137. «Жылдырт-жылдырт»
Ойынды айнала тізбектеліп отырып ойнайды. Қатынасушылар 10-15, кейде одан да көп болады. Ойын бастаушы шеңбердің ортасына отырып алып, қалтасынан не жүзік, не тиын ақшаны алады да, оның ерекше белгісімен ойыншыларды таныстырады, не сол жерде белгі салады, ол затқа «жылдыртпа» деп ат қояды. Содан соң отырған ойыншыларға ойын тәртібін түсіндіреді. Ойыншылардың бәрі алақандарын бір-біріне қабыстыра ортасын қуыс етіп алға созып отырады. Егер ойыншыға алақандарыңа мына «жылдыртпа» түсе қалса, оны тез және өзіңнен басқаға сездірмей қабылдап ал да, үнемі оң жағыңдағы көршіңе жылдыртып жібер. Сонда қабысулы қолыңды өзіңнен оңға қарай емес, әуелі сол жақ көршінің қолымен тиістіріп ал, содан оң жақ көршіңнің қолына тиістір. «Жылдыртпаны» тап сол бірінші жолда өткізбей, оны бір-екі рет жаңылдырып барып өткізуге болады. Бәрің де қол тиістірген уақытта «Жылдырт-жылдырт» – деп дауыстап айтып отырасыңдар деп тапсырма береді. Ойын жүргізуші «Жылдыртпаны» алақанының қуысына салып алып, «Жылдырт-жылдырт» деп, бір ойыншыдан бастайды да, өзгеге байқатпай өзі қалаған біреудің алақанына қалдырып кетеді.
Ортаға бір ойыншы «Тапқыр» болып сайланады. «Тапқыр» үнемі отырғандарды бақылап, болжап отырып оған «Жылдыртпаның» кімде екендігін тауып алуы керек. Ендігі жерде барлық ойыншылар «Жылдырт-жылдырт» деп, қолдарын екі жағындағы көршілеріне кезекпе-кезек тиістіріп, қайтып алып отырады да, қолдағы затты сездірмей көршісінің біріне байқатпай өткізе береді. «Жылдыртпаның» үнемі оңға қарай ауысып отыруы шарт. «Тапқыр» «Жылдыртпаны» тауып алуға тырысады. Егер «Жылдыртпаны» 2-3 рет айналғанға дейін таба алмаса, бір бала: «Жылдырт-жылдырт, жылдыртта қымқырт, отырақалдық, жым-жырт!» дейді. Сол кезде барлық ойыншылар жым-жырт, қозғалыссыз бола қалады. «Тапқыр» өзінің сезімталдығын пайдаланып, ойнаушылардың сырт көрінісі мен бет бейнесін болжап отырып, өзінше осыда болуы қажет деп санаған бір ойыншының қолын ашады. Тауып алса, сол ойыншы екі ауыз тақпақ, не екі ауыз жаңылтпаш айтады, не екі жұмбақ шешеді де ортаға отырып, жаңадан «Тапқыр» сайланады. Ойын ары қарай жалғасады. Өлең, жұмбақ, жаңылтпаш айта алмаған ойыншы, сиыр боп мөңірейді, не жылқы болып кісінейді, әтеш болып шақырады т.с.с., болмаса басқа бір тапсырма орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |