының
өзі кемінде екі құрамды болып, ұлғайған түрі сөйлем (атаулы)
деңгейіне жетеді. Тіркесім тәсіліне қарай қабыса, матаса, меңгере байланысқан
анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастардағы тіркестер
болып келеді. Тақырыптық жағынан
уақыт, жылдамдық, қашықтық, құн, көлем
ұғымдарымен логикалық байланысқан байлық, даңқ, ерлік тақырыбы болып
келеді. Шалкиіз жырау тілі перифраздылығымен ерекшеленеді.
Қорыта келгенде, қазақ әдеби тілі дамуының жыраулар поэзиясына тән XV
–
XVIII ғасырлар кезеңі аса жоғары сападағы образдылығымен, көркемдігімен
ерекшеленеді. Классикалық тіл иірімдерінің небір ғажап үлгілері осы кезеңге
тиесілі. Өйткені бұл кезеңде тіл «өнер» ретінде
барлық құндылықтардан биік
тұрған. Жыраулар поэзиясында «мөлшер» ұғымы өзге де көркемдік тәсілдер
арқылы беріледі. Атап айтсақ,
метонимия, синекдоха, параллелизм тәсілдері
«мөлшер» ұғымын беруде өзіндік қызметімен ерекшеленеді. Алайда аталған
тәсілдер жоғарыда көрсетілген бес тәсілге қарағанда аса өнімді емес. Жыраулар
поэзиясында «мөлшер» ұғымын білдіретін қарапайым сөйлеу тіліне тән
элементтер де баршылық. Олардың қатарында
көп, артық, кем, мол, аз-ақ, тең,
алыс, жақын, жуық, қия, қиуа, қиян, т.б.
сын есім сөздері,
бәрі, түгел, т.б.
жалпылау есімдіктері,
ежелден, бек, талай үстеу сөздері бар. Аталған
лексемалар түрлі деңгейде есім, етістік сөздерімен тіркесе келіп, тура мағыналы
«мөлшер» ұғымын беруге қолданылған. Р.Сыздық: «Көркем әдебиеттегі, оның
ішінде поэзия тіліндегі сөздерді талдағанда «орфографиялық сөз» нысанаға
алынбауы керек», – дейді [211, 23 б.]. Мұнда ғалымның «орфографиялық» сөз
деп отырғаны – қарапайым сөйлеу стиліне тән тура мағыналы лексемалар. Біз
қазақ тілі дамуының аталмыш кезеңін (XV
–XVII ғғ.) сөз ету арқылы мөлшер
категориясының ерекше бір түрі ретінде
поэтикалық мөлшерліктерді көрсетуді
мақсат тұттық. Сондықтан «орфографиялық сөздер» біздің мақсатымыздан тыс.